Зерттеу нысаны. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларындағы фразеологизмдер, олардың коннотациясы және танымдық, прагматикалық, стилистикалық болмысы диссертацияның негізгі зерттеу нысаны болып табылады.
Зерттеу дереккөздері: М-Ж.Көпейұлы. Таңдамалы шығармалары. 1,2 томдар. -Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2005.; Көп томдық шығармалар жинағы, 1-13 томдар. -Павлодар «ЭКО» ҒӨФ, 2003-2008.
Зерттеудің мақсаты: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларындағы фразеологизмдер коннотациясын прагматика-когнитивтік және прагматика-стилистикалық аспектілер тұрғысынан анықтау.
Зерттеудің міндеттері:
- фразеологиялық коннотация ерекшеліктерін айқындау; тіл мен мәдениеттің белгісі болып табылатын фразеологизмдер семантикасындағы бағалауыштық рөлді анықтау;
- Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы фразеологизмдеріндегі концептілердің танымдық ерекшелігін көрсету;
- Мәшһүр Жүсіп фразеологизмдеріндегі ұлттық стереотип көріністерін дәйектеу;
- Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларындағы символдық мәні бар компонентті фразеологизмдер коннотациясына анализ жасау;
- Ақынның көркемдік, экспрессивтік айту мәнері, адресаттың қабылдауына арнайы стилистикалық тиімді әсер ету үшін қолданылатын безендіруші стилін анықтау.
Зерттеу әдістері. Диссертациялық жұмыстың мақсаты мен міндеттеріне орай түсіндіру, сипаттама, салыстыру, интерпретациялық талдау, концептілік талдау әдістері қолданылды.
Зерттеудің әдіснамалық негізі. Зерттеу жұмысында тіл ғылымының іргелі зерттеулері, соны бағыттары мен жаңалықтары негізге алынды. Жұмыстың ғылыми негіздері ретінде шетел ғалымдарының еңбектерімен бірге А.Байтұрсынұлы, І.Кеңесбаев, Ә.Қайдар, Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев, Р.Сыздық, Е.Жанпейісов, Б.Шалабай, Г.Смағұл, Н.Уәли, Б.Қасым, Г.Қосымова, Р.Авакова, Д.Әлкебаева және т.б. зерттеушілердің еңбектері басшылыққа алынды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері.
- Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы тіліндегі фразеологизмдердің мағыналық құрылымындағы стилистикалық, бағалауыштық, экспрессиялық, эмоциялық мән туғызу қасиеттері анықталды;
- Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларындағы фразеологиялық коннотация прагматика-когнитивтік және прагматика-стилистикалық аспектілерде, олардың ішкі құрылымы мен мағынасы әлемді бірбүтін дамудың орталығы деп танитын мәдениетпен байланысты қарастыру арқылы анықталды;
- фразеологизмдер коннотациясындағы концептілердің ұлттық-мәдени сипаты танымдық тұрғыдан талданды;
- Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы тіліндегі фразеологизмдердің символдық, бағалауыштық коннотациялары ассоциативті-бейнелі ойлауының нәтижесі ретінде танылды.
Достарыңызбен бөлісу: |