ІІ. Негізгі бөлім. Абай шығармалары тілінің этнолингвистикалық аспектілері ІІ. 1. Абай шығармашылығындағы әдет-ғұрып, салт-дәстүрді білдіретін лексикалық бірліктер. Абай қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысын этнографиялық тұрғыда зерттеген арнайы еңбек қалдырмаған. Алайда, ақынның өлеңдері мен ғақлияларынан өз заманындағы қазақ халқының күнделікті тұрмысы, оның рухани байлығы, әдет-ғұрпы мен аңыз-әңгімелері, кәсібі және заттай мәдениеті, қазақ аулының жыл мезгілдеріне байланысты көрінісі мен болмысы жайында ой толғаулары ұштасады [5]. Қазақ халқының күнделікті өмірі, табиғатта заңды түрде болып жататын құбылыстар мен өзгерістердің барысы ақынның «Жаз», «Жазғытұрым», «Күз» және «Қыс» өлеңдерінде көрініс тапқан. «Жаз» өлеңдерінде Абай өзі өмір сүрген кезеңдегі халық тұрмысын, салт-санасын, табиғат көріністерін сол қалпында көркем бере білген. Қыстың ызғары қайтып, көктем басталғанда күннің жерге мол шашатын жылуын ата-ананың балаға деген ыстық мейірімін, ал күн мен жерді - сағынысқан күйеу мен қалыңдықтың бір-біріне деген ынтық көңілімен теңейді. Күлімдеген күн қызуы жердің тоңын жібітіп, табиғатты оятатыны, жер бетіне көк шығып, жыл құсы келіп, көл жағалай мамырлаған аққу мен қаз, жұмыртқа іздеп зыр жүгірген бала-шаға, қыстаудан көктеуге көшіп, у- шу болып жатқан ел көрінісі, жүйрік аттармен ұрымтал жерден қаршыға салып, үйрек ілдіріп жүрген сауықшыл бозбалалар, оларға наздана күлімдеп ұн қатқан бойжеткендердің күміс күлкісі шеберлікпен суреттелген. Көшпелі қазақ аулының күнделікті өмірі төрт түлік малмен тығыз байланысты болғандығы белгілі. Ақынның бұл өлеңінде малды ауылдың жазғы жайлаудағы көрінісі шынайы, өте нанымды берілген. Оты жетілген, шапқынды өзен-көлдің жағасында қонып жатқан малды ауылдың тұрмысы бейнеленген. Тойынған жылқының суда тұрып шыбындайтыны, тай-құлындардың ойнақтап, айнала шауып, бұлтылдап жүретіні, бұрала басып үй тіккен қыз-келіншектер, мал арасынан ризашылық көңілмен атының басын шұлғыта аяңдатып ақбоз үйдің сыртына келіп түсетін бай салтанаты тамаша сипатталады. Ауыл ақсақалдарының қымызға жиналып әңгіме-дүкен құруы, сөзуар көсем қарттардың тыңдаушыларына еліте айтқан әңгімелері, жалшы, малшы және жылқышылардың малды жайластырып, ауылға келіп бай ордасынан қымыз дәметуі сенімді айтылған.
Күз түсе ел өмірінде ойын-сауық азайып, жұртшылық қысқы шаруа қамына кірісе бастайды. Күзгі қара суық түсіп, табиғаттың өзгеруіне байланысты ауыл іреңінің кете бастауын, кедей-кепшіктің киімі мен киіз үйінің жыртығын жамап-жасқап, келе жатқан қаһарлы қысқа дайындығын, күзеудің тозып, шаңы шығып, бұрқырап жататын сүреңсіз ажарын ақынның «Күз» атты өлеңінен айқын көреміз. «Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай, Қыстың басы бірі ерте, біреуі жәй, Ерте барсам, жерімді жеп қоям деп, Ықтырмамен күзеуде отырар бай», [10] - деп, ақын қысқы жайылымның отын үнемдеу үшін күзеуде отырған бай аулын, бай мен кедейдің үй-жайының айырмашылығын суреттейді. Бай үйінің іргесіне қалың киіз тұтып, маздата от жағып, қарға салуға жарамайтын қартаң қойларын сойып жеп, сорпалап отырса, жалшы малшылар мен кедей-қоңсылардың шұрық-тесік қараша үйінде оттың да жөндеп жағылмайтынын, ертелі-кеш тойып ішер ас-суының жөнді болмайтынын айтады.
«Қыс» өлеңінде ақын: «Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда, Алты қанат ақ орда үй шайқалады» [10], - деп, киіз үйде қыстап шығатындардың қиын жағдайын сипаттайды. Қысқы жайылымдағы малдың қауіпті жауы ашыққан қасқыр екенін айта келіп, жалшы-бақташыларды сергек күзетіп, ит-құсқа мал бермеуге шақырады. Көшпелі қазақ аулы үшін жыл мезгілдеріне байланысты соны жайылым мен жайлы қоныстың маңызы зор. «Жетіліп жаз жайлауға қона алмай жүр, Күз күзеу де жанжалсыз бола алмай жүр, Қыс қыстауың- қып-қызыл ол бір пәле, Оралып ешбір шаруа оңалмай жүр» [10], - деп, Абай жайылымға байланысты малды ауылдар арасында дау-жанжалдың болып тұратындығына тоқталып кетеді. Көшпенділік жағдайда қазақ халқы жылқы малын өсіруге, оның күтіміне ерекше көңіл бөлген. Мүмкіндігі бар малды адамдар жақсы аттарын жаз бойы құр жіберіп, күзде баптап мініп, ойын-тойларда бәйгеге қосатын болған. Қазақтың көреген сыншылары жақсы аттардың сан-алуан қасиеттерін оның сыртқы пішінінен айтқызбай-ақ бір көргеннен танып білетін.
Ақынның шығармаларында атбегілік, аттың сыны туралы келелі пікірлер айтылады. «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» өлеңінде Абай жақсы аттың кекілінен бастап тұяғына дейінгі барлық мүшесінің, жүріс-тұрысының қандай болатынын сипаттап, жақсы атқа берген сынын: «Аяңы тымақты алшы кигізгендей, Кісіні бол-бол қағып жүргізгендей, Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс, Ыза қылдың қолыма бір тигізбей» [10], - деген тұжырыммен түйіндейді. Ақын халықтың қыран баптап құс салу, саяткерлік өнерін «Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген, Бір қызық ісім екен сұм жалғанда» деп жоғары бағалаған. Шыңғыстаудың тасты қойнауларында қыстыгүні түлкі қағып, бүркіт салуды ақынның өзі де мейлінше ұнатып, көп қызықтаған. «Қан сонарда бүркітші шығады аңға» өлеңінде саяткерліктің қыры мен сырын, сорғалаған қыран мен қашқан түлкінің, бүркітші мен қағушының іс-әрекетін, ой-пиғылын дөп басып, табиғи кейпінде суреттейді. Қыран алған түлкінің байлану ғұрпы, аңшылардың сәл кідіріп әңгімелесу, насыбай ату сәттері де ақынның назарынан тыс қалмаған. Бүркітшінің құсты баптау өнерінің шығар шыңы, сыналар кезін Абай: «Біреуі - көк, біреуі - жер тағысы, Адам үшін батысып қызыл қанға»,- деп түйеді. Кемеңгер ақын жалпы өнер атаулыны жанымен түсініп, оның қамқоршысы бола білді. Ол қолынан өнері тамған шеберлерді жоғары бағалап, шеберлерге өз өнерін одан әрі дамытып, ұштай түсуге, өзгеден үйреніп шеберлігінің аясын кеңейте беруге кеңес береді.
«Ескілік киімі» өлеңінде ақын ісмер тігіншілер әзірлеген өнер туындылары - қазақтың ұлттық киім үлгілерінің бірқатарын айтып өтеді. Одан ақынның өмір сүрген заманында қой терісінен илеп, томар бояумен бояп тігілетін тон, астарына жабағы ұсталатын шидем шекпен, ақ саңнан (матадан) тігілетін жейде-дамбал, кестеленген жырық балақ жарғақ шалбар, мықшима былғары етік, киіз байпақ, күміспен безендірілген кісе, басқа киетін пұшпақ тымақ, оның сыртынан жауын-шашында киетін күләпара сияқты ұлттық киім түрлерінің болғанын көреміз. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ...» өлеңінде сәнқой жігіттердің ақ елтіріден тымақ, бөрік тіктіріп киетіндіктері де айтылады. Ақ тымақтың құлағын жымырайта қайырып киген жігіттердің тымағы кірлеп, салтақ- салтақ болатыны да ақынның қырағы көзінен таса қалмаған.
Абайдың шығармаларынан қазақтың ертеден келе жатқан дәстүрлері мен салт-санасы жайында мағлұматтар алуға болады. «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы»еңбегінде қазақ халқының дәстүрі бойынша ежелден бері жаңа жыл басы - наурыз айында «Ұлыстың ұлы күні» тойланатындығы айтылады. Ұлыстың ұлы күні әр үй «наурыз көже» пісіреді, шамасы келгендер қой сойып, көпшілігі соғымнан қалған ет, шеке салып, жеті түрлі дәмнен тұратын(су, тұз, ет, сүт, бидай, тары, арпа) көже жасап, үйге келген адамдарды сыйлаған. Ауыл адамдары бір-бірінің үйіне кіріп, жыл басы ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, наурызды ойын-той етіп өткізген. Халықтың ежелгі дәстүрі бойынша бұл күні адамдардың арасында олардың әлеум. жас, жыныс ерекшеліктеріне қарамай теңдік орнап, бір-бірімен еркін сөйлесіп, әзіл-қалжыңдары жарасып, бір жасап қалатынын көркем тілмен әдемі өрнектеген. Ақын шығармаларынан көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ елінің күнделікті тұрмысында орын алған ырымдар мен әдет-ғүрыптар туралы түсініктерді де жиі ұшырастырамыз. Келін түсіргенде оны ең алдымен үлкен үйге кіргізіп, ошақта жанып тұрған отқа май қойғызу ырымын орындау барысында осы дәстүрді басқарып тұрған келіннің енесі «от ана, май ана, жарылқа!» деп сиынатындығы айтылады. Жаз жауынды болып, ырыс, молшылық әкелуін тілеп, жазғытұрым күн алғашқы күркіреген кезде, әйелдер шөмішпен киіз үйдің сыртынан ұрып «сүт көп, көмір аз» деген сөздерден аспан әлемі - көк тәңірге табынушылық ырымдарының да сақталып отырғандығын көреміз. Қалыңдық айттырылып, күйеу баланың ержете қайын жұртына алғаш рет ресми түрде ұйымдастырылатын ұрын бару сапарынан кейін үйленген ұлға қазақ дәстүрінде енші беріп, өз алдына отау етіп шығаратындығына тоқтала келе, Абай үй болған азаматқа ендігі жерде бозбалалық шақпен хош айтысып шаруамен айналысуға, от басына қамқор болуға өсиет етеді [3]. Ақын көрсеқызар, жеңіл мінезді жігіттерді сынай келіп, оларға «ұнаған қызды қалыңын төлеп, көрікшіден көріп, тектіден таңдап алуға» ақыл-кеңес береді. Абай заманында қыздың сатылу және сатып алу құны - қалыңмалдың мөлшері 47 байтал болған. Үйленудің, қыз айттырудың негізгі шарты қалыңдық үшін қалыңмал төлеу болғандықтан, малды адамдар көп әйел алудан тартынбаған. Мұндай қайшылықтан Абайдың өзі де құралақан емес, олда өз заманының құрбаны болып, үш әйел алған. Солай бола тұрса да, ақын малға жығып, өзінен көп кіші, жас қыздарды тоқалдыққа алатын қартаң тартқан шалдардың қылығын аяусыз сынайды. Абай өмірінің соңғы кезіндегі оған ауыр тиген қайғылы уақиға сүйікті ұлы Әбдірахманның дүние салуы болды. Ақын Әбдірахман қазасына бірнеше өлгендер арнады, келіні Мағыштың атынан: «Жылағанды тоқтатып, ынсап қылсақ жарайды, қоймасаң, қайғы ауыр боп, тұл бойыңа тарайды»,- деп жұбату жоқтау өлеңін жазды. Жұбату өлендерін шығарып, онда қазаның ауырлығына тоқталады, тағдыр жетсе ажалдың кімге болса да келетінін ескере отырып, шүкіршілік қылуға шақырады, өзіне-өзі тоқтау айтады.