Жылдардағы ашаршылық куәгерлері сөйлейді талдықОРҒАН



бет25/76
Дата29.11.2023
өлшемі7.01 Mb.
#484784
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   76
Аштық-Кітап.Нәубет-2. Негізгі (2)

Саметеева Нүрзия
(Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданы, Тарлаулы ауылының тұрғыны)


Мен 1919 жылы Аякөз қаласына қарасты Жарма ауылында тудым. Әкем -Нұрахмет, анам - Күлбарам. Біз жанұяда 6 қыз болдық. Шешем қатарынан 7 ұлды дүниеге әкелген екен. Жетеуі де бірінің артынан бірі шетіней беріпті.
Анам артынан қатарынан 6 қызды дүниеге әкеліпті. Екеуі дүниеден өтіп, қазір төртеуміз қалдық, солардың ішінде ең үлкені менмін. Сіңлілерімнің біреуі бүгінде Алматыда, екіншісі Аякөзде, кенжесі Жармада тұрады.
Біз әкеміздің арқасында ашаршылықтың азабын аса көргеніміз жоқ. Біздің жалғыз сиырымыз болып еді, соны сауып, бір кесе сүтін ішіп отырдық. Әкеміз сол кезде таңертеңгі сағат 7-ден кешкі 10-ға дейін ауылдың диірменінде жұмыс істеді. Күнде үйге келгенде қалтасына бір уыс бидай мен 4 жапырақ нан салып әкелетін. Жалақысы, әлі есімде, 5 – 10 сом төңірегінде болатын...
Әкем жұмыстан келгенде талай-талай жан түршігерлік әңгімелерді айтатын: бір жерде бір топ адам мысықты немесе итті ұстап жепті, басқа біреулер аштықтан өлейін деп жатқан кішкентай нәрестесін жепті дегенді естіп жататынбыз.
Біздің көршіміздің малы көп болушы еді. Сол көршіміз барлық малын шетінен сойып жеп отырды. Бірақ нан болмаса, қара ет ішке тұрмай ағып кетеді екен... Қасымызда екі үйден кейін тұратын бір бай қолына қымбат тасты алқасын ұстап, әкеме «Нұрахмет, мынаны ал да, маған бір жапырақ нан берші!»- деп келгенде, әкем оны «Маған бұл алқаң тамақ бола ма?!» – деп қуып шыққаны есімде.
Бір күні әкем жалақысын алып, шәй-сабын сатып алуға қалаға кетіп еді. Соларды алып, қайтып келе жатса, пойызда орыстың бір әйелі әкемді қасына шақырып алып:
- Сен үш күннен кейін өлесің! - депті.
Әкем сол жерде оны балағаттап, «Менің 4 бірдей балам бар, мен өлсем - оларды кім асырайды?!»- деп кейіпті. Әкем сол кеткеннен екі күннен кейін үйге келді де, есіктен кіре құлады. Мен оны көтеріп алып, төсекке жатқыздым . Әкем мені қасына шақырып алып:
- Балам, маған орыстың бір әйелі «үш күннен кейін өлесің» деді. Егер айтқаны дәл келсе, ертең түскі сағат екіде мен дүниеден өтемін. Қолыңа қалам ал да, маған қарыз адамдарды және менің қарызымды жазып ал, - деді.
Әкемді бір бөлмеге жатқызып, есігін жауып қойып, ешкімді кірбізбей, оған өзім қарадым. Ертеңінде түскі сағат екіде, орыстың әйелі айтқанындай, әкем дүниеден өтті...
Ол кезде әкем 45 жаста еді. Шешем әкемнен 8 жылдан кейін қайтыс болды. Өзім 17 жасымда тұрмыс құрдым да, 23 жасымда жесір қалдым. Жолдасым Сәбит соғысқа кеткеннен, жаралы болып қайтып келіп, екі күннен кейін 25 жасында дүниеден өтті. Одан кейін 31 жасымда Мұхаметжан аталарыңа қосылдым. Сәбиттен қатарынан 6 ұл, 6 қыз дүниеге әкелдім. Бәрі де бір жарым жасқа келмей, шетінен өле берді. Енді Сәбиттен бір ғана қызым бар. Мұхаметжан атаңнан 7 балам бар. Қазір 8 немере, 9 жиен, 3 шөбере көріп отырмын.
Жазып алған
Оспанова Жадыра
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
студенті




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   76




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет