Жерді қорғау шараларын жоспарлау және қаржыландыру. Экономикаға әсер етудің әдісі болып табылатын жоспарлау - әкімшілік қызмет, қаржылық ынталандыру элементтерін біріктіреді.
Жер реформасын жүзеге асыру бойынша шаралар жоспарлық және бағдарламалық-мақсаттық құжаттар мен материалдарда ескеріледі, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының жоспарлануының жобаларына, ұлттық және мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамаларға қосылады. Мысалы, облыстардың дамуының әлеуметтік-экономикалық жоспарларында жер ресурстарын пайдалану және оларды қорғауға қатысты жағдайлар қарастырылған. Берілген саладағы жоспарлаудың ерекшелігі болып, жер реформасының шараларын жүзеге асыру бойынша арнайы бағдарламаларды әзірлеу табылады. Жекелегенде, Қазақстан Республикасының Үкіметінің қаулыларымен 16 ақпан 2000 жылы Қазақстан Республикасында 2000-2003 жылдарға арналған жерге құқықтарды қамтамасыз ету бағдарламасы, 11 қазан 1994 жылы Қазақстан Республикасының 1994-1995 жылдар және 2010 жылға дейінгі кезеңге дейін жер ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау тұжырымдамасы, 10 шілде 2003 жылы қабылданған 2004-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының ауылдық аймақтарды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, 5 қаңтар 2005 жылы қабылданған 2005-2007 жылдарға арналған ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану бағдарламасы, 24 қаңтар 2005 жылы қабылданған 2005-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы шөлейттенумен күресу бағдарламасы бекітілген. Жерді ұтымды пайдалануға бағытталған бағдарламалар орын алғанымен, Жер кодексінде жерді қорғауға бағытталған шараларды жоспарлау мәселесі мүлдем қарастырылмаған.
Жер қорғауға бағытталған шараларды қаржыландыру экономикалық механизмнің маңызды элементтерінің бірі. Қазақстан Республикасында жерді қорғауға бағытталған шараларды қаржыландыру жергілікті және республикалық бюджеттердің, басқа да қайнар көздер есебінен жүзеге асырылады және қажетті көлемдегі материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының 24 сәуір 2004 жылы қабылданған Бюджеттік кодексінің 50, 51-баптарына сәйкес, республикалық, облыстық және аудандық бюджеттің шығыстары агроөндірістік кешен, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, орман, су, сонымен бірге, жер қатынастарына бағытталған. Басқа қайнар көздерге жер учаскелерінің меншік иелерінің және жер пайдаланушылардың жеке қаражаттары; заңды және жеке тұлғаларының ерікті қайырымдылықтары; экологиялық сақтандыру; банктердің несиелері; басқа қайнар көздер, оның ішінде шетел инвестициялары жатады. Жерді қорғау шараларын қаржыландыру мемлекетіміздің экономикалық нарық жағдайына өтумен байланысты көптеген өзгеріске ұшырады. Ең алдымен, қаржыландыру көздері көбейді. Егер алғашқы уақытта бұл тек мемлекеттік бюджеттің және жер меншік иелері мен жер пайдаланушылардың еншісі болатын. Жерді қорғауға бағытталған шараларды қаржыландыру 5 қаңтар 2005 жылы қабылданған 2005-2007 жылдарға арналған ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалану бағдарламасы бойынша республикалық қаражат есебінен қарастырылған. Қаржыландырудың жалпы көлемі - 4655318 мың теңгені құрайды. Соның ішінде: 2005 жылға - 1474669 мың теңге; 2006 жылға - 1905685 мың теңге; ал 2007 жылға - 1274964 мың теңгені құрайды. Жерді қорғау шараларын жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру жергілікті бағдарламаларға сәйкес анықталады.
Достарыңызбен бөлісу: |