Сый дәметпе,берсе алма еш адамнан, Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан? Сүйінерлік адамды сүй,қызмет қыл, Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан[11],- дейді.
Өлеңнен ермек емес, өнер екенін ол ылғи баса айтады.Өз өнерін халық мүддесіне жұмсауды мақсат етеді.Оны мына шумақтан да байқаймыз.
Мақсатым-тіл ұстартып,өнер шашпақ, Наданның көзін қойып,көңілін ашпақ. Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер, Думан-сауық ойда жоқ,әуел баста-ақ[11]. Ақын мен ақындық міндеті туралы ойланғанда,Абайдың осы мәселені тереңдете қарастыру,ел құлағына сіңіре беру үшін қайта бір оралғанын «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» (1889) атты өлеңінен көреміз.
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ-барды,ертегіні термек үшін. Көкірегі-сезімді,тілі-орамды, Жаздым үлгі жастарға бермек үшін! Өзінің ақындық мақсатын осылай көрсете отырып,Абай бұл өлеңде шығарманың мазмұнына қатысы жоқ сөзуарлықты,ескі қиссаларда,соған еліктеп қисса жазатын ақындарда кездесетін «әсіре қызыл» теңеу, жалған қызықшылықты суреттеуді сынап өтеді.
Өлеңі бар,өнерлі інім,сізге Жалынамын-мұндай сөз айтпа бізге. Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ, Есіл өнер қор болып кетер түзге[10],- деген сөздермен ол жас буын ақындарға тағы да тілек артады.
Үш жылдың (1887,1888,1889) ішінде біріне-бірі жалғас жазылған бұл үш өлеңде Абай ақынның қоғам алдындағы қызметі мен сөз өнерінің күші жайындағы ойын тереңдетіп,толықтыра түсті.Бұл ой,түптеп келгенде, әдебиеттің халықтығы туралы орыстың революцияшыл-демократтарының эстетикалық көзқарасымен үндеседі. Белинский мен Чернышевскийдің әдебиетті өмірге жақындату, сол арқылы қоғамдық дамудың өзекті мәселелерін батыл көтеру жайлы ойларды Абайға күшті әсер еткен. Осы идеяға сүйене отырып, ақын қазақ ортасындағы өлең сөздің маңызын көтеруге күш салады.Жаңа сөзга лайық жаңа оқушы, тыңдаушы тәрбиелемек болады. Бұл-Абайдың қазақ әдебиетіне әкелген үлкен жаңалығы.