09.04.2013жыл.
Сол бір кез...
Мөлдіреп тұрған кезіңді,
Көргендей жүрек езілді.
Тым жақын екен сол бір кез,
Сағынышы тартып сезілді.
Табиғат тартар сырласым,
Жердегі жұмақ мұнда шын.
Ақ қайың тербер жанымды,
Шыршалар мәңгі мұңдасым.
Көлім де көркем наздана,
Қалыпты аққу қаз ғана.
Дегендей мойнын бұрып ап,
«Жанымда тұршы аз ғана»
Бейнеңді салған көк құрақ,
Жүректе сезім от құрап.
Табиғат мынау тартымды,
Өзіңмен екен бақ тұрақ.
Қол бұлғап орман терегі,
Аңсауға жаным енеді.
Жастығым болған жайлауым,
Шабыттың асқақ төрі еді...
Тағы таң атты арайлап,
Мөлдіреп тұр-ау сарай бақ.
Жүр ме екен сонда ару қыз?
Елеңдеп қойдым қарайлап...
11.04.2013жыл.
Сен аман бол Жер-Ана!!!
Өмірімнің жарып шыққан өзегін,
Жақсылығы мәңгі қалар сеземін.
Не тындырдық, не бітірдік, не білдік?
Саналы ойдың сағымымен кеземін...
Көңіл тулар алып қашар тұлпардай,
Жүрек қанат қағып бейне сұңқардай.
Адамдықтан алыптықты аңғардым,
Бір қыранға жете алмайды мың қарға-ай...
Даналыққа басымды иіп қуандым,
Жақсылықтың жеңеріне жұбандым.
Жақсы адам көп тіршілікті түрленткен,
Адамзаттың амандығын сұрандым...
Қандай ғажап ынтымақтан жаралсақ,
Табиғаттан тәрбиелі таралсақ.
Ғанибет қой пана болған әлемге,
Жер-Анаға біз де қамқор бола алсақ...
Жерден басқа көтере алмас басқа нар,
Жерден өнген жерді қайта жастанар.
Адамзаттың жерде аман қалуы,
Әр пенденің пиғылынан басталар...
12.04.2013жыл.
Мәңгі бақыт.
Уақыт міне өтіп барад зуылдап,
Өткен күнге сағынышы туындап.
Өмірінің тәтті кезін адамдар,
Немеремен ұғынбақ...
Немеремен басталады бал шағың,
Уайымың да ұмытылады қанша мың,
Немереден тәтті болар шөбере,
Арманы ғой баршаның...
Шөберенің қолыменен май жалап,
Бар бақытты отырарсың олжалап.
Бауыр бүтін аман болса барлығы,
Керек емес басқа бап...
Бірақ арман таусыла ма пендеде?
Жүз жиырмада кіргің келмес көрге де.
Қайын болып әзілдейсің жеңгеге,
Тек кемпірің аман болсын «Өлме» де.
Өмір қызық таусылмайды сайраны,
Арман, аңсау ажырамай қойғаны.
Мәңгі бақыт ұрпағыңмен жалғасса,
Мәңгі өмірің қанатын кең жайғаны...
13.04.2013жыл.
Қайран көңіл...
Жақсылықты күтіп күнде елеңдей,
Қайран көңіл жылы сөзге асығар.
Сайран өмір сағынышта тереңдей,
Толқындарша жағаға кеп басылар...
Сағынамыз жүректегі жанды аңсап,
Ол да бізді аңсайды ма кім білсін?
Адамды жүр періштелер мың қоршап,
Жын шайтанмен құмбылсың...
Көктем келіп жапырағын жайғаны,
Көңіл күнмен теңесіп тұр ғажабы.
Сен жіберген сәлеміңнің айғағы,
Бұлбұл құстың естіледі саз әні...
Терезеден телмірдім де жол жаққа,
Табиғаттан жастығымды іздедім.
Көңіл толқып кеткім келді сол баққа,
Үмітімді үзбедім...
Әсем бағым мені тартып тұрады,
Күн көңілімнің күйі тектес жаңғырып.
Ақ жанымның жерден тапқан жұмағы,
Сағынышым мәңгілік...
16.04.2013жыл.
Таңғы сыр...
Жаңбыр төкті жапырақта тамшы тұр,
Мөлдірін-ай , «Сен бе екен?»-деп қарадым.
Уайымымның түгел бәрін жеңші сыр,
Табиғатқа мен де айналып барамын...
Тазалыққа асықтым да бас иіп,
Көңілімді көркем етті көктем – нұр.
Қимас жандар кетер кейде жас үйіп,
Тағдыр - тұлпар өктем бір...
Бұлт астынан күн шығады нұр шашып,
Үмітіңді ертеңіңнен үзбегін.
Өмір – нөсер, үлгермейсің сырласып,
Табиғаттан жауабымды іздедім...
17.04.2013жыл.
Ару сыры
Жүректің қылын тербетіп,
Сағынышымды мәңгі етіп.
Үніңді есітіп жете алмай,
Тағдырдан асып кете алмай,
Шегіме жеттім шөлдетіп...
Адамдық жолдан аспадым,
Өмір де екен қас қағым.
Арнадым өмір бауырға,
Қыздың қыл жолы ауыр да.
Өтіпті лезде жас шағым...
Ата-ана барда бірге едік,
Ажырамайтын түрде едік.
Айналып олар сағымға,
Күрес боп жалған ағында,
Уайымсыз өмір сүрмедік...
Қартайып мен де барамын,
Бауыр боп көңіл алаңым.
Ұлдарын сүйдім «Ұлым»-деп,
Қыздарын «Гүлім - шырын»-деп,
Жәутеңдеп тағы қарадым...
Шаңырағым болып шайқамай,
Өмірім өтті байқамай.
Перзент те сүйіп өппедім,
Арманға асыл жетпедім,
Барады шерім тарқамай...
18.04.2013жыл.
Күлкіңнен...
Күлші өзің, қуаныш тарқамасын,
Жымиғанда әдемі байқаласың.
Әзіл айтшы көңілімді көктем етіп,
Жаныма жағатындай айта аласың.
Күлгеніңде жанарың жалындап бір,
Құдіреттен кеудеме алынбақ нұр.
Назыңменен құлпырып кетесің сен,
Жазыңменен жуылып арылмақ кір...
Уайымымнан арылтып тазартасың,
Күлкіңменен өмірді ұзартасың.
Бүгінгі бақытыңмен балбұл жайнап,
Ертеңге үмітіңді жүз артасың...
Күлші тағы, бағымның белестерін,
Елестетер сен ғана емес пе едің?
Көрмедім қайғы мұңда езілгендер,
Жылаумен абыройға теңескенін...
Кімде жоқ сағыныш пен қайғы, уайым?
Келтірер адам өзі көңіл райын.
Күлкіңмен биіктікке бастадың сен,
Аман бол, ақкөңіл жан, айналайын!!!
19.04.2013жыл.
Ән: «Балабақшамен қоштасу»
Балабақша бал бағым,
Қаншама күн қалмадым.
Бойым өсіп ойыммен,
Осы әнімді арнадым.
Қайырмасы:
Қоштасамыз қия алмай,
Біз ұшамыз қиялдай.
Білімді боп мектепте,
Сағынармыз жиі алда-ай...
Тәрбие көп алғаным,
Жақсылықты жалғадым.
Мектебімде үйренем,
Білімімнің қалғанын.
23.04.2013жыл.
(Елін махаббат жырымен тербеткен Әзаға Әзілхан Нұршайықовқа)
Махаббат дерт пе, жалынды өрт пе пендеге?
Сұлулық-іңкәр, жігіттік-сұңқар жерде де.
Жігітсіз нағыз, қалдыңыз аңыз боп аға,
Айналып алтын көмбеге...
Сезімнің сырын, ғашықтық жырын іздеген,
Мөлдірлік табар, өзіңізге жақын қыз деген.
Сағынышымен сарғая түскен күзбенен,
Үмітін тағы үзбеген...
Жаныңыздай сұлу толқытқан көңіл жыр легі,
Жүректен жанған сезімді тағы үрледі.
Махаббат қызық мол жылдар екен бүгінгі,
Аңсатқан керім түрдегі...
Жаралған пенде пәк күйде бейне таң нұрдан,
Періште кезін қай жерде кенет қалдырған?
Мөлтілдеп жасы, жаралы жаны жаңбырдан,
Іші өрт болып, сырты ғой сылқым сән құрған...
Шығармаңыздан көп сырды тағы ұғындым,
Адамдық азды, қасиеттерден шығын мың.
Серілік, мәрттік, жомарттық, пәктік, намыстың,
Туы боп қайта туылдың...
Сезім боп сертте, сағыныш өртте күй кештің,
Ерлігіңменен елдікте егіз, үндестің.
Мәңгілік қалдың, жастарға жалын беретін,
Махаббатыңды білмес кім?!
Сезіммен соққан, мұз жарған бейне кемесіз,
Ғашықтық сырмен ғасырға жаңа енесіз.
Махаббат – мәңгі, адамзат өмір сүргенде,
Мәңгілік жасай бересіз!!!
Қысқа ғой ғұмыр, адамдық өрнек өрумен,
Қымбат қой өмір, ғашықтық, өсіп өнумен.
Жылынып тұр-ау, тартылып тылсым дүние,
Бір-бірін жақсы көрумен...
29.04-30.04.2013жыл. сағат 23сағат41минут-06сағ47минут
Күйші Нұрбол ініме!
Домбыраң сырын шерткендей,
Шабытты шыңға жеткендей.
Жаныңды жебер жауқазын,
Кеудеңді кернер өрт нендей?
Көңілің толмай ортаңа,
Жүресің кейде бір тоға.
Күйіңнің құдіретіменен,
Емделер елің, о тоба!
Серпіліп соқтың самалдай,
Нар кезің алар қамалды-ай.
Өз ортаң білсең биік төр,
Уайыммен босқа жамалма-ай,
Өнерің сені өр етер,
Еліңе «Ер» деп елетер,
Қаншама дарын өткен жоқ,
Көңілді күйің жөн етер...
Нұры бол еркін далаңның,
Өнер деп өркен жаралдың!
Бабы бол келер ұрпақтың,
Бағы боп елдің қаландың...
03.05.2013жыл.
Нұржібекке!
Ақкөңілсің, ел бағына туғандай,
Күй кернеген жүрегіңде бір тылсым.
Жаның тағы әппақ нұрын қиғандай,
Жұмбақ тағы бір гүлсің...
Еңбекқорсың, адалдығың айқын-ды,
Тыным таппау, жеткенің де мақсатқа.
Екі аптада жарқыраған ай тұрды,
Мәңгі қалғын жақсы атта!!!
Бақытыңды айқындасын пейілің,
Әрбір адам ниетінен табады!
Жүрегің күн, ақ жүзіңде мейірім,
Адамдығың қалады...
Сұлулықтан өрілгенсің күй болып,
Қостұраның биігінде туылдың!
Боралдайдың кәусарында жуылып,
Шырайысың шыныңның!!!
Домалақтай ана туған жерденсің,
Бәйдібектің алыптығын аңғарттың!
Сағыныш боп туған жерің дем берсін,
Биікте бол, үмітімді көп арттым...
04.05.2013жыл.
Тылсым үн...
Сені сырттай бағалармын, аңғар үн,
Кім біледі, бос үміт пе таңдарым?
Бірақ өзің жан жүрекпен сезгейсің,
Қамқор жұмбақ жан барын...
Сен білмессің, өткен бізден көктем де,
Аңғармадық жылы самал өпкенде.
Жазым болған жастық шағым жайдарлы,
Кездестік-ау қоңыр күзім жеткенде.
Кімнен кінә?, тағдырлардың таласы,
Керек емес ешкімнің де наласы.
Табиғатқа «Тазарам»-деп асықтым,
«Жазылар»-деп жүрегімнің жарасы...
Жақсылықты жасау үшін алаңдап,
Елеңдедім көңіл күйі қаланбақ.
Шыныменен өтеміз бе өмірден,
Үмітпенен өзімізді және алдап?
Қонақ өмір, сыйласу да асқан бақ!
Қымбаттығы немеремен басталмақ!
Болмысымды жаулап алды тылсым үн,
Жүректегі күйді жаздым астарлап...
07.05.2013жыл.
Бұл - қазақ жігіттері!
Пейілі кең даламыздай,
Ақылды данамыздай,
Ерлікпен бәрі аңыздай,
Қазақтың жігіттері!
Шаруасын дөңгелеткен,
Күн-түні еңбек еткен,
Қимылдар ерте көктем,
Қазақтың жігіттері!
Ешкімді басынбайтын,
Мақтанып тасынбайтын,
Бастан сөз асырмайтын,
Қазақтың жігіттері!
Күреске сұранатын,
Қонаққа қуанатын,
Бір сөзде тұра алатын,
Қазақтың жігіттері!
Намысын таптатпаған,
Жауды елге аттатпаған,
Абыройын ақсатпаған,
Қазақтың жігіттері!
Ешқашан бөлінбеген,
Серттескен сенімменен,
«Ынтымақ, Елім» деген,
Қазақтың жігіттері!
Бірлігін баянды еткен!
Қыздарын аяулы еткен!
Мейірімді жылы леппен!
Қазақтың жігіттері!
Ұлысын ұлықтаған!
Асауын құрықтаған!
Жамандық жуытпаған!
Қазақтың жігіттері!
Батырлық қанында бар!
Мәрттікке жанын салар!
Жүйрік боп алда шабар!
Қазақтың жігіттері!
Арлан боп алаңдатқан!
Өнермен қанат қаққан!
Көк туды алаулатқан!
Қазақтың жігіттері!
Отанын қорғап қалған!
Арымен ардақталған!
Аруға жан-жақты арман!
Қазақтың жігіттері!
Елінің ертеңі де!
Көсемі, көркемі де!
Намыстың желкені де!
Қазақтың жігіттері!
10.05-11.05.2013жыл
Жайнай бер мектебім!
Мектебім алтын ұям,
Білімді сенен жиям,
Бітіріп кеткенімде
Қалайша сені қиям?
Мектебім жайнай түскін,
Біліммен бейне күшпін!
Мұғалім жарық еткен,
Ғылыммен жердің үстін
Апайым аялаған,
Мектебім саялаған!
Білімсіз қай кезде де,
Қанатын жая алмаған!
Тәрбие алдым-дағы,
Білімнің сан мың бағы!
Мектебім ұмытылмас,
Ұстазым жадымдағы!!!
13.05.2013жыл.
Ата тілек
Айналайын Элъназам! Бесігің өзіңе құт болсын! Өмірің ұзақ, денің сау болсын! Өмірді жақсылығымен жалғастырар ұрпақ болса, жанымның кішкентай, мөлдір, пәк, таза бір бөлігі өзіңсің! Бақытың баянды, өмірің ел өнеге тұтар аяулы болсын!
Бесіктен тапқан ұлылық!
Нәсіптен болар бағың да!
Есіктен кірген жылылық!
Тілекте, бата, арыңда!
Бесікті түзеу-ел болу!
Данамыз айтқан асыл сөз!
Бөлінбеу, бір боп, кең болу,
Көнеден келген нақыл сөз!
Бесігім – бақтың ордасы!
Бақыт пен байлық тұрағы!
Елімнің қымбат әр тасы!
Жері мен суы, құрағы!
Лүпілдеп соғар бұл жүрек,
Отанға махаббатымен!
Болашаққа біздер мың тірек!
Сөз берем жігіт атыммен!
Элъназа жатар тал бесік,
Нұрмахан ата бақыты!
Нәзипа апа жыр есіп,
Бөбекпен өтер уақыты!
Бесікпен келсін қуаныш!
Есіткен көрсін бақытты!
Элъназа алтын жұбаныш!
Сыйлады жарқын уақытты!
Өмірлі болсын өренім!
Дені сау болып өрлесін!
Өнеге-тілек өлеңім!
Еш жамандық көрмесін!
Элъназам күнім аяулы!
Нағашың тілек тіледі!
Бақытың болсын баянды!
Еліңнің болғын тірегі!
14.05.2013жыл.
Бәрі уақытша...
Ешнәрсе де мәңгілік боп тұрмайды,
Уақыт шіркін бәрін дағы ұрлайды.
Қазіргі сәт ертең болар сағыныш,
Өмір-тұлпар, тоқтамайды, зырлайды...
Бәрі уақытша, өмір өзі өтпелі,
Уайым қалар, ұмыт қайғы шеккені.
Көз алдыңда ғайып болып асыл жан,
Орантады өкінішке өрттегі...
Сырласып та қала алмадық асығып,
Мың тірлікпен, қуанышпен тасынып.
Осындайда елестейді қария,
Жанардағы жасын ұқ...
Ешнәрсенің байыбына жете алмай,
Періштелік жолдан тағы өте алмай.
Қария боп сәби күнді аңсаймыз,
Өзімізді біліп тұрып, бос алдай...
Мәңгілікке қалар жақсы ат па еді?
Сырға толы ғұламадан хат па еді?
Адамдарға жетпей тұрар «Адамдық»,
«Қасиеттер» бүгін зәру оттегі...
16.05.2013жыл.
Сезім сыры
Ақ жауын құйып көктемгі,
Тазартып кетті жанымды.
Сезімнің сыры жетті енді,
Еске сап әсем бағымды...
Аңсадым көркем шыршаны,
Жаным да күйге бөленбек.
Естілсе бұлбұл жыр әні,
Қаламын тағы елеңдеп...
Көркімен тербер көл беті,
Аққулар жүр-ау алаңдап.
Көңілімнің керім келбеті,
Сол жерде ғана қаланбақ...
Ағаштар құшақ ашты да,
Тербеліп кетті гүл құрақ.
Әлемді сезім басты да,
Сағыныш етті үн құрап...
Табиғат екен тартылған,
Сезімге бәрін бұрғандай.
Сенім мен үміт артылған,
Үндестік әлем құрғандай...
20.05.2013жыл.
Тартылыс
Табиғатқа барғым келіп кеткені,
Бір тартылыс ынтық етті жанымды.
Сағынышым аңсауға енді жеткені,
Еске салды бағымды...
Шырша иіліп, күтіп алар шаттана,
Алып емен сыр шертеді сағымда.
Сұлулықпен самғар көңіл мақтана,
Көл күлімдер шағылысып лағылда...
Аққулары назын артар иіліп,
Балықтары көздің жауын алады.
Талықсисың табиғатқа сүйініп,
Жан демалып қалады...
Күйкі тірлік ұмытылып, ес жиып,
Ағаштармен қауышасың бауырдай.
Шақырады мөлдіреген бес киік,
Көңіл шалқыр тазаратын жауынға-ай...
Табиғаттан демеуші күш табасың,
Тылсым күйді жаным бүгін сағынды.
Тазалықтан тауып барлық жарасым,
Аңсап жүрмін бағымды...
27.05.2013жыл.
Бір адам...
Бір адам кетті сағынтып,
Сезімін іште жасырып...
Бір адам кетті қағынтып,
Қулығын тағы асырып...
Бір адам кетті қия алмай,
Көңілімді көктен түсірмей...
Бір адам өтті ұялмай,
Өз мінін өзі түсінбей...
Бір адам жүр ғой көре алмай,
Іші тарлықтан мұңайып...
Ерлікке ерше ере алмай,
Өзінде күдік мың айып...
Бір адам өзін көрсетер,
Тәкәппарындай текенің...
Кесапаттығы ерсі етер,
Ұмытып қонақ екенін...
Бір адам жігіт екенін,
Азаматтығын танытты...
Гүлдентіп туған мекенін,
Жанымен жақты жарықты...
Бір адам өсек тасып жүр,
Адамзат мәңгі тұрардай...
Бірінен бірі қашып жүр,
Мың жылдық өсер шынардай...
Бір адам өзін таза етті,
Имандылыққа бұрылып...
Жабырқау жанын жаз етті,
Аллаға ғана жүгініп...
Жұдырықтай ғана жұмыр жер,
Адамның жынды сауы бар...
Еңіреп туған есіл ер,
Өзіңді-өзің тауып ал!
Адамда ақыл талғам да,
Өмірді сүргін мәні бар!
Жақсылықтарға жалған да,
Өзіңді – өзің танып ал!!!
29.05.2013жыл.'>29.05.2013жыл.
Төрт Қызыл жұлдыз орденінің иегері, Ауған соғысының ардагері, ержүрек батыр Әмірбеков Рахымбек Оразбайұлына!
Ауғандық сарбаз...
Ауғандық сарбаз елінің намыс қорғаны,
Сексенінші жылдар, қайғының бұлты торлады.
Он сегіз жаста оранып отта өртеніп,
Шалшықты суда, окопта, сызда тоңғаны...
Жалмауыз соғыс жалмады қатар досын да,
Өліктер иісі, тозақтың төрі осында.
Ажалмен айқас, тірі қалудың амалы,
Бірінші өлтір, шошынба...
Қоңырқай таулар өлімнің оғын жолдайтын,
Үміттің гүлі солдатта ғана солмайтын...
Әр секунд қауіп, қатты нан тауып, қуанар,
Түн мезгіл ұйқы болмайтын...
Батыр ғой нағыз ойлаған елдің ертеңін,
Елдікке бастап, ерліктің жайған желкенін.
Қиындық түссе Отанға қорған бола алар,
Ардақтар елі көркемін...
Ұлттық рухты, көтерген ұлы намысты,
Жастарға тәлім, тәрбие – нағыз табысты!
Ұғымтал ұлан ұлықтар ардагерлерін,
Құрметте елім Ауғандық батыр арысты!!!
29.05.2013жыл.
Табиғат тылсым...
Көркіңнен сенің келіскен,
Тайғанап түстім еңістен.
Сұлулығыңа сүріндім,
Жүргенмен қанша тегіспен...
Табиғатыңа тамсандым,
Бұлбұлмен таңды қарсы алдым.
Көлімдей керім көркем ең,
Жырыммен тағы жар салдым...
Келбетің бейне көк құрақ,
Жүрекке жалын от құрап.
Сұлулық бойды тербетіп,
Сезіммен кетті соққылап...
Табиғат тылсым түрленткен,
Сөз жетпей жақты күрмелткен.
Жастығым болған жасыл жер,
Ғажайып еді бұл неткен???
Табиғат тартар тылсымға,
Еркіңді билер, құлшынба.
Жапырақ жаным жайқалар,
Сұлулық атты бұл сында...
30.05.2013жыл.
Табиғат көзі
Жастық шағым бағым ба еді саялы?
Сол қадалған жанар естен кетпеді.
Балбыраған кезім-керім, аялы,
Жүрегіме жетпей тұрар оттегі...
Табиғаттан сұлулықты іздедім,
Тұрып қалдым көргендей бір дарақтан.
Салтанатты саябақты қыз дедім,
Жалт бұрылтып қаратқан...
Иілген тал күнге қарай талпынған,
Бұлбұл сайрап сезімімен үн қатты.
Неткен ұқсас табиғатпен бар тұлғаң,
Үндестікпен қымбатты...
Жылдар өтті, уақыт артты нар жүгін,
Табиғатым тым тартымды санамда.
Уайымымның ұмытамын барлығын,
Ғашық болып ғаламға...
Табиғаттан таптым барлық сыйымды,
Ғаламаты мәңгілік қой толғанар.
Сезгендей боп әрбір сәтте күйімді,
Демеуші боп елестейді сол жанар...
04.06.2013жыл.
Қыз ғұмыр...
Қыз ғұмыры қызғалтақ қой көктемгі,
Өте шығар жаңбырлы күн себелеп.
Сезімменен ауыратын дерттен-ді,
Отқа түсер көбелек...
Нәзік талдай, бейкүнә пәк жаралған,
Мәңгілікке тұратындай көрінер.
Аққу құстай айдынында таранған,
Тектіліктен терілер...
Қысқа ғана қыз ғұмыры бірақ та,
Сүйгеніне қосылғаны тәуір-ау.
Ата-анадан алыстайды жыраққа,
Қыз тағдыры ауыр-ау...
Іште қалса қиын болар мұң шері,
Өте шығар көктем жазы елестей.
Сенімділік махаббаттың өлшемі,
Бақыт келмес күреспей...
Сұлулықпен қыз ғұмыры келте еді,
Тектілігі жақсылыққа бұрғандай.
Ойлап тұрсаң өмір қысқа ертегі,
Дәлелімен тұрғандай...
05.06.2013жыл.
Қыз сыры...
Сүйгенмен не мән, сезімнің оты шарпыса,
Күйгенмен не сән, өмірмен келем тартыса.
Жасырам қалай жанымнан аққан жасымды,
Сүймедім сәби жар құша...
Ұят деген мені қапсыра құшып жібермей,
Намыс пен арым, абырой барым, жігердей.
Тектілік атты темірден болам құрыштай,
Жауатын бұлттай түнермей...
Жанымның нәзік жауқазынымын ашылған,
Жүдесе көңілім сыр бермей келем ашынған.
Сырымды сыртқа шығара алмадым қыз болып,
Сезімім сертте жасырған...
Тап-таза күйде, арманға балап сақтадым,
Өкпелеп Сізге, корғаушы болып, ақтадым.
Сізбенен ғана сезіммен серпе тербеліп,
Ұйқысыз атқан ақ таңым...
Орнығып мәңгі жүректе тұрсыз мүсіндей,
Сезімнің мәңгі, сүюдің әрлі күшіндей.
Санамды шырмап, салады ырғақ, тылсым күй,
Сағына берем түсінбей...
10.06.2013жыл.
Ең басты-отбасың!
Отбасы бұзылды,
Береке кетті де.
Бойда қан қызынды,
Елес боп өтті де...
Шайқалып шаңырақ,
Кереге керілмей.
Күйзелер әруақ,
Өнеге өрілмей...
Қаншама армандар,
Үзілді күйреліп.
Ашуға барғандар,
Тозақта түйреліп...
Азап қой бөлінген,
Ажырау бағыңнан.
Ауыр ғой өлімнен,
Балаңды сағынған...
Нұр етер жаныңды,
Ең басты-отбасың!
Баянды ет бағыңды,
Абырой сақтасын!!!
11.06.2013жыл.
Жаныма жақын...
Жаныма жақын балалық кезім,
Бал тәтті неткен уайымсыз.
Алаңсыз көңіл, періште сезім,
Еркеліктерге дайынсыз...
Жаныма жақын анамның айтқан,
Әңгімелері, сөздері.
Есімде бәрі, домбыра тартқан,
Әкемнің нұрлы кездері...
Жаныма жақын қазақы там да,
Жылы бір ұя болатын.
Гүлдерге жарық беретін шам да,
Қыдыр боп қонақ қонатын...
Жаныма жақын тоғайды кезген,
Балықты аулар бал шағым.
Өтерін лезде кім екен сезген,
Бір сәтте болар алшағын?
Жаныма жақын барлық жан маған,
Өмірде сыйлас кездескен.
Сағынышымен қарбалас қоғам,
Таусылар ғұмыр сезбестен...
12.06.2013жыл.
Тартылыс...
Самалы желпіп, аялай елітіп, еліткен,
Табиғатыма еміне енем неліктен?!
Суы бал кәусар, желегі аңсар, адамның,
Уайымын бір сәт кеміткен...
Сұлулықты аңсап, шалдығып шаршап, жетемін,
Бала боп сірә, дана боп мұнда кетемін.
Шабытым менің қырандай көкте самғатса,
Бәрін де жақын етемін...
Көңілімнің қалап көрікті етер көркемін,
Жақсыға жарық жанымның жайып желкенін.
Табиғат-ұстаз тазалығымен тәнті етер,
Өнегеге өріп өркенін...
Табиғат ғана тылсыммен бойды тербеткен,
Тіл жетпес көркем керемет еді бұл неткен?!
Сұғынып тұрып, сұлулығына тағы тоя алмай,
Иесің басты құрметпен...
Табиғат-сиқыр, көңілің көктем тасынар,
Адамзат ғана саналы аңсар, ашығар,
Сәбидей көркем болмысы, түпкі тамыры,
Табиғат тартып, асығар...
18.06.2013жыл.
Ән: Қыз ұзату
Музыкасы мен өлеңін жазған Бертай Төкеев
Бойжеткен қыздың көріп шұғыласын,
Өмірден көп нәрсені ұғынасың.
Әкенің қимастық бар жанарында,
Ананың алаңдаған жыры басым...
Заңдылық, бірін-бірі алмастырар,
Киелі бұл отбасы алғаш құрар.
Жақсылық жалғанады мәңгілік боп,
Ұрпақпен өнегені жалғастырар...
Тәрбие тектіліктен білінеді,
Кешегі құлдыраған құлын еді.
Атасы көре алмады-ау жақсы көрер,
Қу көңіл толмас бір сәт бүлінеді...
Бұл да бір өмір заңы қуанамыз,
Сағыныш көп қой еске жиі аламыз.
Елімнің ерке өскен елігі еді,
Көңілін жүдетпеңдер сұранамыз...
Кешегі сәби еді жөргөгінде,
Тебірендім сәукелесін көргенімде.
Бақыты базарлы боп, баянды боп,
Көрейік өрлеп, өсіп, өнгенін де!!!
Достарыңызбен бөлісу: |