166-бап. Уран өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін берілетін жер қойнауы учаскелері
1. Жер қойнауы учаскелері уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде уран өндіру үшін беріледі.
2. Уран өндіру үшін жер қойнауы учаскелері олардың шегінде табылған уран шоғырларының жатқан тереңдігімен шектеледі.
3. Уран өндіруге арналған келісімшартта бірнеше жер қойнауы учаскелері көзделуі мүмкін.
4. Уран өндіруге арналған бір келісімшарт шеңберінде уран саласындағы ұлттық компанияға тікелей келіссөздер негізінде берілетін жер қойнауы учаскелерінің көлемі жиынтығында екі жүз блоктан аспайды.
167-бап. Жер қойнауы учаскесін беру
1. Уран өндіруге арналған келісімшарт тіркелген күннен бастап жер қойнауы учаскесі жер қойнауын пайдаланушыға пайдалануға берілген болып табылады.
2. Учаскені және тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңі мен өндіру кезеңін бекітуді көздейтін уран өндіруге арналған келісімшартты немесе уран өндіруге арналған келісімшартқа қосымшаны жасау Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушыға өзіне қажетті жер учаскесіне жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін негіз болып табылады.
168-бап. Түрлендіру ұғымы мен түрлері
1. Жер қойнауы учаскелерін түрлендіру:
1) жер қойнауы учаскесін ұлғайту;
2) жер қойнауы учаскесін азайту арқылы жасалатын кеңістіктік шекараларын өзгерту болып табылады.
2. Түрлендірілген учаскелерді пайдаланушы бір тұлға (бір тұлғалар) болып табылған жағдайда жер қойнауы учаскелерін түрлендіруге жол беріледі.
169-бап. Жер қойнауы учаскесін ұлғайту
1. Уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша жер қойнауы учаскесін ұлғайту мына шарттарды бір мезгілде сақтаған кезде:
1) жер қойнауын пайдаланушы барлау жұмыстарын жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушының бекіткен және осы Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған жобалау құжатында белгіленген, өндіруге арналған жер қойнауы учаскесіне жанасатын кенжатынды (кен шоғырлары жиынтығын) тапса;
2) сұралатын учаске уран бойынша жер қойнауын пайдаланудан бос болса;
3) жер қойнауы учаскесі блоктар шегінде жер қойнауын пайдаланушының бекіткен және осы Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындысын алған жобалау құжатында белгіленген, табылған кенжатынның (кен шоғырлары жиынтығының) контурлары орналасатын блоктармен сұратылса;
4) құзыретті органның хабарламасында көрсетілген уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушы міндеттемелерінің жойылмаған бұзушылықтары болмаса, жер қойнауын пайдаланушының өтініші бойынша жүргізіледі.
2. Жер қойнауы учаскесін ұлғайту туралы өтініште мыналар:
1) жер қойнауын пайдаланушының атауы;
2) уран өндіруге арналған келісімшарттың тіркеу нөмірі мен күні;
3) бастапқы жер қойнауы учаскесінің аумағын ұлғайту болжанып отырған, сұралатын жер қойнауы учаскесін көрсету қамтылуға тиіс.
3. Өтінішке қосымша мыналар:
1) жер қойнауы учаскесін ұлғайтуды көздейтін келісімшартқа жер қойнауын пайдаланушы қол қойған қосымша;
2) сұралатын учаскеге құзыретті тұлғаның қорлар бойынша есебі қоса беріледі.
4. Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган:
1) жер қойнауы учаскесін ұлғайту туралы шешім қабылдайды немесе оны ұлғайтудан бас тартады;
2) өтініш иесін қабылданған шешім туралы, ал жер қойнауы учаскесін ұлғайту туралы шешім қабылданған жағдайда - сұралатын жер қойнауы учаскесі бойынша қол қою бонусының мөлшері туралы қосымша хабардар етеді.
5. Құзыретті орган жер қойнауы учаскесін ұлғайтудан:
1) егер өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
2) осы баптың 1-тармағында белгіленген шарттар сақталмаған жағдайда бас тартады.
Құзыретті органның жер қойнауы учаскесін ұлғайтудан бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
6. Құзыретті орган қол қою бонусының төленгенін растауды өтініш иесінен алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде өтініш иесімен уран өндіруге арналған келісімшартқа қосымшаны жасасады және өтініш иесіне оның бір данасын жібереді.
7. Жер қойнауы учаскесін ұлғайту уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру кезеңін ұзартуға негіз болып табылмайды.
170-бап. Жер қойнауы учаскесін азайту
1. Жер қойнауын пайдаланушы уран өндіру кезеңі аяқталғанға дейін кез келген уақытта аумақты және оған сәйкес келетін жер қойнауының учаскесін мынадай шарттар бір мезгілде сақталған кезде мемлекетке олардың кез келген бөлігін қайтару арқылы:
1) осы Кодексте белгіленген тәртіппен қайтарылатын күнге дейін жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі жұмыстарды қайтарылатын жер қойнауы учаскесінде аяқтаған;
2) аумақты және оған сәйкес келетін жер қойнауы учаскесін қайтаруды блоктармен жүзеге асырған;
3) егер жер қойнауын пайдалану құқығына кепілмен ауыртпалық салынса, кепілді ұстаушының қайтаруға алдын ала келісімі бар болған;
4) жер қойнауын пайдаланушылардың уран өндіруге арналған келісімшарт бойынша міндеттемелерінің жойылмаған бұзушылықтары болмаған кезде азайта алады.
2. Жер қойнауы учаскесін азайту туралы өтініште мыналар:
1) жер қойнауын пайдаланушының атауы;
2) уран өндіруге арналған келісімшартты тіркеу нөмірі мен күні;
3) мемлекетке қайтару болжанып отырған жер қойнауы учаскесін (оның бөлігін) көрсету;
4) жер қойнауын пайдаланушыда қалатын жер қойнауы учаскесін (учаскелерін) көрсету қамтылуға тиіс.
3. Өтінішке қосымша мыналар:
1) қайтарылатын жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану салдарын жою актісінің көшірмесі;
2) жер қойнауын пайдаланушы қол қойған, жер қойнауы учаскесін азайтуды көздейтін келісімшарт қосымшасы қоса беріледі.
4. Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган жер қойнауы учаскесін азайту туралы шешім қабылдайды немесе азайтудан бас тартады.
5. Құзыретті орган жер қойнауы учаскесін азайтудан:
1) өтініш осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
2) осы баптың 1-тармағында белгіленген шарттар сақталмаған жағдайда бас тартады.
Құзыретті органның жер қойнауы учаскесін азайтудан бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны қайтадан өтініш беру құқығынан айырмайды.
6. Құзыретті орган жер қойнауы учаскесін азайту туралы шешім қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде өтініш иесімен уран өндіруге арналған келісімшартқа қосымшаны жасасады және өтініш иесіне оның қол қойылған данасын жібереді.
7. Жер қойнауын пайдаланушының бүкіл аумақты және жер қойнауы учаскесін қайтаруы уран өндіруге арналған келісімшарттың тоқтатылуына алып келеді.
24-тарау. Уран өндіру кезеңдері
Достарыңызбен бөлісу: |