Жоспар: кіріспе I тарау. 1930 жылдардағЫ Қазақстанда күштеп ұжымдастырудың зардаптары



бет4/4
Дата25.02.2016
өлшемі0.99 Mb.
#20510
1   2   3   4

ҚОРЫТЫНДЫ

Сонымен, қазақ шаруаларын меншігінен зорлап айыруды, олардың қожалықтарын күштеп ұжымдастыруды қамтитын Қазақстан тарихының беттері аса күрделі.

Ұзақ жылдар бойы адамдар санасына дара үстемдік жасаған, ал балама ой-пікірлерге «бөтен ойлау», «буржуазиялық идеология», «тап жауының көзқарасы», «космополитизм», «ұлтшылдық», «антисоветтік», «антикоммунистік» дегендей әр түрлі саяси, идеологиялық айдарлар тағып, өз азаматтарын тар өрісті таптық пиғыл аясынан шығармай, қоғамдағы барлық құбылыстарға тек пролетариат диктатурасының мүддесі тұрғысынан баға беруді талап еткен ресми коммунистік идеология үстіміздегі жүз жылдықтың 20-30-жылдарында Қазақстанда орын алған оқиғаны тарихшылардың жан-жақты, салиқалы зерттеуіне, ақиқатты өз атымен жасырмай атайтын, «ақтаңдақтарды да», «қаратаңдақтарды да» әшкерелейтін сүбелі еңбектердің өмірге келуіне жол берген жоқ.

Ресми тоталитарлық жүйе өзінің әкімшіл-шаруашылық тәртібін зорлық-зомбылық әдістерімен қалыптастырғанын, тоқшылық жылдары тұтас халықты алапат аштыққа ұрындырғанын, меншік иелерін кінәсіз жазалағанын, күштеп ұжымдастыру саясатының адамгершілікке жат, қаскөй принциптерді басшылыққа алғанын, әлеуметтік теңдік, социалистік демократия дегендерді шын мәнінде еңбекшілер билігін шектеуге, жаппай қуғын-сүргінге айналдырғанын өз азаматтарынан, әсіресе кейінгі ұрпақтан жасырып қалуға әрқашан тырысып келді.

Әкімшіл-әміршіл авторитарлық жүйе өзін сынға алатын, өзінің қылмысты саясатын әшкерелейтін тарихи еңбектерге мүдделі бола қойған жоқ. Осыған байланысты тарихшылар пайдаланатын деректер аясы да тарыла түсті. Ресми үстем идеологияның «социализмнің толық және түпкілікті жеңуі», «кемелденген социализмнің орнауы» және «совет халқының коммунизмге өте бастауы» жайлы қияли теориялық тұжырымдамаларына көлеңке түсіретін, оларға күдік туғызатын құжат атаулы жарыққа шығарылмай тұншықтырылды. Мұндай ахуалда тарихшылар үстем ресми идеологияны ғана басшылыққа алып, тек «табыстар» мен «жеңістерді» дәріптейтін де, ал кемшіліктерді айта қалса оларды қайдағы бір «солшылдар» мен «оңшылдардың» немесе «ұлтшылдардың» қаскүнемдік әрекетінің салдары ретінде көрсететін. Тарихи шындықты жартылай айтып, бұрмалап түсіндіретін мұндай еңбектер жазуға тарихшылар біртіндеп төселіп алған еді.

Осы уақытқа дейін Қазақстан тарихында назар аударылмай келген нәрсенің бірі – мемлекетке астық және ет дайындаудың сталиндік бағытын Қазақстанда күштеп жүзеге асыру туралы мәселе еді. И. Сталиннің 1928 жылдың басындағы Сібірге сапары барлық елдегідей Қазақстанда да шаруаларға жаппай зорлық-зомбылық жасауға жол ашты. Астықты тауар деп есептеген «көсем» оны айырбастағандарды немесе онымен сауда жасағандарды РКФСР ҚК-нің 107-бабымен жаппай соттауды ұсынды. Шаруа өз еңбегімен өндірген астығын мемлекетке тапсырмағаны үшін айыпталды. Қазақ шаруаларының ерекшелігі – оларда астықтың жоқтығында немесе аз мөлшерде кездесуінде еді. Бірақ оны ескерген жан болмады. «Қайдан тапсаң онан тап, қаптың түбін қақ!» деген мәтел осы жанкешті науқанда елге сондықтан да таралды. Сталиндік зорлап астық дайындау науқаны – күштеп ұжымдастырудың және еріксіз отырықшыландырудың беташары және соларға алғашқы даярлық болатын.

«Өнеркәсіптегі артта қалуды жоямыз» деген ұранмен жүргізілген сталиндік ұмтылыс та дәстүрлі шаруашылық аясында дамып келген қазақ ауылына ауыр соққы болып тиді. Қазақстан Мәскеу, Ленинград тәрізді одақтың астана мәртебесіндегі ірі қалаларын, Ресейдегі өнеркәсіп орталықтарын, Солтүстік Кавказды, Орта Азияны, Қиыр Шығысты және әскери мекемелерді етпен негізгі жабдықтаушылардың біріне айналдырылды. Мұның нәтижесі қайғылы болды. Қысқа мерзімде Қазақстандағы мал басы он алты есе азайды. Дәстүрлі мал шаруашылығы қайта бас көтере алмастай болып күйреді.

Кеңес өкіметі орнықтыра бастаған әміршіл-шаруашылық жүйесі әсіресе сары дала төсінде қалауынша еркін өмір сүріп, рулық-қауымдық, туысқандық, меймандостық рухында тәрбиеленген қазақ шаруасына ұнай қоймады. Дәстүрлі шаруашылықты талқандап, оны жаңа арнаға күштеп ұжымдастыру және зорлап отырықшыландыру жолына түсіру, меншік иелерін шектен тыс қатыгездікпен жазалау қазақ шаруаларының қалың бұқарасының ресми үкіметке наразылығын, тіптен ашық, қарулы бас көтерулерін туғызды.



Материалдарді ғылыми талдау жасау барысында бізді мынандай қорытындыға келтірді: аталған жылдардағы кеңес өкіметіне қарсы бұқаралық наразылықтарды негізінен халыққа қадірлі және ықпалды ақсақалдар, дін басылары және орта шаруадан шыққан батыл да өжет адамдар басқарған. Халық соңынан ерген, құрметтеген адамдарды неліктен Қазақстан тарихы айыптауы керек? Қазақстан Орталық Атқару Комитеті мен ҚАКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1928 жылғы 27 тамыздағы «Бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы», 1928 жылғы 13 қыркүйектегі «Аса ірі және жартылай феодал байларды тәркілеу және жер аударуға қарсы әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы» және 1930 жылғы 19 ақпандағы «Жаппай ұжымдастыру аудандарында ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды нығайту жөніндегі және кулактар мен байларға қарсы күрес жөніндегі шаралар туралы» қаулыларын зерттеу жөніндегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы комиссиясының қорытындылары және «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының заңы халық наразылықтарына қатысушыларды ақтауға құқықтық және саяси негіз жасады. Енді тарихшылар алдында наразылыққа қатысқандар тізімдерін архив қорынан алып жариялау, халыққа таныстыру, осы есімдерді тарихымызға енгізу тәрізді қасиетті міндеттер тұр. Сонымен бірге ұлттық мүдде мен халықтық дәстүр-салтты, дінді қорғап, бастарын қатерге тігіп, мейірімсіз де тасжүрек мемлекеттік жүйеге қасқайып қарсы тұрған ірі көтерілістер басшыларын ақтаумен ғана шектелмей, оларды халық батыры, қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының қаһармандары дәрежесіне көтеріп, тарихымыздың лайықты бағасын беру жөн болар еді.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Омарбеков Т. 20-30-шы жылдардағы Қазақстан қасіреті: Көмекші оқу құралы. Алматы, 1997.

  2. Егеменді Қазақстан, 1992 22 желтоқсан.

  3. Тәтімов М. Ауылдағы демографиялық ахуал. Алматы, 1990.

  4. Қозыбаев М., Абылхожин Ж., Алдажуманов К. Коллективизация в Казахстане трагедия крестьянства. Алматы, 1992.

  5. Халықнама. Сан мен сана. Алматы, 1992.

  6. Ақтаңдақтар ақиқаты. Алматы, 1992.

  7. Назарбаев Н. Әділеттің ақ жолы. Алматы, 1991.

  8. Абылхожин Ж. Традиционная структура Казахстана: социально-экономические аспекты функционирования и трансформации (1920-1930 гг). Алма-Ата, 1991.

  9. Турсунбаев А. Победа колхозного строя. Алма-Ата, 1957.

  10. Тулепбаев Б. Торжество ленинских идей социалистического преобразования сельского хозяйства в Средней Азии и Казахстане. М., 1971.

  11. Тулепбаев Б. Социалистические аграрные преобразования в в Средней Азии и Казахстане. М., 1984.

  12. Материалы по истории КазССР. Т.ІІ. 1.2. 1741-1751 гг. Алматы, 1948. С.21.

  13. Қараңыз: Алаш-Орда. Сб. документов. Сост. Н.Мартыненко. Кзыл-Орда, 1929. С. 73-76.

  14. Отчет Краевого Комитета VI Всеказахской партконференции. Кзыл-Орда, 1928. С. 34.

  15. Социалистік Қазақстан. 1989. 7-маусым.

  16. Проблемы мира и социализма. 1989. № 4. С. 75.

  17. Неру Дж. Открытие Индии. Книга вторая. М., 1989. С 393.

  18. Ленин В.И. Шығ. толық жинағы. 38-т., 173-176-66.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет