Педагогика грек тілінен аударғанда (пайда – бала, гогос - жетектеу) баланы жетектеу дегенді білдіреді. Ежелгі Грецияда баланы сабаққа жетектеп апарып, оған сабақта қызмет көрсететін құлды педагог деп атаған. Бүгінде педагогика адам тәрбиесі заңдылықтары жөніндегі ғылымға айналып, педагогтың мәртебесі мен қызметі өзгерді. Педагогика мұғалімдерді, оқытушылардың белгілі бір жас тобындағы балалар мен ересектерді тәрбиелеу ерекшеліктері жөніндегі кәсіби білімдермен қаруландырып, әрқилы жағдайларда оқу-тәрбие процесін болжауға, жобалауға және іске асыруға, оның тиімділігін бағалауға қажетті білімдерді береді. Антропологиялық ғылымдар жүйесінде педагогика адамның тәрбиесі, білімі және оны оқытуға қатысты қызмет саласын зерттеуді өз міндетіне алады. Педагогикалық қызмет – жеке тұлғаны мақсатты түрде қалыптастыруға, дамытуға бағытталған процесс болып табылады.
Адам және оның қоршаған ортамен қатынасын зерттейтін антропологиялық ғылымдар жүйесінде педагогиканың алатын орны ерекше. Ол өзге ғылымдардың жетістіктері мен нәтижелеріне сүйенеді, оны жетілдіріп, дамытып, қолданбалы мақсатта пайдаланады. Сондай-ақ, педагогикалық зерттеулер өзге ғылым салаларының теориялық және практикалық жеістіктерін дидактикада, тәрбие теориясында, оқыту әдістемесінде негізге алады. Ол антропологиялық ғылымдар жүйесінде философиямен, психологиямен, физиологиямен, астрологиямен, медицинамен, экономикамен, әлеуметтанумен, саясаттанумен т.б. ғылымдармен тығыз байланысты. Басқа да ғылымдар сияқты педагогика философияны, ондағы пәлсапалық тұжырымдамалар мен көзқарастарды әдіснамалық тұрғыдан негізге алады. Адам және оның құндылықтарын білмей тұрып оқыту, білім беру және тәрбиенің мәңгілік мәселелерін қарастыру мүмкін емес. Филосфия табиғаттың, қоғамның, ойлаудың даму заңдылықтарын, адамның дүниеге деген танымдық, эстетикалық, этикалық қатынасын зерттейді. Философияда бұл бағытта түрлі философиялық жүйелер мен бағыттар қалыптасқаны белгілі. Педагог-зерттеуші өзінің қызметіне осы философиялық тұжырымдарды, идеяларды қазық етіп алады. Педагогика тарихынан диалектикалық материализм, прагматизм мен экзистенциализм, теологиялық пәлсапалық көзқарастар мен бағыттар әр заманның адам тәрбиелеу механизмдеріне, әр ғалымның педагогикалық идеяларына (В.В.Давыдов Л.С.Выготский, Дьюи т.б.) ықпал етіп отырғанын көруге болады. Сол сияқты педагогика үшін, қандай да бір педагогикалық болжамдар жасап, шешімдер шығару үшін адам миының қызметі, жүйке жүйесі туралы ілімдер (И.М.Сеченовтің, И.П.Павловтың), психикалық процестер мен адамның психикалық жай-күйі (ес, ойлау, ерік, мінез т.б.) және оның адамның даму кезеңдеріне сай ерекшеліктері, халықтардың ұлттық ерекшеліктері, қоғам және әлеуметтік процестер мен әлеуметтік топтар, ел экономикасы мен тарихы туралы ақпараттарды білу өте маңызды. Сол себепті педагогика физиология, психология, этнография, экономика, тарих, медицина, генетика ғылымдарының жетістіктеріне сүйенеді.
Достарыңызбен бөлісу: |