Бақылау сұрақтары:
1. Негізгі сөздік қордың басты белгілерін атаңыз.
2. Сөздік құрамның тарихи арналарына нелерді жатқызамыз?
3. Кірме сөздер дегеніміз не?
4. Тілдің сөздік құрамының даму жолы жайлы түсінік беріңіз.
5. Бейтарап лексика дегеніміз не?
Лекция тақырыбына сәйкес СӨЖ тапсырмалары: Сөз мағыналарына компоненттік анализ беру (ғылыми талдау).
Қажетті әдебиеттер
1. Ә.Болғанбаев. Қазақ тiлiнiң лексикологиясы. А.,1978 .
2. Қалиев Б., Жылқыбаева А. Сөз мағынасының негiздерi. А., 2002.
3. Оразов М. Қазақ тiлiнiң семантикасы. А., 1991.
Лекция №12
Лекцияның тақырыбы: Табу және эвфемизмдер
Лекцияның мақсаты: Табу мен эвфемизмдердің пайда болу жолдары жайлы мағлұмат беру.
Лекцияның жоспары:
1.Табудың пайда болу тарихы.
Табудың тақырыптық жағынан топтастырылуы
3. Эвфемизмдер, олардың қолданылу ерекшеліктері.
4. Дисфемизмдер, олардың сөйлеу тілінде қолданылуы.
Лекцияның мазмұны
Табу мен эвфемизмдердiң бiр кездерi дiни ұғымдарға, наным-сенiмдерге, қалыптасқан салт-санаға, дәстүрге байланысты шығып, халық тiлдерiнде қалдырған iздерi әлi де бар дедiк. Солардың бiр тобы – аң, жануарлар, түрлi ауру-сырқауға, ат-ныспы (ономалар) атаулыға, түрлi зиян, қиянат келтiредi-ау деген қорқыныштарға орай туғандар.
Мәселен, ертеректе ата-бабамыз қорыққанынан қасқырдың дәл атын атамай, - қарақұлақ, ұлыма, итқұс; жыланды – түйме, түймебас, қамшы, ұзынқұрт; жолба-рысты да – қарақұлақ деп атапты. Моңғол қазақтары елiк атып алдым деу орнына жирен атып алдым дейтiн көрiнедi; қазақтар қандаланы “қызыл, сасық, кебек” деп те атайды екен.
Әлсiз, шарасыз адам әр аурудан қорыққан. Сондықтан көбейiп кетпесiн, жайылмасын дегендей, орысша корь (қызылша) ауруын – қызыл көйлек, мейман, қонақ, әулие, қорасан, т.б.; қатты кесел ауруды – бiр нәрсе көрiнген, бiр нәрсенiң салқыны тиген деп бүркемелейтiн; шайтанды – терiс табан, шимұрын; жай түстi – жасыл түстi; күн батты – күн байыды; мал суалды – мал байыды дейтiн.
Дiнге сенiп, наным-сезiмге берiлгендiктен, әлсiздiкке байланысты адамзат өз атын да тура атамай, басқашалаған кез болған: Жынды бала, Тентек бала, Жаман бала, Ұры бала, Қара шаш, Қой көз, Алтын шаш, Ұзын шаш, т.б. – әрi ұқсату, әрi көз тимесiн дегендiк.
Кiсi аттарына байланысты эвфемизмдер мына сықылды болып келедi: ауылдағы үлкен кiсiнiң аты Жоламан болса – Соқпақ жол; Сүттiбай болса – Желiндi уыз; Бұқабай – Сүзербай, Өгiзбай; Қарабас – Боран шеке; Сарыбас – Шикiл шеке; Сары – Шикiл; Бейсембi – Күн жұма аттас; Көжекбай – Қоян ата; ¶зiкбай- Дөдеге; Жамантай – Жайсыз тай; Ақбай – Қылаң ата; Түңлiкбай – Қайырма; Қозыбақ – Кене; Жусанбай – Сыбақ; Қойлыбай – Жандық ата; Қамшыбек – Ат жүргiш; Бүйенбай – Жуан iшек; Елеман – Халық есен; Асубай – Тарпаң; Асыл- Бекзат ата; Ақылбай- Ой ата; Мергенбай – Атышыл; Жылқыбай – Туар; Тышқанбай – Қаптесер, т.б.
Жас әйелдер күйеуiнiң ағасының балаларын өз атымен атамай, жалпы есiммен атаған: молда жiгiт, сылқым жiгiт, тетелес, еншiлес, әкежан, төрем, төре жiгiт, мырза жiгiт, бойжеткен, ерке қыз, кiшкенем, аппағым, айдарлым, шырақ, бөпежан, тұлымдым, т.б.
Эвфемия тiл-тiлдiң барлығында дерлiк кездесетiн ерекше мәндi құбылыстардың бiрi. Бұл тiлдiк феноменге адамзат ақыл-ойы ертеден бiздiң дәуiрге дейiн назар аударған болатын. Содан берi тiлдiк табиғаты күрделi аса байырғы бұл құбылыстың сыры бiрте-бiрте ашыла бастады. Мұның өзi филогенездiк тұрғыдан қарағанда қоғамдық сана түрлерiнiң дамуы, этикалық нормалар мен эстетикалық принциптердiң қалыптасуы, т.б. жайттармен тығыз байланысты болды.
Эвфемия құбылысында әр түрлi мифологиялық наным-сенiмге орай адамның, жануарлардың аттарын атамау ерекше орын алады. Бұл атаудың эвфемистiк формала-рының негiзiнде психологиялық мотив жатыр: тыңдаушыға, ауру адамға, оның төңiрегiндегiлерге “қолайсыздық” тудырмау, үрей шақырмау мақсатымен қолданылады. °сiресе, халық арасындағы қатерлi iсiк атауы бiлдiретiн эвфемистiк синонимдер көптеген тiлдiк ұжымдарда жиi кездесетiн жайт. Эвфемизмдердiң жоғарыда аталған түрлерi белгiлi бiр тiлдiк ұжым мүшелерiнiң бәрiне бiрдей тiлдiк құбылыс болып келедi де, сөздiк фактiге айналады.
Табу – индонезия тiлiнен алынған термин; тыйым салу деген сөз. Меланезия мен Полинезияда бұл сөздiң капу, тапу, тамбу деген синонимдерi бар. Олардың да мағынасы – тыйым салу. Табу құбылысы адамзаттың әлсiз кездерiнде туған; ең алдымен этнографияға, адамзаттың дiни наным-сенiмiне, әлденеге сиынуына байланысты. Ерте замандардағы соқыр сезiм мен сенiм, адамзаттың әр нәрсеге, әр құбылсқа табынуы, оларды ең киелi, дүниедегi ең күштi құдырет деп санауы тiл-тiлде өз iзiн қалдырған. Қазiргi кезде табу халықтар салт-санаты мен тiлiнен мүлдем шығып қалды деуге болмайды. Тiл-тiлде, ел-елде, жер-жерде табу iзi әлi де бар. Бiрақ анық бiр ақиқат: табу – түптiң түбiнде, келешекте жойылатын құбылыс. Оған себепкерлер – қоғамның iлгерi қарай дамуы, ғылым мен техниканың қарыштап алға басып бара жатқан прогресi, адамзат сана-сезiмiнiң оянуы мен жаңаруы, адамзаттың өмiр талабына сай нық басуы.
Достарыңызбен бөлісу: |