Кенжебаева Т. Ж. ТӘуелсіздік кезеңдегі қазақ Әдебиеттану ғылымының даму бағыттары


Ұлттық әдебиеттану және мәдени мұра мәселесі



бет7/14
Дата10.05.2023
өлшемі150.08 Kb.
#473463
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14
кенжебаева тогжан

1. 2. Ұлттық әдебиеттану және мәдени мұра мәселесі

ХХ ғасырдың 80-жылдарының соңындағы еліміздегі саяси-әлеуметтік, қоғамдық өзгерістер тәуелсіздік тұсындағы ұлт тарихына, мәдениетіне жаңа көзқараспен қарауды, ұлттық рухани құндылықтарды өзгеше талап тұрғысынан бағалауды қажет етті.


ХХ ғасырдың соңына алғашқы тарауда айтылғандай жетістіктермен жеткен қазақ әдебиеттану ғылымы ХХІ ғасырға аяқ басар тұста қалай тыныстады? Еліміздің ұлттық тәуелсіздігі әдебиеттануға әсер етті ме? Әсер етсе, ол қандай сипатта көрініс тапты? Біздің жұмыстың негізгі мақсаты да осы – яғни еліміздің тәуелсіздік алған соңғы он бес жыл шамасында қазақ әдебиеттану ғылымының бағыты мен бағдары қандай болды, негізгі өкілдері кімдер, ғылымның әдіснамалық негізі қандай, мәдени мұраға деген көзқарас қандай деген сияқты мәселелер.
Бұл мәселе қазақ әдебиеті қауымын, қаламгерлер мен ғалымдарды көп ойландырады. Осы бағытта қазіргі қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелерін арқау еткен халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық, әдістемелік-тәжрибелік, конференциялар мен семинарлар, коллоквиумдар көптеп ұйымдастырылды.
Осындай конференцияның бірінде рухани салада қандай өзгерістер бар, қандай процестер жүріп жатыр, әдебиет пен өнеріміз нарықтық қатынасқа бейімделді ме деген сұрақтарға академик С.Қасқабасов қазіргі руханият саласында күрделі процестер жүріп жатқандығын тілге тиек етіп, олардың негізгілерін атап көрсетеді. Ғалым біріншіден репрессияға ұшыраған әдебиетіміздің қайта жаңғырып, мәдени, әдеби-эстетикалық ой-өрісімізді кеңейтіп, елдің ұлттық рухын көтергендігін; екінші деп компартияның ымырасыз, атеистік және отарлық саясатының салдарынан тыйым салынған тарихи-мәдени құндылықтарымыздың халыққа қайта оралып, қалың көпшіліктің санасын оятқанын атаса, үшіншіден, Батыс Еуропа мен Американың көркемдік эстетикалық сапасы төмен деп саналатын әндері мен фильмдері, поп-музыкасы мен әр түрлі «бұқаралық мәдениет» кең тарап, жастарға кері ықпал етіп жатқандығына қынжылады; төртіншіден, жаңадан классикалық туындылардың дүниеге келмеу себебін экономикалық және моральдық-психологиялық күйзеліске түскен қаламгерлеріміз мәдениет нарығында шығармашылық бәсекеге түсе алмауымен байланыстырады.
Міне осындай жағдайда әдеби туындыны бағалаушы, әдеби-ғылыми тұрғыдан таразылаушы нендей принциптерге сүйеніп, не нәрсені басшылыққа алу керек деген мәселе төңірегінде ғалым: «Енді бір қоғамда көп түрлі мәдени қатар өмір сүріп жатқанда, әр қауым мен әр топқа арнайы шығармаларды қалай бағалап, оның сапасын қай критерий бойынша анықтауымыз керек? Менің ойымша, қай топқа арналса да, шығарма ең әуелі бүкіл қоғам қабылдаған этика мен моральға қайшы болмауы тиіс. Сонымен бірге шығарма құндылығы оның көркемдік сапасымен анықталуы керек. Ал, көркемдік сапасы адамға эстетикалық және эмоциялық әсерінің күш-қуатымен өлшенбек»,-дейді [8,19]
1991 жылы Қазақстан Республикасы өзін Тәуелсіз, Егемен ел деп жариялағаннан бастап оның қоғамдық, мәдени өміріне зор өзгерістер енді.
Еліміздің егеменді, тәуелсіз ел болуы – біздің жаңа тарихымыздың бастамасы. Ендігі кезеңде біз өз тарихымызды бұрынғы көп ұлтты мемлекеттің құрамында емес, жеке ел ретінде зерттеп, тарихымыздың бұралаң жолдарында жетістіктер мен жеңілістерді, ұтқанымыз бен ұтылғанымызды, ұмтылыстар мен іркілістерді қайта қарастырып, бағамдап, болашақта дамудың ұлттық моделімен алға жылжуымыз керек.
Қоғамдағы бұл бағыт мәдениет пен әдебиетте де көрініс табары анық.
Ең алдымен мәдениет пен ғылым дамуының алғышарттарына өзгерістер енді. Атап айтсақ:

  • кеңестік кезеңде кез келген ғылымның әдіснамалық негізі болған маркстік-лениндік әдіснаманың жолы кесілді;

  • ел тарихы, ұлт тағдырына қатысты әр түрлі дерек көздері ашылып, зерттеу арналары кеңейе түсті;

  • руханият пен саясаттың ара-жігі айқындалып, мәдени мұраға көзқарас өзгерді;

  • шетелдегі қандастарымыздың өздерінің тарихи отанына оралуына байланысты олардың мәдени мұрасын зерттеуге мүмкіндік туды;

  • әдеби мұраларды жинау, жариялау, зерттеу жұмыстары бір ізге қойылды;

еркін ойлауға, шығармашылықтың дамуына да жол ашылды.
Қазақстанның ұлттық-рухани егемендігінің арқасында өткен тарихты таразылап, жаңа уақыттың мақсат-міндеттерін айқындап, ұлттың рухани мәселелерін демократиялық тұрғыдан кең көлемде қарастыруға жол ашылды.
Тәуелсіздік таңына қол жеткен тұста әдебиеттанушы ғалымдар әдебиетіміздің ең бір келелі мәселелерін ашық айтуға, ашық жазуға мүмкіндік алды. Әдебиет пен көркем сын идеологиялық және саяси шектеулерден құтылды. Ең бастысы, әдебиеттану ғылымы мен әдебиет сынында ұмыт қалған немесе әдейі бұрмаланған ұлттық құндылықтарымыз қайтадан сарапқа салынып, тәуелсіз сана тұрғысынан қайтадан бағаланды. Яғни ұлттық идеяны асқақтатқан барлық әдебиет, өнер, мәдениет мұралары ұлттың рухани төрінен орын ала бастады. Осы тұста мемлекет тарапынан арнайы қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы да ұлттық идеяны насихаттап, көркем мұраларымызды қайтадан көрсетуімізге жол ашты.
Ұлттық мәдениетті асқақтатуды арқау еткен – “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы бойынша еліміздегі мәдени-тарихи ескерткіштер қалпына келтіріліп, халық әдебиеті үлгілері, ұлт руханиятының көне замандардан бергі мұралары, жәдігерлері қалың көпшілікке ұсынылды. Алыс-жақын шет елдерде тұратын қандастарымыздың әдеби-мәдени, фольклорлық және музыкалық мұрасы жан-жақты зерттеліп, жарық көре бастады[8,20].
“Ұлттық кітапхананы” рухани құндылықтармен қамтамасыз ету мақсатымен – Лондон, Париж, Мадрид, Берлин, Флоренция қалаларындағы кітапханаларға ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. Нәтижесінде – 200-ге жуық басылымдар мен 77 қолжазба көшірмелері жинақталған. Қазақстан мәдениеті мен тарихына қатысты 3,500 сирек кездесетін құжаттар табылған. Қымбат қазына қатарына қосылған аталмыш жәдігерлермен қалың көпшілік көп ұзамай қауышатын болады.
“Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы бойынша “Бабалар сөзі” – 100 томдық, “Қазақтың ата заңдары” – 10 томдық, “Әлемдік философиялық мұра” – 20 томдық, “Әлемдік саясаттану ой-санасы” – 10 томдық, “Әлеуметтік психология ой-санасы” – 10 томдық, “Экономикалық классика” – 10 томдық, “Қазақ әдебиетінің тарихы” – 10 томдық, “Қазақ музыкасының антологиясы” – 5 томдық, “Қазақ әдебиеті” (энциклопедиялық анықтамалық), “Қазақ мәдениеті” (энциклопедиялық анықтамалық) т.т. кітап, басылымдардың басым көпшілігі жарық көрді.
Сол секілді бұл бағыттағы жүйелі жұмыс аударма саласында да кең қанат жайды. “Аударма” баспасынан ағылшынның ұлы жазушысы Чарльз Диккенстің “Оливер Твисттің басынан кешкендері”, орыс және ағылшын жазушысы Владимир Набоковтың “Машенька”, “Лужин қорғанысы”, “Қапас құрсауы” атты әңгімелер жинағы, “Орыстың классикалық драматургиясы”, арабтың “Мың бір түн” таңдамалы ертегілері, ағылшынның ұлы драматургі Уильям Шекспирдің “Отелло”, “Асауға тұсау”, “Ромео мен Джульетта”, “Гамлет”, “Король Лир”, “Сонеттер” атты таңдаулы шығармалары, француз жазушысы Стендальдің “Қызыл мен қара” романы, үндінің халық эпосы “Махабхарата”, “Рамаяна”, орыстың ұлы ақыны Михаил Лермонтовтың “Біздің заманымыздың қаһарманы” атты шығармасы, грузин халқының ұлы ақыны Шота Руставелидің “Жолбарыс тонды Жиһанкез” поэмасы, Алжирдің көрнекті жазушысы Мулд Маммеридің “Апиын мен таяқ”, “Шөл даланы кешіп өту” романдары, Эрнест Хемингуэйдің “Қош бол, майдан”, “Шал мен теңіз”, “Килиманджаро – қарлы тау”, “Қызығы мол сол жылдар” атты таңдамалы шығармалары, Иоганн Вольфганг Гетенің атақты “Фаусты”, Торнтон Уайлдердің “Сегізінші күн” және Джером Сэлинджердің “Жар жағалаған жалғыз” атты романдары, Федор Достоевскийдің “Ағайынды Карамазовтар” романы және басқа да құнды шығармалар ана тілімізге аударылып, қалың көпшіліктің қолына тиді.
Сондай-ақ, М.Әуезовтің “Әдебиет тарихы” (1991), Әбілғазының “Түрік шежіресі” (1992), Бабырдың “Бабырнама” (1993), Х.Досмұхамедұлының “Аламан” (1991), Қ.Тауасарұлының “Түп-тұқияннан өзіме шейін” (1993), Ө.Тілеуқабылұлының “Шипагерлік баян” (1996), М.Жолдасбеков пен Қ.Сартқожаның “Орхон ескерткіштерінің толық атласы”, Б.Биболатұлының “Жұлдызнама”, «Майлықожа» (2005), «Тарихи тұлғалар» (2005), А.Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» (2002) т.т. кітаптардың жарық көруі – ұлт тарихын, оның тарихи тұлғаларының тағдыр-талайын танып-таразылауға мол мүмкіндіктер берді. Аталған еңбектердің араға көп уақыт салып, екінші тыныс ашуы - ұлтқа, ұрпаққа үлкен олжа, қымбат қазына.
Аталған кітаптар қадым замандар шындығы мен сипаттарын, халық тарихы мен тағдырын, ілкі дәуірлердегі дала данышпандарын, елбасылар мен қолбасыларды, ақын-жыраулардың өмірі мен өнегесін, би-шешендер мен дәстүр тағылымын, әдеби-мәдени жәдігерлерді кең көлемде көрсетуімен құнды.
Өткен тарихты қайта қарап, жаңа уақыт талаптары тұрғысынан зерттеп-зерделеу ісінде іргелі ізденістер барын айту абзал. Бұған ретте “Күлтегін” баспасынан жарық көрген – “Орхон ескерткіштерінің толық атласы” (М.Жолдасбеков пен Қ.Сартқожаұлы, 2005) атты көлемді еңбегі дәлел.
Тарихшы ғалымдар М.Қойгелдиев пен Х.Әбжанов: “Орхон ескерткіштерінің толық атласы” Түрік қағанатының бүгінгі толық құқылы мұрагерлерінің бірі – Қазақстан елінің, оның ғалымдарының өз тарихын қорыту және игеру ісіндегі тамаша жетістігі»,-деп баға берді [9,21].
ҚХР Шыңжан халық баспасынан жарық көрген – “Ежелгі үйсін елі” (құр. Ш.Ахметұлы) атты көлемді еңбекте Қытай елі мен Қазақстанның қоғамдық-саяси, тарихи-мәдени байланыстары кеңінен көрініс табады.
Бұл кітапта ежелгі үйсіндердің байырғы этнос, көшпелілер, отырықшы ел болғаны баяндалады. Кітаптағы ғылыми мақалалар, археологиялық есептер, тарихи деректер мен қосымша материалдар топтамасынан Үйсін тарихы, этникалық, тарихи-географиялық сипаттары, мәдени-рухани жазбалары жөнінде құнды-құнды мәліметтер келтіріледі.
Аталмыш кітапта кешегі қытайлықтар мен бүгінгі қытай оқымыстыларының зерттеу еңбектеріне де кең орын берілген.
Қытай жылнамалары – “усун” мен қазақ тіліндегі – үйсін этнонимінің ортақ мағынасы, яки ежелгі үйсіндер мен қазақ халқының байланысы алуан дерек көздері негізінде дәлелді сөз етіледі. Біздіңше, кітап құрылымы мен жүйесінен, зерттеу мен зерделеу бағытындағы ізденіс мұраттарынан көне тарихқа бетбұрыс байқалып, дәстүр мен сабақтастыққа, өткен мен келешектің байланысына зор маңыз беріледі.
“Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары бағытында жарық көрген – “Қазақ әдебиеті” және “Қазақ мәдениеті” атты энциклопедиялық анықтамалықтары (Алматы: Аруна, 2005) бұрыннан бар, қалыптасқан дәстүрлер негізінде болғанымен, безендірілімі мен полиграфиялық орындалу сапасы, жаңа дерек көздері мен материалдардың берілу үлгі-үрдістері тұрғысынан ерекшеленеді.
Екі анықтамалық та қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өткен тарихы, ондағы ағымдар мен бағыттар, жекелеген ұғым-терминдер табиғаты, халық өміріндегі оқиғалар мен құбылыстар, ақын-әнші, өнерпаздар өмірі, танымал тұлғалардың қызметі мен кезеңі, шығармашылық мұралары, халықтың қымбат қазыналары, рухани-эстетикалық игіліктері т.т. қысқа да нұсқалы үлгіде, ақпараттық-деректік сипатта жүйелі жеткізіледі.
“Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша атқарылатын жүзеге асырылып жатқан істердің бәрі де ұлттық мұратты асқақтатуға, отаншылдық-патриоттық сезімді күшейтуге, татулық пен тұрақтылықты нығайтуға берік негіз қалайды. Сол арқылы өткен тарихты қайта зерделеп, жаңа уақыт талаптары тұрғысынан қарастыруға кең жол ашады. Барды бағалап, артық-кем тұстарды қалпына келтіруге, жоқты іздеуге мол мүмкіндіктер береді [9,22].
“Мәдени мұра” бағдарламасы ұлттық рухани қазыналарымызды жинау, жүйелеу, жариялау ісіндегі игілікті мақсаттарға бағытталған іс. Ол мәдениетіміздік кез-келген саласының жаңа серпінмен қарқынды дамуына жол ашты. Мұндай бағытты әдебиеттану ғылымынан да анық аңғарамыз.
Бүгінгі әдебиеттану ғылымында ерен еңбектерін сіңіріп, сүбелі еңбектерімен оқырман назарын аударып жүрген сыншы-әдебиетші ғалымдар С.Қирабаев, Ш.Елеукенов, С.Қасқабасов, Ж.Ысмағұлов, Т.Кәкішев, Р.Нұрғали, М.Мағауин, М.Жолдасбеков, Н.Келімбетов, А.Қыраубаева, С.Ордалиев, Е.Тұрсынов, А.Сейдімбек, Ө.Күмісбаев, А.Бұлдыбай, Қ.Ергөбек, А.Еспембетов, Т.Еңсегенұлы, Ж.Тілепов, С.Жұмабек, Ж.Дәдебаев, Б.Майтанов, С.Негимов, Қ.Жүсіп. А.Егеубаев, Д.Ысқақұлы, Б.Әбілқасымов, Т.Сыдықов, Б.Ыбырайымов, З.Бисенғали, Қ.Алпысбаев, М.Хамзин, Ә.Бөпежанова, А.Ісмақова, Қ.Әбдезұлы, Р.Тұрысбек, Т.Рақымжанов, Д.Қамзабекұлы, Т.Тебегенов т.б. осы кезеңде жарық көрген зерттеу мен әдеби-талдау мақалалары әдебиеттану қоржынын қомақтылай түсті.
Ал осы аталған авторлардың тәуелсіздік тұсындағы жарық көрген жекелеген еңбектердің маңызы мен құндылығы неде, олардың әдеби-эстетикалық талдауда орны қандай деген заңды сұрақ туады?
Өнердің бір түрі ретіндегі әдебиеттің негізгі мақсаты – адам жанын сұлулыққа, әсемдікке ұмтылдыру болса, бүгінгі әдебиеттану ғылымының негізгі талабы - әдебиетті көркемдік-эстетикалық зерттеу принциптеріне сай қарастыру.
Академик С.Қирабаев «Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет» атты еңбегінде «ұлттық идеалогиямыздың негізі тәуелсіздік болуы керек» деп бүгінгі тәуелсіз еліміздің көркем әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының дамуындағы негізгі бағытты нұсқағандай әсер етеді [10,23].. Соңғы он бес жылда жарық көрген зерттеу еңбектерінің бәрінде дерлік осы идея желі тартады.
Еліміз егемендігін алғаннан кейін, әсіресе мәдени ортада түркілік тек мәселесі көп қозғалып жүрді. Бұл түсінікті де, себебі көп жылдық рухани құрсаудан құтылған халық өзін бос кеңістікке тап болғандай, негізінен қол үзіп қалғандай сезінгені анық. Сол сәтте зиялы қауым өкілдері ХХ ғасыр басында Алаш зиялылары көтерген түркі тілдес халықтардың ортақ түркілік ататегі мәселесін қайта жандандырды. Бұған қазақ мәдени өміріндегі үлкен жаңалық, зор табыс – Күлтегін ескерткіші көшірмесінің Астана төрінен орын алуы да игі ықпал етті .
Әдебиеттану ғылымында бұл мәселеге Ә.Қоңыратбаев пен Т.Қоңыратбаев («Көне мәдениет жазбалары» 1991), М.Жолдасбеков («Орхон ескерткіштері» 2001, Қ.Сартқожаұлымен бірге «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» 2005), М.Мағауин («Тасқа жазылған қолжазбалар» 2002, «Қобыз сарыны. Ғасырлар бедері» 2002), Р.Бердібай («Түбі бір түрікпіз» 2002, «Балқаннан Байкалға дейін» 1996), А.Қыраубаева («Ежелгі дәуір әдебиеті» 1991, «Ежелгі әдебиет» 1996), Т.Еңсегенов («Көне түркі шығармалары» 1995), Н.Келімбетов («Көркемдік дәстүр жалғастығы (Ежелгі Түркі поэзиясы және қазақ әдебиетінің бастаулары» 2000), А.Егеубаев («Кісілік кітабы»1998) т.б. өлшеусіз мол үлес қосты. Бұл еңбектердің өне бойында өрілген идея, айтар ой бір – қазақ әдебиетінің тамыры тереңдігі, түркі тілдес халықтардың мәдениетінде ерте кезден-ақ жазудың болғаны, ескерткіштің көркемдік-идеялық деңгейінің кезең ерекшелігін танытатындығы.
Кеңестік кезеңде құрамдас республикалар халықтарына өздерінің түп-тамырын тануға тыйым салынғандықтан, түбі бір түркі халықтары бір-бірінен оқшауландырылды.
М.Жолдасбеков пен Қ.Сартқожаұлының «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» (2005) атты көлемді еңбегінде ұлт мұраты мен ел тарихына, мәдени-рухани жәдігерліктерге қайта үңіліп, байыпты барлау мен терең талдауларға кең өріс ашылған тұста – көне кезеңнің көркем шежіресін танып-таразылауға көп көңіл бөлінуі құптарлық жайттардың бірі. Ежелгі мұраларымыз, тастағы дастандар тағылымы, ондағы көне кезеңдердің тарихи оқиғалары, өмір шындықтары мен тұрмыс сырлары қадым замандардың тыныс-тіршілігін тануға кең жол ашады. Еңбектің тарихымызды жан-жақты таразылап, ежелгі әдебиетті жіті зерттеп-зерделеу ісінде мәні зор.
Соңғы жылдары халық эпосын зерттеумен түпкілікті шұғылданып жүрген Р.Бердібаев «Эпос мұраты» (1997), «Байкалдан Балқанға дейін» (1996) атты зерттеу еңбектерінде олардың тамыры барлық түркі халықтарына ортақ рухани бастауларда жатқанына назар аударады.
«Байкалдан Балқанға дейін» еңбегінің негізгі тақырыбы – түркі әлемі, түркі бірлігі, түркі халқының тағдыр-талайы, түркі халықтарының ортақ әдеби мұралары, түркі халықтарын біріктірудің басты мұраттары.
Кітап «Түбі бір туысқан», «Тарих беттерін парақтасақ» деген екі бөлімнен тұрады. Алғашқысында саха, алтай, ұйғыр, хакас, қарақалпақ, тува, өзбек, түркімен, татар, ноғай, құмық, башқұрт, қарашай, әзірбайжан, қарайым, халықтары туралы тарихи-этнографиялық, әдеби мақалалар топтастырылған. Бұларда сол халықтардың қиын тағдыр-талайымен, мәдениетімен, әдебиетімен таныстырушылық мақсаты қойылған.
Автор отаршылдық саясаттың салдарынан пайда болған «мәңгүрттік», «көзқамандық» сияқты құбылыстарға ғылыми анықтама береді. Бұлардың ұлттық дамудың болашағына аса қауіпті екендігіне назар аударады.
Ғылыми-көркем публицистикалық стильде жазылған еңбекте авторлық позиция айқын: ол – түркі халықтарының туыстастығын санамызда жаңғырту. Осы мақсатта әдеби, тарихи, мәдени мұралар кеңінен пайдаланылады.
Әдебиеттану ғылымына егемендіктің әкелген соны тақырыбы – Қазақстанның сырт елдердегі қазақтармен байланысының орнап, алыстағы ағайындардың атажұртқа ат басын бұруының нәтижесінде олардың әдеби мұрасын зерттеп, зерделеу ісінің қолға алынуы.
Осы мәселе төңірегінде ой толғай келе белгілі әдебиеттанушы ғалым Қ.Ергөбек: «Шетелдегі орыс әдебиеті деген ұғым орыс әдебиеттану ғылымында берік орныққан. Шетелде жүрген орыс жазушыларының шығармаларын кітап етіп бастыратын А.П.Чехов атындағы бірорталықты баспа бар. Ал біздегі жағдай қандай?», - деп бүгінгі ғылым үшін өзекті сұрақты күн тәртібіне қояды [10,24].
Жалпы қазақтардың үштен бір бөлігі шет елдерде шашырай қоныстанған. Алыс шетелдегі қазақтардың саны – 1 млн. 578 мың, жақын шетелдегі (ТМД) қандастарымыздың саны – 1 млн. 707 мың («Қазақ тарихы» 1993, №3). Шетелдегі қазақтардың ең көп қоныстанған мекені – Қытай мен Моңғолия елдері. Атап айтқанда Қытайда 1 млн. 270 мың қазақ тұрса, Моңғолияның Баян Өлгий деп аталатын мекенінде 130 мың қазақ бар. Міне, сондықтан, көптің талап-тілегіне орай қазақ тілінде тұрақты кітап шығаратын баспа Қытай мен Моңғолияда ғана бар. Жалпы бұл елдерде қазақ тілінде газет, журнал, кітап шығару жақсы жолға қойылған.
Шет елдегі қазақ әдебиетін ғылыми тұрғыдан талдап, зерттеу, ғылыми айналымға енгізу, жинақ етіп бастыру, қалың көпшілікке шетелдегі қандас ақын-жазушылардың атын таныстыру – қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының өзекті мәселесі болып табылады. Себебі «шетелдердегі қазақ әдебиеті» жалпы «қазақ әдебиеті» деп аталатын алып бәйтеректің салалы бұтақтары іспетті тамыры бір дүние.
Бұл туралы Шыңжан қазақ әдебиетін зерттеуші ғалым З.Сейітжанов: «Әлемнің әр түрлі елдерінде тұратын қандастардың сөз өнерін қара шаңырақтағы қазақ әдебиетінің бір саласы ретінде қарағанда ғана қазақ әдебиетінің тұтас тарихы жасалады»,-деп өте орынды пікір қосады .
Бұл болашағы зор бастама екенінде дау жоқ. Себебі, атамекеннен тыс өмір сүрген миллиондаған қазақтың арасында дарынды ақын-жазушылардың болуы заңды болса, олардың мұрасы басқа емес, қазақ әдебиетінің бір саласы екені де заңды құбылыс.
Шетелдегі қазақ әдебиетін зерделеген зерттеулер әзірше аз болғанмен, З.Сейітжановтың «Шыңжан қазақ әдебиеті», «Ақыт ақын», Д.Мәсімханұлының «Сөз - желкен» (2005) сияқты еңбектері кездеседі.
З.Сейітжанов қазақ әдебиетіне сырттан құяр қайнар бұлағының бірі - Шыңжан қазақ әдебиеті екенін айта келе, оның негізін қалаушы Ақыт Үлімжіұлы Қарымсақовтың (ХІХғ. соңы - ХХғ.) өмірі мен әдеби мұрасын зерттейді. Қазақ әдебиетімен байланыстыра отырып, Ақыт ақын мұрасының зар заман ақындарымен сарындастығын атап көрсетеді. Ақынның әр жылдары жарық көрген кітаптарын негізге ала отырып, өлеңдері мен дастандарын тақырыптық, жанрлық тұрғыдан жіктейді. Сол арқылы қазақ әдебиетінің арнасын кеңейте түседі[11,25].
Түркітанушы ғалым Д.Мәсімханұлының «Сөз - желкен» кітабының арқауы – Қытайдағы қазақ поэзиясы, оның қалыптасу арналары мен даму көкжиегі. Еңбектің бір артықшылығы – оның авторы сол ортаның өзінде туып өскен. Сол жердегі халықтың тарихын, саяси ахуалын терең түсінетіндігі, әдебиетінен жастайынан сусындап өскендігі зерттеудің ғылыми-танымдық тұрғыдан дәйекті болуына жағдай туғызды.
Еңбектің бірінші бөлімінде ХХ ғасырдың 20-50 жылдардағы Қытай қазақтары әдебиетінің негізгі бағыт-бағдары, поэзиядағы ұлт-азаттық идеяның көрінісі жан-жақты сараланады. Ұлт-азаттық бағыттағы әдебиеттің қалыптасуын сөз етпес бұрын автор Қытай қазақтарының саяси және әлеуметтік жағдайына, яғни бүгінгі Қытай Халық Республикасының Іле қазақ автономиялы облысының Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарында, Санжы, Бұратала облыстарында, Құмыл аймағында Гансу өлкесін мекендеген қазақтардың тағдыр-талайы, жері мен шұрайлы қонысы үшін ұлт-азаттық күрестеріне тоқталады. Тарихи жағдайдың әдебиеттегі көрінісі, ел өмірінің поэзиядағы бейнесі, халық жігерін қамшылауда ұлттың қытайланып кетпеуі үшін күрескерлік танытқан жыраулардың тарихи рөлі мен орны – осының бәрі еңбекте жан-жақты қамтылады. Осы орайда бұл кітаптың тек қазақ әдебиеттануы үшін ғана емес, сонымен қатар Қазақстан тарихы, этнографиясы үшін де маңызы өте мол екендігі анық.
Монографияда қытай қазақтары тудырған ұлт-азаттық бағыттағы әдебиеттің қалыптасу жолын сол кездегі Қытай елінің саяси-әлеуметтік, мәдени өмірі, қоғамның даму процессімен тығыз байланыста зер сала зерттеледі. Бұл жөнінде автор: «Жоғарыда аттары аталған алаш арыстары (Көгедай, Қожеке, Тазабек, Нақысбек, Оспан, Құдайменде т.б. батырлар мен ақын-жыраулар) айдарлы-айбарлы баһадүр перзенттер ауыл іргесінің амандығын, аймақ-топырағының бүтіндігін сақтау жолында атқа қонған болса, қазақ сөз өнерінің қасиеті дарыған, наркескен намысы бар ақын-жыраулар сол жат жұрттықтар шеңгелінде қалған шөкімдей қазақты өсіре алмаса да, өшірмеудің, рухани аштыққа ұшыратпаудың қамына шындап кірісіп еді. Өйтпейінше жырынды жаудан жырымдалған жұртты аман-есен сақтаудың мүлде мүмкін емес екенін олар жақсы біледі. Әрине, олар ұлт азаттығын армандаған ақындар мен жазушылар тағдыр-талайының қытайлармен байланысты болуын мың жерден қаламағанымен, тыныс-тірлігі былайғы жерде бәрібір қытай қазақтары рухани әлемінің барысын сөз еткенде сол тұстағы қытай елінің әлеуметтік қам-қарекетіне байланысып, қабысып жатты»,- дейді [11,26].
Ұлт-азаттық идеяны алғаш жырлаған ақындар ретінде Ақыт қажы Үлімжіұлы, Жүсіпбек қожа Шайхсламұлы, Әсет Найманбайұлы, Көдек Маралбайұлы тәрізді жыр жампоздарын атап, олардың өмірі мен қоғамдық қызметі, шығармашылық жолы, ақындардың өлеңдеріндегі ағартушылық идея кеңінен сөз болады. 1940-50 жылдары Таңжарық Жолдыұлы, Құрманәлі Оспанұлы, Бұқара Тышқанбаев, Мағаз Рыстанұлы, Құрманбай Толыбаев, Қажықұмар Шабданұлы, Омарғазы Айтанұлы, Құлмұхан Ахметұлы, Серік Қыпшақбаев, Задахан Мыңбаев сынды ақындардың шығармалары Қытай қазақтарының ұлт-азаттық әдебиетін шығармашылық биікке көтергендігін саралайды.
Еңбектің екінші бөлімінде Қытайдағы қазіргі жас ақындардың шығармашылықтарына арналған әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер топтастырылған. 1980 жылдардағы Қытайда саясат өзгеріп, демократияның белгілері орныға бастады, әлемдік байланысқа есік ашылып, қатаң қағидалардың іргесі сөгіліп ел өзгеше даму жолына түсті. Соған байланысты руханият әлемінде тың серпін, соны бейнелеу тәсілі пайда болды. Еңбекте Т.Заттыбайұлы, Н.Әбділдаұлы, А.Ахметбекұлы, Л.Игісінова, Ы.Әділханов, Б.Рабатов, Т.Қайысқанұлы, К.Елемесов, С.Тоқтабаев сынды жас ақындардың өлеңдері жан-жақты талданып, көркемдік пен бейнелілік, тың теңеу, жаңа образға қол жеткізген тұстары мен кем түсіп жатқан шумақтарын сынап дәлелді тұжырымдайды.
Ал Моңғолиядағы қазақ әдебиетіні жай-күйі жөнінде Қ.Ергөбек ағайындардың «Армысың, Атамекен» атты өлең-жыр, эссе толғаулар жинағындағы өлеңдерді талдай келе, Моңғол қазақ әдебиетінің өкілдері ретінде Арғынбай Жұмаханұлы, Серік Мәгежұлы, Бекен Қайратұлы, Дайын Қалаубайұлы т.б. атайды. Атамекеннен тыс өмір кешіп жүрген ақындардың шығармашылық ерекшелігі жөнінде автор: «Атамекенді сағыну сезімі кейде өскен өлкені қимау сезімімен қатар шарпысып, лирикалық қаһарманның іштей қайшыласқан аласапыран жан-дүниесін ашуға да айналады»,-дей келе, олардың өлеңдерінің екінші бір негізгі арнасы тарихи-этнографиялық арна екендігін баса көрсетеді.
Ұзақ жылдар бойы бізге беймәлім болып келген шет елдердегі қандастарымыз тудырған әдебиет жалпы қазақ әдебиетінің бір тарауы екендігіне ешкім дау тудыра қоймайды.
Қазақ әдебиеттануы үшін бұл еңбектер бір жағынан, материалдың молдығымен, тарихи-әдеби деректердің тиімді қолданылуымен құнды болса, екінші жағынан отандық әдебиет туралы ғылымда соны тақырыпты қозғауымен маңызды.
Олай болса, шет елдегі қазақ әдебиетін зерттеушілердің қаламынан неғұрлым көп еңбек туса, қазақ әдебиеттану ғылымының өрісі соғұрлым кеңейіп, тынысы ашыла түседі.
Еліміздің тізгіні өз қолына тигеннен кейін әдебиет зерттеушілері сан жылдар бойы кеңестік саясат бұғауында болған әдебиетті жан-жақты қарастыруға бет бұрды. Сол себепті зерттеуші-ғалымдар азаматтық тарихымыздың, руханият тарихының айтылмай, жазылмай келген тұстарын көбірек сөз етті. Баспасөзде, басылым беттерінде «әдебиеттің ақтаңдақ беттері», «тарих ақтаңдақтары» атты айдармен шыққан, әлі де жарияланып жатқан түрлі мақала, хабарлар көп-ақ[12,27].
Қазақ елі тәуелсіздік алып, заманның желі оңынан тұрған жылдары әдебиет пен мәдениеттің ақтаңдақ беттерін қалпына келтіру ерекше жанданумен, зор құлшыныспен жүргізіле бастады. Осының арқасында ұзақ уақыт бойы қоғамға үстемдік еткен идеологияның ықпалымен шығармалары зиянды деп бағаланып, ел-жұртынан аулақтатылған арыстарымыздың асыл мұралары арамызға қайта оралды. Бүгінгі таңда әдебиет тарихында, әдеби процесте өз орнын тапқан ұлт қайраткерлерінің төл туындылары жан-жақты зерделеніп, ғылыми еңбектердің нақты нысанасына айналуда.
Қазақ әдебиетіндегі ақтаңдақ беттерді жария ету ісінде 1995 жылы жарық көрген С.Қирабаевтың «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері» атты еңбегінің айтары мен тағылымы мол .
Аталған кітапта 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басында жазған, бірақ жалпы оқырманға жетпеген зерттеу мақалалары кіреді. Зерттеудің мақсатын автор былайша түсіндіреді: «Ақтаңдақтар – қазақ әдебиеті тарихын зерттеудің жеке бір проблемасы емес, оның бүкіл даму жолын түгел қамтыған күрделі мәселе. Автордың еңбегі оның негізгі мәселелерін қамти отырып, әдеби мұраны жаңаша бағалауға мұрындық болса, оның негізгі бағыт-бағдарына жол сілтесе, онда мақсаттың орындалғаны»
Зерттеу кітабын оқи отырып бір-бірімен сабақтасып жатқан әдеби дәуірдің, кезеңнің айтылмай келген тұстары сол дәуір мен кезеңнің ғана емес, жалпы әдебиеттің көкейкесті мәселесі екендігі аңғарылады.
Ақтаңдақ дегенде көпшіліктің ойына ең алдымен ойға ХХ ғасырдың 20-30 жылдары оралады. Ал байыптап қарап, қазақ әдебиеті тарихының өн бойына көз жіберсек, социалистік идеологияның кесірі әдебиет тарихына жалпы тиіп, оның өткені мен бүгініне қиянат жасаған тұстары көп.
Ендігі жерде осы кемшіліктің орнын толтырып, мұраларды қиянаттан арашалау қалай жүруі керек, жалпы әдебиет қалай игерілуі қажет, әдебиеттанудың ендігі бағыт-бағдары қандай болғаны жөн – осы мәселелер С.Қирабаев кітабының «Әдебиет пен өнер – ұлттық идеологияның маңызды саласы», «Әдебиет – ұлттық рухани байлық», «Қайта құру және әдебиеттану» атты мақалаларында сараланады. Ғалымның «Біздің бүгінгі идеологияның негізі енді ғана тәуелсіз жолға шығып, мемлекеттік дербестігін алған халықтың мүддесі жолында топтасу, ұлттық бірлікке үндеу болуға тиіс. Бұл идеологияның қазақ әдебиеті үшін дәстүрлік сипаты мол. Біздің әдебиетіміз - өмір бойы тәуелсіздікті, бостандықты, бірлікті жырлаған әдебиет»,-деген пікірі қазақ әдебиеттануының ендігі әдіснамалық негізін анықтаған іспетті
Автор сан ғасырлық тарихы, дәстүрі бар қазақ әдебиетінің бізге тікелей қатысты түркі, мұсылман әдебиетінің мейілінше толық игеру қажет, ол үшін ғылыми білімді арттырып, мұраны игеруді мемлекеттік міндет дәрежесіне көтерген жөн деп біледі. Ғалымның бұл пайымы қазір де көкейкесті.
Сондай-ақ автордың қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымы өткеннің озық үлгісінен, әлемдік дәстүрлі және жаңа бағыттағы әдебиеттанудан үлгі алуы тиіс деген ойы да өзекті мәселелердің бірі.
Аталған еңбекке әдебиеттің жалпы көкейкесті мәселелерін сөз ететін мақалалармен қатар, жеке қаламгерлердің шығармашылығын, тарихи тұлғалардың қызметін жаңаша бағамдайтын ғылыми мақалалар мен естеліктер енген.
«Абайтанудың кезекті міндеттері» атты мақалада «Қазақ әдебиеті тарихының кіндік тұтқасы – Абай шығармаларын» танудағы бір кездегі саясат құзыретімен жіберілген қателерді, яғни Абайтанудағы ақтаңдақтарды арнайы қарастырған ғалым Абай шығармаларын зерттеудің мақсат-міндетін жүйелі айта келе, бұл ілімнің келешегі туралы: Абайтану – «ұзақ мерзімге бағытталған, әдеби жаңарып отыратын ғылым. Әр дәуір, қоғамдағы өзгерістер мен көзқарастардың жаңаруы оған өз міндетін жүктейді. Әр ұрпақ Абай жөнінде өз сөзін айтатын болады»,- деп жазады [12,28]
Кітаптағы «Ұлы ағартушы, демократ, педагог» атты мақала Ы.Алтынсарин мұрасы хақында. Алтынсариннің миссионерлікке көзқарасы туралы сан түрлі даулы пікірлер болғаны белгілі. Автор бұрын сөз бола қоймаған Ыбырай Алтынсарин мен ол өмір сүрген қоғам арақатынасын, ағартушының қайшылыққа толы кезеңдегі азаматтық позициясын қарастырады. Мақалада ғалым Ы.Алтынсариннен бастап А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ә.Бөкейханов, Қ.Сәтбаевтардың еңбектерімен ұштасқан халыққа қажет оқулық жазу ісінің дәстүрін жоғалтпау мәселесіне айырықша тоқталады.
Әдебиеттану мен тарихта шығармашылығы мен қайраткерлігі бар болмысымен жаңадан ғылыми айналымға енгендердің бірқатары – ХіХ ғасыр ақындары мен батырлары. Бұл ғасыр ұлт-азаттық көтерілістер мен ұлттық қозғалыстарға толы кезең болғаны тарихтан белгілі. Ұлттық сананы сілкінтерлік салмағы зор болғандығы себепті бұл кезеңдегі көптеген тарихи оқиғалар айтылмай, тарихи тұлғалардың есімі жасырылды. Сол себептен Жанақ ақынның отаршылдық сипаттағы шығармалары, «зар заман» ақындарының көрнекті өкілі Шортанбай өлеңдері, Ақан сері сынды әнші, сал-серілердің шығармашылығы мен жеке трагедиясы, ұлт-азаттық көтеріліс қаһармандары Кенесары мен оның батырларының тарихтағы орнын зерделеуде ғалым «Жанақ ақын», «Шортанбай ақын», «Ақан сері туралы сөз», «Ақжолтай Ағыбай батыр» сияқты мақалаларда соңғы табылған дереккөздер мен жаңа көзқарастар негізінде сөз жалғайды
ХХ ғасырдың басындағы әдебиет о бастан ақтаңдағы мол кезең екені аян. Сондықтан ғалымның А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Б.Майлин шығармаларын жүйелі түрде сөз ете отырып, бұған дейін жіберілген қателерді сол кездегі қоғам тарихымен байланыста қарастырады.
Еңбектен сондай-ақ, соғыстан кейінгі кезең әдебиетінің де беймәлім беттері, ол дәуірдің де ақтаңдақтары бар екендігін білеміз. Ғ.Мұстафин, Қ.Аманжолов, Ғ.Орманов, Д.Әбілев, М.Иманжанов, С.Мәуленов, Х.Ерғалиев туралы мақалалар осы кемшілікті орнын толтыру мақсатында жазылған.
Ғ.Мұстафиннің «Сыр дәптерінен» (күнделік) бірталай үзінділер келтіріледі. 1979 жылғы 6-ақпанда қаламгер күнделігіне Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Шәкәрім сынды қазақтың арыстарын ақтау туралы жазбалар түсіреді. Ол осы мәселе бойынша Д.Қонаевтың алдына талай барғанын, алайда жабулы қазан әлі де сол күйінде жабулы қалғанына қынжылыс білдіреді. Бұл мәліметтер жазушыны жаңаша қырынан тануға септігін тигізеді.
Сондай-ақ 50-жылдардың басында «Қазақстанның тарихы маркстік-лениндік тұрғыда баяндалсын» деген қаулыға сәйкес Қ.Аманжоловтың шығармалар жинағына баспагерлер тарапынан ревизия жасалып, кей жерлері қысқарып, ұнамаған жекелеген сөздері ауыстырылды. Ақынның 1953, 1955-57 жылдары жарық көрген жинақтары сол ізбен жарияланды. Ғалым өзі куә болған жайттарды нақты мысал келтіре отырып дәлелдейді және осы түзетулерді қалпына келтіруді мәселе етіп қояды [13,29]
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезде, әсіресе, ХІХ ғасырдағы «зар заман» поэзиясы мен діни-ағартушылық бағыттағы (ХІХғ. ортасы-ХХғ. басы) ақындардың есімін қайта жаңғыртып, мұраларын жинақтап, жариялап, халыққа насихаттау ісінде көп ілгерілеушілік байқалады.
Әрине, бұдан аталған әдебиет өкілдері 90-жылдарға дейін қарастырылмай келді деген пікір тумауы керек. ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап С.Сейфуллин, С.Мұқанов, М.Әуезов, Е.Ысмаилов, Қ.Жұмалиев, кейін Х.Сүйіншәлиев, Қ.Мәдібай, т.б. ақын мұраларын зерделеу ісі бүгінде де жалғасуда. Мысалы, Қ.Мәдібай «Зар заман ағымы және Шортанбайдың әдеби мұрасы» (1995), Қ.Сыдиықұлы «Халқымен қайта табысқандар» (1997) Б.Омарұлы «Мұрат Мөңкеұлы» (1993), «Зар заман поэзиясы» (2000), «Қазақ әдебиетіндегі зар заман ағымы (генезис, типология, поэтика)» (2001) еңбектері осының айғағы.
Соңғы зерттеулердің алғашқы авторлардың еңбектерінен ерекшелігі - «зар заман» поэзиясында көтерілген идеяның (отаршылдықтың зардаптары, орыстану, ұлттық моральдық-этикалық мінездің өзгеруі, діннен безіну, қазақ халқының хандық дәуіріндегі өмірінің артықшылығы,т.б.) өміршеңдігінің мойындалуы.
Сөйтіп бұл зерттеулерде әдебиет тарихына тәуелсіз санамен қайта үңілу, өзге қырынан, жаңа көзқараспен зер салу үрдісі байқалады.
Мысалы, Б.Омарұлының «Зар заман әдебиеті (генезис, типология, поэтика)» атты монографиясында қазақ әдебиетіндегі зар заман ақындарының шығармашылығы дәуір құбылыстарымен, ұлттық мақсат-мұратымен байланысты талдап-таразыланады. Ғылыми еңбекте зерттеуші зар заман ағымының бастау көздері, даму арналары, өзге халықтар поэзиясымен ұқсастық табуы, ақындардың көзқарас бірлігі жөнінде байыптаулар жасайды. Өз ұлтының төл тарихымен тамырлас қазақ әдебиеті де қайта оралған қазыналардан кенде емес. Соның көпшілігі құлашты кең жаздырмаған құрсаулы жүйенің, озбырлық пен ойранға толы отарлау дәуірінің ақиқатын айтқан шығарма екендігіне тоқтала келе, автор зар заман ағымының астарын «отаршылдыққа қарсы саяси ағым, отаршылдық дәуірдегі елдің әлеуметтік ахуалының көркем бейнелерінің көрінісі»,- деп түсіндіреді [13,30]
Әдебиеттануда олардың «зарлану» үрдісін зорайтып көрсету, кертартпа бағыттың өкілдері ретінде бағаланып келгендігін айта келе, бұл ақындардың шығармаларына тұсау салудың бірнеше себептерін атайды. Олар:

  • «зар заман» ақындарының өлең-жырларында өздері өмір сүрген кезеңдегі тіршілікке разылық танытпай, болашақтан аса үміт күтпей, қазақтың көшпенді өмірінің көрінісін аңсау сарынының орын алуы;

  • зар заман жыршылары отаршылдыққа қарсы бой көтерді. Олардың өлең-толғауларында «орыс», «кәуір» сөздері қазақ даласын басып алып, ойран салған басқыншылардың атауы ретінде жиі ұшырасуы;

  • олардың шығармаларында ақырзамандық (эсхатологиялық) сарынның орын алуы.

Зар заман ақындарының қазақ әдебиетіндегі маңызы, дәстүр жалғастығы жөнінде автор: «Зар заман жырларындағы отаршылдыққа наразылық сарыны кейін ұлт қамын ойлаған ақындардың шығармаларына түгел жайылды, рухты оятып, күрескерлік сананың қалыптасуына жол ашты. Өз дәуірінің мәдени құндылықтарын жаңа дәуірге жеткізген «зар заманшылар» ұлттың бір сападан екінші сапаға өтуі, ауыз әдебиетінен жазбаға көшуі аралығында дәнекерлік рөлін атқарды», - дейді [13,31]
Зерттеуші зар заман поэзиясының түп-төркініне үңіліп, оны туындатқан себеп-салдарды іздеуге, оның бастау бұлағын көрсетуге, теориялық негіздемелерін анықтауға әрекет жасайды. Бұндай сарын тек қазақ әдебиетінде ғана емес, отаршылдық қыспағына тап болған тағдырлас халықтар әдебиетінде де орын алғаны белгілі. Бұл ретте, автор қазақ әдебиетіндегі «зар заман» ағымын қырғыз әдебиетіндегі «замана» ағымымен салыстыру арқылы ұқсас сарындарды көрсетіп, екеуіне ортақ саяси, әлеуметтік, идеялық мәселелерді талдап, таразылайды.
Бұл еңбектің тағы бір маңыздылығы – автордың зар заман поэзиясының поэтикасына зер салуы. Бүгінгі әдебиеттануда поэтиканы жеке сала ретінде қарауға ден қойыла бастағанын ескерсек, зар заман поэзиясының поэтикасы оның бір бөлігі.
Орыс отаршылдары Арқа өңірі, Еділ мен Жайық бойындағы жергілікті халыққа қысым көрсетсе, Сыр бойын, оңтүстік Қазақстанды мекендеген қазақтарға Орта Азия хандықтарының бірі – Қоқан хандығы бүйідей тиді. Қазақстанның оңтүстік аймағын жарты ғасырға жуық уақыт (1810-1864) Қоқан басқыншылары отаршылдық езгіде ұстап, еңсесін көтертпей келді. Бұл тарихи оқиғалар ХІХ ғасыр ақындарының мұраларында көрініс тапты.
Қаратау, Қазығұрт, Сыр бойы ақындары Мәделі, Майлықожа, Құлыншақ, Молда Мұса (Мұсабек) Байзақұлы, Нұралы Нысанбайұлы, Ергөбек Құттыбайұлы, т.б. егеулі найзасы мен ақындық қуаттарын қатар жұмсап, ел арасында ақын аттары мәшһүр болды. Осы ақындардың өмірі мен ұлт тәуелсіздігі жолындағы қызметін, әдеби мұрасын талдауға қадам жасалды. Бұл бағытта төмендегідей диссертациялық жұмыстардың маңызы зор. Мысалы, Ә.Оспанұлының «Қаратау шайырлары» (1991), Т.Әлбеков «Құланаян Құлманбеттің ақындық мұрасы» (2002), Л.Әбдіхалықова «Сыр сүлейлерінің жазба айтысы» (2003), С.Дәрібаев «Сыр шайырлары поэзиясындағы ежелгі әдеби дәстүр» (2002), С.Жұмкина «Шашубай Қошқарбайұлының әдеби мұрасы және ақындық орта дәстүрі» (2003), А.Тебегенова «Жамбыл шығармаларына жаңаша көзқарас: ұлттық сипат және дәстүр жалғастығы» (2003), М.Үмбетаев «Пірім менің - Сүйінбай» (1992) атты зерттеулерде сыр сүлейлерінің ақындық дәстүрінің ерекшелігіне, айтыс өнерінің дамуына, көркемдік жанрлық табиғатына теориялық тұрғыдан талдау жасалады[14,32].
Патша үкіметінің миссионерлік саясатын, орыстандыру ниетін айқын түсініп, оған қарсы идеологиялық күрес жүргізіп, кейін сол қызметтері үшін «кінәлі» танылып, мұралары халыққа «жат», ардақты есімдері қудалаушылыққа ұшыраған Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Нұржан Наушабайұлы, Ақмолда Мұхамедиярұлы, Мақыш Қалтаев, Әбубәкір Кердері, Шәді Жәңгіров, Ғұмар Қарашұлы, т.б. сияқты ақындар ХІХғ.-ХХғ. діни-ағартушылық ағымның өкілдері ретінде қарастырылады. Кеңестік саясат салдарынан ХХғ. 80-90 жылдарға дейін олардың мұралары арнайы зерттеуден қалыс қалды, ал жалпы дәуірді сипаттаған оқулықтарда (әсіресе мектепке арналған оқулықтарда) «керітартпа», «діншіл» деген баға берілді.
Қазақтың рухани байлығы – діни сенімі азайғанымен қоса, ғылымнан қашық тұрғанына күйзелген ақындар мұралары Р.Жүсіпованың «Мәшһүр Жүсіп дастандары» (2000), «Мәшһүр Жүсіп қиссаларындағы Мұхамед бейнесі» (2000), С.Сүтжановтың «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің әдеби мұрасы» (1994), У.Қалижанның «Мәшһүр Жүсіп» (1998), «Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым (ХІХғ. ортасы-ХХғ.басы)» (1998), Қ.Сәлімгерейдің «Нұржан Наушабайұлының әдеби мұрасы» (2001), М.Тәжімұратованың «Ғұмар Қараштың ақындығы» (1993) сияқты зерттеулерінде көрініс табады.
Жетпіс жыл бойғы саяси бұғау мен әдебиетке қойылған партиялық принцип қалыптастырған атеистік сана әсерінен осы күнге дейін әдебиеттану ғылымының арнайы нысанына алынбаған тақырып – діни сипаттағы әдебиет болса, У.Қалижанның аталған зерттеуі осы олқылықтың орнын толтыруға өз үлесін қосты. Зерттеуде жаңа жазба әдебиеттің даму, қалыптасу тарихында өзіндік орны бар, өзіндік идеялық бағыты, көркемдік сипаты бар тұтас бір дәуірі ғылыми тұрғыдан жүйеленген. Ол – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейінгі уақытты қамтитын діни-ағартушылық ағым еді[14,33].
Қазақтың ХІХ ғасырдың басында бірсыпыра оқығандары, атап айтқанда, Ақмолда Мұхамедияров, Ы.Алтынсарин, Мақыш Қалтаев, Нұржан Наушабаев, Әбубәкір Кердері, Шәді Жәңгіров, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Ғұмар Қарашев сынды ақындар шығармаларын талдау арқылы діни-ағартушылық ағымның қазақ әдебиетіндегі бағытын айқындады. Олардың мәдени-ағартушылық майданына, әдебиет майданына елдің капиталистік, прогресшіл дамуының әсері мен оянушылық, ағартушылық бағытың өріс алуына байланысты шыққандығын айта келе, У.Қалижан: «Бұл ақындардың барлығы да үлкен әдеби процестің басы ғана емес, үлкен идеялық бағыттың, яғни діни-ағартушылық ағымның ірі өкілдері екені сарапталып, талданғанымен, оң шешім тапқан жоқ. Ақындардың шығармаларының көркемдік әлемі саясаттың ықпалында қарастырылды. Осы кезеңді зерттеген Б.Кенжебаев, Ы.Дүйсенов, Ә.Дербісалиндер ақын жырларындағы дінге, имандылыққа тереңдеп барған жоқ»,-деп орынды аңғарады [14,34]
Ақын мұраларын жанрлық, идеялық, көркемдік тұрғыдан зерттей келе, олардың қоғамдық қызметтерін жоғары бағалайды. Ол жөнінде зерттеуші У.Қалижан: «Қаншама жыл күресіп, шайқасып келсе де, ХХғ. бас кезінде халқымыз әлсіреп, айдаһардың аузында тұр еді, ол бүкіл халықты тұтас жұту алдында болатын. Міне, ел-жұртының осындай аянышты халін сол кездегі ақындар бозторғайдай шырылдап, жан-жақтан жырлады. ...елінің көзі, құлағы, тілі болуға ақындар бар күш-қайратын жұмсады. Олардың өлең-жырларында тарихымыздағы ауыр кезеңдер бейнесі шындығының беті ашылды»,-дейді [14,35]
Әдеби мұраны танудағы жаңа көзқарас, әдебиеттегі пайғамбарлар өмірінің көрінісі, шариғат шарттары – жалпы дін және әдебиет мәселелері бірінші рет сөз болып У.Қалижан еңбегі арқылы ғылыми айналымға түсіп, соны ой, жаңа көзқараспен сипатталады.
Монографияда ұлттық тарихымызға қатысты мұрағат материалдары, түрлі деректер, ресми құжаттардың молынан пайдалануы бүгінге дейін беймәлім болып келген заман сырларын танытуы танымдық мәні зор еңбек екендігін көрсетеді.
Тәуелсіздік тұсында әдебиеттану ғылымының тағы бір үлкен жемісі – солақай саясаттың салдарынан туған саяси қатенің түзетілуі, яғни алашордашылар мен олардың мұраларын толыққанды зерттеу ісінің кең арнаға шығуы.
Әдебиетіміздің алтын ғасыры – ХХ ғасыр әдебиетіндегі орны бөлек, мән-маңызы ерекше бір бөлігі – «Алаш ұранды әдебиет». Оның ерекше болу себебі жалпы қазақ әдебиеті деп аталатын түпсіз дарияға, әдебиеттану ғылымына соны серпін, жаңа ізденістер әкелгендігінде болса керек.
ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиеті жаңа түр, өзгеше мазмұнмен толықты, тұңғыш драмалық туындылар жазылып, сахналанды; дәстүрлі қазақ өлеңдері пішін мен мазмұн тұрғысынан түрленді; әлем әдебиетінің классикалық мұралары қазақ тіліне аударылды; әдебиеттану ғылымы саласында бүгінде де өзінің ғылыми мәнін жоймаған қазақ ғалымдарының алғашқы теориялық еңбектері, әдеби-зерттеу, сыни мақалалары баспа жүзін көрді.
Әдебиетте осындай сапалық өзгерістің енуі 1916-1936 жылдарға сәйкес келеді. Бұл кезеңдегі әдебиетті бүгінгі ғылымда «Алаш әдебиеті» немесе «Алаш ұранды әдебиет» деп атау орнықты. Себебі осы кезеңде өмір сүріп, қаламдарынан небір ғажайып дүниелерді тудырып әрі қаламгер, әрі қайраткер атанған қазақ әдебиеті өкілдерінің көбі алашордашылар еді. Олар атап айтсақ, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел, Жаһанша Досмұхамедовтер, Смағұл Садуақасов, Қошке Кемеңгеров, Жұмат Шанин, Мұхтар Әуезов т.б. болды.
Қазақ халқының саяси, рухани бостандығы жолындағы күрес, артта қалушылыққа қарсылық, озық ойлы мәдениет пен ғылым, өркениетті нысана тұту идеясын мақсат еткен Ә.Бөкейханов бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері 1917 жылы Алашорда үкіметін құрды.
Ал мұндай идея мен көзқарасты ұстанған адамдар жалпы Орта Азия халқын орыстандыру, елдерін отарлау, ұлттық рухтарына балта шабуды көздеген компартияға, әрине, жақпады. Сол себептен Алаш көсемдері тұтқындалып, мұраларының көзі жойылды.
ХХ ғасырдың соңына дейін Алашорда үкіметі, Алаш өкілдері туралы осы тарихи шындық бұрмаланып келгені мәлім. Оларды халықтың дұшпаны, Кеңес үкіметінің жауы ретінде танытты және бұл көзқарастың өзгертілмеуі үкімет тарапынан қадағаланып отырды.
Негізінен ішкі қуат пен сұранымның әсерінен әрі кеңестік биліктің әлсіреуінен болған 80-жылдардың соңындағы өзгерістерден соң социалистік кеңістікте әбден орнығып, қатып қалған қасаң қағидаға сыналап жаңалықтар ене бастады. Сөйтіп 1988 жылы әдеби және ғылыми жұртшылықтың еңбегінің нәтижесінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Бюросының шешімімен алаш қайраткерлерінің творчестволық мұрасын зерттеу жөнінде Комиссия құрылды.
Комиссия құрамы әдебиет, тарих, тіл, саясат саласының білгір азаматтарынан құрылды. Олар: Ж.М.Әбілдин, Т.Ә.Әбдіков, Ә.Т.Әлімжанов, З.А.Ахметов, С.Байжанов, М.Б.Базарбаев, Г.К.Бельгер, Р.Б.Бердібаев, В.К.Григорьев, К.Қ.Дүйсенов, Ғ.Б.Елемесов, Ш.Р.Елеукенов, С.З.Зимнов, Ф.Ф.Игнатов, Ә.Т.Қайдаров, М.Қ.Қаратаев, Ә.К.Кекілбаев, І.К.Кеңесбаев, С.С.Қирабаев, М.Қ.Қозыбаев, М.Мағауин, Р.Н.Нұрғалиев, С.С.Нұрпейісов, И.М.Романов, Ш.Қ.Сәтбаева, М.С.Сқақбаев, Р.Б.Сүлейменов, Р.Б.Сүлейменов, Р.Ғ.Сыздықова, Ә.Тәжібаев, Г.И.Толмачев, Б.А.Төлепбаев, Ә.Ш.Шәріпбаев [15,36]
Комиссия М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытовтың шығармашылық мұраларын, мұрағат деректерін зерттеп, олардың қазақ мәдениетінің дамуына қосқан үлестерін жоғары бағалай келе, жазаға жазықсыз ұшырағандығын жариялады. Сондай-ақ 1988 жылы ҚазССР Прокуроры республика Жоғарғы Сотының соттар коллегиясына «жазалау туралы үкімді жоюды және олардың әрекетінде қылмыс құрамының болмауы себепті істі тоқтатуды талап еткен наразылықтар енгізіліп, олар толық көлемде қанағаттандырылған» болатын
Аталған комиссияның қорытындысы бойынша М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытовтың әдеби-ғылыми мұраларын қалың көпшілікке жария ету үшін ҚазССР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетіне, ҚазССР Ғылым академиясының Тіл білімі, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына олардың таңдамалы шығармалары мен ғылыми еңбектерін басып шығару тапсырылды.
Осыған орай алаш өкілдерінің таңдамалы шығармалар жинақтары топтастырылып, жарық көрді. Баспасөз беттерінде олардың мұраларына қатысты мақалалар циклі жарияланып, шағын зерттеу еңбектері, көлемді монографиялар өмірге келді.
Ал еліміз егемендігін алған соң, оның мәдени-рухани өмірінде күрт өзгерістер байқалды. Ең алдымен ұлттық тарихқа көзқарас өзгерді. Жаңа уақыт талаптары тарихқа жіті қарауды міндеттеді. Бұл жайттарды тәуелсіздік талаптары еселеп арттыра түсті.
Екіншіден, «Алашорда» ұғымына, «алашордашыларға» деген көзқарас өзгерді.
Бұрын ғалымдар ақын-жазушылардың Алашордаға, Алаш өкіметімен байланысын айтудан ат тонын ала қашса, енді сол қаламгерлердің азаматтық бейнесін, қайраткерлік қырын айқындайтын қасиет ретінде бағаланады. Мысалы, Алаш зиялылары туралы әдебиет зерттеушісі, академик Р.Нұрғали: «... сол заманғы кез келген озық елдің зиялыларынан асып түспесе, кем соқпайтын, әр түрлі ғылым негіздерін меңгерген, сегіз қырлы, бір сырлы тұлғалар еді»,- деп жоғары баға береді. Немесе С.Қирабаевтың: «Алашорданың құрылуы қазақ оқығандарының ғасыр басынан бастаған отаршылдыққа қарсы, тәуелсіздікті жақтаған, елді көрсоқыр надандықтан білім-өнер жолына түсіруді аңсаған идеяларының көрінісі еді»,-деген сөзі осының айғағы [15,37].
Бұл, әрине, Алашордаға деген көзқарастың тарихи-саяси тұрғыдан өзгеруінің жемісі.
Асылы, Алаш мұраты мен мұрасы – мәңгілік мәселе. Мұнда өз тарихымыз бен тағдырымыз бар.
Тәуелсіздікке қолымыз жеткен тұста қазақ әдебиеттанушыларының туған әдебиетіміздің небір келелі мәселелерін ашық айтып, ашық жазуға мүмкіндік алды. Әдебиет пен сын идеологиялық және саяси шектеуден құтылды. Осы тұста ұзақ жылдар бұғауда болған алаш әдебиетін қайта жаңғырту қолға алынды.
Алашорданың, алаш зиялыларының қазақ әдебиеті тарихында, мәдениеті мен қоғам дамуындағы тағылымы жайлы, алаш ұранды қазақ әдебиетінің мәні мен маңызы, азаттық сипаты мен көркемдік табиғаты жайлы Т.Кәкішевтің «Кер заманның кереғар ойлары», «Сандалтқан «Садақ», «Мағжан мен Сәкен», «Санадағы жаралар», «Қазақ әдебиеті сынының тарихы», С.Қирабаевтың «Әдебиеттің ақтаңдақ беттері», «Жүсіпбек Аймауытов», «Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет», Ш.Елеукеновтың «Мағжан», «Әдебиет және ұлт тағдыры», Р.Нұрғалидың «Әуезов және Алаш, «Алашординцы», Ш.Сәтбаеваның «Шәкәрім Құдайбердіұлы», Б.Майтановтың «Мағжан Жұмабаевтың поэтикасы», «Қазақ романы және психологиялық талдау», «Әуезов - суреткер», Б.Құндақбаевтың «Әуезов және театр»; Р.Тұрысбектің «Жүсіпбек», «Дүниетаным және шығармашылық», «Сөз сарасы»; С.Байменшенің «Бейтаныс Бейімбет» З.Бейсенғалидың «ХХ ғ. басындағы қазақ романы», Д.Қамзабекұлының «С.Садуақасұлы», «Алаш және әдебиет», Ө.Әбдімановтың «Қазақ» газеті», т.б. көптеген зерттеу еңбектері дүниеге келді
Алайда 1988-89 жылдары жаппай жазылған мақалалар мен еңбектерді еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі он жылда жарық көрген еңбектермен салыстырғанда шындықты әлі де болса көлегейлеу, қажет тақырыпты, ұлттық мәселелерді айналып өту, ақиқатты «қызыл түске бояу» байқалады. Мысалы, 1988 жылы 28-желтоқсанда Социалистік Қазақстанда жарық көрген Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың, Жүсіпбек Аймауытовтың творчестволық мұрасын зерттеу жөніндегі комиссияның қорытындысында «Патша өкіметі құлағаннан кейін елде ұлт-азаттық қозғалыс күрт күшейеді. Оның толқынында революциялық-демократиялық ұйымдар тәрізді буржуазиялық ұйымдардың қалыптасуы да жеделдейді. Соңғысы «ұлттық туды» бар әлінше желеу етеді. Сол ұлттық символ мен атрибутиканың ырқынан А.Байтұрсынов та шыға алмай, 1917 жылы жазынан Алашорда жетекшілерінің бірі болады»-дей келе, оны тағы «социалистік» тұрғыдан «Жалпы алғанда Россия интеллегенциясының көптеген өкілдері сияқты А.Байтұрсынов алғашқыда Ұлы Октябрьдің мәнін түсінбеді. Бірқатар қателіктер арқылы бірте-бірте колчактықтардың царизмді қайта орнатуға ұмтылатынына көз жеткізген ол совет өкілдерімен байланыс орнатады. Содан кейін Ә.Жангельдиннің ұсынысы бойынша олармен кездеседі. Ал 1919 жылдың мартында алашордашылардың үлкен бір тобын басқарып, Совет өкіметі жағына батыл өтеді де, алашордашылардың жағдайын едәуір әлсіретеді»-деп «ақтап алады» [16,38]
Мұндай екіұшты, «жалтақ» көзқарастар социалистік идеяның дәуірлеп тұрған кезеңінде жазылған зерттеу еңбектерінде көптеп табылады. Айталық, Т.Кәкішев пен М.Дүйсеновтың «Ұлы Октябрь шуағы» атты 1976 жылы жарық көрген еңбекте алашордашыл ақын-жазушылар жөнінде: «Революцияға дейінгі қазақ қоғамының әр түрлі әлеуметтік жіктері әдебиетті өз мақсаттарына пайдалануға тырысты. Қазақ байларының мүдделерін жырлаған М.Дулатов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев сияқты ақын-жазушылардың шығармалары бұған айғақты дәлел. Олар демократиялық бағытқа қарсы күрес ашып, буржуазиялық идеяларды ұлтшылдық сыңайда уағыздады, кертартпа бағыт тудырды»,-делінсе [16,39] ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін жарияланған С.Қирабаевтің «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері» атты еңбегінде Алаш зиялылары туралы: «Олар өздерінің бүкіл тағдырын халқының болашағымен байланыстыра отырып, оның ұлттық мүдделерін қорғады. Еліміздің тарихына, мәдени қазыналары мен дәстүріне, тіліне, дербес экономикалық дамудың жолында, ұлттың өзін-өзі билеуі мәселесіне көңіл бөлді, оларды шешуді батыл күн тәртібіне қоя білді. Осы үшін «ұлтшыл» атанып, жазықсыз жазаға ұшырады» немесе бірінші еңбекте ХХ ғ. қазақ халқының ұлттық буржуазиясы оянып, саясатқа араласа бастағанын және оларды «байшыл, ұлтшыл жазушылардың (М.Дулатов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев) барынша қолдап отырғанын» айта келіп, зерттеушілер «идеялық бағытында олар бір жағынан шығыстағы панисламизм, пантюркизм ағымымен байланысты болса, екінші жағынан, батыс, орыс әдебиетіндегі кертарпашыл романтизмге, декаденствоға да арқа сүйеді. Мысалы, «Мұсылманның жолында жаныңды сал», - деп М.Дулатов жар салса, «Мені де өлім, әлдиле», - деп М.Жұмабаев сарнайды» ,-дейді [17,72] Ал «Әуезов және алаш» еңбегінде Р.Нұрғали Мағжанның түрікшілдігіне, романтизміне басқа қырынан қарайды. Ақынның ықшамдық, сұлулық, философиялық талаптарды, бейнелілік, суреттілік шарттарын ұштастыра жырлайтынын атай отырып, «Қойлыбайдың қобызында» фантастикалық күйлер, «Қорқытта» өмір мен өлім арпалысы, мәңгілік үшін күрес, өнердің өлместікке апарар киелі қасиеті жыр етіледі, «Оқжетпестің қиясында», «Түркістан» туындылары азаттық идеясын, түркі бірлігін жырлайтын шығармалар»,-деп кезінде қатал сынға ұшыраған шығармаларын ұлттық ұстаныммен зерделеп, тәуелсіз санамен пайымдайды
Ғалымдардың пікірлерін байыптап қарасақ, көзқарас, пайымдау екіге жарылғандығын аңғарамыз: ақындар бірде кертартпа, бірде жаңашыл; бірде ұлтшыл, бірде ұлтжанды; бірде пантюркист, бірде түрікшіл т.б.
Мұндай екіұшты көзқарастардың болуы себебі не және оларды салыстырудың қажеттілігі неде?
Уақыт тұрғысынан алшақ мерзім болмаса да, идеялық тұрғыдан алшақ кезеңде жазылуы себепті зерттеушілердің көзқарастар қайшылығы байқалады. Сондықтан бұл ретте Т.Кәкішевтің кейінгі жылдары жарық көрген «Мағжан және Сәкен» атты ғылыми эссесіне жүгінген жөн. Ғалым алаш арыстары жөнінде кезінде «ұлтшыл, байшыл, кертартпашыл» десе де, өздерінің сол кезеңде бұдан артыққа бара алмағандарын, қайта бір есептен олардың есімдері жылға-жылғаның арасымен өтіп, «Қазақ әдебиеті тарихы» атты фундаменталды еңбекте жазылуы үшін талаптанғандарын, екінші есептен, «байшыл-ұлтшыл жазушылардың творчестволық жағынан профессионалдық дәрежеде болғанын, оқыған, білімді екенін жасыруға болмайды»,- деген ойларды «дәстүрлі, қалыптасқан» тұжырымдардың арасына қыстыра айтқан болатынбыз»,- дейді [16,40]
Ойымызды жинақтай келгенде, тәуелсіздіктің әдебиеттегі «ақтаңдақ беттер» үшін тағылымы қандай болды деген сұрақ туады.
Алдымен, қаншама жыл бойы құрсауда болған шығармашылық ой сыртқа шықты, тыйым салынған ойлар мен пікірлер айтылды.
Екіншіден, әдебиеттің тұтас бір дәуіріне - күрделі әрі қайшылығы мол дәуіріне қатысты жаңа деректер, тың ой-пікірлер, толымды ғылыми жинақтаулар қосылды.
Үшіншіден, Алашордашылардың әдеби шығармашылық қызметінен бөлек, қоғамдық қайраткерлік қызметтері, тіл мен ділді, жер мен елді сақтаудағы қызметтері барынша сөз бола бастады.
Төртіншіден, С.Садуақасов, Қ.Кемеңгеров, Н.Төреқұлов, О.Әлжанов сынды қайраткер-қаламгерлердің мұралары мен қызметінің ақтаңдақ тұстары біршама ашылып, зерделену үстінде болуы да қуантарлық шара..
Бесіншіден, әдебиеттің өткенін бағалауда бүгінгі күннің көзқарасы, тәуелсіз санамен жаңаша зерттеп, зерделеу бой көтереді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет