2.1. Тәрбиенің әлеуметтік мәдени ортасы
«Әлеуметтендіру» ұғымы адамды әлеуметтік қарым-қатынастар жүйесінде әр түрлі әлеуметтік бірліктердің (топтар, институт, ұйымдар) түрлеріне интеграциялау, одақтық қауымдастыру. Әлеуметтендіру — мәдени элементтерді түсіндіру, әлеуметтік мұраттар мен құндылықты игеру негізінде жеке тұлға қасиеттерін қалыптастыру.
Тұлғаның әлеуметтік даму барысында қоғамда адам өзін тұлға ретінде сезінеді. Бұл тәрбие, білім және өзін-өзі тәрбиелеу жағдайында, адам өздігінен алдына мақсаттар белгілеп, оған жетуде өзінің бедел-сезімін түсінеді, қоғамдағы өз орнын таңдайды, белгілейді.
Әлеуметтендіру – тұлғаның белгілі бір бейнесін дәріптейді, оның негізгі белгілері: адамның әлеуметтік қарым-қатынасы, достық, сүйіспеншілік, отбасы, өндірістік, саяси т.б. көрінеді. Адамның адам болып қалыптасуы қоғамның ықпалына үздіксіз жауап қайтаруынан пайда болады.
Әлеуметтендірудің көрсеткіштері: әлеуметтік ортаға бейімделу, әлеуметтік дербестік және әлеуметтік белсенділік.
Адамды қоғамға, әләуметтік топқа және ұжымға енгізудегі, адам мен әлеуметтік тәжірибені меңгеру механизімінде, қарым – қатынас және мәдени тәжірибелерде бейімделу және әлеуметтену процесі маңызды механизм болып табылады.
XIX ғасырдың екінші жартысында «неміс мұғалімдерінің әкесі» Адольф Дистерверг кәмелет жасына толмағандардың құқық бұзушылық болдырмау мақсатында қараусыз кеткен балалармен жүргізілетін педагогикалық іс- әрекетті көрсету үшін «әлеуметтік педагогика» сөз тіркесін ұсынған.
Әлеуметтік педагогиканың бастаулары халықтық педагогикада жатыр. Тұлғаны әлеуметтендіру идеялары ұлы ғұламалардың педагогикалық көзқарастарында қарастырылған. Атап айтқанда, әл-Фараби, Ж. Баласағұн, М. Қашқари, Қ.А. Ясауи және т.б. ғұламалар еңбектерінде адам тәрбиесін жүзеге асыру оның әлеуметтік ортасын қалыптастырумен байланысты екендігі баса айтылған.
Әлеуметтік педагогика – педагогика ғылымының бір саласы ретінде, түрлі жастағы және түрлі әлеуметтік топтардағы адамдарға әлеуметтік тәрбие беру арқылы оларды әлеуметтендіруді көздейді.
Әлеуметтік педагогтың мақсаты: оқушылардың дамуын, тәрбиесін, білім алуын әлеуметтік тұрғыдан қорғау, оқушының ұтымды әлеуметтенуіне әсер ететін баланың кіші ортасын ұйымдастыруға ықпал жасау, әлеуметтенуге мұқтаж жандарды қоғамдық өмірге бейімдеу.
Әлеуметтік педагогтың міндеті:
– тұлғаның даралық дамуын гармониялы бiрлiкте қарастыра отырып, ғылыми әлеуметтендiрудi қамтамасыз ету;
– тұлғаның дамуы мен әлеуметтену процесiне әсер етушi қарым-қатынастарды педагогикалық тұрғыдан реттеу;
– тұлғаның қоғамға және әлеуметтену процесiндегi педагогикалық ғылымдардың көпжақты әсерiнiң мүмкiндiктерiн зерттеу;
– әлеуметтiк ортаның педагогикалық потенциалын арттыру мен оны пайдаланудың шарттарын және тәсiлдерiн зерттеу;
– тұлға ұғымының мәнін, оның даму, қалыптасу кезеңдерін түсіну;
– адамның әлеуметтік болмысының түрлі формаларының (адам, жекелік, тұлға, субъект) шекараларын ажырата алу;
– тұлғаның дамуы мен өзін-өзі дамытуының өзара байланыстылығына талдау жүргізу;
– әлеуметтік детерминант, әлеуметтік қалыптасу, тұлға қызметі мен дамуы ұғымдарының мәнін ашу.
Әлеуметтік педагогикада ең алдымен «әлеуметтік орта» ұғымын анықтап алу қажет. Бұл біріншіден, кең ұғымдағы әлеуметтік болмыс, яғни, қоғам, мемлекет; екіншіден, баланың қалыптасуына тікелей әсер ететін өзіндік қоршаған ортасы.
Қазіргі кезеңде әлеуметтік педагогика ғылымын зерттеу және нәтижелерін өмірде пайдалану қажеттілігі туып отыр. Әлеуметтік педагогиканы ғылыми тұрғыдан зерттеу шетелдерде, әсіресе, Ресейде дұрыс жолға қойылған. Әлеуметтік педагогика мәселелері соңғы кезеңде Қазақстанда да қолға алынып, ғылыми ізденіс жұмыстары жүргізілуде және осы ғылым саласының нәтижелері жоғарғы оқу орындарында арнайы педагогикалық мамандықтарға базалық пән ретінде оқытылып, студенттерді осы бағыттағы біліммен қаруландыруда.
Соңғы жылдаы Қазақстанда балалар мен отбасылардың әлеуметтік денсаулығының, қиын жеткіншек жастағы балалардың әлеуметтік реабилитациясы проблемаларын шешу орталықтары құрылған. Сонымен қатар балалар мен жеткіншектерге психологиялық-педагогикалық кеңес орталықтарының, жоғары оқу орындарында «әлеуметтік педагог» мамандығының ашылуы әлеуметтік педагогика саласының дамып келе жатқандығын көрсете алады.
Әлеуметтік педагог-сырттан бақылаушы емес, ол балалар мен ересектердің бірлескен қызметінің тікелей қатысушысы, сонымен қатар – бұл қызметтің жетекші ұйымдастырушысы. Әлеуметтік педагогты рухани жетекші, тәлімгер десек те болады, себебі ол жылдар бойы баламен, оның отбасымен жұмыс жүргізеді, әлеуметтік, жалпыадамзаттық құндылықтардың қалыптасуына ықпал етеді.
Әлеуметтік педагог жұмысындағы жасөспірімдермен жұмысының өзіндік ерекшелігі бар. Біріншіден, ол жасөспірімдермен жұмыста, олардың іс-әрекет мәселелерін нақтылауда оқушының оқу және тәрбие жетістігі мәселесіне ден қояды, жасөспірімдердің өмірсүйгіштік, оптимистік, отансүйгіштік бағытта бола білу, әртүрлі сәтсіздіктерді алдын-ала білу қасиеттерін қалыптастыруға ата-аналармен бірлесе отырып жұмыс жүргізеді.
Қазіргі жағдайда әлеуметтік-педагогикалық теория мен тәжірибеге деген қажеттілік жойылған жоқ, керісінше қажеттілік күшейді, себебі бір жағынан қоғам мен жеке адамның өмірінде әлеуметтік факторлардың рөлі күшейді, екінші жағынан әлеуметтік көмекке зәру балалар мен ересектердің саны өсті, әсіресе әлеуметтікпедагогикалық көмек қажет адамдар өсті. Осының барлығы оқыту мен тәрбие беру саласында жұмыстың белсенуін талап етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |