Кенжебаева Т. Ж. ТӘуелсіздік кезеңдегі қазақ Әдебиеттану ғылымының даму бағыттары


Зерттеу жұмысының теориялық және тәжірибелік маңызы



бет6/14
Дата10.05.2023
өлшемі150.08 Kb.
#473463
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
кенжебаева тогжан

Зерттеу жұмысының теориялық және тәжірибелік маңызы Тақырыпты негіздеп, соған сай мәліметкөздерді белгілеп, материал жинауда зерттеудің салыстырмалы талдау әдістері пайдаланылды. Соңғы он бес жыл шамасында жарық көрген еңбектердің библиографиясы жасалды.
Аталған мәселелердің шешімін іздеуде белгілі әдеби зерттеушілерінің (С.Қирабаев, Т.Кәкішев, Р.Нұрғали, Ж.Дәдебаев, Қ.Ергөбек, Б.Майтанов, Қ.Әбдезұлы, Р.Тұрысбек, Ж.Смағұлов т.б.) негізгі ғылыми еңбектері басшылыққа алынды.
Жұмыстың жариялануы.
Жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І ТӘУЕЛСІЗДІК ТАҒЫЛЫМЫ: ҰЛТТЫҚ МҰРАТ ЖӘНЕ РУХАНИЯТ ӘЛЕМІ


1. 1. Қазақ әдебиеттану ғылымы: тарихы мен даму кезеңдері

Қазақ әдебиеті – қазақ халқының ұлттық мәдениетінің үлкен бір саласы. Оның дамуы ұлттың тарихымен, тілімен, дүниетанымымен, ділімен, ұғым-түсінігі, парасатымен тікелей байланысты. Осының бәрі көркем туынды арқылы көрініп, халықтың санасына сіңеді, оның рухани өмірін қалыптастырады. Әдебиет туралы ғылым (әдебиеттану) көркем әдебиеттің осы жолдағы ізденісін, жетістіктерін, халықтың ұлттық бейнесін ашудағы еңбегін, ойлау мен бейнелеудің жолдарын жинақтайды, қорытындылайды. Сол арқылы бүгінгі ұрпақтың ұлттық ой-санасының жаңғыруына әсер етеді. Әдебиеттің көркемдік-эстетикалық, тәрбиелік-танымдық қызметі – бәрі де сын еңбектер мен зерттеулерде ашылады.


Қазақ әдебиеттану ғылымы тәуелсіздік тұсында, яғни соңғы он бес жыл шегіндегі даму бағдарын бағамдамас бұрын, ең әуелі оның осы кезеңге дейінгі тыныс-тіршілігі – тууы мен қалыптасуын, даму жолын және әдебиеттанудың әр кезеңдегі даму бағытына әсер ететін факторларды анықтап алған абзал. Себебі кез келген дүниенің негізін түсінбей, оның бүгінгі жай-күйін сипаттауға ұмтылу мүмкін болмас еді.
Әдебиеттанушы ғалымдар қазақ әдебиеттануының ғылым ретінде қалыптасып, орнығуын ХХ ғасырдың басымен байланыстырады: Е.Ысмайылов: «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихына көз жіберсек, оның негізінен екі кезеңді басынан кешіргенін байқауға болады. Біріншісі – үйрену, идеялық творчестволық принциптерді игеру кезеңі. Екіншісі – соғыстан кейінгі дәуір, яғни қалыптасу, даму дәуірі» [1,1],-десе, профессор Т.Кәкішев сын мен әдебиеттану ғылымы сабақтаса дамитындығын, сынның бара-бара әдебиеттануға айналатындығын ескерте келіп: «Қазақ әдеби сыны мен ғылымының тарихи белестерінен үш кезеңді анық байқаймыз. Бірінші кезең - қазақ әдеби сынының туу дәуірі. Қазақ әдеби сынының туу процесі Қазан төңкерісіне дейін созылған. Екінші кезең – қазақ әдеби сыны жанр ретінде қалыптасу және әдебиеттану ғылымының туу дәуірі. Бұл процесс 1917-37 жылдар арасын қамтиды. Үшінші кезең - қазақ әдебиеті сынының өсіп-өркендеу және әдебиеттану ғылымының қалыптасу дәуірі 1938-85 жылдар аралығы»,-дейді [1,2].
Қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасып, даму тарихы туралы зерттеуші Ж.Смағұлов: «Ұлттық әдебиет туралы ғылым тарихын былайша жүйелеген дұрыс секілді. Бірінші кезең - қазақ әдебиеттану ғылымының тарихи алғышарттардан тұратын арғы бастаулары, яғни тарих алдындағы дәуірі. Бұл ежелгі дәуірден бастап ХХ ғасырға дейінгі уақыт аралығына созылады. Екінші кезең - қазақ әдебиеттану ғылымының туу дәуірі. Ол 1900-1940 жылдар арасында жүзеге асты, үшінші кезең - қалыптасу дәуірі. Бұл 1941-1970 жылдар аралығын қамтиды»,-дейді.
Ойға орамды, көңілге қонымдысы да – соңғысы, яғни қазақ әдебиеттануы ғылым ретінде 1900 жылы қалыптасты деген ой.
Себебі егер жоғарыдағы ғалымдар әдеби сынның жанр ретінде қалыптасуын Қазан төңкерісімен байланыстырса, біз Т.Кәкішев еңбегінде әдеби сын «Түркістан уалаятының газеті» (1870-1883 ж.ж.), «Дала уалаяты газеті» (1882-1902 ж.ж.) басылымдарындағы әдебиетке қатысты жарияланған мақалалар көбіне жекелеген әдеби фактілерге, жаңадан жарық көрген кітаптарға, ақын-жазушыға қатысты, сондай-ақ Ә.Бөкейхановтың 1905 жылғы «Семипалатинский листок» газетіндегі «Абай» мақаласы, К.Ысқақовтың 1909 жылғы Петербургте шыққан Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағындағы соңғы сөзі, А.Байтұрсыновтың 1913 жылғы «Қазақ» газетіндегі «Қазақтың бас ақыны», С.Сейфуллиннің 1914 жылғы «Манап» драмасы турасында», М.Дулатовтың 1916 жылғы «Надандық құрбаны» мақалалары, С.Торайғыровтың 1913 жылғы «Айқап» журналындағы «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» сияқты әдеби-сыни ой-пікірлер айтылғанын білеміз. Ендеше сынның жанр ретінде қалыптасуына аталған еңбектер мен аталған басылымдар негіз болса, ол қазақ әдебиеттануының қалыптасуына да жол ашты.
Ендеше ғылым пайда болып, қалыптасып, дамып, бүгінгі күнгі деңгейіне жетіп, өрлеу жолына қадам басқан ұлттық әдебиеттанудың тарихи жолындағы әр кезеңдегі бағыт-бағдарын пайымдау - тәуелсіздік тұсындағы әдебиеттанудың даму бағдарын анықтауға септігін тигізеді.
Қазақ халқының руханият әлемі, мәдениеті мен әдебиетінің тарихы, дүниетанымы ұлттық тарихымен тығыз байланысты. Демек қазақ әдебиеті ғылым тарихын, сыншылдық-эстетикалық көзқарас, ғылыми-зерттеушілік ой-пікірлердің туып, қалыптасу кезеңдерін қазақ халқының саяси тарихымен байланыста қарастыру керек. Себебі қай халық болмасын әдебиет туралы ғылымы сол елдің тарихи жолы, философиялық-эстетикалық танымы көркем әдебиеттің өрлеу деңгейіне сай дамиды[1,3.].
Бұған қазақ әдебиеттану ғылымының сонау ХХ ғасырдың басынан бүгінгі күнге дейінгі жүріп өткен жолы мысал.
Бір ғасырға жуық ғылым ретінде өмір сүріп келе жатқан әдебиет туралы ғылым сан алуан жолдардан өрлеу мен құлдырау, тар жол тайғақ тайғақ кешуден өтті.
Айталық ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылында еліміздегі қоғамдық-саяси оқиғалар ұлттық санаға, қоғамдық ой-пікірдің дамуына әсер етті. Ол ұлт зиялыларының ел басқару ісіне араласу, жер-су бөлінісі, ұлттық тәуелсіздік, дін, оқу-ағарту мәселелеріне белсене араласуына жағдай жасады.
Сондай-ақ баспасөздің пайда болуы, жазба әдебиеттің өркен жайып, жанрлық тұрғыдан түрленуі, әдебиеттің жаңа көркемдік ізденістерге ұмтылуы, кітап шығару ісінің қолға алынуы фольклорлық, классикалық (Шоқан, Ыбырай, Абай, Дулат, Мұрат т.б.) мұралардың үлгілері, оқу құралдары мен ғылыми еңбектердің жеке-жеке кітап болып бастырылуы (М.Кәшімов «Ақыл кітабы», «Әдеп», «Үгіт», М.Малдыбаев «Қазақша ең жаңа әліппе», Т.Жомартбаевтың «Балаларға жеміс», С.Көбеев «Үлгілі бала», А.Байтұрсынов «Тіл құралы», «Оқу құралы» т.б.) әдеби-тарихи бағыттағы ой-пікірлердің туындауына әкелді.
М.Сералиннің «Шахнамеден» аударған «Рүстем-Сүһрапқа» жазған «Сөз басы», Ә.Бөкейхановтың «Абай», К.Ысқақовтың «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбаевтың өмірі», А.Байтұрсыновтың «Қазақтың бас ақыны», С.Сейфуллиннің «Манап» драмасы турасында», М.Дулатовтың «Ш.Ш.Уәлиханов» атты зерттеу мақалалары сияқты әдебиеттанушылық, әсіресе, ғұмырнамалық сипаттағы ғылыми зерттеулердің болғандығын айғақтайды[2,5].
Өкінішке орай, кеңестік әдебиеттануда қазақ зиялыларының осы сияқты төңкеріске дейін жазылған мақалалары аталмай келді, аталған күннің өзінде социалистік көзқараспен түсіндіріліп келді.
Ғасыр басында фольклортануда да соны ізденістер жасалып, ғылыми тұрғыдан зерттеуде едәуір нәтижеге жеткені байқалады. Қазақ баспасөзі бетінде фольклорлық мұралар жарияланып, олар туралы сыни ой-пікірлер айтылды. Мысалы, А.Баржақсиннің «Мақалдар», Ж.Басығарин «Өлең-жыр, әндер», Ә.Бөкейханов «Қара қыпшақ Қобыланды» т.б. Өзі жинастырған фольклорлық үлгілерді жүйеге келтіріп, хатқа түсірген М.Ж.Көпеевтің «Қара мес», «Қара кітап» қолжазбалары да фольклортануда маңызды орын алады.
Әдебиеттану ғылымының бір саласы болып табылатын әдебиет теориясына қатысты әдеби-теориялық ой-пікірлер де ғасыр басында қалыптаса бастады. Бұл бағытта А.Байтұрсыновтың «Роман не нәрсе?» деген мақаласында роман туралы теориялық ұғымды меңгеруге талпыныс жасалады.
Әдебиеттің қосалқы саласы библиографияның тұсауы да осы кезеңде кесілді. «Айқап» журналының бетінде «Баспашылдық дүниесінен», «Жаңа шыққан кітаптар», «Бірадын Каримовтар кітапханасы», «Бұған да көз салыңыз», «Қазақ басқармасында сатылатын кітаптар» деген атпен қалың жұртшылықты жаңадан басылып шығып жатқан кітаптармен таныстырады.
Қорыта келгенде ХХ ғасырдың алғашқы жиырма жылында, яғни кеңес өкіметі орнағанға дейін ұлттық әдебиеттану ғылымы өзінің алғашқы қадамдарын жасады. Ғұмырнамалық мақалалар, әдебиет тарихына қатысты ойлар айтылды; фольклорға алғашқы жіктеу жасалды; әдеби-теориялық, жеке жанр табиғаты туралы ғылыми ұғымдар қалыптасты; қазақ библиографиясының бастамасы көрініс тапты.
Бұл қазақ әдебиеттануы жеке ғылым ретінде сол кезеңдегі қоғамның ұлттық сипаттағы дамуына сәйкес қалыптасқанын дәлелдейді.
Осылайша ғасыр басында әдебиеттану саласында жоғарыда аталғандай сәтті қадамдар жасалып, бірқатар жетістіктерге жеткенімен, 1917 жылдары келіп жеткен Қазан төңкерісінен кейін дағдарысқа ұшырады.
Қазақ даласына зор тарихи өзгерістер: 1921-22 жылдардағы аштық, 1925 жылғы Ф.Н.Голощекиннің «Қазан төңкерісі қазақ ауылының сыртынан құйындай ағып, өте шыққан. Ауылдың бейнесіне ешқандай өзгеріс жасамаған» деген желеуімен ұйымдастырылған «Кіші Қазан» төңкерісі, коллективтендіру, күштеп ортақтастыру, ауқатты әулеттерді «бай», «үстем тап адамдары» деген атпен тәркілеу, 1931-32 жылдардағы аштық қазақ халқын жаппай жүдеушілікке ұшыратты. Осындай сананы тұрмыс билеген уақытта рухани дүниенің дамуы мүмкін емес екені белгілі. Оның үстіне қазақтың ел билеген білімдар азаматтарын «халық жауы» деген жала жауып, қудалай бастады. Баспасөз бетінде «Байтұрсынов және байтұрсыновшылдық», «Сәкен және сәкеншілдік» атты мақалалар басылып, нәтижесінде небір зиялы қазақ азаматтары түрмелерге тоғытылды.
Осының бәрі, әрине, Қазақстандағы әдебиет пен әдебиет туралы ғылымның дамуына белгілі дәрежеде ықпал етті.
Бұған дейін әдебиетті эстетикалық және ғылыми танумен шұғылданып келген ғалым-қаламгерлер енді күрделі идеологиялық процеске араласуға тура келді. Өйткені Қазан төңкерісі мен кеңес өкіметінің орнауы қоғамды революциялық жолмен қайта құру үшін өнер-білім, мәдениет пен ғылымға жаңа заманның эстетикалық-идеологиялық мұраттарына жауап беру талаптары қойылды. Өткендегі әдеби мұраның барлығы бірдей үстем тап мүддесінде жасалған деп түсіндіріп, тарих күресініне шығарып тастауды талап еткен пролеткультшыл нигилизм тұсында бағыт-бағдары енді айқындалып келе жатқан ұлттық әдебиеттануы дағдарысқа ұшырады.
Жаңа дәуір әдебиеттану ғылымына маркстік-лениндік ілімге сүйенген өзіндік теориялық негіз әкелді. Әдебиеттанудың эстетикалық-танымдық маңызы, лениндік бейнелеу теориясы, әдебиеттің партиялығы, әдеби мұраның таптығы мен халықтығы сияқты маркстік-лениндік теорияның идеялары әдебиеттанудың ғылыми негізіне айналуы керек болды[2,6].
Сонымен қатар бұл теория 20 жылдардағы қазақ әдебиеттану ғылымынан көрініс тапты. Ол ескі мен жаңаның, ұлтшылдық пен төңкерісшілдіктің, алашшылдық пен кеңесшілдіктің тартысы түрінде саяси мәнге ие болды. Сөйтіп ұлт тәуелсіздігі үшін бір мақсатта жүрген қазақ зиялылары екіге жіктеледі. Баспасөз бетінде алашшыл ақын-жазушылар (А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, М.Әуезов, Ж.Аймауытов т.б.) мен кеңесшіл-революционерлер (С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Б.Майлин, Т.Рысқұлов т.б.) арасында көркем әдебиет пен әдеби процеске қатысты айтыстары баспасөзде беріліп отырды.
Бұл кезеңде сын мен әдебиеттануға жоғарыда аталған қаламгерлермен қатар С.Садуақасов, Қ.Кемеңгеров, Ғ.Тоғжанов, Ә.Тәжібаев, М.Дәулетбаев, Ы.Мұстамбаев т.б. ат салысты.
20-жылдардағы саяси-әлеуметтік, қоғамдық-өмірдегі өзгерістерден туындаған халық арасында сауатсыздықты жою саясаты қазақ зиялыларының тарапынан кең қолдау тапты. Бұл мақсаттағы алғашқы қадам әр түрлі сауат ашқыш құралдар, әліппе, оқу құралдарын жасаудан басталады. Айталық, А.Байтұрсынов «Әліпби» (1921), «Оқу құралы» (1921), «Әліпби. Жаңа құрал» (1926), Т.Шонанұлымен бірігіп жазған «Оқу құралы» (1927), М.Жұмабаевтың «Сауатты бол», «Педагогика», Ж.Аймауытовтың «Жаңа ауыл» (1929) т.б. оқу құралдарымен қатар, қазақ әдебиеттануындағы алғашқы әдеби-теориялық еңбек А.Байтұрсыновтың «Әдебиеттанытқыш» (1926), ұлттық әдебиет тұңғыш зерттеу еңбегі М.Әуезов «Әдебиет тарихы» (1927), Х.Досмұхамедовтың «Қазақтың халық әдебиеті» (1928) сияқты көлемді зерттеу еңбектері дүниеге келді. Бұл зерттеу еңбектері 20-жылдардың өзінде әдебиеттанушылық ой-пікірлердің өресі өсіп келе жатқанын, яғни қазақ әдебиеті туралы ғылымының кемелдене, тереңдей түскендігін танытты.
Аталған еңбектердің бүгінгі әдебиеттану үшін маңыздылығы зор, себебі олар ғылыми зерттеу ой-пікірлердің таза кескін-келбетін сақтап, жаңа заман, яғни социалистік заман идеологиясына бой алдыра қоймаған еңбектер еді. Ал 30-жылдардың басынан бастап «ұлтшыл-алашордашыларды әшкерелеу» басталғандықтан, бұл сипаттағы мақалалар сиреді.
Бұл кезеңдегі әдебиеттану ғылымындағы басты оқиғалардың бірі – 1925 жылы КазАПП-тың (Қазақстан пролетариат жазушыларының ассоциациясы) құрылуы. Бұл қоғам «қазақ әдебиеті қандай бағытта дамуы керек, қандай көркемдік әдіске сүйенуі керек, мәдени мұраға қалай қарауы қажет» деген мәселені күн тәртібіне қойды.
КазАПП-тың құрылуына байланысты әдебиет туралы пікір екіге жарылды: бірі – Қазақстанда пролетариат әдебиет жоқ десе, екіншісі – пролетариат табы жеткіліксіз болғанымен, оған тілектес әдебиет бар екендігін дәлелдеуге тырысты.
Әдебиетті пролетарлық, пролетарлық емес деп жіктеу, соған сай әдебиет өкілдері екі топқа ажыратып, бірінікін – дұрыс, екіншісінікі – бұрыс деушілік әдебиет пен ғылым үшін қаншалықты зиян болғаны бүгінде айдан анық. Сол кезеңдегі әдеби дамуға деген мұндай көзқарас жеке ақын-жазушылардың еңбегі жайлы жазылған зерттеу, сынға да өз әсерін тигізбей қоймады.
Сондай-ақ 1925 жылы қабылданған «Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты туралы» қаулысы «пролетариат әдебиет үстемдігін орнату, ұлтшылдықты, буржуазиялық элементтерді әшкерелеу» міндетін қойды.
Қазақтың кеңесшіл қаламгерлері алашшыл зиялылардың әдеби-сыншылдық ойларын «ескілікті көксеу, абайшылдықты, ахметшілдікті қайтарғысы келу, ұлтшыл-байшылдық пиғыл» ретінде түсіндірді. Қазақ зиялыларының арасындағы мұндай пікір алауыздығы мен бірікпеушілікті партия саясаты қолдап қана қоймай, қажет болған жағдайда ушықтырып отырды. Мұндай жағдай тек әдебиет саласында ғана емес, қоғам мен мәдениеттің барлық саласында қанат жайды.
Заманының талабына байланысты қаламгерлер екі түрлі идеялық көзқарасты қолдап, екіге жарылғаны жалпы ұлттық әдебиеттің дамуына кедергі болғанына қарамастан, ұлттық әдебиеттануда бірқатар соны ісденістер жасалды[3,7].
Осы кезеңдегі қазақ әдебиеттануындағы негізгі жетістіктерінің бірі – қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеу теориясының қалыптасуы. Қазақ әдебиетін тарихи дәуірлерге бөлудің жобасын алғашқы болып ұсынған Р.Мәрсеков, А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ә.Қоңыратбаев т.б. ғалымдар болды.
Салыстырып байқасақ, ғасыр басындағы маркстік-лениндік әдіснама бекігенге дейінгі әдебиет туралы ғылым әдебиетті таза ғылыми тұрғыдан тануды негізге алса, аталған әдіснамалық негіз орныққан тұстан бастап ғылымдағы басты ұстаным осы идеяның төңірегінде шоғырланды.
30-жылдардың бас кезінде әбден орныққан социалистік идеяны, маркстік-лениндік әдіснаманы негізге ала отырып, осы кезеңнің ұраны - «түрі ұлттық, мазмұны социалистік» әдебиет жасауға қадам басталды[3,8].
30-жылдардың басында «Сталин жолдастың хатына байланысты Қазақстандағы күрес міндеттері туралы» қаулы жарияланды. Бұл қаулыға сәйкес осы күнге дейін тек алашордашыл ақын-жазушылар қудаланса, енді төңкерісшіл, кеңесшіл ақын-жазушылар шығармаларынан «байшылдық пен ескішілдікті көксеудің, ақсүйектік дәуірді жырлаудың, ұлтшылдықтың белгілерін» іздеу науқанға айналды. Оған КазАПП сыншылары белсене араласты, әсіресе, осы сарындағы мақалалар жазуда Ж.Садуақасов, М.Қайыпназаров, Қ.Өтепов, Ә.Мусин, С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев т.б. ерекше көзге түсті. Олардың сынына С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, Ғ.Тоғжанов, С.Садуақасов сияқты көрнекті қаламгерлер ілікті.
Әдебиеттанудың басты мәселесі - көркем әдебиет қандай болу керек, әдебиеттанудағы негізгі ұстаным қандай деген сауалдар қойылды. 1931 жылы И.В.Сталин партия мектебін бітірушілер алдында сөйлеген сөзінде алғаш қолданған «социалистік реализм» деген түсінік кейін мәдениеттің барлық саласында басты мәнге ие болды.
1932 жылы Орталық Комитеттің «Әдебиет, көркемөнерді ұйымдастыруды қайта құру туралы» қаулысы дүниеге келді. Осыдан бастап социалистік реализмге сүйенген кеңес әдебиетін негізгі әдебиет ретінде теориялық негіздеу, оның негізгі ұстанымын анықтау, әдебиеттің партиялық, таптық, халықтық екендігін және оның негізгі идеологиялық құрал екендігін дәлелдеу науқаны басталды.
Осындай социалистік реализм дәуірлеп тұрған шақта Абайдың қайтыс болғанына 30 жыл толуына орай оны атап өту мәселелері көтерілді. Осы мақсатта Абай «қазақ әдебиетінің көшбасшысы», «жазба әдебиеттің негізін салушы» екендігін таныту жолында ғұмырнамалық зерттеулер жасау қолға алынды. Бұл салада 30-жылдары М.Әуезовтың «Абай ақындығының айналасы», Қ.Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі», Ә.Мәметованың «Абай – кезеңнің дана ақыны», Ш.Әлжановтың «Абайдың педагогика туралы көзқарасы», Қ.Қуанышұлының «Абай» т.б. мақалаларымен қатар, Ғ.Тоғжановтың «Абай» атты монографиясы абайтануда тың бастама салды.
Бұл жылдары әдебиетті зерттеу саласында қазақ халық ауыз әдебиеті мен әдебиет тарихын жүйелеу, жанрларға жіктеу, әдебиет тарихын дәуірлеу бағытында мол жұмыс атқарылды.
Бұл тұрғыда С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» (1932), С.Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1932), М.Жолдыбаев, М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаевтың «ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетнің оқу кітабы» (1933) т.б. еңбектерді атауға болады. Бұл оқулықтар мектепте ұзақ уақыт қолданылып, әдебиетті оқыту ісінің орнығуына себепкер болды.
Әдебиеттің негізгі салаларының бірі - әдебиет теориясы бойынша алғашқы талпыныстар 20-жылдары-ақ болғанымен де осы жылдары дендеп қолға алынды. Бұл салада оқулық-зерттеулер - Қ.Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» (1938), Е.Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940) жазылды.
Міне, осылайша қазақ әдебиеттануы түрлі айтыс-тартыстардан біршама айығып, ғылымға тереңдеп ден қоя бастағанда, қазақ ұлты үшін қайғылы 1937 жыл да келіп жетті. Елде қоғамның даму заңдылығы бұзылып, «халық жауларын», «шпиондарды» іздеу науқаны жаппай белең алды. Алашордашылар, олардың соңынан іздерін жалғастырушылар ретінде кеңесшіл ақын-жазушылар ұсталды. Әдебиет ісіндегі кезеңнің басты оқиғасы осы болғандықтан, бұл тұстағы әдебиет сыны толықтай олардың қателерін әшкерелеуге, «халық жауларын» табуға, шығармалар мен зерттеулерден социалистік идеалогияға жат ойларды іздеуге бағытталды[4,10].
Шоқпардың басы тұтқындалған қазақ әдебиеті классиктерімен қатар, кейінгі жас буын М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтерге де тиді. Мұндай жағдайда қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының дамуы дағдарысқа ұшырады.
Осындай рухани жүдеушіліктен кейін қазақ әдебиеттануында жаңа ізденістер болмады, негізінен Жамбыл бастаған халық ақындары мұралары сөз болды.
Түйіндей айтқанда 30-жылдары ұлттық әдебиеттану ғылымы үшін елеулі кезең болып табылады. Әдебиеттану көп дүниені жоғалтып, көп арыстарынан айырылса да, олардың мұралары бүгінгі күні қайта жанданып, өткен кезеңнің жетістіктері де болғанын көрсетіп отыр.
Соғыс жылдары заманның талабына сай халықты жеңіс үшін жанқиярлық еңбек ету, патриоттық рухта тәрбиелеу қажеттігіне байланысты кеңестік бағдарға сәйкес әдебиеттану ғылымына екі түрлі міндет жүктелді: бірі – орта мектептер мен оқу орындарына заманының сұранысына жауап беретін оқулықтармен қамтамасыз ету, екіншісі – фольклорлық мұраларды жариялау және зерттеу. Бұл бағытта Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин, Ә.Мәметова, Т.Нұртазин, Ә.Қоңыратбаев т.б. қажырлы еңбек етті.
Бұл кезеңде қазақ әдебиеттануында ақын-жазушылдардың мұраларын монографиялық тұрғыдан зерттеуге қадам жасалды. Мысалы, Абай, Ыбырай, Шоқан, Махамбет, Сұлтанмахмұт мұраларына қатысты зерттеулер.
Осындай ізденістері іркілістерінен басым түсіп, зерттеушілердің жаңа буынымен толықтырылып жатқан тұста әдебиеттану ғылымына Қазақстан ОК-ның 1947 жылғы «ҚазССР ҒА-ның Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел қателер туралы» қаулысы кесе көлденең шықты. Ол ғылымдағы тың бағыттағы қадамдарды жоққа шығарып қана қоймай, еркін шығармашылық ойлауға тыйым салды.
Осы қаулының негізінде Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев, Ә.Мәметова, Т.Нұртазин, Ә.Қоңыратбаев т.б. «ұлтшылдық» қателері үшін қатал сынға ұшырады. Олар «мәдени мұраға сын көзбен қарамағандығы», Шортанбай, Дулат, Мұрат, Нарманбет, М.Көпеев, Сұлтанмахмұт сияқты «ескішіл», «байшыл», «алашордашыл» ақындардың мұрасын зерттегендері үшін сыналды. Тағы да репрессия, тағы да қуғындау дауылы соғып, ғалымдар түрмелерге қамалып, кейбірі елден кетуге мәжбүр болды.
Бұл жағдай тек И.В.Сталин қайтыс болып, Н.С.Хрущев жеке басқа табынушылықты заңсыздық санап, демократиялық жол бастаған кезең, яғни «жылымық» кезеңі орныққан тұста ғана өзгере бастады [4,12 ].
Әдебиетке қуғындағы талантты әдебиетші ғалымдар қайта оралып, ғылымда жаңа күрделі зерттеулер жасады. Әдеби процеске, әдебиет тарихына арналған «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1948), «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» (1949), «Совет дәуіріндегі қазақ халық поэзиясының очерктері» (1955) сияқты ұжымдық зерттеулермен қатар, жеке ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған Қ.Жұмалиевтің «Махамбет» (1948), Т.Нұртазиннің «С.Мұқанов творчествосы туралы» (1950), З.Кедринаның «М.Әуезов» (1951) сияқты зерттеулері дүниеге келді. Күнделікті әдеби сынға Т.Нұртазин, Қ.Жармағамбетов, С.Сейітов, С.Төлешев т.б. белсене араласты.
Соғыстан кейінгі дәуірде әдебиеттануда жоғарыда аталған қиыншылықтарға қарамастан, фундаменталды зерттеулер, монографиялар дүниеге келіп, әдебиет туралы ғылым қарқыды даму үстінде болды. Алайда дәуір талабы, кеңестік идеология талаптарына сай социалистік реализм әдебиеттанудың жетекші әдіснамалық негізгі болып қала берді.
Ұлы Отан соғысы басталғаннан бері даму мен дағдарысты қатар кешіп келе жатқан қазақ әдебиеттану ғылымы СОКП-ның ХХ съезінен кейін жаңару, жаңғыру кезеңіне аяқ басты.
Партия саясаты мен идеологияның тар құрсауынан арыла бастаған зылыми-зерттеушілік ой-пікірлер ғылыми арнаға бет бұра бастады. Оның негізгі себептерін «Ең алдымен қазақ әдебиеттануы профессионалдық арнамен өркендеп, одақтық, дүниежүзілік сахнаға шығуы болса, екінші жағынан, тарихи ХХ съезіден кейін сын-зерттеу еңбектерін ғылыми негізде жүргізуге жағдайдың туғандығы, үшіншіден, әдебиеттануға жалпы мәдени дәрежесі көтерілген, эстетикалық талғамы қалыптасқан кадрлардың көптеп келуі, арнайы ғылыми мекемелердің, баспасөз орындарының ашылуы. Осындай объективті жағдайлардың арқасында әдебиеттану мен сынның жалпы өресі биіктеп, алымы молайды»,-деп түсіндіреді ғалымдар.
Десек те қазақ әдебиеттануы маркстік-лениндік әдіснамадан мүлдем қол үзіп, таза ұлттық ғылыми мүддеге сай дамыды деп айту орынсыз болар еді. Әлі де болса ұлт республикаларындағы ғылым-білім, мәдениет пен өнер бір орталықтан басқарылып, белгілі бір шеңбердің шегінде ғана қарастырылды. Еркін ойлауға, әр ұлттың өз тарихын танып-білуге қатысты ойлар тұншықтырылды.
Фольклортануда жеке жанрлар тарихы, поэтикасы басқа халықтардың фольклорымен байланыстырыла отырып зерттелді. Бұған дейін «тұрпайы социализм» әсерімен шеттетіліп келген, жарияланбаған халық ауыз әдебиеті мұраларының үлгілері жарық көре бастады.
Бұл бағытта М.Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (1958), Е.Ысмайыловтың «Ақындар» (1951), жеке жанрлар бойынша С.Қасқабасов, Б.Адамбаев, Р.Бердібаев, Ш.Ыбыраев, Б.Уахатов, Е.Тұрсынов т.б. зерттеулері құнды.
Қазақ әдебиеті тарихын дәуірге бөлуге, әр кезеңнің тарихи, қоғамдық сипатын анықтауға қатысты 1959 жылғы ғылыми-теориялық конференцияның маңызы зор. Бұл конференцияда Б.Кенжебаев қазақ әдебиетінің тарихы өз бастауын, Қ.Жұмалиев ұсынғандай, Бұқар жыраудан емес, ежелгі тасқа қашалып жазылған жазба мұраларынан басталады деген тың пікір айтты. Алайда аталған конференцияда қанша дәлелді болғанымен, маркстік-лениндік әдіснама бойынша ұлттық тамырды іздеуге, ұлттық санамен ойлауға жол берілмегендіктен, Қ.Жұмалиевтің қазақ әдебиетінің тарихын Бұқар жыраудан бастау туралы ұсынысы басшылыққа алынды. Әрине кейін Б.Кенжебаев пікірінің дұрыстығы дәлелденіп, аталған кезең әдебиетін зерттеу бағытында Б.Кенжебаев бастаған жас ғалымдар (М.Мағауин, М.Жолдасбеков, А.Қыраубаева, Н.Келімбетов, Х.Сүйіншәлиев, т.б.) тобы қыруар еңбек атқарды.
60-70 жылдары салыстырмалы тұрғыда зерттеу нысанына ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті көбірек алынғандығы байқалады. Оның ішінде, әсіресе, 1956 жылы Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің ақталуына байланысты олардың мұрасын монографиялық тұрғыдан зерттеу ерекше қарқынмен жүргізілді. Бұған С.Қирабаевтың «С.Сейфуллин» (1962), Е.Ысмайыловтың «Ақын және революция» (1967), Т.Кәкішевтің «С.Сейфуллин» (1967), М.Дүйсеновтың «І.Жансүгіров» (1965), Т.Нұртазиннің «Б.Майлин творчествосы» (1966), Б.Ысқақовтың «С.Дөнентаев» (1966), Ы.Дүйсеновтың «С.Торайғыров» (1967), Б.Наурызбаевтың «Б.Майлин прозасы» (1967) т.б. еңбектері дәлел.
60-80 жылдары қазақ әдебиеті теориясын, проза мен поэзия, драматургияның өсу-өркендеу жолын, жанрлық ізденістері мен табыстарын зерттеуге көп назар аударылды. Бұл бағытта Р.Бердібаевтың («Роман және заман», 1967), Ш.Елеукеновтың («Қазақ романы және қазіргі дәуір», 1968), А.Нұрқатовтың («Идея және образ»,1962), Қ.Жұмалиевтің («Стиль - өнер ерекшелігі», 1966), С.Ордалиевтің («Қазақ драматургиясының очеркі», 1964), Т.Қожакеевтің («Қазіргі қазақ сатирасы мен юморы», 1966), М.Атымовтың («Қазақ романынының поэтикасы», 1975), Р.Нұрғалидің («Қазақ драматургиясы», 1979), Б.Майтановтың («Қазақ прозасындағы замандас бейнесі», 1987) т.б. еңбектерін атауға болады.
Байқап отырғанымыздай әдебиеттану ғылымы бүгінгі жеткен биігін бағындыру жолында қалыптасу, даму мен дағдару, жетілу мен жығылу, өрлеу мен іркілу кезеңдерін басынан кешірді.
Ғылым ретінде дамыған ұлттық әдебиеттану ғылымы ХХ ғасырдың басынан бүгінгі күнге дейін біршама қиындықтардан өтіп, төмендегідей жетістіктерге жетті[5,13]:

  • әдеби мұраның мол қоры жинақталып, жарияланып, том-том болып жарық көруі арқылы қалың жұртшылықтың рухани азығына айналды;

  • жеке ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылық мұралары ғылыми тұрғыдан зерттелді;

  • ежелгі дәуірдегі мәдени мұраларды игеруден басталған әдебиеттанушылық ізденістер ұлттық ғылыми зерттеушілік ой-пікірлер дәрежесіне дейін көтерілді;

  • әдебиет теориясын зерттеуде әлемдік ұғым-түсініктер ұлттық сипатта меңгерілді;

  • қазақ әдеби сыны жеке жанр ретінде қалыптасты;

  • фольклортану жеке ғылым болып бөлініп, жан-жақты зерттелді;

  • абайтану, шоқантану, әуезовтану, сәкентану, мағжантану ілімдері қалыптасты. Бүгінде олардың кейбірі еліміздің жоғары оқу орындарында жеке пән ретінде оқытылады.

Біз бұдан бұрынғы дәрісімізде әдебиет туралы ғылымның бастаулары туралы, ежелгі дәуірден ХІХ ғасырға дейінгі бізге белгілі кейбір әдеби-эстетикалық ой-пікірлер туралы сөз қозғаған болатынбыз. Бүгін біз ХХ–ХХІ ғасырдағы әдебиеттану ғылымындағы басты арналар мен ағым-процестер туралы қаузамақпыз. Салыстырмалы түрде алып қарағанда, аталған екі ғасырда өрбіген әдебиет туралы ғылымның тарихы алдыңғы кезең тарихынан әлдеқайда күрделі болып саналады. Өйткені тап осы кезеңде әртүрлі философиялық және эстетикалық ағымдар мен әдістер туып, сөз өнерінде алуан түрлі бағыттар пайда болды. Алдымен қазақ әдебиеттануы туралы бірер сөз келтіре кетейік. Орта ғасырлардағы ойшылдардың еңбектерін есепке алмағанда, ХХ ғасырға дейін әдеби теориялық тұжырымдар Шоқан Уәлихановтың жазбаларында, Абай Құнанбайұлының кейбір өлеңдерінде көрінгенімен, арнайы теориялық еңбектің жазылғаны 1926 жылда ғана. Осы жылы Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» деп аталатын сөз өнерінің табиғатын ашып, қасиетін танытатын теориялық кітабы жарық көрді [5,14] Ол әдебиеттің адам санасының үш негізіне – ақылға, қиялға және көңілге тірелетінін айтады. Ғалымның аталмыш кітабы бүгінгі күнде де өз маңызын жойған жоқ. Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымындағы тұрақтап қалған көптеген терминдердің жасаушысы да Ахмет Байтұрсынұлы болып табылады. ХХ ғасырдың 20–30-шы жылдары әдебиет туралы ғылымның дамуына тамызық болған көптеген ғылыми мақалалар, еңбектер жазылғаны жасырын емес. Әсіресе Мағжан Жұмабаевтың «Алқасы» әдеби дамудың бағытын анықтау мәселесінде ерекше маңызды болды. Сондай-ақ, әдеби сынның қарыштап дамуы да осы кезеңге тұспа-тұс келеді. Дегенмен саяси-тарихи факторлар себебінен кейіннен әдебиет туралы ғылым да таза идеологиялық сипат алғаны белгілі. Советтік жүйе орнаған барлық елде социалистік реализм ұғымы үстемдік етіп, әсіресе, өнер мен ғылым салаларында айрықша көрінді. Көркем шығарманың құндылығы оның социализмге негізделген қоғамның шындығын ашып беру деңгейімен өлшенді. Өз кезегінде ол таптық көзқарастардың көрінуіне, бай мен кедейдің бітіспес қайшылығына және совет адамының идеалданып, орыс ұлтының басқа ұлт өкілдерінің алдындағы «ағалық» орнына басымдық берілді. Әдебиеттанудағы аталмыш талдау әдісі көркем өнердің өзіне тән эстетикалық қасиетін ашып беруге қауқарсыз болды. Өйткені әдебиет саясаттың қол шоқпарына айналып, оның идеологиялық сипаты басым түсіп жатты. Ал ондай талдаулар ғылыми теориялық талдаудан гөрі таптық, саяси талдауға жуық боп шығатын. Ресейде сыншылар мен жазушылардан құралған бір шоғыр ХХ ғасырдың басында әдебиет туралы ғылымның сахнасына шықты. Виктор Шкловский, Роман Якобсон және Юрий Тинянов секілді жастар символизм мен идеализмнің идеяларынан бас тартты. Шкловскийдің пікірінше, поэзияның ең басты міндеті біздің әдепкі, таныс тұрмысымызды қамтуы керек. Ресейлік теоретиктердің секуляризмі оларға әдебиетті біршама ғылыми тұрғыда зерделеуге жол ашты. Олар әдеби форманың нақты түрлерін зерттеді, сонымен бірге жазушылардың шығармашылық тәсілдерін баяндаудың әртүрлі әдіс-тәсілдері ретінде қарастырды. Символистер әдебиеттегі форма оның мазмұнын немесе идеясын анықтайды десе, ресейлік теоретик-формалистер форманы мазмұннан бөлек, жеке дара дербес өмір сүреді деген тұжырымды алға тартты. Жазушылар әдеби мазмұннан дербес түрде жазу әдістерін ойлап тапты. Сондықтан, әдеби туындыны тек формалық тұрғыдан жазып шығу басты планға шықты. Ресейлік сыншылар баяндау жүйесін де, поэтикалық әдебиетті де қатар зерделеді. Поэзияда олар конструктивті құрал ретінде эйфонияларға баса мән берді. Сондай-ақ ұқсас сөздер мен сөз тіркестерінің және өзара үйлесімді өлең тармақтарының қалайша бірігіп, поэзиялық туындыға айналу үдерісін де қоса қарастырды. Шығармадағы баяндау жүйесінің қалай жасалғанына ерекше екпін түскеннен кейін басты назар кейіпкердің психологиясы мен оның моральдық құндылықтарына емес, кейіпкердің көзқарасы, эллипсис, жалғастылық, әңгіме ішіндегі әңгіме, сатылай баяндау, үзінді, жанама баяндау т.б. секілді дүниелерге ауысты. Мұндай көзқарасты кейінгі орыстың қос ғалымы – Владимир Пропп пен Михаил Бахтин жалғастырды. Пропп өзінің «Халық ертегілерінің морфологиясы» деп аталатын кітабында (1927) баяндаудың өзіндік жүйесінің бар екенін анықтады. Ол жүздеген ертегіні зерттей келе, көптеген ертегілердің сюжеттері біркелкі немесе өзара ұқсас жолдармен дамитынына көз жеткізді. Мысалы, батыр үйіне оралған кезде немесе қандай да бір қарсылыққа тап болғанда көптеген ертегілер бірдей баяндау жүйесіне ие болады екен [6,15]. Сонымен бірге, халық ертегілерінің бәрі дерлік бас кейіпкердің, яғни батырдың бақытты болуымен немесе өзінің ғашық жарымен қауышуымен аяқталады. Ал Бахтин көбіне-көп романның қалайша әртүрлі тілдік бірліктер мен дискурстарды қамтитынына мән берді. Діни дискурста белгілі бір терминдер мен құлшылық, уағыз, насихат сынды әртүрлі ұғымдар қолданылады. Ал құқықтық дискурста кешіру немесе жазалау деген секілді өзіне тән терминдер қолданылады. Диккенс пен Толстойдың реалистік туындылары бірбірінен дискурстар арқылы ерекшеленеді. Өлеңдерде тек бір ғана лирикалық қаһарманның үні естіліп, монологтық сипаты басым келсе, романдарда көптеген кейіпкерлердің өз үні бар және олар негізінен диалогтық сипатта өрбиді. Дискурстар мен ішкі үндердің көптігінен романдар гетероглассиялық сипатқа ие болып саналады. Сонымен қатар жазушылар белгілі бір стильге сала отырып өзге де дискурстарды қоса алады. Әдеби тілдің қызметіне деген ізденістер ХХ ғасырдың басында линсгвистиканың дербес ғылым ретінде қалыптасуына сеп болды. Фердинанд де Соссюр еңбектерінің айрықша ықпалы әсіресе Мәскеу лингвистикалық мектебінің екі өкілі – Роман Якобсон мен Николай Трубецкийге әсер етті. Соссюр тілдің әрбір бөлшегі басқа бір бөлшегімен өзара қатынасқа түскенде ғана белгілі бір мәнге ие болады деп санады. Якобсон тілдің әрбір ерекше қасиеті дауысты-дауыссыз, вокалдық-вокалсыздық деген секілді бинарлық оппозициялар арқылы қалыптасады деп есептеді. Сонымен бірге әдебиеттің теоретиктері үшін зерттеу нысанына айналған тағы бір лингвистикалық идея – құндылық. Алғашқы тіл білімі сөзге атаулық мән беруші бірлік ретінде қараса, Соссюр сөз әрбір бөлшегі белгілі бір қызмет атқаратын тілдік жүйеде өзіндік құндылыққа ие болатынын айтты. ХХ ғасырдағы әдебиеттану ғылымының басты арналарының бірі болып саналатын структурализмнің бастаулары осылайша орыс формалистерінің еңбектері мен тіл білімінің классигі Фердинанд де Соссюрдің ғылыми тұжырымдары болып табылады. Структуралистердің ең басты назар аударған дүниесі – көркем мәтіннің баяндалу жүйесі, оның ішкі құрылымдарының өзара үйлесім табуы мәселесі. Структурализмнің өкілдері көркем шығарманың бірліктеріне баса назар аударады деп айттық. Олар поэзиялық туындыларды талдау нысанына алған кезде өлең сөздің ішкі және тысқы үйлесіміне, ырғақ жүйесіне мән берсе, прозалық туындыларды талдаған кезде уақыт пен кеңістікке, фабуласы мен сюжеттік желісіне ерекше ден қойды. Роман Якобсон 1920 жылдары Ресейден кетіп, Прагаға, одан Парижге қоныс аударды. Ол антропологияның құрылымдық нұсқасын жасаған француз мәдениеттанушысы Леви Стросстың структуралық лингвистикаға қатысты идеяларымен танысты. Леви Стросстың лингвистикалық моделін мифтер мен Эдиптің шығармаларын зерттеу үшін қолдануы ғылыми қауымның назарын бірден аударды. Соссюрдің «Жалпы лингвистика курсы» (1916) 1950 жылдары Францияда өте кең таралып, ол әдебиеттану ғылымында өзінің семиологиялық зерттеулерімен белгілі Ролан Бартқа ерекше ықпал етті. Кейіннен жеке сала ретінде дамыған семиотиканы да осы структурализмнің бір тармағына балауға болады. Семиология әдебиетті тіл секілді таңбалар жүйесі деп таниды. Семиотика – белгі деген сөз, яғни тілдік белгілер мен олардың қолданылу ерекшелігін қарастыратын теория. Алғашқылардың бірі болып «белгінің» үш негізгі сипатын американдық философ Чарлз Пирс айқандады. Осыған орай семиотика өз ішінен үш пәнге бөлініп кетті. Олар – синтактика, семантика және прагматика [6,16]. Семиотикадағы ең маңызды категория – мағына. Тодоров, Греймас, Генетт сынды басқа да құрылымдық әдебиеттанудың өкілдері баяндау жүйесін зерттеп, «фокализация», «жиілік», «актанттар», «жалғастық» сынды ұғымдар туралы пікір білдірді. Лингвистиктердің идеялары француз психоаналитиктеріне де әсер етпей қоймады. Зигмунд Фрейдтің саналылық пен бейсаналылық ұғымдарының айырмашылықтарын қайта сарапқа салған Жак Лаканның еңбектерінен де осыны байқауға болады. Ағылшын тілді елдерде І Дүниежүзілік соғыстан кейін әдеби мәтіндерді оның тарихи немесе биографиялық сипатынан тыс зерттеуге ден қойылды. Ричардс көркем шығармадағы әдеби әдіс-тәсілдерді егжей-тегжейлі танып білуге жөн сілтейтін «жіті оқу» деген әдісті ойлап тапты. Оның «Әдеби критицизмнің ұстанымдары» деп аталатын кітабынан кейін әдеби формаға ерекше көңіл бөлетін америкалық жаңа сын пайда болды. ХХ ғасырдың екінші жартысында герменевтикалық зерттеулер айрықша көзге түсті. Ол тіпті қазіргі әдебиеттануда да салмақты сала ретінде мойындалып отыр. Бұдан бұрынғы дәрісімізде айтқанымыздай, герменевтика бастапқыда діни мәтіндерді талдап таразылауға тікелей қатысты ұғым ретінде пайда болғанмен, кейінгі кездерде гуманитарлық ғылымдардың бәріне де ортақ сала ретінде таралып кетті. Герменевтика мәтіннің табиғатын терең ашып, оның әрбір бөлшегінің сыры мен сипатына үңілуді көздейді. Вильгельм Дильтей, Георг Гадамер сынды ғалымдар герменевтиканың ғылым ретінде қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Әдеби мәтінді талдайтын тұста аталмыш әдіс кез келген өнер туындысын жеке дара алып қарастыруды көздемейді. Қайта ол өзі өмір сүріп отырған мәдениеттің бір бөлшегі болып табылатындықтан, кез келген әдеби-мәдени туындыны тұтас күйінде зерделеуді жақтайды. Ал мәтіннің табиғатын ашуда тек қана әдебиет теориясының жетістіктерін ғана емес, сонымен бірге, басқа да ғылым салаларының жетістіктерін, тіпті математикалық, статистикалық жүйелердің де мүмкіндіктерін пайдалануға әзір. Әдебиет туралы ғылымдағы герменевтиканың ең ірі өкілі ретінде АҚШ-тың Виргини университетінің профессоры Эрик Дональд Хирш аталады[7,17]. Оның өткен ғасырдың екінші жартысында жарық көрген кітаптары әдебиеттанудағы герменевтиканың мән-маңызын тереңінен ашып, жан-жақты таразылап берген кітаптар ретінде ғылыми қауым арасында мойындалады. ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде көптеген толқулар болды. Кейбір отар елдер өздерін бодандықта ұстап келген зұлым мемлекеттерге ашық қарсы шықса, кейбір елдерде әйелдер ерлердің үстемдігіне наразы болды. Ал жастар консервативті саяси басқару жүйелеріне қарсы шықты. Сонымен бірге, нәсілдік кемсітушілікке қарсы шыққан белсенділер де аз болған жоқ. Мұның бәрі қоғамдық-саяси, тарихи өзгерістердің шежіресі болатын. Сол сияқты, әдебиет пен өнерде де, ғылым мен мәдениетте де осы секілді үлкен төңкерістердің орын алғаны ақиқат. Өйткені қоғамдық саяси факторлардың руханият әлеміне жасайтын ықпалы орасан. Өнер атаулы сыншыл әрі мысқылшыл бола түсті. Ал әдебиет шындықты сынға алып, постмодернистік сипат алды. Жалпы, әдебиет пен өнерде ХХ ғасырдың екінші жартысында өте күрделі әрі шиеленіскен идеялық бағыттар саны көбейді. Әлемдегі отаршылыққа қарсы күрестер мен постколониалдық мәдениеттің пайда болуы әдебиеттанушыларға әдеби мәтіндерді империялық билік жағдайында ашып, таратып түсіндіру қажеттілігін туғызды. Мысалы, Эдуард Саид империалистік елдердің шығыс әлеміне деген ішкі пиғылын өзінің «Ориентализм» еңбегінде ашып берді. Саидтың аталмыш кітабы тек әдебиеттану ғылымында ғана емес, тұтас гуманитарлық ғылымдарда үлкен дау туғызып, қызу пікірталастарға жол ашты. Сол сияқты, Хоби Баба, Гаятри Чакраборти, Пол Гилрой сынды ғалымдар билеуші елдердің үстемдігін, аз ұлттардың мәдени даралығы мен қара нәсілді адамдардың психологиясы мен құндылықтарын теориялық тұрғыда сарапқа салды. Соңғы ширек ғасырда әдебиет туралы ғылым постструктуралистік, постмодернистік бағытта дамыды. Постструктурализм өткен ғасырдың 70–80-ші жылдарында француз ғалымдары арасында пайда болғанмен, кейіннен батыс әлемінің руханиятына тез тарады. Оның басты идеялары Ж. Делез, Ж. Лиотар, Ж. Деррида, М. Фуко, Ю. Кристева сынды ғалымдардың еңбектерінде баяндалады. Структурализмге қарсы шығып, құрылымдағы «құрылымдық емес» [7,18]
элеменеттердің табиғатын ашуға ұмтылған постструктурализм өкілдері мәтіннен тыс жатқан дүниелерді түсінуге ұмтылды.Ал постмодернистік талдау жүйесін жақтайтындар үшін басты құндылық – цитата . Постмодернист ғалымдар бүгінде біз бәріміз сөз атаулының айтылып қойылған дәуірінде өмір
сүріп жатырмыз деп есептейді. Сондықтан көркем шығармалардағы әрбір сөз бен сөз тіркесі цитата болып саналады. Олар сондай-ақ көркем мәтіндегі әдеби ойындардың, ирония мен интермәтіндік сипаттарды да арнайы талдау нысанына алады. Бүгінде әдебиеттану ғылымын өзінің бұған дейінгі қалыптастырған таза әдеби теориялық мүмкіндіктерімен шектелмей, басқа да ғылым салаларының жетістіктерін пайдалана отырып мәтіннің ішкі және тысқы әлемін танып білуге талпынып отыр.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет