2. 2. Әдебиет тарихын дәуірлеу: уақыт және жаңа көзқарас
Әдебиеттану ғылымында әдебиет тарихын дәуірлеу аса күрделі әрі үлкен маңызға ие мәселе. Себебі әдебиетті дәуірге бөліп, жүйелеп тану - өткен тарихи кезеңдердегі халықтың рухани болмысын тануға мүмкіндік береді.
Әдебиет тарихын дәуірге бөлу дегеніміз – тарихи сабақтастық дәстүріндегі даму жолын танып-білу үшін ең басты принциптің бірі. Осы принципке сәйкес қазақ әдебиетін тарихи дәуірлерге бөлудің жобасын алғашқы болып ұсынған Р.Мәрсеков, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ә.Қоңыратбаев т.б. ғалымдар болды.
Қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеу мәселесіне қатысты біз бүгінде сонау ХХ ғасырдың басынан бастап Р.Мәрсеков, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ә.Қоңыратбаев, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, Ы.Дүйсенбаев, Е.Ысмайылов, С.Қасқабасов, М.Мырзахметов, М.Жолдасбеков, М.Мағауин, Р.Нұрғали, Т.Кәкішев, Н.Келімбетов, Қ.Өмірәлиев, А.Қыраубаева, А.Егеубаевтардың ғылыми-теориялық тұжырымдарына сәйкес қазір қазақ әдебиетінің тарихын ежелгі түркі ескерткіштері мұраларынан бастап қарастырып жатырмыз. Қазақ әдебиеті оқулықтар мен оқу құралдарында осы жүйемен берілген. Әрине аталған ғалымдардың еңбектерінің маңызы зор болды.
Сөйтіп осы уақытқа дейін қазақ әдебиетінің тарихы өз бастауын VІІ-VІІІ ғасырлардан алады деп келдік. Себебі ол кезде әлі ұлт категориясы ажыратылмаған, бүгінгідей қазақ, өзбек, қырғыз болып бөлінбеген, тайпа, ру болып, қағанат құрып өмір кешкен заман болатын. Сондықтан ол кезеңде туған әдеби-мәдени мұралар, тарихи жәдігерліктер барлық түркі жұртына ортақ тән. Алайда кешегі кеңестік идеология бұл халықтардың түбі бір туысқан екенін ұмыттыруға тырысты.олардың тамырын ререңге тартқан мәдениеті бар екенін жадынан шығару үшін көне мәдениетімізді зерттеуге тыйым салды. Тек 1959 жылғы әдеби мұра жөніндегі конференцияда қазақ әдебиетінің тарихына қатысты көп пікірлер айтылды, оның ішінде, әсіресе, көп талас тудырғанымен, кейін өміршеңдігін дәлелдеп шыққан ғалым Б.Кенжебаевтың қазақ әдебиеті тарихы Орхон жазба ескерткіштерінен басталады деген тұжырымы еді. Сөйтіп Б.Кенжебаев бастаған бір топ ғалымдар көне түркі әдеби мұраларын тілдік, әдеби-жанрлық, тарихи, дерекнамалық тұрғыдан жан-жақты зерттеп, қазақ әдебиетінің тарихын VII ғасырға шегерді. Бұл кезінде Бұқар жыраудан басталған қазақ әдебиетінің тарихы үшін зор табыс болды.
Ғылым бір орында тұрмайды, жаңа көзқарас, даулы пікірлер пайда болған сайын дамып, өзгеріп, жетіле түсетіні заңды құбылыс. Неғұрлым терең бойлап ізденген сайын соғұрлым тарих қойнауларындағы әр түрлі сырлар ашылып, жаңа пікірлер туындайды.
Қазіргі әдебиеттану ғылымында қазақ әдебиетінің мың жарым жылдық тарихы жасалып отыр. Бүгінгі таңда ғалымдар сақ, ғұн замандарына барып, одан да бұрынғы «Авеста», «Гильгамеш» кітаптарындағы ортақ сарындарға барлау жасауда. [31,60]
Осы бағытта бірқатар ғалым-ізденушілер (А.Қыраубайқызы, И.Нұрахметұлы, Т.Еңсегенұлы) соны пікірлер, тың ойлар білдіруде.
Айталық, А.Қыраубаева көне түркі әдебиетінің алғашқы әдеби мұралары ретінде заманымыздан бұрынғы (сақ, ғұн, үйсін дәуірі б.з.д. VIIғ. - б.з. ІVғ.) жазу-сызулары мен аңыз-жырларын, атап айтқанда, Алып Ер Тұңға, Тұмар патшайым, Мөде батыр, Зарина патшайым туралы аңыз-жырларды атайды. Еңбекте осы дәуірдің өз ерекшеліктерін ескере отырып, жеке ескерткіштердің ой-мұраты, мән-мағынасы, қазақ әдебметімен үндестігі талданады.
Т.Еңсегенұлы қазақ әдебиетінің түпкі араналарын (архетиптерін) зерттей келе, оның негізі дала пайғамбары атанған Зоротуштра негізін қалаған зороастризм дінінің қасиетті кітабы «Авестадан» бастау алатындығын айтады.
«Авеста» - Таяу Шығыс халықтарының, көшпелілердің мәдениеті, әдебиеті, діні, салт-дәстүрі мен көне тарихының сырлы бесігі болып танылған қасиетті шығарма түгелдей миф-аңыздарға құрылып, көркем әрі нанымды суреттелетіндігін архетип пен мифті арнайы зерттеген К.Г.Юнг, Фриммен Джон, Т.Манн, А.Пятигорский, А.Ф.Лосев, А.Н.Ждан, Л.П.Гримак сияқты ғалымдардың еңбектері мен бабаларымыздың табынған Тәңірлік діні туралы Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, Ә.Марғұлан сынды қазақ ғалымдарының ой-пікірлеріне сүйеніп саралай келе, автор төмендегідей қорытындылар жасайды:
«- Қазақ әдебиеті тарихының архетиптері Орта Азия, Таяу Шығыс ғалымдарының даналық мұрасы аталған «Авеста» шығармасына жинақталған;
- «Авеста» кітабы көне түркілер дәуірлеп, күшті мемлекет болған тұста – Тәңірлік дәуірде жазылған;
- «Авеста» кітабы туып, қалыптасуына бағзы замандағы бабаларымыздың даналық ойлары, шешендік сөздері, солар қалыптастырған мифтер, жыр, толғаулар арқау болған;
- Зороастризм дінінің поэзия тілімен жазылған «Авеста» кітабы Сырдария мен Әмударияның Арал теңізіне құяр аралығында Хорезм өңірінде жасалған;
- Көне түркілердің Тәңірлік дінінің негізі - «Авеста» шығармасында жазылған. «Авеста» кітабында Зороастризм діні мен Тәңірлік дінінің арасында айырмашылық білінбейді;
- «Авеста» кітабы Орта Азияны мекендеген көне түркілер мен Таяу Шығыстың бірталай халықтарының ортақ мұрасы» [32,61]
Сөйтіп Т.Еңсегенұлы қазақ әдебиетінің бастау арналарын б.з.д. VІІ ғасыр деп таныса, осы бағытта И.Нұрахметұлы қазақ әдебиетінің тарихын ұлыстық кезеңнен, яғни сақ-ғұн дәуірінен, б.з.д. Х ғасырдан бастап қарастырады.
Шын мәнінде ата-бабаларымыз – Сақтар туралы, атақты Сақ патшалары Томирис, Зарина туралы, Сақ батырларының ерлігі жөнінде, мен Сақтардың парсылармен тағы басқа тайпалармен жүргізген соғыстары туралы талай аңыздарды білеміз. Ал олар әдеби үлгіге жатпай ма деген сұрақ туады?
«...Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселесі күні бүгінге дейін ғылыми шешімін таппай, өзінің ғылым ретінде табиғи даму-марқаю дәрежесінен әлдеқайда кенже қалып отыр»,-дейді И.Нұрахметұлы. Оның себептерін ғалым:
- көне тарихымыз туралы жазба деректерінің тапшылығымен;
- тарихымызға қатысты деректердің көбі көрші елдердің жазбаларында сақталатындықтан, сол елдің зерттеушілері тарапынан ұлттық және саяси мүдделеріне сай өзгертулер мен түзетулердің енгізілетіндігін ескермей талдаушылықпен;
қазақтың шежіре деректерінің тарихи дәлел ретінде пайдаланылмағандығымен;
кеңестік идеологияның қатал тегеурінінің салдарынан қазақ зиялылырының халқымыздың рухани мұраларына ұлттық талғаммен қарауға мүмкіндіктерінің болмағандығымен;
ұзақ уақыт билеген отаршылдық күш пен саясат халқымыздың еркін ойлау жүйесін талқандап, жасқаншақ, құлдық психологияны санаға терең сіңіргенімен байланыстырады.
Ал тәуелсіздік алғаннан кейін әдебиеттану ғылымы күн санап ілгерілеп, аясы кеңейіп, тың серпін алды. И.Нұрахметұлы қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеу туралы жүйелі пікірдің әлі де болса орнықпағандығын алға тартып, әдебиеттануда әлі де болса ғалымдардың назарынан тыс қалып жүрген әдебиет тарихына қатысты деректердің молдығына назар аудартады.
Бұл монография көне қытай, соғды, ұйғыр, қадым жазуларында қатталып қалған ескерткіштер мен жазбалардағы, қолжазбалардағы әдеби нұсқалардың негізінде, сол мұралардағы көркем ойды іріктей отырып жазылған.
Қай халықтың болмасын әдебиетінің тарихы оның халық ретінде тарих сахнасына шығуы немесе белгілі бір авторлар шығармаларымен емес, танымдық, наным-сенімдік қызмет атқарған мифтерден, қарапайым жазбалардан басталатындығын ескере отырып, «қазақ әдебиетінің тарихын түрік қағанаты тұсындағы жазбалардан бастау, кезінде аса ірі жаңалық болғанына қарамай, бүгінгі заман талабына жауап бере алмайды. Бір халықтың әдебиеті түптеп келгенде, сол халық рухының, әдет-ғұрпының, намысы мен жігерінің, махаббаты мен қарғысының және түрлі сезімдік көңіл-күйінің бейнеленуі. Сондықтан әдебиет тарихы сол халықты құраған ру-тайпалар өмір сүрген дәуірден, тіпті сол ру-тайпаларды құраған жеке адамдардың бейнелі тілінен басталады деу орынды»,- дейді [33,62]
Ғалым хронологиялық ұстанымға, этностың даму барысына сүйене отырып қазақ әдебиеті тарихын төмендегідей топтастырады:
Ұлыстық дәуір әдебиеті (б.з.д. Х ғ.- ХVғ.)
ІІ. Ұлттық дәуір әдебиеті
І. Ұлыстық дәуір әдебиетін өз ішінен екі кезеңге жіктейді:
1. Ерте заман әдебиеті (б.з.д. Х ғ.-б.з. VІ ғ.):
а) Сақтар дәуірі әдебиеті
ә) Ғұндар дәуірі әдебиеті
б) Үйсін-Қаңлы дәуірі әдебиеті
2. Ортағасырлар әдебиеті ( VІғ.- ХVғ.):
а) Түркі қағанаты тұсындағы (ұлыстық ояну дәуірі) әдебиет
ә) Қанаттас қағанаттар дәуірі әдебиеті
б) Алтын Орда дәуірі әдебиеті
ІІ. Ұлттық дәуір әдебиетін өз ішінен екі кезеңге жіктейді:
1. Қазақ хандығына дейінгі әдебиет
2. Қазақ хандығынан кейінгі әдебиет
а) Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет
ә) Отарлық дәуір әдебиеті
б) Социалистік дәуір әдебиеті
Ортағасырлық әдебиет пен Қазақ хандығына дейінгі әдебиет аралығында хронологиялық меже ажыратылмағандығын автор былай деп түсіндіреді: «Қазақ халқының ұлттық әдебиеті ұлыстық одақтар дәуірінің соңғы кезеңінен бастау алады. Оның дәл қай дәуірден бастау алғанын анықтау қиын. Біздің қолымыздағы материалдарға қарағанда бұл әдебиет Түркеш қағанаты тұсынан бастап қалыптаса бастағаны байқалады. VІІІ ғасырдан ХV ғасырға дейін ұлыстық әдебиетпен қатар өмір сүрді. Сондықтан ұлттық дәуір әдебиетін «Қазақ хандығына дейінгі», «Қазақ хандығынан кейінгі» деп бөлген орынды» [33,63].
Автор Сақ дәуірі әдебиетінің қайнар көзі ретінде грек, парсы тарихи жазбаларындағы сақтарға тән деректер, аңыз-әңгімелерін («Томирис», «Бақташы Шырақ», «Зарина мен Странгия», «Тоқсарит туралы сырлар», «Дандамид пен Әмизок»); Сақтар жазуымен (көне түркі жазуымен) сақтардың өз тілінде жазылған бірді-екілі жәдігерлер («Есік жазуы»); Ескі қытай жазбаларында сақтарға қатысты сақталған деректерді (қытай саяхатшысы Му Тияньзы Боғда тауында тұратын сақ еліне келгенде сақ патшасының анасына кездесіп, айтқан өлеңдерін жазып алған. Өлеңдер «Ақша бұлт», «Сақ анасының үні» деп аталады) пайдаланады.
Ғұн дәуірінен қалған әдеби мұраларға автор сол дәуірдегі аңыздарды (Тәңірқұт Мөдэ туралы), өлең-жырларды, эпистолярлық жанрдағы мұраларды (Мөдэ тәңірқұт б.з.д. 192 жыл хан патшалығының әйел патшасы Лүйхуға жазған хаты, Күйік тәңірқұттың Хан Удиге жазған хаты) жатқызады.
Үйсін-Қаңлы дәуірі әдебиетінің бастау көзі деп автор Үйсін дәуірі аңыздары («Елжау күнби аңызы») мен қытай жылнамаларындағы деректерді көрсетеді. [34,64]
Ойымызды түйіндесек, әрине қазір жоғарғы, орта мекеп оқулықтарында, негізгі оқу құралдары, фундаменталды еңбектерде қазақ әдебиетінің тарихы көне түркі ескерткіштерінен бастау алатындығы айтылады. Ал бүгінгі әдебиеттану ғылымында ойландыратын, ойға ой қосуды талап ететін мәселе туындап отыр. Шын мәнінде егер сақ заманында қазіргі Қазақстан территориясында отырықшы, көшпелі өмір салтын игерген, дамыған материалдық мәдениеті бар адамдар өмір сүрсе, олардың рухани мәдениеті де соған сай дамыса керек. Бүгінгі әдебиеттің эстетикалық биігінен қарағанда ол мұралар мүлде қарапайым көрінуі заңды, алайда ол сол кезеңнің мұрасы, сол заманда өмір кешкен адамдардың көркемдік-эстетикалық сұранысына жауап берген жәдігерлер.
Ал бір кездері қазақ әдебиетін ХVІІІ ғасырдан (Бұқар жыраудан) кейін шегеріп, әдебиет тарихын көне түркі заманының Орхон-Енисей ескерткіштерінен басау қазақ әдебиетінде қандай жаңалық болса, ендігі кезеңде әдебиеттануда оның тарихын Сақтардан бастау қаншалықты орнығып, теориялық тұрғыдан бекуі уақыт пен жаңа зерттеу жұмыстарының еншісінде. Бұл жәдігерлер әлі тілдік, әдеби-жанрлық, стильдік, тарихи тұрғыдан зерттеп, талдауды қажет етеді. Егер жоғарыда аталған мұралар әр қырынан қазіргі қазақ әдебиетінің түп-тамыры, төркіні ретінде дәлелденіп, ғылымда қазақ әдебиеті тарихының бастауы болып орнықса нұр үстіне нұр болар еді.
Достарыңызбен бөлісу: |