не пайда, қазақтың арқасын тамға, аузын нанға сүйегенім жоқ, бұл бір. Ақ боз аттың құнын ер
құнына теңегенім жоқ, екі. Мылтығының оғын құралайдың кезінен өтікізетін мергеннің құнын
екі ердің құны дегізгенім жоқ, мұнымен үш. Осы үш арман бойымда кетті деген екен” (1, б. 327)
Қазақ əдет-ғұрып заңдарын соңғы рет жаңғырту мүмкіндігі осы Абылайдың жол – жорасымен
аяқталады. Бұдан əрі заманның бағыты қазақтың, жалпы көшпелілердің даму ерекшеліктерінен
тыс жүрді. Евразияның кіндік өлкесі болып бірнеше мың жыл өмір сүрген ұлы дала енді
Евразияның перифериясына айналды. ХІХ ғасырда қазақ халқының мемлекет пен құқық туралы
түсініктері екі бағытта дамыды.
Біріншіден, қайткен күнде де тəуелсіздіктен айрылмау идеясын ту қылып көтерген азаматтар
хандықты, хандық институттарды, оның ішінде “Жеті жарғы” сияқты хан кеңесін, əдет-ғұрып
заңдарын сақтауды мақсат тұтты. Бұл жарқын мақсаттарды біз Арынғазы хан мен Кенесары хан
құрған мемлекеттерден, тіпті 1916 жылғы дүрбелең кезінде пайда болған рулық хандықтар мен
1930-шы жылдардағы совет үкіметінің саясатына қарсы шыққан қазақ қауымдарының құрған
кішкене ұлыстарынан да көреміз. Бұл мемлекеттерде дəстүрлі құрылым принциптері жұмыс
істегенімен құқықтық негіз есебіне кейде əдет-ғұрып заңдары, кейде шариғат қабылданып
отырды. Қалай дегенмен бұл қазақи дəстүрлерге негізделген қадамдар болатын.
Екіншіден, тəуелсіздікке бұғау түскенін мойындап, қазақтың əдет-ғұрып ережелерін бодандыққа
бейімдеу. Ресейдің қазақ елін отарлау саясаты үш кезеңнен тұрады. Алдымен 1730-шы жылдары
басталған протекторат кезеңі, яғни Ресей үстемдігін мойындау, сыртқы саясатты Ресей мүддесіне
қарай жүргізу, бірақ ішкі билік қазақтың өз қолында. Екінші 1820-шы жылдары басталған,
вассалитет кезеңі хандық билікті жою, қазақ жерінде бекіністерді салу, қазақ өлкесін дуандарға
бөлу, оларды генерал-губернаторлықтар арқылы басқару. Бұл кезенде дуан билігі қазақтың өз
қолында, бірақ аға сұлтандар “майырлардың” (орыс хатшы) бақылауында. Үшінші сатысы 1867-
1868 жж. “Уақытша ережелерден” басталатын нағыз отаршылдық кезең. Қазақтың елі де, жері де
орыстың қол астында, қазақ ішкі отар есебінде Ресейдің əкімшілік жүйесіне толық бағынуы. Қазақ
жері Ресей империясының толық меншігіне айналды. ХІХ ғасырда қазақ қоғамы əлі де дəстүрлі
əлеуметтік-шаруашылық ерекшеліктерін сақтап қалғандықтан əдет-ғұрып заңдарының өмірде
алатын орыны өте күшті болды, оны Ш.Уəлихановта əдемі сипаттаған еді: “Суд биев, несмотря на
40-летнее русское влияние, остался таким, каким был он за сотни, может быть, за тысячу лет до
нас”. (17, б.89)
Ұлттық тəуелсіздік жоқ кезде тəуелсіз құқық ережелерін сақтап қалу оңай емес. Ол өзінің мықты
негізі арқылы біраз жыл бодандық жағдайында қызмет жасады, бірақ тағдыры шешіліп қойған
болатын. Мемлекет пен заң бір-біріне тікелей байланысты құбылыс. 1867-1868 жылғы “Уақытша
ережелердің” енуі қазақ қоғамының дəстүрлі құрылымын түбегейлі өзгерстерге ұшыратып,
қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуші заң жүйесінің де өзгерісін талап етті. Осы уақыт
талабына сай 70-ші жылдардан бастап “Ережелер” келді. Олардың жасалуына қазақтың өз ішіндегі
билері де, Ресей əкімшілік қызметкерлері де мүдделі еді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ
жерінде саңырауқұлақтай қаптап кеткен “Ережелердің” өмірге келуі осы себептерге байланысты
болды.
Қазақ əдет-ғұрып заңдарының бірнеше мың жылдық тіршілігі, дамуы осы “Ережелермен”
аяқталады. Евразия көшпелілерінің мемлекеттік жəне құқық түсініктерінің негізі болған əдет-
ғұрып заңдарының тағдыр жазған шектеулі уақыты аяқталды. Біз жоғарыда қарастырған “Жарғы”,
“Жол”, “Жеті жарғы” т.б. мемлекеттік жəне құқықтық институттары көшпелілердің талай мың
жылдар бұрын түзілген, адамның адам есебінде өмір сүруіне кепілдік беретін ережелерге
негізделген еді. Бұл ережелер мыңдаған жылдар көшпелілердің мемлекет пен құқықтық
кодекстеріне, билеріне үлгі болып келді, көшпелілермен қарым-қатынасы бар көптеген отырықшы
елдердің заң ережелерінің қалыптасуына ықпал етті. Егер шынтуайтына келетін болсақ қазақ əдет-
ғұрып заңдары кəзіргі евразиялық цивилизация өкілдері туғызған заңдардан ана ғұрлым адами, ол
азаматтық қоғам қарым-қатынастарын реттеуге көбірек ыңғайланған жол. Болашақта зерттеушілер
кəзір “Жеті жарғы” атымен танылған қазақ əдет-ғұрып ережелерінің тарихын, мəні мен мағынасын
осы тұрғыдан қарастырады деп сенеміз.
|