3.3 Қылмыстық жазадан босату түрлері мен олардың жалпы сипаттамасы
Жазадан босату – бұл кінәлі адамды жазаның мазмұны болып табылатын құқықтық шектеулер мен құқықтарынан айыру шараларынан босату. Аталған институтты қолданудың негізі сот тағайындаған жазаны орындаудың мүмкін болмауы мен жазаны атқарудың орынсыздығы болады. Кейде қылмыстық жазадан босатуды қылмыстық жауаптылықты жүзеге асыру тәсілінің бір формасы ретінде қабылдап, оны қылмыстық жауаптылықтан босатудың құрамдас бөлігі ретінде қарастырады. Іс жүзінде қылмыстық жазадан босату — өз алдына дербес қылмыстық құқықтық институт [87, 25 б.].
Қылмыстық жауаптылықтан босату мен қылмыстық жазадан босату өзара мазмұны, негіздері, құқықтық салдары мен қолданудың процессуальдық тәртібімен ерекшеленеді. Мысалы, үшін қылмыстық жауаптылықтан босату тек қоғамға қауіптілік дәрежесі жоғары емес онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған тұлғаларға катысты ғана қолданылса, қылмыстық жазадан босату онша ауыр емес және орта ауырлықтағы қылмыстар үшін ғана емес және орта ауырлықтағы қылмыстар істеген адамға қатысты жүзеге асырылуы мүмкін. Жазадан тек сот босата алады. Ал қылмыстық жауаптылықтан босатуға тергеуші, прокурор, анықтау органы құзіретті. Және қылмыстық жазадан босату қылмыскерді қылмыстық жауапылықтан босатпайды. Ал қылмыстық жауаптылық қылмыстық жазасыз-ақ жүзеге асырыла береді.
Қылмыстық Кодексте жазадан босатудың келесі түрлері атап көрсетілген [85 , 15-17 б.б].
Шартты-мерзімінен бұрын жазаны өтеуден босату;
Жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңілдеу келетін жаза түрімен алмастыру;
Жүкті әйелдер мен жасөспірім балалары бар әйелдердің жазасын өтеуді кейінге қалдыру;
Ауыр науқастығына байланысты жазаны өтеуден босату (ҚК 73-бап);
Төтенше жағдайлар салдарынан жазаны өтеуді кейінге қалдыру немесе жазаны өтеуден босату;
Айыптау үкімінің ескіру мерзімінің өтуіне байланысты
жазаны өтеуден босату;
Қылмыстық жазадан босатудың тағы екі түрі бар. Олар рақымшылық және кешірім беру. Бірақ олардың құқықтық табиғатының ерекшілігіне байланысты олар диссертациялық арауында каралады. Жазадан босату шартты (мерзімінен бұрын-шартты түрде босату, жасөспірім балалары бар әйелдер мен жүкті әйелдердің жазасын өтеуді кейінге қалдырған жағдайда) және шартсыз (ауыр науқастығына байланысты жазадан босату) болады.
Жазаны өтеуден шартты мерзімінен бұрын босату. Қылмыстық кодекстің 70-бабыңда көрсетілген жазадан мерзімінен бұрын-шартты түрде босату сот тағайындаған жазадан заңда көрсетілген шарттар сақталған жағдайда сотталған адамды босату арқылы көрінеді. Жаза шартты-мерзімінен бұрын босату барлық жаза түрлеріне емес ҚК-ң 70-бабында көрсетілген түзеу жұмыстары, әскери қызмет бойынша шектеу, бостандықты шектеу, тәртіптік әскери бөлімде ұстау немесе бас бостандығынан айыру жазаларына қолданылады.
Сот шарты-мерзімінен бұрын босату туралы шешім қабылдамай тұрып сотталғанның түзелуі үшін тағайындалған жазаны толықтай өтеудің қажеті жоқтығына көз жеткізуі тиіс. Сонымен бірге сот жазаның қосымша түрін атқарудан толық немесе бір бөлігінен босата алады.
Мерзімінен бұрын босату қолданудың шартарының бірі тағайындалған жазаның заңда бекітілген бөлігін өтеу болып табылады. Оның ұзақтығы қылмыс дәрежесіне тікелей байланысты. Мерзімінен бұрын-шартты түрде босату сотталған адам тағайындалған жазаның мынадай бөлігін өтеген соң қолданылуына жол беріледі:
Ауырлығы онша емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін тағайындалған жазаның мөлшерінің кемінде жартысын өтеген соң;
Ауыр қылмысы үшін тағайындалған жазаны кемінде үштен екі бөлігін өтеген соң;
Аса ауыр қылмыс жасағаны үшін тағайындалған жазаның кемінде төрттен үш бөлігін өтеген соң, сондай-ақ бұрын шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, бірақ шартты түрде мерзімінен бұрын босату осы баптың жетінші тармағында көрсетілген негіздер бойынша тоқтатылған адамға тағайындалған жазаның төрттен үш бөлігін өтеген соң қолданылады.
Қылмыстың ауырлық дәрежесіне тәуелсіз бас бостандығынан айыру жазасын өтеу барлық жағдайда 6 айдан кем болмауы тиіс.
Өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан сотталғандарды жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың ерекше тәртібі белгіленген. Сот мұндай тұлғаны бас бостандығынан айыру жазасының кемінде 25 жылын өтеген соң, бұдан ары аталған жазаны қолдануды қажет етпейді деп анықтаса мерзімінен бұрын босатуы мүмкін.
Түзелу процесі жазадан босатылған соң да жүретін болғандықтан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамға белгілі бір міндеттемелер жүктелуі мүмкін: тұрғылықты мекен-жайын, қызметін, сотталғанның мінез-құлқына қадағалау жүргізуші арнайы мемлекеттік органның рұқсатынсыз ауыстырмау, белгілі бір орындарға бармауға, алкоголизм, наркомания, таксикомания, соз немесе ВИЧ, СПИД ауруларынан емдеу курсын өту, жанұясына материалдық көмек беріп тұру т.б. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған тұлғалардың мінез-құлқын қадағалауды осы құзіреттілік берілген арнайы мемлекеттік орган, ал әскери қызметшілерге қатысты — әскери бөлімдер мен мекемелердің командованиесі жүзеге асырады.
Шартты түрде—мерзімінен бұрын босату туралы шешім қабылдағанда сот ешқандай сынақ мерзімін белгілемейді [86, 69 б.]. Өйткені сынақ мерзімі жазаның өтелмеген бөлігі аяқталғанша созылады. Қылмыстық кодекстің 70-бабының 7-тармағында шартты түрде мерзімінен бұрын босату тоқтатылатын негіздер көрсетілген. Егер жазаның өтелмеген уақыты аяқталғанша сотталған адам қоғамдық тәртіпті бұзып, әкімшілік жауаптылыққа тартылса немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдану барысында сот жүктеген міндеттерін орындаудан қасақана жалтарған жағдайда сот осы тұлғаның мінез-құлқын қадағалаушы органның ұсынысы бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды тоқтату және жазаның өтелмеген бөлігін орындау жөніңде қаулы шығарады.
Жаңа Қылмыстық кодекс бойынша бұрынғы кодексте көрсетілгендей қоғамдық тәртіпті бірнеше қайталама бұзудың қажеті жоқ. Бірғана қоғамдық тәртіпті бұзудың орын алғандығы анықталса жеткілікті. Міндеттерін орындаудан қасақана жалтару деп - жазбаша ескертуден кейін де жалғасын тапқан жүктелген міндеттерін орындаудан бас тартуды айтамыз. Егер жазаның өтелмеген бөлігі аяқталғанша жаңа қылмыс жасалынса, ол қылмыстың қасақана жасалғаны немесе абайсыздықта жасалғанын анықтау қажет. Өйткені мұндай қылмыстардың құқықтық салдары әртүрлі болуы мүмкін. Егер қылмыс абайсыздықпен жасалынса, сот мерзімінен бұрын-шартты түрде босатуды күшінде қалдыруы немесе тоқтатуы мүмкін. Ол үшін істің барлық объективтік және субъективтік жағдайлары қаралуы, ескерілуі қажет. Егер қасақана қылмыс жасалса, мерзімінен бұрын-шартты түрде босату тоқтатылып, жаза Қылмыстық кодекстің 60-бабында көзделген тәртіпке сәйкес тағайындалады. Абайсыздықпен қылмыс жасалып, сот мерзімінен бұрын-шартты түрде босатуды тоқтату кажеттілігі туралы қортындыға келсе, бұл да 60-баптың ережелеріне сәйкес жазалауға жатады.
Жаңа Қылмыстық кодексте мерзімінен бұрын-шартты түрде босатуды қолдануға болмайтын тұлғалар тізімі азайтылған Қылмыстық кодекстің 70-бабының 8-ші тармағына сәйкес шартты түрде жазадан мерзімінен бұрын босатуға жасаған қылмысы үшін өлім жазасы тағайындалып, жаза түрі кешірім беру тәртібімен бас бостандығынан айыру жазасымен ауыстырылған тұлғаға қолданылмайды.
Жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен алмастыру
Жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен алмастыру тәртібі Қылмыстық кодекстің 71-бабында көрсетілген. Аталған босату түрі жазаның мақсатына өтелмеген жазаны жеңіл жазаны қолдану арқылы жетуге болатындығы анық болған жағдайда қолданылады. Жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен алмастырудың жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан айырмашылығы ол тек бас бостандығынан айыру жазасына сотталғандарға ғана қатысты қолданылады. Қылмыстық кодекстің 71-бабын қолдануға жасалынған қылмыстың онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыс болуы және сотталып жазасын өтеу барысындағы мінез-құлқын сипаттайтын мәліметтер негіз болады. Ескерілген мәліметтер қатарына еңбекке деген ықыласы, ескертулер мен марапаттаулар алуы т.б. жатады. Негізгі жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл жазамен ауыстыру мен қатар соталған тұлға жазаның қосымша түрін өтеуден толықтай немесе ішінара босатылуы мүмкін. Жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл жазамен ауыстырудың үшінші міндетті шарты— тағайындалған жазаның кемінде үштен бірінің іс жүзінде өтелуі.
Жазаның өтелмеген бөлігін ауыстыра отырып, сот Қылмыстық кодекстің 39-бабын басшылыққа алып, жазаның неғұрлым жеңіл түрін таңдап алуы тиіс. Бірақ жазаның өтелмеген бөлігін ауыстыратын жеңілдеу жазаның мөлшері осы жаза түрі үшін Қылмыстық кодексте көрсетілген ең жоғарғы шектен аспауы тиіс екендігін еске сақтау керек. Мысалы, бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген үш жыл мерзімі түзеу жұмыстарына ауыстырылса, онда оның жеңіл жаза түрі ретінде ең жоғарғы шегі екі жылдан аспауы тиіс (ҚК 43-бап). Бас бостандығынан айыру жазасына қатысты неғұрлым жеңіл жаза ретінде бас бостандығын шектеу, белгілі бір лауазымдарда болу құқығынан айыру жазалары қарастырылады [87, 15 б.].
Жазаның өтелмеген бөлігін жеңілдеу жазамен ауыстыру босатудың шартсыз түрлерінің бірі болып табылады. Бұл сот ешқандай жағдайда бастапқы жаза түрін қайта қалпына келтіре алмайды деген сөз. Егер сотталған тұлға ауыстырылған неғұрлым жеңіл жазаны өтеу барысында жаңадан қылмыс істеген жағдайда, екінші айыптау үкімі бойынша тағайындалған жаза мөлшеріне осы ауыстырылған неғұрлым жеңіл жаза түрінің өтелмеген бөлігі толық немесе ішінара қосылады.
Жүкті әйелдер мен жасөспірім балалары бар әйелдердің жазасын кейінге қалдыру
Қылмыстық кодекстің 71-бабы жүкті әйелдер мен жасөспірім балалары бар әйелдердің жазасын өтеуін кейінге қалдыру тәртібін белгілейді. Жазасын өтеуді кейінге калдыру жаза мөлшері 5 жылдан асатын тұлғаға қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмыстардан басқа қылмыстар жасаған жүктілік жағдайындағы немесе жасөспірім балалары бар әйелдерге қатысты ғана қолданылу мүмкін (ауырлататын мән-жайға қасақана кісі өлтіру т.б.) заңда нақты қандай жаза түрлері өтеуді кейінге калдыруға болатындығы айтылмаған. Бірақ Қылмыстық кодекстің 72-бабын сөзбе-сөз талқылау бұл тек бас бостандығынан айыру жазасы емес, сонымен бірге басқа да бас бостандығын айырумен байланыссыз жаза түрлерін өтеуге қатысты қолданылуға болатындығын көруге болады [88, 29 б.].
Жазаны өтеуді бір жыл мерзімге дейін кейінге қалдыруына жол берілген. Баланың сегіз жасқа толуына немесе оның қайтыс болуына, жүктіліктің үзілуіне байланысты сот сотталған адамның мінез-құлқын ескере отырып оны жазасын өтеуден босатуы немесе тағайындалған жазаны неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыруы немесе сотталған адамды тиісті мекемеге жазасын өтеу мақсатында жіберу туралы шешім қабылдануы мүмкін. Заңда қандай жағдайда сот сотталған адамды жазадан босатуға, қандай жағдайда оны жеңіл жазамен ауыстыру керектігі жөнінде айтылмаған. Бұл мәселені шешу тек сот құзіретінде болып табылады. Қылмыстық кодекстің 72-бабы жүкті әйелдер мен жасөспірім балалары бар әйелдерге қатысты қолданылған жазаны өтеуді кейінге қалдыруды тоқтату мүмкіндігін де ескерген. Заңда мұндай үш негіз көрсетілген: соталған адамның баладан бас тартуы немесе оны тәрбиелеуден жалтаруы, қоғамдық тәртіпті бұзуы (ҚК 72-бабы 2-тармақ) немесе жазаны кейінге қалдыру кезеңінде жаңа қылмыс жасауы. Бұл жерде есте сақтайтын шарт, баланы тәрбиелеуден жалтару немесе қоғамдық тәртіпті бұзуға байланысты жазаны өтеуді кейінге қалдыруды тоқтатуға тек осы аталған іс-әрекетіне қатысты сотталған адамға қадағалау жүргізуші тиісті орган шығарған екі қайтара қарау жазбаша ескертуі болған жағдайда ғана соттың құқығы бар. Сот осы аталған адамды сот үкіміне сәйкес тағайындалған жазасын өтеу үшін тиісті мекемеге жібереді.
Жазаны өтеуді кейінге қалдыру кезеңінде жаңа қылмысты жасаған сотталған адамға қатысты сот Қылмыстық кодекстің 60-бабының ережелеріне сәйкес жаза тағайындайды.
Осылайша жазаны өтеуді кейінге қалдыру мерзімі аяқталған соң немесе оған негіз болатын мәселелерді жоятын жағдайлар туындауына байланысты сот сотталған адамның мінез құлқын бақылауды жүзеге асыратын органның пікірін ескере отырып, мына мәселелерді шешеді:
Жазаны өтеуден босату мүмкіндігі туралы;
Жазаның калған бөлігін Қылмыстық кодекстің 71-бабының ережелеріне сәйкес неғұрлым жеңіл жаза түрімен алмастыру мүмкіндігі туралы.
Сотталған адамды жазаның қалған бөлігін өтеу үшін тиісті мекемеге бағыттау туралы;
Демек, сотталған адам жазаны өтеуді кейінге қалдыру мерзімі аяқталуына байланысты, өтелуі кейінге қалдырылған жазаны өтеуден автоматты түрде босатылып кете алмайды.
Науқасына байланысты жазаны өтеуден босату
Науқасына байланысты жазадан босату ( ҚК-ң 73-бабы ) екі негізге сүйеніп жүзеге асрылуы мүмкін: қылмыс істеген тұлға қылмыс жасағаннан кейін техникалық ауруға душар болуына байланысты өз іс-әрекетінің немесе әрекетсіздігінің қоғамға қауіптілік дәрежесімен сипатын сезіне алмайтын жағдайға ұшырауы немесе қылмыс жасаған адам жазаны өтеуге мүмкіндік бермейтін басқа да ауыр науқасқа душар болуына байланысты қолданылады.
Психикалық ауытқулар қылмыс жасалған соң немесе жазаны өтеу процессі кезеңінде орын алуы мүмкін. Бірінші жағдайда қылмыс жасаған тұлға жазадан босатылады, екінші жағдайда жазаны одан әрі өтеуден босатылады. Аталған негіз бойынша қылмыс жасаған тұлғалар немесе сотталғандар жазаны өтеуден қылмыстық ауырлық дәрежесі мен сот тағайындаған жаза мөлшеріне тәуелсіз болуы тиіс [89, 96 б.].
Мұндай тұлғаларға қатысты сот Қылмыстық кодекстің 77-бабына сүйеніп медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы.
Өз іс-әрекетінің мән-мазмұнын түсіну мүмкіндігінен немесе оларды басқару мүмкіндігінен айырмайтын уақытша сипаттағы техникалық ауытқулар жазадан босатуға негіз бола алмайды.
Басқа ауыр науқастарға душар болғандарды жазаны өтеуден босатудың өзіндік спецификалық ерекшеліктері бар. Аталған негіз бойынша жазаны өтеуден босату соттың міндеті емес, оның құқықтарының бірі болып табылады. Бірақта сырқаты өте ауыр дәрежеде болып, жазаны өтеуге кедергі жасайтын болса тұлға жазаны өтеуден босатылады немесе жаза неғұрлым жеңіл жаза түрімен алмастырылады. Мұндай шешімдерді қабылдауда қылмыстық ауырлық дәрежесі, сотталған адамның тұлғалық ерекшеліктері, ауру сипаты, жаза мөлшері мен оның іс-жүзінде өтелген бөлігі және т.б. жағдайлар ескеріледі. Әдетте жазаны өтеу барысында өз денсаулығына қасақана зиян келтірушілер жазаны өтеуден босатылмайды.
Науқасына байланысты жазаны өтеуден босату дәрігерлік коммиссия қортындысы мен жазаны атқару мен айналысатын органның ұсынысына негізделіп жүзеге асырылады [90, 45 б.].
Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 73-бабының бірінші және екінші тармақтарында көрсетілген тұлғалар науқасынан сауығуына байланысты, қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі немесе айыптау үкімінің ескіру мерзімі өтіп кетпесе (ҚК 75,65-6.6.) қылмыстық жауаптылық пен жазаға тартылады. Егер қылмыс жасаған тұлғаға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған мерзім жазаны өтеу мерзіміне есептеледі.
Камау немесе тәртіптік әскери бөлімде ұстау жазасына сотталған әскери қызметшілер ауыр науқасына байланысты әскери қызметке жарамсыз деп танылса, сот шешімімен жазадан немесе жазаны одан әрі өтеуден босатылуы немесе жазаның өтелмеген бөлігін неғүрлым жеңіл жазаға ауыстырылуы мүмкін.
Казақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 73-бабы бойынша қылмыстық жазаны өтеуден босату шартсыз болып табылады.
Төтенше жағдайларға байланысты жазаны өтеуден босату және жазаны өтеуді кейінге қалдыру
Төтенше жағдайларға байланысты қылмыстық жазаны өтеуден босату немесе оны өтеуді кейінге қалдыру Қылмыстық кодекс үшін жаңа босату түрлерінің бірі.
Соттың онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамды, егер жазаны өтеу нәтижесінде сотталған адамға немесе оның семья мүшелеріне өрт, табиғи апат, ауыр науқас, семьяда жалғыз жұмысқа кабілетті мүшесінің қайтыс болуына басқа да төтенше жағдайларға байланысты ауыр зардаптар туындайтын болса бұл тұлғаны жазаны өтеуден босатуға құқығы бар.
Осылайша заң жазаны өтеуден босатуды аса ауыр зардаптардың туу мүмкіндігімен байланыстырады. Қылмыстық кодекстің бабында қандай түрдегі зардаптар туындауы мүмкін екендігі тікелей көрсетілген. Бұл ұғым бағалаушылық сипатқа ие. Бұл жағдайларды бағалау құзіреті сотқа берілген. Жалпы формада бұл зардаптарды материалдық, мүліктік, физикалық сипаттығы зардаптар деп бөліп көрсетуге болады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 74-бабында аса ауыр зардаптарға соқтыру мүмкін жағдайлардың шамалаған тізімі көрсетілген. Соттың бұл тізімнен тыс басқа да нәтижесінде жазаны өтеу зардаптар туғызуы мүмкін жағдайларды төтенше жағдайлар қатарына жатқызуға құқығы бар.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 74-баптарының 2-ші тармағындағы норманың бірқатар кемшілікгері бар.
Біріншіден, неге осы аталған жазаны өтеуден босату және оны өтеуді кейінге қалдыру түрі онша ауыр емес және орта ауырлықтағы қылмыс жасаған адамдарға қатысты қолданылмайды ? — деген сұрақ туындайды. Екіншіден, неге бұл жазаны өтеуді кейінге қалдыру түрі қамау, бас бостандығын шектеу, әскери тәртіптік бөлімге жіберу сияқты жаза түріне сотталған адамдарға қатысты қолданылмайды? Үшіншіден аталған жазадан жаңадан босату түрін аса ауыр дәрежедегі қылмыс жасаған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырған адамға қатысты қандай төтенше жағдай туындаса да жазадан босата салу меніңше ақылға қонымсыз жағдай. Бұл адамның бостандыққа шыққасын жаңа қылмыс жасап, өз еркімен бас бостандығынан айыру орнына қайта келмесіне кім кепіл бола алады? Заңда Казақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 74-бабының 2-ші тармағын қолдануға қатысты ешқандай шектеулер көзделмеген. Яғни, осы заң тармағына сүйене отырып аталған босату түрін қолданып үш қайтара соталған аса қауіпті қылмыскерді бостандыққа шығарып жіберуге болады.
Тұлға ауыр немесе аса ауыр қылмыс істеген жағдайда сот Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлардың болуын негізге ала отырып жазаны өтеуді үш айға дейінгі мерзімге кейінге қалдыра алады. Мұндай кейінге қалдыру тек бас бостандығынан айыру жазасына сотталғаңдарға қатысты қолданылады.
Қылмыстық кодекстің 74-бабында көрсетілген жазаны өтеуден босату түрі де шартсыз болып табылады.
Айыптау үкімінің ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жазаны өтеуден босату
Кейбір жағдайларда айыптау үкімі бірқатар себептер нәтижесінде жүзеге асырылмауы мүмкін: сот консепциясының, тағайындалған жазаны орындауды жүзеге асыратын органның қызметкерлерінің дұрыс қызмет істемеуі, сотталғанның сырқаты немесе оның жазаны өтеуден жалтаруы нәтижеінде т.б. осындай себептермен айыптау үкімі ұзақ уақыт бойы орындалмай қалса, онда оның ары қарай орындалу тиімділігін, ескертпелік ықпалын жоғалта бастайды. Сондықтан белгілі бір жағдайда кінәлі адам жазаны өтеуден босатылуы мүмкін. Айыптау үкімінің ескіру мерзімі жетуіне байланысты жазаны өтеуден босату Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 75-бабында көрсетілген заңда ескіру мерзімінің сәйкестендірілген дифференцияландырылған мерзімдері берілген. Бұл мерзімдер ең алдымен қылмыстық дәрежелеріне тікелей тәуелді.
Айыптау үкімі оның заңды күшіне енген күннен бастап, келесі мерзімдердің өтелуіне байланысты жүзеге асырылмайды:
үш жыл-онша ауыр емес қылмысы үшін сотталғандарға;
алты жыл — орта ауырлықтағы қылмыс жасағаны үшін сотталғандар;
он жыл — ауыр қылмыс жасағаны үшін соталғандарға;
он бес жыл - аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандарға.
Ескіру мерзімінің өтуі тоқтатыла тұруы немесе үзілуі мүмкін. Ескіру мерзімінің өтуі сотталған адам жазасын өтеуден жалтарып жүруіне байланысты тоқтатыла тұрады. Жазаны өтеуден жалтару елді-мекен шегінен шығып кету, жазаның орындалуына жауапты органға келмеу т.б. арқылы көрілуі мүмкін. Ескіру мерзімінің өтуі жазадан жалтарып жүрген адам ұсталған немесе өз еркімен келген сәттен қайтып қалпына келтіріледі. Сотталғанның жазаны өтеуден жалтаруға дейінгі өткен ескіру мерзімі есептелуге жатады. Егер айыптау үкімінің күшіне енген сәтінен жиырма бес жыл мерзім өтіп, осы мерзім ішінде ескіру мерзімі кез-келген жаңа қылмыс жасауына байланысты үзілмесе, айыптау үкімі жүзеге асырыла алмайды.
Ескіру мерзімі Қылмыстық кодекстің 75-бабының бірінші тармағында көрсетілген мерзімдер өткенше сотталған адам кез-келген дәрежедегі жаңа қасақана қылмыс істеген жағдайда үзіледі. Мұндай жағдайларда ескіру мерзімін есептеу жаңа қылмыс істеген күннен қайта есептеле бастайды. Өлім жазасына немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына сотталған адамдарға қатысты ескіру мерзімі қолдану мүмкін болмаған жағдайда сот өлім жазасын өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына, ал өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын белгіленген мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыра алады [91, 15 б.] .
Бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыс үшін сотталған адамдарға қатысты ескіру мерзімі қолданылмайды.
Кәмелеттік жасқа толмағандарды жазаны өтеуден босату
Бұрын кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жазалар түрінің арнайы тізімі қарастырылмаған болатын. Ал қазір, ҚР ҚК-нің 79-бабына сәйкес, 18 жасқа дейін қылмыс жасаған адамдарға тек мына жазалар қолданылады: айыппұл салу; белгілі бір қызметпен айналысу құқынан айыру; қоғамдық жұмыстарға тарту; түзеу жұмыстары; қамау; бас бостандығынан айыру.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 78-бабы бойынша жазаны өтеуден босатылатын кәмелетке толмағандар деп қылмыс жасау уақытысында он төрт жасқа толған, бірақ он сегіз жасқа жетпеген тұлғалар танылады.
Алғашқы рет онша ауыр емес және орта ауырлықтағы қылмысы үшін сотталған кәмелетке толмаған тұлға сот оны түзелуі үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 82-бабыңда көзделген мәжбүрлі тәрбиелік ықпал ету шараларын қолдану жеткілікті деп таныса жазаны өтеуден босата алады.
Түсіндірме беріп отырған бапта заң шығарушы кәмелеттік жасқа толмағандарды қылмыстық жазадан босату негіздерін анықтайды. Сонымен бірге кәмелеттік жасқа толмаған қылмыскер босатылып отырған жаза түріне балама ретінде мәжбүрлі тәрбиелік ықпал ету шараларын ұсынады [92,48б.]. Кәмелетке толмаған сотталғандарды тәрбиелік сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданып, жазаны өтеуден босату тек мынадай үш бір-бірімен байланысты шарттар болған кезде ғана мүмкін:
Кәмелеттік жасқа толмағанның онша ауыр емес немесе орта ауырлықтағы қылмыс жасауы;
Аталған дәрежедегі қылмыстарды бірінші рет жасауы;
Кәмелетке толмаған тұлғаға берілген мінездеме аталған тұлғаның түзелуіне қылмыстық жазалау жолымен емес, тәрбиелік сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану арқылы қол жеткізуге болатындығына соттың сенімін тудырса.
Сот сенімі кәмелеттік жасқа толмаған адам істеген іс-әрекеті, оның тұлғалық ерекшеліктерін, істің мән-жайын, құқықтық сана денгейін әдептік ұстамдарын, ата анасымен айналадағыларымен қарым-қатынасымен т.б терең, жан-жақты талдау негізінде қалыптасуы керек.
Кәмелеттік жасқа толмағандарды жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату
Шартты-мерзімінен бұрын босату кәмелеттік жасқа жетпей қылмыс жасағаны үшін бас бостаңдығынан айыру немесе түзеу жұмыстарына адамдарға қатысты жазаның мына мөлшерлерін нақты өтеген соң қолданылады:
а) Соттың онша ауыр емес немесе орта ауырлықтағы қылмысы үшін тағайындаған жазаның кемінде үштен бірін өтеуіне карай;
б) Соттың ауыр қылмыс үшін тағайындаған жазасының кемінде жарты бөлімін өтеуіне байланысты;
в) Соттың аса ауыр қылмыс үшін тағайындаған жазасының кемінде үштен екісін өтеуіне орай.
Кәмелетке толмағандарға қатысты қолданылатын ескіру мерзімдері
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 75 және 69 баптарында көрсетілген ескіру мерзімдері кәмелеттік жасқа толмағандарға қылмыстық жауаптылықтан немесе жазаны өтеуден босату кезінде екі есе қысқартылады.
Айрықша жағдайларда сот істелген іс-әрекет сипаты мен тұлғаның ерекшеліктеріне байланысты "кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмыстық жауаптылығы" тарауының ережелерін он сегіз жастан жиырма жасқа дейінгі қылмыс жасаған тұлғаларға қатысты қолдануы мүмкін. Жазаны дұрыс тағайындау – құқық қорғау органдарының қылмыстылықпен күрес жолындағы жұмыстардың тиімділігін арттырудың міндетті шарттарының бірі.
Заңды, негізді және әділ жаза тағайындау қылмыстылықпен күрестің және құқықтық тәртіпті нығайтудың маңызды құралы ретінде қажетті жазалаушылық ықпалды қамтамасыз етеді, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге, сотталғандардың түзелуіне, сол сияқты сотталғандар мен өзге де адамдардың қылмыс істеуінің алдын алуға мүмкіндік береді [85, 6 б].
Істелген қылмыс үшін тек сот қана жаза тағайындай алады. Одан басқа мемлекеттің ешқандай органы мұндай құқықты пайдаланы алмайды.
Сот кінәліге жаза тағайындау кезінде нені басшылыққа алуы керек?
Жаза тағайындаудың жалпы бастаулары ҚР ҚК 52 – бабымен анықталған. Сөйтіп, ҚР ҚК 52 – бабында былай делінген:
1. Қылмыс істеуге айыпты деп танылған адамға осы Кодекстің Ерекше бөлімінің тиісті бабында белгіленген шекте және осы Кодекстің Жалпы бөлімінің ережелері ескеріле отырып, әділ жаза тағайындалады;
2. Қылмыс істеген адамға оның түзелуі және жаңа қылмыстардың алдын алу үшін қажетті және жеткілікті жаза тағайындалуға тиіс. Егер істелген қылмыс үшін көзделген жазаның оңша қатаң емес түрі жазаның мақсатына жетуді қамтамасыз ете алмайтын болса ғана ол үшін көзделгендері арасынан неғұрлым қатаң жаза тағайындалады. ҚР Жоғарғы Соты ауыр және аса ауыр қылмыс істеген, әсіресе ұйымдасқан топтардың немесе қылмыстық қауымдастық құрамында сыбайлас жемқорлық қылмыс істеуде кінәлі деп танылғандарға, сондай – ақ түзеуге жолға түскісі келмейтін адамдарға заңмен қарастырылған қатал жазаларды міндетті түрде талқылау және қолдану қажеттігін көрсетті. Істелген қылмыс үшін осы Кодекстің Ерекше бөліміндегі тиісті баптарды көзделгеннен неғұрлым қатаң жаза осы Кодекстің 58 және 60 – баптарына сәйкес қылмыстардың жиынтығы бойынша немесе үкімдердің жиынтығы бойынша тағайындалуы мүмкін. Істелген қылмыс үшін осы Кодекстің Ерекше бөліміндегі тиісті баптарды көзделгеннен қатаңдығы төменірек жаза тағайындау үшін негіз осы Кодекстің 55 – бабында белгіленеді.
3. Жаза тағайындау кезінде қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесі айыпкердің жеке басы, сонымен бірге оның қылмыс істегенге дейінгі және одан кейінгі мінез – құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән – жайлар, сондай – ақ тағайындалған жазаны сотталған адамның түзелуіне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тіршілік жағдайына ықпалы ескеріледі.
Бұл баптың мазмұнынан, оның қылмыстық құқықтың барлық негізгі деген институттарын бойына сіңіріп тұрғаның көруге болады (мысалы, қылмыс құрамы, қылмыс сатылары, қылмысқа қатысу институты сияқты және басқалар).
Сот жаза тағайындау кезінде қылмыстық құқықтың заңдылық, адамгершілік, әділеттілік және жазаны жекелендіру сияқты қағидаларды басшылыққа ала білу керек. Олар ҚР ҚК – нің 52 – бабының мағынасынан туындайды.
Жаза тағайындаудың жалпы негіздері – заңда белгіленген критерийлер, сүйенетін ережелер, әрбір нақты іс бойынша жаза тағайындағанда сот оларды басшылыққа алады.
Басқа сөзбен айтқанда, қандай қылмыстық іс қаралмасын, айыпкерге қандай жаза қолданылмасын, сот осы жалпы критерийлерге сүйенуі керек.
Жазаның жалпы негіздерін басшылыққа алу кеңестік қылмыс заңдарында алғаш рет 1958 жылғы ССР Одағының және одақтас республикалырдың қылмыстық заңдарының негіздерінде көрініс тапты. Мұндай норма Қазақстан Республикасының жаңа қылмыстық заңдарында бар.
1958 жылғы негіздерді қабылдағанша кеңестік қылмыс заңдарында жаза тағайындаудың жалпы негіздері деген ұғым болмағандықтан, ол кеңестік қылмыс заңдарының теориясына да белгісіз болды.
Ол кездері кеңестік қылмыс заңдары жаза тағайындау принциптері ұғымымен шектелді, ол дегеніміз қылмыстық және қылмыстық – іс жүргізу заңдарының нормаларында бекітілген қылмыстық жаза шараларын қолданудың негіздемесін, шартын және тәртібін белгілейтін ережелер [86,7 б.]. 1958 жылғы негіздерді қабылдағаннан кейін заң әдебиеттерінде дау туды: жаза тағайындау принциптері жаза тағайындаудың жалпы негіздерінде жүзеге асама, әлде оларды өзінше бөлектеу қажетпе? В.П. Малковтың пікірінше: «Жаза тағайындаудың жалпы негіздерін қылмыстық заң принциптерімен араластыруға болмайды, себебі олар соңғының көрінісі» [87, 123 б.].
Л.А. Прохоровтың пікіріде сондай: «Принциптер жаза тағайындаудың жалпы негіздеріне арқау болған идеяларды соттың түсінуіне мүмкіндік береді, жазалау әрекетіне қоғам талабына сай бағыт беруге көмектеседі» [88, 399 б.].
Г.Л. Кригер және бір топ авторлар жаза тағайындау принциптері туралы мәселені өзінше бөліп қарау – бас – аяғы бір ережелерді қажетсіз қайталау деп санайды [89, 99 б.].
Кейбір авторлар, мысалы, Б.В. Здравомыслов, Ю.А. Кросиков, А.И. Радога бұл мәселені тіптен сөз қылмайды. Қазақстан Республикасының жаңа қылмыстық заңдарында да бұл ұғымдар бір – бірінен бөлек қарастырылмайды. Сонымен, ҚР ҚК – нің 52 – бабында бекітілген жаза тағайындаудың жалпы негіздері, жазаның негізгі немесе қосымша екендігіне қарамастан, кез – келген жазаны тағайындауға толық көлемде таралады.
ҚК – тің 52 – бабына сәйкес жаза тағайындаудың жалпы негіздері жоғарыда аталып кеткендей үш критерийден тұрады. Осы критерийлерді қарастырайық:
1. Сот жазаны ҚК – тің тиісті баптарында белгіленген шекте тағайындайды. Бұл – сот жазаны ҚК – тің Ерекше бөлімінің айыпкер жасаған қылмыс сараланатын баптың санкциясы шегінде ғана тағайындай алады деген ұғым. Мысалы, ҚК – тің 264 – бабының 2 бөлігінің санкциясы екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. ҚК – тің осы нормасы бойынша сотталғанда белгіленген ең көп және ең аз мерзімдер шегінде жаза тағайындауға тиіс.
Нақты жағдайға байланысты жаза тағайындауда санкция түрінің маңыздылығы бар. Өзінің түріне қарай қылмыстық кодекстегі санкциялардың көбі салыстырмалы – анықталған, яғни жазаның түрі, оның жоғарғы және төменгі шектері көрсетілген. Мұндай санкциялар жазаны жеке даралау үшін үлкен мүмкіндіктер береді [90, 2 б].
Балама санкцияларда екі және одан көп негізгі жазалар көрсетіледі, сот оның кез – келгенің таңдай алады. ҚК – тегі санкциялардың көпшілігі балама. Олар жазаны жеке даралауға, оның мерзімі мен түрін анықтауға көп мүмкіндік береді.
Қандай жағдай болса да, сот Ерекше бөлімнің бабындағы санкцияда белгіленген ең жоғарыдан (жоғары шектен) жоғары жаза тағайындай алмайды (мысалы, ҚК – тің 264 – бабының 2 бөлігі бойынша жеті жыл).
Егер сот оған жол берсе, онда жаза тағайындаудағы принцип бұзылады. Бірақ, ҚК – тің 55 – бабында көзделген мән – жайлар болса, сот ҚК – тің Ерекше бөлімінің бабындағы санкцияда көзделген ең төменгіден (төменгі шектен) төмен жаза тағайындай алады. Бұл жаза тағайындаудағы адамгершілік принципінің өзінше көрінісі.
2 . Сот жазаны ҚК – тің Жалпы бөлімінде қарастырылған жағдайларды ескеріп тағайындайды. Бұл жазаның кейбір түрлерін қолданудың мақсатына, түрлеріне, шарттарына, сондай – ақ жаза тағайындау тәртібіне қатысы бар ҚК – тің Жалпы бөлімінде қарастырылған жағдайларды соттың басшылыққа алуы тиіс екендігін көрсетеді. Мысалы, ҚК – тің 359 – бабындағы санкцияда екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Бұл бап бойынша бас бостандығынан айырудың ең аз мерзімі, ҚК – тің 48 – бабындағы жағдайларды ескергенде, алты ай деп белгіленген. ҚК – тің осы нормасы бойынша сотталғанда сот алты айдан екі жылға дейінгі мерзімді тағайындауы керек.
Жаза тағайындай отырып сот қаралған іс бойынша толық тұжырым жасайды, жазалаудағы мақсатқа жету үшін жазаның қандай түрі және мерзімі жеткілікті екендігін анықтайды.
Мысалы, аяқталмаған қылмысты жасағаны үшін айыпталған адамға жаза тағайындағанда сот қылмыстың ақырына дейін жетпеуіне себеп болған мән – жайларды есепке алу жөніндегі ҚК – тің 56 – бабының 1 бөлігінің талаптарын ескереді.
Қатысып жасалған қылмыс үшін жаза тағайындау кезінде, оны жасауға адамның іс жүзінде қатысу сипаты мен дәрежесі, оның келтірген немесе келтіруі мүмкін зиянының сипаты мен мөлшері жөніндегі 57 – баптың 1 бөлігіндегі жағдайды соттың ескеруі тиіс.
Егер адам бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұсталса, онда үкім заңды күшіне енгенше қамауда ұсталған уақытты бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның мерзіміне жатқызу жөніндегі ҚК – тің 62 – бабының 3 бөлігінің талабын соттың ескеруі қажет.
Жаза тағайындай отырып, сот ҚК – тің 38 – бабында белгіленген мақсаттарды көздейді. Егер қылмыстардың жиынтығы немесе үкімдердің жиынтығы орын алса, онда сот ҚК – тің 58,60, 61 – баптарында белгіленген тәртіп бойынша, ал қайталанған қылмыс болса – ҚК – тің 59 – бабында белгіленген тәртіп бойынша жаза тағайындайды. Соттың ҚК – тің Жалпы бөлімінде қарастырылған басқа жағдайларды да ескеруі қажет. Атап айтқанда, шартты түре соттау немесе жаза өтеуді кейінге қалдыру мүмкіндіктерін қарастырады (ҚК – тің 63,72,74 – баптары).
Жаза тағайындау кезінде қылмыстық заңның жалпы бөлімінде қарастырылған жағдайларды соттың елемеуі әділқазылық жасағанда заңдылықтың өрескел бұзылуы болып табылады, ол дәлелсіз үкім шығаруға әкеліп соғады.
3. Жаза тағайындаған кезде қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін, айыпкердің жеке басы, сонымен бірге оның қылмыс істегенге дейінгі және одан кейінгі мінез – құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән – жайлар, сондай – ақ тағайындалған жазаны сотталған адамның түзелуіне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тіршілік жағдайына ықпалын ескеруді міндеттейді.
Жаза тағайындаудың және қылмыстың қайталануының алдын алудың тиімділігі қылмыстың жан – жақты, дұрыс бағалануына тікелей байланысты.
Жасаған қылмысты қоғамға онша қауіп төндірмейтін адамдарға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза қолданған дұрыс, және керісінше, ауыр қылмыс жасаған адамға сот қатаң жаза тағайындауы керек, себебі ондай әрекет жасағн адамның бойын қоғамға жат қылық жайлап алған, одан арылту үшін оны ұзақ уақыт көзден таса қылмай тәрбиелеу қажет.
Қылмыстың қоғамға қауіптілік сипаты, бәрінен бұрын қастандық жасалған нысан бойынша анықталады – жасалған қылмыстан қандай қоғамдық қатынастар бұзылады немесе бұзылу қаупі туады, яғни бұл қоғамға қауіптіліктің сапалық сипаттамасы. Осы тұрғыдан алғанда қандайда болсын адам өлтірудің ар – ұждан мен қадір – қасиетке қастандық жасаудан айырмашылығы бар, денсаулыққа қарсы қылмыстың мүліктік қылмыстан айырмашылығы бар [91, 24 б].
Қоғамға қауіптілігі тұрғысынан қылмыс жасаудың себептері де, басқа мән – жайларда маңызды рөл атқарады. Мысалы, аса қатыгездік пен, бұзақылық ниетпен немесе жәбірленушінің мүшелерін немесе тінін пайдалану мақсатында қасақана адам өлтіру (ҚК – тің 96 – бабының «д», «и», «м» тармақтары) қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде жасалған кісі өлтіруге қарағанда (ҚК – тің 99 – бабы) ауыр қылмыс болып табылады.
Қоғамға қауіптілік сипатына қарай қылмыс түрлерінің бір – бірінен айырмашылығы бар. Мысалы, ұрлыққа қарағанда тонау қауіптірек, өзін – өзі өлтіруге дейін жеткізуден адам өлтіру қауіптірек. Әрине бұл қылмыстар үшін жазаларда әртүрлі болуы керек. Қылмыс ауыр болған сайын жаза да қатаң болуы тиіс, және керісінше, кішігірім және орташа ауырлықтағы қылмыстарды жасағаны үшін, басқа мән – жайларды да ескеріп, жазаның жеңілірек түрін қолдану керек.
Сонымен қатар соттар жасалған қылмыстың тек қоғамға қауіптілік сипатын ғана емес, оның қоғамға қауіптілік дәрежесін де ескеруге тиіс, егер қоғамға қауіптілік сипаты – сапалық көрсеткіш болса, қоғамға қауіптілік дәрежесі – сандық көрсеткіш.
Жаза тағайындаған кезде сот ескеруге тиісті қоғамдық қауіптілік дәрежесі нақты қылмыстың ауырлығын анықтайды, ол сол қылмыстық әрекеттің жеке ерекшеліктеріне байланысты.
Мысалы, ҚК – тің 175 – бабының 1 бөлігі бойынша жауаптылық көзделген ұрлықтың ірі мөлшердегі ұрлыққа қарағанда (ҚК – тің 175 – бабының 3 бөлігі) қауіптілігі аз. Қару қолданған теңіз қарақшылығы (ҚК – тің 240 – бабының 2 бөлігі) ҚК – тің 240 – бабының 1 бөлігі бойынша жауаптылық көзделген теңіз қарақшылығынан қауіптірек.
Егер сот қылмысты кімнің жасағаның, жазаны кімге қолданатының дұрыс анықтап білсе, жазалаудағы мақсатқа да қол жетеді. Нақты қылмыс жасалғанда жалпы қылмыскер деген ұғым болмайды, өзіне тән қасиеттері бар белгілі бір адам болады. Сол қасиеттер жаза шарасын тағайындағанда оң не теріс ықпал жасауы мүмкін. Сондықтан да сот жаза тағайындау кезінде айыпкердің жеке басына қатысты мәліметтерді жан – жақты, мұқият талдауы тиіс.
Әдебиеттерде «адамның жеке басы» деген ұғымға адамды әлеуметтік тұлға ретінде көрсететін, оның өзіндік қасиеттері мен қайталанбас ерекшеліктерін неғұрлым толық ашатын өзгешеліктер деген түсініктеме берілген.
Адамның жеке басы деген ұғым – оның қоғамдық мәнін, адамның әлеуметтік – психологиялық және дара биологиялық ерекшеліктерін қамтиды [92, 54 б].
Арнаулы алдын алу, қылмыскерді түзеу сияқты жазаның мақсаттарына қылмыстың қоғамға қауіптілік сипаты мен дәрежесін анықтағанда ғана қол жеткізуге болады.
Кімнің жазаланатының, сотталушының қоғамға қаншалықты қауіпті екендігін, оны түзеудің және қайта тәрбиелеудің қандай мүмкіндігі бар екендігін білу өте қажет. Анықтама, тергеу органдары, сот қылмыскердің мына жақтарын мұқият зерттеп білуге тиіс: әлеуметтік бейнесін, тұрмыс салтын, үйде, тұрмыста оны қоршаған ортаны, әдептілік принциптерін, рухани байлығын, идеалын, немен айналысатының, психологиялық ерекшеліктерін, жауаптылық қабілетінен айырмайтын психикалық өзгешеліктерін, жасаған ұнамды немесе ұнамсыз әрекеттерін, еңбек ұжымындағы беделін және т.б.
Заң және қылмыстық заң теориясы қылмыс жасаған адамға тән белгілер жиынтығын екі топқа бөледі: бірінші топты қылмыс субъектісінің белгілері құрайды, екінші топ қылмыскердің жеке басын сипаттайтын белгілерді біріктіреді.
Субъектінің есі дұрыстығы, ең төменгі жасы, арнаулы субъекті туралы мәліметтер қылмыс құрамының міндетті түрдегі белгілері болып табылады, олар әрекеттің қоғамдық қауіптілігін сипаттайтын көрсеткіштер.
ҚР Жоғарғы Сотының практикасында заңның бұл талабына баса назар аударылған. Сотталушының жеке басы туралы мәліметтерді жан – жақты есепке алу қажеттігіне соттар әрқашанда мән береді. Мысалы, ҚР Жоғарғы Соты Пленумының 24.06.1993 жылғы «Жаза тағайындағанда соттардың заңдылықты сақтауы туралы» №3 қаулысының 3 бөлігінде сотталушының жеке басына қатысты мәліметтерді соттар толық, жан – жақты және дұрыс зерттеуге тиіс, олар жазаның мөлшері мен түрін анықтауда елеулі маңыз атқарады делінген. Атап айтқанда, сотталушының денсаулығын, отбасы жағдайын, оның еңбекке қабілеттілігін, еңбекке, оқуға көзқарасын, соттылығы туралы деректерді анықтау керек [93, 77 б].
Жоғарыда аталғандай, айыпкердің жеке басы деген ұғым сипаты жағынан әртүрлі белгілерді қамтиды. Олардың кейбірінде психологиялық, ал кейбірінде әлеуметтік түбір бар.
Сыртқы жағдай айыпкердің мінез – құлқына ықпал жасай отырып оның сана – сезімін, ерік – ынтасын қалыптастырады, психологиялық келбетіне мазмұн береді. Әркімнің ой түсінігі өзінше. Әрбір адамның өз көзқарасы, сенімі, дағдысы, жұмысқа, отбасына, айналасындағы адамдарға және тірліктегі басқа құндылықтарға деген өз түсінігі болады. Әр адам өмір құндылықтарын өзінше сатылап, бір жүйеге келтіреді, оны А.И. Чучаев «өмір құндылықтарының сатысы» деп дұрыс атаған, ол сатыда әр құндылықтың өз орны бар, ал түзеу процесі дегеніміз – сол құндылықты «ауыстыру» арқылы әрқайсын өзінің лайықты орнына қою [94, 409 б.].
Адамның сана – түсінігінің бұзылуы сипаты жасалатын қылмыстың түрін анықтайды, ал оның қаншалықты бұзылғандығы – қылмыстық мінез – құлықтың сипатын көрсетеді. Жаза тағайындаған кезде сот сол адамның өмір құндылықтарына көз қарасын, оның ой – түсінігінің бұзылу сипатын және қаншалықты бұзылғандығын қалайда ескеруі тиіс.
Сонымен қатар адамның әлеуметтік қасиеттерінің маңыздылығын да бағалау керек. Сот айыпкерді тек қылмыстық жауапкершілікті көтере алатын жай субъекті ғана емес, қоғамның, белгілі бір адамдар ұжымының мүшесі, адам ретінде қарастыру керек. «Адам – қоғамдық қатынастар жиынтығы, адамның ой – түсінігі әуелбастан – ақ қоғамдық өнім, ол адамға тән ерекшелік болып қала береді», деген К. Маркс [95, 3 б].
Сот айыпкердің қоғамға қауіптілік дәрежесінің жоғары немесе төмен екендігін көрсететін оның әлеуметтік қасиеттерін ашуға тиіс. Жаза тағайындаған кезде сот сотталушының мынадай әлеуметтік ерекшеліктерін ескеруге тиіс: еңбек міндеттемелерін орындауға көзқарасын, нормативтік міндеттеулер мен этикалық ережелерді сақтауын, тұрмыстағы мінез – құлқын және т.б.
Айыпкердің жеке басын сипаттайтын мән – жайларды жаза тағайындау кезінде ескермеу жазаның немқұрайлы тағайындалуына жол береді.
Жаза тағайындаудың басты негіздеріне істің жауаптылық пен жазаны ауырлататын және жеңілдететін мән – жайларын есепке алу жөніндегі заң талабы жатады.
ҚР ҚК – нің 53,54 – баптарында көзделген бұл мән – жайларды айыпкер жасаған қылмыстың сипаттамасына да, оның өз жеке басының сипаттамасына да жатқызуға да болады, олар сот тағайындайтын жазаның түрі мен мөлшеріне ықпал жасай алады.
Жеңілдететін және ауырлататын мән жайлардың болуы жасалған қылмыстың, не қылмыскердің жеке басының қауіптілігін азайтады, басқадай барлық тең жағдайларда жеңілдеу жаза тағайындауға мүмкіндік береді.
Ауырлататын мән жайлар, ондайлар болмаған жағдайларға қарағанда, ауырырақ жаза тағайындауға себеп болады.
Заңда көрсетілген ауырлататын және жеңілдететін мән жайларды есепке алу соттың құқығы емес, мідеті. Сондықтан да, жаза тағайындаған кезде істегі ауырлататын және жеңілдететін мән жайларға назар аудармаған соттар заңда көзделген міндеттерін бұзады. Егер сот ауырлататын және жеңілдететін мән жайларды жаза тағайындаған кезде ескеріп, оны үкімде көрсетсе, сотталған адам үшін де, сот мәжілісіне қатысқан адамдар үшін де үкім дәлелді болып көрінеді, үкімнің жаза тағайындауға қатысты бөлігі бойынша заңдылықтың сақталғаның тексеруде жоғары тұрған сот сатысының қызметін жеңілдетеді.
Жаза тағайындағанда сот сотталған адамға, сол жазаның оны түзейтіндей ықпалы болатының, жазалаудағы мақсаттың орындалатының болжауы керек, сонан соң барлық мән жайларды ескеріп, жазаның түрін және оның мөлшерін анықтауға тиіс. Сонымен қатар адамгершілік принципін басшылыққа алып, айыпкерге тағайындалған жазаның оның отбасына немесе асырауындағы адамдардың тұрмыс жағдайына қандай әсер еткендігін де сот ескеруге тиіс.
Жаза тағайындағанда сот бұл талаптың материалдық және психологиялық жақтары бар екендігін ескеруі қажет. Мысалы, айыппұл салу, мүлкін тәркілеу және т.б., яғни айыпкерді қандай да бір дүние мүліктен айыруға байланысты жаза тағайындалса, ал оның асырауында адамдар болып, оларды өзі ғана асырап отырса, әрине жаза оның отбасының тұрмыс жағдайына әсер етеді, бұл жағдай да ескерілуі тиіс. Мұндай жағдайды сот жазаны жеңілдететін мән жайға жатқызса, ал айыпкердің өзінің отбасы алдындағы жауапкершілігі байқалса және оның қартайған, қаражатсыз ата анасы, еңбекке жарамсыз көп баласы болса, ал сотталған әйелдің артында жалғыз өзі асырап, тәрбиелеп отырған баласы қалса, мұның түзелуге ықпалы болады. Егер айыпкер өз отбасы мүшелерін жәбірлеп, ұрып соғатын болса, өз балаларына немесе асырауындағы адамдарға қатызгез мінез көрсететін болса, онда жоғарыда көрсетілген мән жайды сот ескермеуге тиіс [96, 14 б].
Бірақ, тағайындалған жазаның айыпкердің отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тұрмыс жағдайына тигізетін ықпалын ғана ескеруге болмайды, себебі, егер бұл мән жайлар ескеріліп, ауыр қылмыс жасаған немесе қоғамға аса қауіпті адамға өте жеңіл жаза тағайындалған болса, сол адамның қылмысынан жәбір шеккен адамның алдында да, жалпы қоғам алдында да әділдік үміті ақталмайды.
Кәмелетке томаған адамға жаза тағайындағанда сот, осы қарастырылған мән жайлардан басқа, оның өмір кешу және тәрбиелену жағдайларын, психикалық даму деңгейін, жеке басының өзгеде ерекшеліктерін, сондай ақ оған жасы үлкен адамдардан қандай ықпал болғаның ескереді. Бұл өте дұрыс, себебі кәмелетке толмаған айыпкердің есейіп қалыптасуында маңызды рөл атқаратын бұл мән жайлар оған жаза тағайындағанда ескерілуі тиіс.
Жазаны жеке даралау принципінің бір жүйемен міндетті түрде жүзеге асырылуы, әрбір нақты жағдайда істің барлық мән жайының жиынтығы, қылмыстың сипаты мен қауіптілік дәрежесі, қылмыскердің жеке басын сипаттайтын мән жайлар ескерілсе ғана мүмкін болады.
Достарыңызбен бөлісу: |