Төрт санының символикалық мәні қазақ танымында тұрақты бүтіндікті білдіреді.
Мәшһүр Жүсіпте: Молайып төрт түлігі санға жетсе; Жатады төрт құлақта өлген адам; Бірден кеп төрт аяғы үйлескен соң; Төрт түлік төңірегі сай адамға; Дүниенің төрт бұрышына құлаш жайған.
«Төрт құлақта» фразеологизмі барлығымызға бірдей таныс емес. Аталған фразеологизмінің семантикасы – зираттың төрт бұрышы екенін аңғартады, ал «төрт аяғы үйлесу» тіркесі халықтағы «төрт құбыласы түгел» тіркесімен мағыналас екенін аңғарамыз.
Алты санының қатысуымен жасалған фразеологизмдер: Алты Алашқа жайылған Мәшһүр атым; Болмаңыз алты ауызды, дін-мұсылман және т.б. Аталған фразеологизмдер халық қолданысында бар және көптеген қаламгерлердің шығармаларында да қамтылған.
Жеті саны қазақ халқы үшін өте киелі сан. Ол діни түсініктермен де өте тығыз байланысты. Себебі Алла барлық жанды және жансыз заттарды жеті күнде жасап бітті деген түсінік бар. Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінде: Жеті қат көк қуанып, қойнын ашты; Жаралған жеті күннің бәрі бірдей; Жеті ықылымға қазақтың атын шашқан.
Жеті қат көк фразеологизмінің коннотациясы бойынша Мәшһүр Жүсіп пен Рабғузидің айтқандарында сәйкестік бар. Екі ақын да «Ол сондай Алла, жеті аспанды қабат-қабат жаратқан»,–делінген Құран аятына сүйенеді. Ғылымда аспан қабаты тропосфера, тропопауза, стратосфера, стратопауза, мезосфера, термосфера, экзосфера сияқты қабаттардан тұратыны дәлелденген.
Қазақтың ұлттық танымында жеті саны ғалам құрылымының символы болып табылады.
Сан есімдер ұйытқы болған тұрақты тіркестердің бойында халық санасындағы мифтік, магиялық түсініктер мен танымдар сақталған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы халық таным-түсінігі бойынша қалыптасқан фразеологизмдерді шығармаларында қамти білген және өзіндік қолтаңбаларын да қалдыра білген.
2.3 Фразеологизмдердегі бағалауыштық коннотация
Фразеологизмдер көркем әдебиетте эмоционалды-экспрессивті әрі прагматикалық қызмет атқарады. Профессор Г.Қосымова: «Поэтикалық тіркестерде адамның түр-тұрпатын, ішкі дүниесін, затты, құбылысты ерекше түрлендіріп, жұтындырып, құлпыртып бейнелейтін бөлекше қуат-нәр болады»,-дей отырып, поэтикалық фразеологизмдер эпитеттерден, метафоралық тіркестерден, теңеулерден жасалатынын айтады және мұндай фразеологизмдер көріктеуші бейнелі тәсіл, көркемдік нәр беру, эмоциялық уыттылық таныту үшін алынатыны, олардың әрқайсысының астарында жасырын қосымша мағына және прагматикалық бағдар жататынын тұжырымдайды [7, 30-32бб.].
Достарыңызбен бөлісу: |