Өзін-өзі бақылау үшін сұрақтар мен тапсырмалар
Сұрақтар
-
«Дайындық», «ұстаздық қызметке дайындық», «ұстаздың кәсіби даярлығы» түсініктеріне анықтама беріңіздер. Олардың ұқсастығы мен айырмашылығын ашыңыздар.
-
Психологиялық, педагогикалық әдебиеттерде «ұстаздық қызметке даярлық», «ұстаздың кәсіби даярлығы» түсініктерін қарастыруда қандай көзқарастар бар?
-
«Ұстаздың деонтологиялық даярлығы» ұғымының анықтамасы қандай?
-
«Ұстаздың деонтологиялық өзіндік сана-сезімі» түсінігіне анықтама беріңдер.
-
«Ұстаздың деонтологиялық өзіндік сана-сезімі» және «адамның өзіндік сана-сезімі» түсініктерін салыстырыңыздар. Ұқсастығы, айырмашылығы неде?
-
Ұстаздың деонтологиялық өзіндік сана-сезімінің мазмұны қандай?
-
«Деонтологиялық сенім», «деонтологиялық кредо», «деонтологиялық іс-әрекет» дегеніміз не?
-
Ұстаздың деонтологиялық даярлығы қалыптаспағанының көрсеткіштері қандай?
Тапсырмалар
-
Өмірден деонтологиялық даярлығы бар ұстаздың, тәрбиелеушінің мінез-құлқының ерекшелігін ашатын мысалдар келтіріңіздер.
-
Параграф мәтінінде ең мән көтерер сөздерді іріктеп, рет-ретімен қойыңыз.
-
«Ұстаздың кәсіби парызы» тақырыбы бойынша мақал-мәтелдер, өлеңдер жинап, тақырыптық жинақ жасаңыздар.
Деонтологиялық даярлығы қалыптасқан ұстаздың оқушысының немесе оның ата-анасының атынан шығарма жазыңыздар.
2.2 Болашақ ұстаздың деонтологиялық даярлығының құрылымы
«Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсіне білетін, көреген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадыда жақсы сақтайтын, … еш нәрсені ұмытпайтын…, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі.., мейілінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, дирхем, динар атаулыға, жалған дүниенің басқа да атрибуттарына жирене қарайтын, табиғатынан әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп, жақындарына да, жат адамдарына да әділ.., жұрттың бәріне өз білігінше жақсылық пен ізгілік көрсетіп…, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек…» деп, ғұлама ойшыл Әл-Фараби ұстаз тұлғасына деген талапты көрсеткен.
Қазақтың хәкімі Абай Құнанбайұлы ұстаздық еткен адам тұлғасына көп көңіл бөліп, олардың біліктік мінездемесі мыналардан құралады дейді:
«1)батыл; 2) жарылқаушы (өзіңді және өзгені); 3) мейірімді; 4) сүйікті; 5) кешіруші; 6) қорғаушы; 7) айыпты жабушы; 8) қызық беруші; 9) пайда беруші; 10) басқарушы; 11) кірсіз, жаны таза; 12) негізі бар; 13) күнәсін біліп, оны тазарта алушы және т.б.. Мұнда Абай жалпы ғылымнан қуат алған ізгілікті, парасатты адамның тұлғалық моделін жасаған» [106].
«Әр баланың жүрегіне жол тап, біреуін жылы сөзіңмен баура, екіншісіне сәл-пәл қатаңдау бол, үшіншісіне әлденені өзің жасап көрсет, … әр балаға нақтылықпен қара» деп халық педагогикасы да ұстазды міндеттейді.
Қоғам өз үмiтiн, өз болашағын тапсырған адамда қандай қабiлеттер болуы тиiс? Педагогикалық қызметтiң табысты өтуiн қамтамасыз ететiн мұғалiмнiң мiнезiнде қандай қасиеттер, тұлғасында қандай қабiлеттерi мен моральдық көрсеткiштерi болуы керек? Ел арманын жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшiн, мектептің мұрат-мұқтаждығын iске асыратын мұғалiм ненi бiлу керек? Неге парыздану керек?
Ұстаз қандай болуы керек? – деген сұраққа жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Спандияр Көбеев төмендегідей пікір білдірген екен. « Менің ойымша:
-
біріншіден, ол теорияны жақсы меңгерген, ұдайы оқып, өзінің идеялық-саяси білім, мәдениет дәрежесін жоғары көтеруші адам болуы керек;
-
екіншіден, өзінің педагогикалық мамандығын жақсы көретін, осы мамандықтың жетіле беру жолында арымай-талмай еңбек етіп, ұдайы ізденіп, педагогика ғылымын тереңдей зерттеп отыратын адам болуы қажет;
-
үшіншіден, өзі сабақ беретін пәнді толық меңгерген, сонымен бірге ғылымның әр саласынан көп хабары бар, жан-жақты білімі бар, мәдениетті болуы қажет;
-
төртіншіден, ол өзінің әрбір оқушысының ерекшелігі мен зейінін жақсы білетін, балаларды, өз оқушыларын жақсы көретін, оқыту әдісін жетік білетін болуы қажет;
-
бесіншіден, өз оқушыларымен тығыз байланыста, олармен дос, олардың қойған тілектеріне көңіл қойғыш, сұрауларына түсінікті жауап бере алатын, мұң-мұқтажына ұдайы көңіл бөліп отыратын қамқор болуға тиіс;
-
алтыншыдан, өз оқушыларына қатаң талап қоя отырып, сол талаптарын орындатқанда, оны жақсылап ұғындыру арқылы, барлық істегі саналылығы мен ұқыптылығы, мәдениеттілігі мен үлгілілігі арқылы орындатып отыратын болуы қажет;
-
жетіншіден, оқытушы керек болған жағдайда, жаза тарттыра отырып, бұл шараны балалардың, оқушының тәртіпті болуын, жақсы тәлім-тәрбиелі және саналы болуын көздеп жүргізетін адам болуы қажет.
Қорыта келгенде, оқытушы өзінің сырт бейнесі арқылы да, оқытушылық ісі, адамгершілік қасиеті арқылы да, балалармен достық қарым-қатынас ұстауы арқылы да, өз оқушыларына ақылшы, тәрбиеші болу арқылы да үлгі болу керек. Сонда ғана ол оқушылардың алдында беделді болады”[107].
Педагогикалық деонтология тақырыбына өзінің бірталай еңбектерін арнаған педагог-ғалым К.М. Левитан өз зерттеулерінің қорытындысы бойынша ұстаздың тұлғалық сапасын деонтологиялық тұрғыдан анықтайтын қабілеттер иерархиясын төмендегідей қылып құрастырған: 1) өз пәні бойынша жоғары деңгейлі білімі; 2) сол білімдерін, дағдыларын оқушыларға жеткізе білуі; 3) талап ету ептілігі; 4) оқушыны өз пәніне қызықтыра білуі; 5) жалпы эрудициясы; 6) тілектестігі; 7) әдептілігі; 8) қызықты сабақ ұйымдастыра білуі; 9) мамандығына деген сүйіспеншілігі; 10) шыдамдылығы; 11) балаларды түсіне білуі; 12) балаларға деген сүйіспеншілігі; 13) әділеттілігі; 14) өзін-өзі жетілдіруге ұмтылысы; 15) әзіл-оспақты түсіне білуі; 16) техникалық оқу құралдарын қолдана білуі; 17) ұстанымдылығы (принципшілдік); 18) ашықтылығы; 19) жақсы мұқамы (дикция – сл. І том); 20) еңбексүйгіштігі; 21) сабырлығы; 22) артистігі; 23) музыкалық қабілеттері; 24) сабақтан тыс жұмысты ұйымдастыра білуі; 25) эмоционалдығы; 26) адал ниеттілігі[104].
Карл Роджерс ұжым басқаратын тұлғаның төмендегідей ерекшеліктерін іріктеп алған: жеке тұлғалық конгруэнттігі (сәйкестігі); рефлексиялық қабілеті (өз басының және басқа адамның тәжірибесін ескеру); эмоционалды сензитивтілігі (сезімділік); эмпатиялығы (жанашырлық, түсінушілік); ой мен сезімдерін білдірудегі айқындығы және өздігінен болдыра білуі[60].
Сонымен ғалымдардың бір бөлігі мұғалімнің оқушыға деген сүйіспеншілігін, баланы жақсы көру сезімін асыра айтса, екіншілері, ұстаз сипатының ең алдыңғы қатарында кәсіби парыздылық сезімі болу керек деп санайтындығы байқалады.
Келтірілген ой-пікірлерді талдай келе педагогикалық деонтологияға сәйкес ұстаздың мiнез-құлқының негiзгi iргелi қасиеттерi және iс-әрекет стилi, педагогтық реңкi туралы үш пiкiрге тоқталдық: адамсүйгiштiк (соның ішінде әсіресе балаға деген сүйiспеншiлiк), парыздылық сана-сезiмi (әділдік, парыздылық пен жауапкершілік), бiлiмге, өзіндік ізденіске, өзін-өзі жетілдіруге деген ұмтылыс. Осы үшеуін ең негiзгiсi деп бөлмей, бәрi бiр деңгейде қарастырылғанын жөн деп санаймыз, яғни, адамсүйгiштiк те, бiлiмге деген мәңгiлiк құштарлық та ұстаз парыздылығы деген қасиетке саяды. Соларға қысқаша тоқтала кетейік.
1) Балаға деген сүйiспеншiлiк. Балаға деген сүйiспеншiлiк мұғалiмнiң iс-әрекеттiнде, оқушыға тәлiм-тәрбие беруге арналған түрлi шараларда, қылықтарында көрiнiс табу керек. Ұстаздық сүйiспеншiлiктiң дәл осы тұсын арнайы айтып кеткен жөн. Оған жалпы адамсүйгiш, инабатты, сезiмтал болуымен қатар, өзiнiң алдына келген оқушыға сол сезiмдi дарыта алуы өте маңызды. Мұғалiмнiң кейбiр оқушыларға асқан сүйiспеншiлiктi бiлдiруге, кейбiреуiн жек көруге, басқаларына немкұрайдылықпен қарауға құқысы жоқ. Ұстаздық сүйiспеншiлiктің бәрiне бiрдей болуы да мүмкiн емес, бiрақ бәрiне бiрдей сүйiспеншiлiктi бiлдiру - оның ұстаздық парызы.
2) Педагогтың кәсiби парыздылық сана сезімі мен жауапкершілігі. Бұл екеуі ұстазға ауадай қажетті қасиеттер. Парыздылық пен жауапкершілікті түсіне білуден адамның имандылығы мен адамгершілігінің дәрежесі байқалады, оның қылықтарын жаман, жақсы, иманды, имансыз деп бағалау туады. Парыздылыќты сезіну, оны орындау ми мен жүректің бірлескен жұмысын қажет етеді. Оны ақыл мен сезім тұрғысынан жақсы, жаман деп бағалау ар мен ұятқа келіп тіреледі. Өз қылығының дұрыс, бұрыстығын түсіне білу – адамға үлкен қуаныш шабыт-жігер, қанағат әкеледі. Кісінің өзіне орынсыз тағылған жала, өсек-өтіріктің бекерлігіне қарсы күресу сезімі артады. Адам өзінің парызы мен жауапкершілігіне үйлеспейтін қолайсыз қылық көрсетсе, мұнысы тәрбиелі кісінің жанына мықтап батады, оның арына тиеді, тіпті ой-санасынан кетпей қояды. Мұндайда ақыл мен арды ерекше қастерлей білетін адам жіберген қателігін тез түзетуді ойластырады, қашан ары тазарғанша дегбірсізденіп, жаны тыным таппайды[15].
Басқа мамандықтағы адамдарға қарағанда ұстаздың кәсіптiк парыз сезiмi кемелденген және ерекше кәсіптік деңгейге дейiн машықталған, тәрбиеленген болу керек. Парыздылық мiндет ұстаздан асқан дәлдiктi, барлық iстерiнде ұқыптылықты, iскерлiктi, жауапкершілікті талап етедi.
3) Ұстаздың өзiн-өзi әрдайым жетiлдiруге дайындығы. Ұстаздың өзiн-өзi әрдайым жетiлдiруге дайындығына қажымай-талмай бiлiмдерiн толықтыру, дағдылар мен машықтарын дәлдендіру, өзiнiң сыртқы көрiгiне көп көңiл бөлу, т.с.с. саяды. Яғни бiлiмiн толықтыруға, әрi қарай оқуға, өзiн жетiлдiруге жалыққан мұғалiм, ұстаздық етуден қалады, бұл қатты айтылған сөз болса да, шындығына дәлел болатын кейбiр жағдайларға тоқтала кетейiк:
-
заман ағымы жыл сайын демеймiз, күн сайын адамдарды өзгертедi, ал бала, қорғасын сияқты, заманның өзгеруiне өте бағынышты екенi белгiлi;
-
психология, педагогика ғылымдарында технологиялық, теориялық жаңалықтар желiсi үдеу алып келедi;
-
қоғамда, мемлекетте, әлемде болып жатқан даму өзгерiстерден ақпараттану екпiнi асуда, т.с.с.
Ұстаз осының бәрінен хабардар болып, өзінің соларға қатысын қалыптастырып, оқушылардың болашағына ұтымды әсер ете білуі қажет. Сондықтан ұстаздың өзiн-өзi әрдайым жетiлдiруге дайын болуы – оның µте мањызды кәсіптік міндеті.
Ұстаздың өзін-өзі танып білуінің кепілі оның деонтологиялық даярлығы екенін төмендегідей көрсеткіштері дәлелдейді:
-
µзiн-µзi танып бiлуінің мән- мағынасын ашып, әдістерін игеруге ынтасы;
-
µзiнiњ деонтологиялық даярлық бейнесiн жобалаудың жолдарын білуі;
-
µзiнiњ мінез-құлқына, iс-ќылыѓына талдау жасау әдіс-тәсілдерін игеріп, рефлексия жасауға дағдылануы;
-
µзiн-µзi танып бiлуінің педагогикалық жағдаяттарды ұтымды басқаруға септілігін айқындай білуі;
-
басқаны өзіне сендіру өнеріне үйрене білуі;
-
µзiн-µзi жетiлдiру, µзiн-µзi басќару, жігерлендіру әрекеттерінің теориялық негіздерін білуі;
-
өздігінен білімін жетілдіруді жобалап, жоспарлау үлгілерін талдап-таразылауы;
-
өзін-өзі тәрбиелеуді жобалап, жоспарлау үлгілерін талдап-таразылай білуі;
-
оқушыны, тәрбиеленушіні өзін-өзі танып-білуге үйретудің әдіс-тәсілдерін игеруі;
-
өзін-өзі танып-білу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасай білуі т.б
4) Әділдік. Ұстаз қызметінің ерекшелігі сонда, ол қашанда бір шешім қабылдап, біреуді мадақтап, екіншіні даттап жатады. Сондықтан адам баласының ең аяулысы ары мен мұраты, әділдікті бойына сіңіру - ұстаздық парыз. Әділдіктің мағынасы туралық, дұрыстық, шындық дегенді білдіреді де, одан таю, яғни әділдікке жатпайтын іс істеп, қиянат жасау, біреудің обалына қалу жазықсыз жапа шектіру болып шығады. Сондықтан әділдік адамның ең асыл қасиеті, адамгершіліктің, әдеп-инабаттың негізі болып саналады.
5 Сапалы сөйлеу икемділігі.
Оқыту барысында оқушылардың ойлау, сөйлеу әрекеттерiнiң даму процесiне мұғалiмнiң қолданатын сөздерi, сөйлеу мәдениетi, мұқамы, техникасы, шапшаңдығы, сөздерiнiң әсерлiгi, бейнелiлiгi, қарқындылығы шешушi ықпал ететiндiгiн назардан тыс қалдыруға болмайды. Мұғалiмнiң ауызекi сөйлеуi - оның кәсіби шеберлiгiнiң өте маңызды элементi және педагогикалық iс-әрекетiнiң негiзгi құралы. Балаға әсер етудiң негiзгi үш құрылымдық бөлiгi бар: жұқтыру, елiктету, сендiру. Осылардың бәрi мұғалiмдердiң тiл меңгеру деңгейiмен тiкелей байланысты. Сондықтан оқушылардың сөйлеуiнiң дамуына мұғалiмнiң өзiнiң сөйлеу мәдениетiнiң әсерi өте зор.
Осыны ескере отыра, әр мұғалiм өзiнiң сөйлеу қабiлетiн қажымай-талмай жетiлдiру жолында қыруар жұмыс атқару керек. Бұл iсте елеулi көмекшi құрал бола алатын Л.И.Рувинскийдiң редакциясымен “Педагогика” баспасынан шыққан “Учителю о педагогической технике”, Б.Ц.Бадмаев пен А.А.Малышевтың “Психология обучения речевому мастерству”, М. Балақаевтың “Тiл мәдениетi және қазақ тiлiн оқыту”, Т. Қордабаевтың “Жалпы тiл бiлiмi” т.с.с. атты әдебиеттер.
Сонымен қатар мұғалiм сыныпта тіл ұстартудың мәнi туралы әңгiме жүргiзiп, сабақ сайын оқушының сөйлеу мәнерiн тасадан тыс қалдырмай, дұрыс-бұрыстығын байқап, жiберiлген теориялық, грамматикалық, стилистикалық қателерге саналы көңiл бөлуге, бiртiндеп оқушыларға өз қателерiн өздерiне тапқызып түзетуге үйретуге жалықпауы керек. Осы қасиеттер ұстаздың деонтологиялық даярлығының тұлғалық компонентінің негізін құрайды, сондықтан оларға аса көңiл бөлiну қажеттiлiгi күмән тудырмайды.
Қорыта келгенде, мұғалімнің деонтологиялық қасиеттерін дамыту үшін және оған өзін-өзі тәрбиелеуге қолайлы жағдай жасау үшін «идеал» мұғалімнің үлгісін жасау қажеттігі туады. Осы мүддеге жоғарыда келтірілген педагог-ғалымдардың зерттеулері арналғанын көрдік. Әртүрлі зерттеулер нәтижесін жинақтай келгенде «идеал» мұғалімнің үлгісі мен «орташа» мұғалімнің үлгісінде көп айырмашылық көрінбеді. Айырмашылық тек мұғалімдерде сол қабілеттердің табысты жұмыс істейтіні айқын көріністе болуы, ал орташа күйде жұмыс істейтін мұғалімде солғын болуы.
Оның себебін біз төмендегідей анықтадық: мұғалімдердің бар қабілеттерін табысты жұмыс істетуші деонтологиялық әлеуетінің әр мөлшерде болуы.
Бұл жерде әлеует (потенциал) (лат. Potentia – күш, куат) – жасырын түрде бар болып, белгілі бір жағдайларда байқалатын мүмкіндіктер, қабілеттер жиынтығы ретінде қарастырылады[109]. Деонтологиялық әлеует анықтамасынын төмендегідей нұсқасын ұсынамыз: деонтология ұстанымдарын басшылыққа алып, әрекет жасауға мүмкіндік беретін, жасырын түрде бар болып, белгілі бір жағдайларда байқалатын қабілет-қасиеттер жиынтығы. Ұстаздың деонтологиялық әлеуеті дегеніміз – алдарына келген оқушыларға қатысты педагогтардың құқылық, кәсiптiк, моральдық мiндеттерi мен тәртiп ережелерiн сақтауға, белгілі бір жағдайларда байқалатын мүмкіндіктері мен қабілеттер жиынтығы. Ұстаздың деонтологиялық әлеуеті - оның деонтологиялық даярлығының басты көрсеткіші, тұлғалық қасиеті.
Ұстаздың деонтологиялық даярлығының құрылымы төмендегідей негізгі компоненттерден тұрады: тұлғалық, ақпараттық-теориялық, іс-әрекеттік.
Ұстаздың деонтологиялық даярлығының тұлғалық компоненті.
С. А. Рубинштейн «тұлға тұтастығы дегеніміз – оның құрылымының бірлігі және тұтастықтың негізі болатын жүйелi қасиеттері»[75],– деп санаған.
В.А.Сластенин, В.П.Битуев, Л.М.Фридман, Б.М Теплов пікірлері бойынша, педагог тұлғасының құрылымында бұл рөлді кәсіби педагогикалық бағдарлық атқарады. Сондықтан кәсіби-педагогикалық бағыттылық пен жалпы және педагогикалық қабілеттер «жеке тұлғалық компонентінің» құрылымдық бөліктері болып алынды.
Кәсіби-құндылық бағдарда бекітілген ұстаздың педагогикалық қызметке деген көзқарас жүйесі – кәсіби-педагогикалық бағыттылығының негізі болып табылады.
Тұлға сапасы – даратүрдің (индивид) мінез-құлқында, жүріс-тұрысында әртүрлі жағдаяттарда ұзақ уақыт бойы қалыптасып, іс-әрекетте білінетін сипат.
Мұғалім тұлғасының iшкi мағынасы, субъективтiк сипаты - оның жан дүниесінің iс-әрекетiнiң нәтижесi. Бұл әрекет арқылы сыртқы әсер жеке тұлғаның санасынан, субъективтiлiгiнен өтiп, өңделiп, сезiнiп, түйсініп, практикалық iс-әрекетте қолданылады. Индивидтiң бойында қалыптасқан, тәрбиеленген қасиеттер жүйесi оның қоршаған ортамен қарым-қатынасында субъективтiк түрде (идеялары, мүдделерi, бағалықтары, бағыттылығы, т.с.с.) көрініс табады.
Ұстаз тұлғасының даму үдерісін оның әлеуметтік күштері сипаттайды. Атап айтқанда, кәсіптік рөлін атқаруға пайдалы қабілеттері, мұқтаждығы, білімі, біліктілігі, әлеуметтік сезімдері.
Болашақ ұстаздың әлеуметтiк ортамен және өзін-өзі тәрбиелеуiмен қалыптасатын маңызды қасиеттерiнiң бiрi – жеке тұлғасының дүниетаным сипаты. Жеке тұлғаның дүниетанымы белгiлi мөлшерде оның бағыттылығын, әлеуметтiк бағалы шешiмдерi мен қылықтарының ерекшелiктерiн алдын ала анықтайды. Мұғалiм тұлғасын деонтологиялық негiзде қалыптастыру үдерісінде бағыттылық пен белсенділік маңызды рөл атқарады. Психология гуманистік белсенділіктің маңызды факторы деп жеке тұлғаның болашаққа ұмтылуын, максималды өзін-өзі жігерлендіру деп санайды.
А. Маслоу «адамға өзін-өзі жігерлендіру үшін қажетсінудің бес негізгі түрі керек» деп жазған:
-
физиологиялық қажетсіну (тамақ, сусын, ұйқы, т.б.);
-
қауыпсіздікті қажетсіну (тәртіптілік, сенімділік, қорғаныс және басқа);
-
контакт пен сүйіспеншілікті қажетсіну;
-
қадірлеуді, сый-құрметті, өзін-өзі сыйлауды қажетсіну;
-
өзін-өзі жігерлендіруді қажетсіну.
Бұл негізгі қажетсінулердің иерархиялық моделі бойынша А. Маслоу адам белсенділігінің маңызды факторы – өзін-өзі жігерлендірудің көптеген жағдайларда реалды уәж (мотив) бола алмайтынын «адамдардың басым көпшілігінде төменгі деңгейдегі қажетсінулердің қанағаттанбағандығы» деп түсіндіреді. «Өзін-өзі жігерлендіру соңғы нәтиже түрінде өте аз адамдарда кездеседі, бірақ адамдардың басым көпшілігінде үміт, ынта, құштарлық, талаптану, ұмтылу түрінде болады» дейді ол[108]. Қорыта айтқанда, деонтологияның талаптарына сәйкес болу үшін ұстаз ең алдымен өзін-өзі жігерлендірудің жолына түскені жөн. ¤зін-өзі жігерлендіру үшін жеке тұлғада белгілі құндылықтардың, қасиеттердің жиынтығы болуы қажет. Солардың көмегімен педагог өзінің даму және жігерлену жолында бағыт-бағдар болатын іс-әрекеттің, мінез-құлықтың үлгісін құрастыра алады. Мұндай үлгі мұғалім санасына кәсіптік құндылықтарға ұмтылыс жасау сезімін ұялатады, ісіне адал, шығармашылыққа, ізденіске дайын және моральдық тұрақтылық, қызмет қиындығына төзімділік қасиеттеріне ие болуға жетелейді. Бұл қасиеттер білім, дағды, ептіліктердің олқылықтары болса, орнын толтыра алады және оларды жетілдіруге түрткі болады.
Деонтологиялық даярлыққа ұмтылыста дара-психологиялық алғышарттардың орны бөлек. Бұлардың қатарына жалпы және жоғарыда қарастырылған педагогикалық қабілеттер жатады. Бұл қабілеттер қызметі қажетті әдіс-тәсілдерді игерудің жылдамдығында, беріктігінде, тереңдігінде байқалады. Жалпы қабілеттер жеке тұлғаның психо-физиологиялық дамуымен анықталады. Оларға темперамент, мінез, интеллект жатады. «Педагогикалық қабілеттер деп тұлғаның кәсіби-педагогика талаптарына сай және сол іс-әрекетті игеруде табысқа жеткізетін психологиялық дара ерекшеліктерінің жиынтығын айтуға болады. Педагогикалық қабілеттер мен педагогикалық іскерліктің айырмашылығын айтар болсақ: педагогикалық қабілеттер – тұлғалық ерекшеліктер, ал педагогикалық іскерлік – жоғары сапада атқарылған педагогикалық іс-әрекеттің жеке актілері (бөліктері)»[109].
Адамның жан-жақты дамуының қайнар көзі, оның ой-өрісінің деңгейі мен өзіндік іс-әрекетінің ерекше өрістеуіне себепкер болатын, арнаулы қабілеттердің шарықтап дамуына жетелеуші күш – парыздылық, яғни деонтологиялық әлеует.
Қабілеттер – адамның жеке тұлғалық айырмашылықтарында көрініс табады. Қабілеттер туа бітетін қасиет емес, олар өмір сүру барысында дамып отырады. Қабілеттер дәрежесі әр адамда әртүрлі деңгейде болады. Адам бойындағы жалпы және арнайы қабілеттердің алғышарты нышан болып табылады. Қабілет әрекетте байқалып, сол арқылы дамып отырады. Ол әрекеттің белгілі бір түрімен айналысуға мүмкіндік беретін бейімділіктен де көрінеді. «Бейімділік – адамның әрекетпен айналысуға бетбұрысы, оған көңілінің аууы, оянып келе жатқан қабілеттердің алғашқы белгісі» [39], – деп жазады академик Т. Тәжібаев.
Педагогика ғылымының докторы, профессор М.Ә.Құдайқұлов адамның жеке басының жетілу ерекшеліктері, іс-әрекеті мен қабілеті және шеберлігі мәселелерін зерттеумен көп жылдар бойы айналысып келеді. Онда ол “...адамның іс-әрекетінің жетілуі оның рухани әрі физикалық қабілетіне де байланысты. Өйткені адамның барлық қызмет түрлерінің шығу көзі саналы еңбек болып есептеледі. ...Қабілеттілік пен ебдейлікті бір-біріне тұтастай теңестіруге болмайды, олар бірін-бірі ұдайы толықтырып тұрады деп түсінгеніміз жөн. Жалпы алғанда, адам қабілетінің белгілері ебдейліктен бұрын пайда болады. Сондықтан қабілеттілік, жеке адамның әлі де меңгерілмеген білімдер, ебдейліктер мен дағдыларды қабылдау мүмкіндіктерін көрсетеді”[110] деп, адамның іс-әрекетінің оның қабілеттеріне, санасының даму деңгейіне тәуелділігін айқындады.
Бірнеше эксперименттік зерттеулердің нәтижесінде адамның интеллектуалдық қабілетін нысанды қимылдардың жүйесі есебінде қарастыру ұсынылады. Соның негізінде «өзінің психологиялық тетігі жағынан қабілет жалпы алғанда тек сенсорлы ғана емес, сонымен қатар интеллектуалды, нысанды іс-әрекеттер» деп, қорытуға болады.
Қабілеттің Б. М. Теплов мынандай үш белгісін атап көрсетеді:
-
бір адамды екінші адамнан ажырататын оның жеке психикалық ерекшеліктері;
-
белгілі бір іс-әрекетті не бірнеше іс-әрекетті табысты орындауға байланысты ерекшеліктері ;
-
тұлғаның білімі, дағдылары мен іскерлігі емес, оларды тез әрі жеңіл меңгеруге жәрдемдесетін ерекшеліктері[111].
Сонымен қабілет – іс-әрекеттің белгілі бір түрін ойдағыдай, нәтижелі орындауда көрінетін адамның жеке қасиеті. Педагогикалық қабілеттер топталып, конструктивтік, коммуникативтік, ұйымдастырушылық деп аталады:
-
қонструктивтік қабілеттер – педагогикалық үдерістерді алдын ала болжап, жобалап дұрыс құруын қамсыздандырады;
-
коммуникативтік қабілеттері – тәлім-тәрбие үдерістегі тұлғааралық және іскерлік қарым-қатынасты қамсыздандырады;
-
ұйымдастырушылық қабілеттері – оқушылардың оқулық және басқа, сыныптан тыс іс-әрекеттерін тиімді ұйымдастыруды қамсыздандырады және педагогикалық үдерістегі олардың өзара әрекеттестіктерін ұйымдастырады.
Қабілеттер ұстаздың деонтологиялық даярлығының тұлғалық компонентінің құрамына кіреді.
Өткен ғасырдың ортасында Б.Т.Ананьев, А.Г.Асмолов Л.И.Рувинский, В.А Кан-Калик, Д.М. Гришин, П.Я.Гальперин, А.В.Запорожец, С.Н.Карпова, М.Ә.Құдайқұлов, Н.Елікбаев Г.К.Нұрғалиева және басқа зерттеушілердің еңбектерінде қабілет проблемасын ғылыми тұрғыда түсіндіру мәселесі бойынша аса маңызды істер орындалды. Бұл ғалымдар қабілет мәселесін ең алдымен тұлғаның іс-әрекеті мен тығыз байланысты қарастыру қажет деп санады. Себебі адам субъект есебінде өзін іс-әрекеттері арқылы көрсете алады, қабілет деп аталатын оның психикасының ерекшеліктері іс-әрекеттер барысында дамып, интеллекті жоғарылайды. Қабілеттің дамуы әртүрлі деңгейде жүріп отырады. Мәселен, оның алғашқы деңгейін (жұрттың бәріне ортақ) репродуктивтік десе, екінші, негізгі деңгейін шығармашылық қабілет дейді. Бірінші деңгейде адам білім игеруге, іс-әрекетті қажетті дәрежеде іске асыруда икемділік көрсетсе, екінші деңгейде жаңа туынды жасай алу мүмкіндігін байқатады. Ұстаздың қабілеті жалпы, арнаулы және тәжірибелік, ұйымдастырғыштық болып бірнеше түрге бөлінеді. Адам - тіршілік иесі, сондықтан ол табиғи күшке, өмір қуатына ие, әрекетшіл болып, бұл күштер әлеует мен қабілет түрінде өмір сүреді. Осы тұрғыдан қабілеттердің дамуында әлеует туралы айтқанымыз жөн. Әлеует - адамға тумыстан берілетін анатомиялық-физиологиялық белгі. Әлеует - қабілеттің ойдағыдай дамуына себептер шарттарының бірі. Қабілетті дамытатын ең негізгі, басты факторы – еңбек. Адам неғұрлым еңбексүйгіш болса, оның қабілеті соғұрлым жақсы дамиды. Қабілет те, әлеует да іс-әрекет кезінде байқалады. Әлеует – қабілеттің бастапқы табиғи негізі ретінде адамда туа бітетін жүйке жүйе қызметінің ерекшелігі. Қабілет – бағдарлы іс-әрекеттер барысында дамиды, соған сәйкес адамның интеллекті жетіледі.
Белгілі ғалымдар Қ. Жарықбаев пен Ә. Табылдиев анықтамасы бойынша, «интеллектілік – жоғарғы сезімдердің бірі. Мұндай сезімнің түрлеріне таңсықтану, білуге құмарлық, күдіктену, сенімділік, интуиция, ықтималдық, жаңаны сезу, болжау, т.б. жатады. Бұл айтылғандар білім алу барысында, ғылыми-зерттеу жұмыстарында, адамға зор ләззат беретін жаңалықтар ойлап табуда пайда болады», – делінген[15]. «Адамның көңілі шын мейірленсе, – дейді Абай, – білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байќайды»[112]. Интеллектілік сезімдер адамның сана-сезімінен мықтап орын тепсе, оның шындықты аша түсуге құмары арта түседі, мұндайда адам асыл мұрат үшін күреске белді бекем байлайды.
Психологтар интеллект ұғымын бірнеше бағытта зерттегені белгілі: жалпы ақыл-ой қабілеттерінің психофизиологиялық нышаны ретінде, интеллектуалдық іс-әрекеттің эмоционалдық және мотивациялық реттеушісі ретінде[113], когнитивтік стиль[114], «ойша іс-әрекет жасау қабілеттері»[115] ретінде В. А. Якуниннің пікірі бойынша - интеллект педагогикалық қызметтің табыстылығын анықтайтын ең маңызды фактор[116]. Қазіргі психологтардың пайымдауынша, интеллекттің үш түрі бар: 1) жалпы интеллект – кез келген іс-әрекеттің табыстылығын қамтитын, 2) кәсіптік интеллект – белгілі бір кәсіп бойынша іс-әрекеттің табыстылығын қамтитын, 3) әлеуметтік интеллект – тұлғааралық қатынаста көрініс табатын.
Қорыта келгенде, педагогтың деонтологиялық даярлығы жоғары деңгейде болуы оның интеллекті тұтас дамыған күнде ғана мүмкін. Яғни, тек қана ақыл жеке түрде жоғары деңгейлі деонтологиялық даярлықты, не педагогикалық шеберлікті қамсыздандыра алмайды. Теориялық ойлау қабілеті артық бола тұра, кейбір мұғалімдер практикалық тұрғыдан педагогикалық мәселелер шешуге шорқақ болатыны белгілі. Ойлау – құпиясы мол дүниені әр қырынан тануға, мәселені тереңінен түсінуге мүмкіндік беретін аса күрделі жан қуаты. Ақыл – ойлау процесіндегі ұғымдылық пен тапқырлыққа байланысты қасиет. Ақылы бар кісіге «иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз екен» деген Абай[41]. Ойлану үшін білім керек. Бірақ білімі бардың бәрі бірдей ақылды бола бермейді. Ақылдылық білімді тәжірибе жүзінде дұрыс пайдаланып, қорыта білумен байланысты. Ақылдың бір көрінісі – парасаттылық. Парасаттылық – педагогикалық деонтологияның маңызды нышанының бірі. «Ақыл - парасат күші – адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш…» деп ғұлама ойшыл Әл-Фараби айтқан[30].
Парасат – жеке тұлғаның қадір-қасиетін, кісілік кемелдігін білдіретін жиынтық ұғым. Әдетте, бұл сөз тілімізде ақыл, пайым сөздерімен қосарлана, қос сөз жасап: ақыл-парасат, парасат-пайым түрінде де айтылады. Соған байланысты терминалогиямызда парасат сөзі орыстың «разум» атауының орнына алынып жүргенімен, олардың мағыналары барлық уақытта бірдей, бір-біріне сәйкес келе бермейді. Парасат сөзі жастардан гөрі, көбіне оң-солын ажыратып, ақыл тоқтатқан, ересек жастағы және үлкен адамдарға қатысты қолданылады. Сөйтіп, ол жеке тұлғаның интеллектуалдық және мінез-құлық жағынан толысып, жетілгендігін, жоғары мәдениеттілігін көрсетеді. Француз философы Г. Мабли (1709-1785): «Біздің бойымызға біткен қасиеттердің ішінде ең маңыздысы және ең ізгісі – парасат» – дейді.
Парасатты адамға істейтін ісін, сөйлейтін сөзін, қабылдайтын шешімін алдымен ақыл таразысынан өткізіп алу, әдеп-инабат, адамгершілік жағынан кінәратсыздық, салиқалылық пен мейірімділік, ізгілік пен кең пейіл тән. Сондықтан парасат даналық ұғымына жақын, көптеген авторлар сол мәнде де қолдана береді. Басқа артықшылықтарына қарамастан, ұшқалақ, күйгелек, шалкес мінезді адамдарды парасатты демейді. Сонда парасат ұғымы жеке адамның кемелдігінің толысқан белгісі ретінде үлкен сана мен келісті әдет, инабаттылығының, кең бай мінезінің жарасты тұтастығын білдіреді деп түйіндейміз.
Сан құбылып, кейде алай-түлей, бұрқ-сарқ қайнап жататын тіршілікте адамның парасат биігінде қалуы үшін, ақыл мен мінезге қоса, үлкен ерік-жігер керек. Сонда ғана адам қанды бұзатын, әдеп, ізет шеңберінен шығаратын ашу-ыза, артық сөз бен әрекетке билік бермей, салтанатты, салиқалы қалпын сақтай алады[21]. Әрине, мұндай қасиет ұстазға ауадай қажет. Педагогикалық оптимизм, толеранттық, креативтілік, тағы басқа жоғарыда ескертілген қасиеттерге парасаттылық негіз болады. Осының барлығы ұстаздың деонтологиялық даярлығының тұлғалық компоненттеріне жатады.
Ой топшылай келгенде, жалпы қабілеттер педагогикалық қабілеттерде сәулеленіп көрініс тауып, олардың дамуына негіз болады.
Ұстаз тұлғасының деонтологиялық даярлығының ақпараттық-теориялық және іс-әрекеттік компоненттерін қалыптастыруы, педагогикалық деонтология талаптарына сәйкестенуді қажетсінуін анықтайтын кәсіби-құнды бағдарының даму деңгейінің туындысы болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |