- Қой, мұны елге қайырып әкелмесек, болмайды. Жалғыз қарындасым іш құса боп, қалған өмірі жылаумен өтер, - деп артынан екі-үш адам болып қуа шығады.
Нағашысы жиенінің жолда жатқан өлі денесін алып келеді. Астындағы атына қызығып жол тосқан қарақшылар өлтірді ме, жоқ болмаса, ауылға келе жатыр дегенді естіп, бәйбішелердің жансызы жазым қылды ма, ешкім білмейді. Жаңа-жаңа өзімен өзі болып, төркініме келіп, құрылған тұзақтан құтылдым ба деп жүргенде, баласының қазасы анасына ауыр тиіпті. Сөйтіп, бар қызығынан айырылған қаралы анамызға сол кезде әкеміздің көзі түсіп жүріпті. Оспан байдан алған он жылдық еңбек ақысын Ақбаланың ағасына әкеліп тапсырады да, қарындасын сұрайды.
-Жарайды, қарындасым жақында ғана жалғызынан, алданышынан айырылып, көзі жасты, көңілі қаралы болып отырғанда, «Мынау сенің теңің еді, мен сені осы жігітке бергелі отырмын», деп қалай айтамын? Бұрынғы көрген күніңді көре тұр. Араға жыл сал, сосын Ақбаламен өзің сөйлес. Егер екеуің жарасып жатсаңдар, менен қарсылық болмайды,- дейді ағасы.
Күндерден күн өтіп, Ақбаланың жарасы жазылмағанымен, қайғылы күні қашықтай келе, әкем анама сөз салады. «Өлген артынан өлмек жоқ», жалғыз ұлынан айырылып, туған ағасының қолында жылдан аса отырған Ақбала әкеме «кет әрі» демейді. Өйткені туған ағадан қиянат көрмесе де, жеңгесі отызға келіп қолына қарап отырған қайын сіңлісін енді қайтіп күйеу алмайтындай көрген. Шеттеніп, жақтырмайтын сыңайын таныған соң, Ақбала аға-жеңгесінің арасына кірбің келтірмей, жолымды табайын деп әкеме келісімін беріпті.
Сөйтіп әкем мен анам қосылады. Бірақ, ешқайда кетпейді, әкем қайнағасымен бірлесіп, Оспан байдың жылқысын бағып жүре беріпті. Әкем мен шешем бала сүйе алмай жүріпті. Анам отыз жетіге, әкем қырық беске келгенше, үйінен жас нәрестенің іңгәлеген даусы естілмейді. Бірақ өздері сүйіп қосылған соң, бірінің көңілін бірі қалдырмай, баласыз тұрған жеті-сегіз жылдың ішінде «сен-мен» деген тілге келіспейді. Іштерінен тынып, бірін-бірі сырттай аяп жүріп жатқанда, бір күні мен келіппін жарық дүниеге.
Өзі есейіп үйленген, өзі жалғыз әрі бір перзентке зарығып, жасы елуге келіп қалғанда, шөлдеп жүріп көрген соң, әкем мені қыз екен деп қарамайды. Әкем марқұм есі кете қуанып, баяғы Оспан байдан алған еңбекақысынан қалған жалғыз биесін, жаны садақа деп шалып жіберіп, өзі қатарлы кедей-кепшіктерге қолынан келгенше той-томалағын жасап тарқатады. Сосын, бір жеті өткен соң, мені бесікке саларда өзім Құдайдан тілеп жүргенде көріп едім, аты Тілебалды болсыншы деп атымды қойғызады.
Міне, мен сол ата-анамның көптен күтіп жүріп көрген жалғызы екенмін. Менен кейін бала сүюді тағдыр жазбапты. Барымтаның заманы мен бидің заманы болды да, біз сияқты кедейдің балаларының көргені қорлық, арқалағаны азап болды ғой. Ішсе тамаққа, кисе киімге жарымадық. Бала болып, құмарымыз қанып ойнаудың орнына, таңның атуы, күннің батуы, бір асам етті, бір үзім нанды үнем көріп, бай үйінің босағасын күзететін едік. Сонда бәйбішелер көріп қалса, иттен жаман тепкілеп, қуып тастайтын. Бала құрсағы ашыққан соң, нені тыңдасын, «сүйекпен ұрған ит қыңсыламайдының» керімен қайта сол босағаны аңдитынбыз.
Өйтпегенде қайтесің. Ол күнде, кедей сорлының үйінде түйір дән болмайды. Қайдан болсын. Байлары қоралаған қойымен, үйір-үйі жылқысының қамы үшін қысы-жазы бір жерге тұрақтамай, жайылым қуып көшіп жүреді де, кедейлер ауыл, үй болып жұртта қалады, отырықшы өмір сүрмеген соң, егін салуды білмейді, сол себепті ашығады.
Байлар болса бала-шағасы мен келген қонағы үшін қалаға мал айдатып, отырықшы орыс байларынан тары мен бидайды, астықтарды қажетінше сатып алып, келер жазға жететіндей етіп өзара бөлісіп, сатып алып қалады. Кедей сорлыларда ол да жоқ, бар болғаны бай малының емшегін сауып, сүтін ішкендеріне мәз. Сондықтан да тары-талқан аңсаған бала көңілі ай-шайға қаратпай, жетелеп апарып, байдың босағасынан бірақ шығаратын.
Менің жеті жасар кезімде екі арысымнан да айырылып, аңырап жалғыз қалдым ғой. Мені жеті жасар күнімде айдалада ашық аспан астында жападан жалғыз жетім қалсам да, сол жазмыштың бұйрығы ғой, дәм-тұзым таусылмапты.
Достарыңызбен бөлісу: |