Кіріспе І тарау. М. Мақатаев өлеңдеріндегі лексикалық анафора мен эпифора



бет3/24
Дата19.12.2022
өлшемі279.01 Kb.
#467466
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24
Кіріспе І тарау. М. Мақатаев өлеңдеріндегі лексикалық анафора ме-dereksiz.org

Анафоралық және эпифоралық қайталамалардың мәтін композициясы мен архитектоникасына да қатысы бар. Олар поэтикалық шығарманың біртүтастығын қамтамасыз етіп, ойды дамыту, белгілі бір микромәтіндерді өрнектеу, оқырман назарын бір нәрсеге аңдату сияқты қызметгер атқарады.

1980 жылдардан бастап анафоралық және эпифоралық қайталамалар, лексикалық, дыбыстық, синтаксистік қайталамалар тақырыбына бірнеше диссертациялар жазылды. Олардың қатарына бүкіл қайталама түрлерінің, солардың ішіндегі анафора мен эпифоралардың лингвостилистикалық табиғатын қарастырған О.Бүркітовтің докторлық диссертациясы, қос сөздердің қайталануы мен морфологиялық қайталамалардың лексика-грамматикалық құрылымын қарастырған Т.Б.Қалабаеваның, зат есім, сын есім, етістіктерден жасалған грамматикалық қайталамалардың қазақ ертегілеріндегі қолданылу ерекшелікгерін сипаттаған З.Керімбаеваның дыбыстық, лексикалық, синтаксистік қайталамалардың көркем прозасындағы қызметін тануға арналған А.Қ.Утанованың, Ж.Аймауытов шығармаларындағы лексикалық, синтаксистік қайталамалар, анафоралық және эпифоралық қайталамалардың стильдік қызметін сипаттайтын Р.А.Досжанованың кандидаттық диссертациялары кіреді. Қайталама құбылысы туралы мәлімет І.Кеңесбаев пен Т.Жанұзақовтың "Тіл білімінің орысша-қазақша сөздігіне" де енгізілген. Сөздікте қайталама "сөздің қайталақтауы" деген терминмен белгіленіп, оған "сөйлемдегі сөз мағынасын күшейту немесе стилистикалық мән беру үшін қолданылатын тәсіл. Үнді-европа тілдерінде оны редупликация деп атайды" деген түсінік беріледі. Э.Д.Сүлейменованың "Тіл білімі сөздігінде" анафора мен эпифоралар былай анықталған: "Анафора — мәтінде әр жол немесе әр тармақ ылғи бір тілдік элементтерінен (дыбыс, сөз, морфема) басталып, қайталау арқылы жасалатын стилистикалық сөйлеу айшығы. Эпифора — мәтіннің әр жолының соңындағы бір тілдік элементтің бірнеше мәрте қайталануы.


М.Мақатаев поэзиясында анафора мен эпифораның түрлері

елеулі орын алады. Кейбір сәттерде Мұқағали өлеңдерінде бүтіндей сөз, сөз тіркестері, тармақ пен өлең жолдары бірнеше мәрте қайталанып отырады. Сөйтіп өлең мәнерлілігі, ой өрнегі ажарлана түседі.

М.Мақатаев поэзиясындағы қайталамалар өлеңнің көркемдігін, эмоциялық-эстетикалық әсерлілігін арттыруға ықпал ету, лирикалық туындының әдемілігін, мазмұндылығын күшейте түсу мақсатында жұмсалады. Қайталамалардың түрлері Мұқағали поэзиясында көптеп кездеседі.
Қайталамалардың дыбыстық тілде үлкен көркемдегіш қызмет атқара алатындығын ескере отырып, оларды тілдік және стилъдік деп бөлуге болады. Тілдің ішкі салалары бірліктерінің қайталану мүмкіншіліктеріне орай дыбыстық қайталамалар, лексикалық қайталамалар, фразеологиялық анафора мен эпифоралар, грамматикалық анафора мен эпифоралар сияқты түрлері болады. Бұл қайталамалардың әрқайсысы өз ішінен шағын түрлерге бөлінеді. Мысалы, дыбыстық қайталаманың ішінде ассонанс, аллитерация, паронимиялық аттракция, консонанс, ішкі ұйқас. Лексикалық қайталамалар редупликант (негізгі сөз) пен редупликатордың (қайталанатын сөз) орналасу ерекшеліктеріне орай контактілі және дистантты болып екі түрге ажыратылады. Семантикалық, сатылы, сақина қайталамалары бар, плеоназм сөздерінің қайталануы кездеседі. Ғалым С.Негимов "Өлең өрімдері" кітабында әуендік анафора мен эпифора, әуендік-лексикалық анафора мен эпифоралардың түрлерін белгілейді.[8,11О] Фразеологиялық анафора мен эпифора түрлеріне фразеологизмдердің қайталануы жатады. Грамматикалық анафора мен эпифораның түріне сөз таптарының қайталамалары кіреді.

Шығарма тілінің көркемдігі суреткердің әр сөздің орнын тауып көркем жұмсай білуінде, сөздердің қайталануында. Ақын сөзді қиыстырып, қайталап, тиісті жерінде ұтымды қолданып, ойдың түсініктілігін, дәлдігін айқындайды. Мысалы:



Бақыт деген — сенің бала қүндерің

Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің,

Бақытым да, басқасын да білмеуің

Бақытсыз-ақ ойнағаның, күлгенің.
Бақыт жайлы менің мынау білгенім:
Бақыт деген - бірде шаттық, бірде мұң.
Бақытты сол — тәрік етіп түндерін,
Бақыт іздеп азаптанса кімде-кім.
[9,3 т.,31]
Өлеңде "бақыт" сөзі 21 рет қайталанады, осы сөздің екі шумақтың басында қайталануы анафора жасап тұр. Шындығында да, Мұқағали өлеңдерінің әсерлілігі — мағынасы тереңде жатқан сөздің қайталанып контекстік қызмет атқара алуында.

Мұқағали өлендерінде анафора мен эпифора тәсілдерінің шеберлікпен пайдаланылуы өлеңге ерекше көркемдік сипат береді, ақынның айтар ойын жинақтап, күшейтеді.

Ақын өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы алуан түрлі көріністерді лирикалық шығармасы арқылы оқырманына жеткізеді. Яғни, адамның бойында, мінез-құлқында, іс-әрекетінде, тағдырында араласып жүретін пендешілік, арамдық, қараниеттілік, жауыздық, екіжүзділік сияқты толып жатқан түрлі зымияндықты білдіретін ұғымдарды ақын өткір де уытты жырларымен жоғалтуға ұмтылады. Сонымен қатар өмірдегі жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық, адалдық пен арамдық, өмір мен өлім сияқты кереғар ұғымдарды көркем тілімен айшықтап, оларды бірнеше рет қайталап, суреттеп береді. Осы ойларымыздың дәлелі жұмысымыздың негізгі тарауларында айтылады.

Мұқағали Мақатаев таланты қазақ поэзиясында қашан да биіктен көрінеді, ол қазақ лирикасының кең төрінде өзінің "менін" танытты.

Ақын өзінің 14 ақпан 1976 жылы жазған күнделігінде: "...Поэзия - ғылым. Зерттеу керек. Менің қымбатты достарым! Егер шынымен менің өмірбаянымды, творчествомды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыңдар. Мені өз өлендерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінемін. Естеріңізде болсын, менің өлеңім жеке тұрғанда түк те емес. Біріктіріп қарағанда ол поэма іспетті. Басы және аяғы бар. Сонымен, достар, бүкіл менің жазғаным бар-жоғы бір ғана бүтін поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма. Егер нанбасандар, барлық өлеңімді жинап, бір жинаққа топтастырып көріңдерші. Естеріңде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын. Яғни, жылына және бойына қарай, сонан соң көз алмай оқындар. Сюжетіне көңіл аудармай-ақ қоюларыңа болады, ал композициясы мен архитектоникасына зер салыңдаршы. Егер мені сонан таппасаңдар, онда ақын болмағаным!" [9,3т.,394] — деп жазған болатын. Акын поэзияны зерттеу керектігін баса айтып, өзіне де өзінің өлеңіне де аса жауаптылықпен қарайды. Жырларының басқа жүректерге сәуле түсіретінін және осылардың бәрі адам өмірі туралы тұтас поэма екенін оқырманына ескертіп отырады. Ақын өзінің жырына әділ баға бере отырып, ертеңгі күні менің өмірімді, творчествосымды зерттемек болсаңдар, мынаған көңіл аударыңдар деп өзі айтып кетті. Олай болса, оның өз айтқандарын басшылыққа ала отырып, тек Мұқағалиға ғана тән тіл ерекшеліктерін жан-жақты зерттеу қажеттігі туындайды.

Негізінен, М.Мақатаевтың ақындық шеберлігіне байланысты жазылған әдеби-сын мақалаларды көптеп кездестіруге болады. Мерзімді баспасөз беттерінде 1960-2004 жылдар аралығында әр түрлі тақырыптағы 200-ге жуық мақала жазылған екен. 1991 жылы К.Сейітова "Мұқағалидың ақындық мұрасы" деген кандидаттық диссертация қорғайды. Еңбекке Мұқағалидың өмір жолын, поэтикалық шеберлігін ғана айтады. Ал Мұқағали шығармашылығына арналған Күрленбай Хамидуллаевтың "Мұқағали Мақатаевтың ақындық шеберлігі" (1993 ж,) деген зерттеу жұмысында М.Мақатаевтың тілі, сөзді әрлендіріп қолданудағы шеберлігі, тілдік элементтерді таңдауы, жаңа мағына туғызуы сияқты мәселелер қарастырылған. А.З.Қазанбаева өзінің "Мұқағали Мақатаев лирикасының лексика-грамматикалық ерекшеліктері" атты диссертациялық жұмысында М.Мақатаев поэзиясында кездесетін сөздердің топтарын, құрылымдық ерекшеліктерін, лексика-грамматикалық сипатын, стильдік қызметін, айшықтау және көркемдеу құралдарының қолдану мүмкіншілігін және авторлық қолданыстағы сөздердің құпиясын ашады. Диссертациялық жұмыста ақын лирикасы тіліндегі соны, тосын сөз тіркестері, жаңа мағынаның пайда болуы, сан алуан лексикалық қабаттары лингвистикалық тұрғыдан қарастырылған. Бірақ еңбектердің бәрінде де Мұқағалидың өлендеріндегі анафора және эпифора түрлеріне, яғни қайталама құбылысына көп көңіл аударылмаған, себебі аз зерттелген.

Анафоралық және эпифоралық қайталама түрлері тілдегі көркемдегіш тәсіл ретінде лингвистикада көптен бері танымал болса да, осы мәселенің төңірегінде анықталмаған сұрақтар аз емес. Академик Р.Сыздық осы мәселе жайында былай деген еді: "Көркем текстегі қайталаманың типтерін іздестірген зерттеуші болса, қайталама элементтердің орны, морфологиялык, тұлғасы жағынан топтап қарастырса, бұл құбылыстың стильдік статусы айқындалары сөзсіз." [2,89] Шынында да, анафоралық және эпифоралық қайталамалардың тілдік сипаты, стильдік қызметі, поэтикалық мәтіндегі алатын орны сияқты мәселелер қазақ тіл білімі ғалымдарының еңбектерінде тұтас, жүйелі қарастырылмаған.

Халықтың құрметіне ие болған сүйікті ақыны Мұқағали Мақатаев лирикасындағы анафора және эпифоралардың қолданылуы тілшілер тарапынан арнаулы зерттеу нысанына ілінген жоқ. Сондықтан ақынның жырларындағы сөздердің қайталану шеберлігін лингвостилистикалық тұрғыдан қарастыру бүгінгі күннің кезек күттірмейтін өзекгі мәселелерінің бірі деп білеміз.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет