4 ТАҚЫРЫП. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ЖЕРГЕ МЕНШІК ҚҰҚЫҒЫ
Сұрақтары:
1. Жерге меншік құқығының түсінігі және түрлері
2. Жерге мемлекеттік меншік құқығы, оның объектісімен субъектілері және жүзеге асыру ерекшеліктері
3. Жерге жеке меншік құқығы, оның объектілері мен субъектілері және жүзеге асыру ерекшеліктері
4. Жер учаскесі жерге заттық құқықтықтың объектісі ретінде түсінігі, белгілері және түрлері
1. Жерге меншік құқығының түсінігі және түрлері
Меншік құқығы тікелей заңнан туындайтын бастапқы субъективтік құқықтың бірі болып табылады. Меншік құқығы иесіне өзіне тиесілі мүлік – жер учаскесіне экономикалық тұрғыдан билік етуді бекітіп береді. Бұл құқық меншік иесіне тиесілі жер учаскесін өз қарауы бойынша қоғамдық мүддені ескере отырып пайдалануға мүмкіндік береді. Сол себептен, жерге меншік құқығы кез-келген өзге мүлікке меншік құқығы сияқты шексіз емес. Жерге меншік құқығы деген ұғымды екі түрлі, объективтік және субъективтік мағынада қарастыруға болады.
Объективтік мағынада: Бұл ұғым жерге меншік құқығын жүзеге асырумен туындайтын қатынастарды реттеуге бағытталған құқықтық нормалардың жиынтығы болып табылады. Бұл нормалар Қазақстан Республикасының көптеген заңнамаларында орын тапқан. Мәселен, Қазақстан Республикасының Жер кодексі, Азаматттық кодексі т.б.
Субъективтік мағынада: Бұл ұғым тұлғаның өзіне тиесілі жер учаскесін заңда көрсетілген тәртіп пен шарттарды иелену, пайдалану және билік ету құқығын білдіреді. Жерге меншік құқығының мазмұнын иелену, пайдалану және билік ету құқығы құрайды.
Жер учаскесін иелену құқығы дегеніміз – заңда қарастырылған шекте меншік иесінің іс жүзінде жер учаскесін иемдену құқығы. Мысалы: жер учаскесін қоршап алуы, жер учаскесіне меншік құқығын куәландыратын құжаттарды дайындауы т.б.
Жер учаскесін пайдалану құқығы дегеніміз – жер меншік иесінің өзінің шаруашылық және өзге қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жер учаскесінің пайдалы қасиеттерін алуды жүзеге асырудың заңмен қамтамасыз етілген мүмкіндігі. Мысалы: жер учаскесіне дәнді-дақылдар егіп, өнімге меншік құқығын жүзеге асыруы, жер учаскесінде тұрғын үй құрылысын жүргізуі, мемлекеттік салық органдарының жер учаскесіне салық жинап алуы т.б.
Жер учаскесіне билік ету құқығы дегеніміз – меншік иесінің заңда рұқсат берілген шекте өзіне тиесілі жер учаскесінің заңды тағдырын шешу құқығы. Меншiк иесi өзiнiң жер учаскесiне қатысты оның нысаналы мақсатын өзгертпей, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тыйым салынбаған кез келген мәмiлелердi жасасуға құқылы. Жер кодексінің 33-бабына сәйкес, меншік иелері:
1) ортақ пайдаланудағы;
2) қорғаныс қажеттерiне берiлген;
3) орман қорының;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы;
5) қызметтiк жер телiмiнiң;
6) уақытша өтеусiз және уақытша қысқа мерзiмдi өтеулi жер пайдалану құқығымен берiлген жер учаскелерiнiң;
7) кепiлге берудi қоспағанда, шаруа (фермер) қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн уақытша жер пайдалану құқығымен берiлген жер учаскелерiнiң;
8) су қорының жерiнде жер пайдалану құқығын иелiктен шығаруды қоса алғанда, жер пайдалану құқығына қатысты мәмiлелер жасасуына жол берiлмейдi.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабына сәйкес, жер заңда көзделген шектер мен тәртіпте жеке меншікте болуы мүмкін. Жерге мемлекеттік меншік пен жеке меншіктің бірдей қорғалуы Жер кодексінде де бекітілген. Демек, жерге меншік құқығы екі түрлі нысанда болады. Олар: Жерге мемлекеттік меншік және жерге жеке меншік.
Жер учаскесіне азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке меншік құқығын орнықтыру – бұл объективтік қажеттілік. Бұл мыналармен байланысты:
Біріншіден, орман және ауыл шаруашылығындағы жер учаскелері өндіріс құралы ғана емес, сонымен қатар, орналасу жері, өндірістің және қоғам мүшелері қызметінің базис – аумағы да болып табылады. Мүліктік сипаттағы объектілер (тұрғын, бағбандық, саяжайлық, өндірістік үйлер, құрылыстар, ғимараттар) мен жер құқығы қатынастарының (ғимараттың, құрылыстың жерін пайдалану, оларды күту, сол жерлерде бағбандықпен және бақшалықпен айналысу) арасында тығыз байланыс болады.
Екіншіден, жер учаскесіндегі меншік объектілерін пайдалну мен жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалану құқығының субъектісі болып тек бір тұлға (жалға беруді есептемегенде) табылады. Тәжірибеде меншік құқығының объектілері немесе жер учаскесі берілетін жағдайларда
(сату – сатып алуда, мұрагерлік жағдайында және тағы басқа) жоғарыда аталған екі объект те бірге беріледі.
Жердің меншік объектісі ретіндегі ерекшелігі оның кеңістікте белгілі бір шекарада шектелуінен, жылжымайтындығынан және табиғи жағдайлармен қоршаған ортаға тәуелділігінен байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |