ҚОРЫТЫНДЫ
Фразеологизмдердің семантикалық мағыналарынан ажырағандықтан деактуализация негізінде лексикалық мағынасы да тұрақсызданады. Компоненттердің семантикалық және грамматикалық деактуализациясы негізінде фразеологизм компоненттері өздерінің бастапқы мағынасынан айырылып, тың мағынаға ие болады.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларындағы фразеологизмдерді сараласақ, еркін сөз тіркестерінің тұрақты тіркестерге ауысқанын байқаймыз.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қолданысындағы фразеологизмдер ақынның объективті шындық болмысты қабылдауындағы сезімдік және танымдық іс-әрекетінен туындай келіп, өмір тіршілігінің барлық саласымен ұштасып жататыны анықталды.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларындағы фразеологизмдерді қарастыра отырып, халық дүниетанымы мен ақын дүниетанымын бірлікте айқындау және ақынның тілдік бірліктер арқылы оқырманға беретін пайдалы ғибраттарын ашу арқылы фразеологизмдердің авторлық дүниені қалыптастыратын көркем сөз атрибуты екендігі дәйектелді.
Мәшһүр Жүсіптің көркем әлемінің менталды және тілдік құрылымын қарастыра отырып, оның өзіне тән даралық стилі айқындалды. Ақынның шығармаларындағы фразеологизмдерде діни дүниетанымдық түсініктер мол қамтылған, автордың поэтикалық санасының бірлігі іспетті индивидуалды-авторлық концептілері діни ұғымдармен астасып жатқандығы анықталды.
Коннотациялар бағалаушы рөлінде келіп, әлем бейнесін құрайтын тілдің ұлттық ерекшелігін айқын байқатады. Мәшһүр Жүсіп қолданысындағы кез келген фразеологизм құрамында мәдени коннотация бар және ол ұлттық мәдениет бейнесіне өз үлесін қосады.
Ақынның фразеологизмдерді жаңартып жұмсау тәсілі, халық тілі үлгісімен жасалған, өз қаламынан шыққан қанатты сөздері қазақтың ауыз әдебиеті тілімен ұштасып жатқандығын дәлелдейді және қазақ фразеологиясын байытуға қосқан үлесі болып саналады.
Символдық коннотация Мәшһүр Жүсіп шығармаларында соматикалық фразеологизмдер, зооморфтық фразеологизмдер, түр-түстік және сандық фразеологизмдер арқылы беріледі.
Мәшһүр Жүсіптің метафоралық тіркестері оның авторлық даралығын көрсететін белгі болып табылады. Метафоралық тіркес негізінде тіл мен логиканың, тіл мен психологияның арасындағы байланыс тереңдей түседі. Себебі, сөз мағынасының алмасып, ауысуы және тіркесіп қолданылуы тікелей адамның ойлау жүйесімен байланысты.
Мәшһүр Жүсіптің жеке табысы, еңбегі, ізденісі іспетті теңеулері ұлттық сипатты айқындаушы фразеологизмдер қатарына қосыла алатын рухани құндылықтар болуға әлеуеті жетеді.
Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы тұрақты эпитеттер Құран хадистерінің мазмұнымен үндес, ақын қолданысындағы тұрақты эпитеттер коннотациясының діни сипаты басым.
Достарыңызбен бөлісу: |