Лекцияның мақсаты: Сөз мағынасының жасалу жолдары мен сөздерді топтасытырудың заңдылықтарын меңгерту.
Лекцияның жоспары:
1. Сөздердiң лексика-семантикалық және тақырыптық топтары.
2. Сөз мағынасы жайлы түсiнiк
3. Ауыспалы мағына, оның жасалу жолдары
4. Омоним, синоним, антонимдер
Лекцияның мазмұны
Тiл бiлiмiнде лексика – семантикалық топ терминiмен бiрге “тақырыптық топ” деген терминдер де қолданылады. Сөздердi тақырыптық топтарға, лексика – семантикалық топтарға бөлiп қарастырудың маңызы зор. Бұл жөнiнде зерттеу жұмыстарын жүргiзiп, оларға тән белгiлердi анықтау мәселесiн өз еңбектерiне арқау еткен ғалымдарымыз да баршылық.
Тiлдегi сөздер болмыстағы заттар мен құбылыстардың ұқсас белгiлерiне қарай жасалған классификациясына орай
топтастырылады. Мысалы, ыдыс-аяқ аттары (шәйнек, кесе,
зере, шара, шөмiш, қасық, т. б.), адамның дене мүшелерi (бас, аяқ, қол, құлақ, саусақ, көз, т. б.), табиғат құбылыс-тары (жел, жауын, найзағай т. б.).
Сөздердiң арасындағы мағыналық байланыстарды анықтау үшiн сөздердi тақырыптық топтар мен лексика-семантикалық топтарға бөлiп қарастыру қажет. Өйткенi тақырыптық топтар мен лексико-семантикалық топтар арасында айырмашылықтар бар. Бiр топ ғалымдар тiл бiлiмiнде қолданылатын бұл терминдер арасында алшақтық жоқ десе, екiншi топтағылар бұлардың арасында мағыналық айырмашылықтың бар екендiгiн көрсетiп, тақырыптық топ-тың сөздердiң тек денотаттық мағынасына негiзделетiндiгi, ал лексико-семантикалық топ сөздердiң лексикалық (әрi денотаттық, әрi сигнификаттық, әрi iшкi лингвистикалық) мағынасына негiзделетiндiгi жайлы пiкiр айтады.
Көпшiлiк зерттеушiлер сөздердi тақырыптық топқа топтастыруда лингвистикалық принцип негiзге алынбайды, заттардың табиғи белгiлерi, объективтiк қатынастары т.б. негiзге алынады дейдi. Ал лексико-семантикалық топ сөздердiң лексикалық мағынасына негiзделедi, яғни, сөздердiң антонимдiк, синонимдiк не ұштас мағыналары есепке алынады. Мысалы, қол, аяқ, көз, тiрсек сияқты сөздер өзара ешқандай семантикалық байланысқа ие емес, бiрақ олар адамдардың дене мүше атаулары. Ал кел, кет, бар, жүгiр, жел, шап, зыт, кiр, шық т. б. деген етiстiктердiң арасында семантикалық байланыс бар. Бұлардың барлығы-ның лексикалық мағынасының құрамында бiр орыннан екiншi орынға өту, қозғалуды бiлдiретiн мағыналық элемент (сема) бар. Сонымен бiрге олар синонимдiк, антонимдiк, не ұштасып жататын мағыналық қасиетке ие.
Лексико-семантикалық топтың қатысымен семантика-лық талдау жасау арқылы сөздердiң мағыналық, стилисти-калық, эмоционалдық және т. б. қасиеттерi анықталады. ЛСТ сөздердi бiр сөз табына қатысты қарастырады және олардың грамматикалық формаларының өзгеруiн есепке алады. ЛСТ бөлуде сөздердiң лексикалық мағына бiрлiгi негiзге алынады.
Лексико - семантикалық топтың құрамына енген сөздер өздерiнiң дербестiгiн жоғалтпайды, олардың бiрi екiншiсiмен тек жалпы жақтарымен ғана байланысып жатпастан, жеке белгiлерiмен өзара ерекшеленiп те жатады.
Тақырыптық топқа семантикалық байланысы жоқ, тек объектив дүниедегi заттардың өзара қатынасы негiзiнде топтастырылған сөздер енедi. Мысалы, қол, көз, құлақ, аяқ, бас, қабырға дегендер бiр тақырыптық топқа енедi де, бiр жүйе жасайды. Тақырыптық топқа енген сөздердiң бiр мүшесi түсiп қалса, не жаңа сөз қосылса оның басқа мүшелерiнiң мағынасына әсер етпеуi мүмкiн. Мысалы алма, алмұрт, алша, алхоры, шабдалы сияқты жемiс атауларының кейбiрi түсiп қалса немесе жаңа жемiс атауы қосылса топ құрамындағы қалған сөздердiң мағынасы өзгермейдi. Бұған қарап тақырыптық топтардың мүшелерiнiң арасында мүлде мағыналық байланыс жоқ екен деуге болмайды. Сөздердi тақырыптық топтарға топтастырғанда олардың арасындағы байланыс негiзге алынады.
Тiлдегi сөздердiң бiр емес бiрнеше лексикалық мағынасы болады. Тарихи тұрғыдан алғанда сөз мағыналарын негiзгi және туынды мағына деп екi түрге бөлемiз. Мысалы, көк – 1. түс:
2. аспан;
3. шөп.
Қазiргi тiл тұрғысынан сөз мағынасын екiге бөлемiз:
1. тура мағына; 2. ауыспалы мағына.
Сөздiң бастапқы мағынасын тура мағына деп атаймыз. Мысалы, 1. қараңғы- жарықсыз;
2. қараңғы – оқымаған, сауатсыз;
3. су қараңғы – аурудың түрi.
Тура мағына негiзiнде жасалған лексикалық мағына ауыспалы мағына деп аталады. Мұндай мағыналар қалыптаса келе тұрақты мағынаға айналады.
Сөз мағынасының өзгеруiнiң, оның жаңа мағынаға ие болуының екi түрлi себебi бар:
1) тiлден тыс сыртқы ортаның әсерi;
2) тiлдiк немесе лингвистикалық себептер, яғни тiлдiң iшкi мүмкiншiлiгiнен пайда болған.
Ит, есек, шошқа, сиыр, бұқа, өгiз, жылқы, айғыр, сәйгүлiк, түйе, бота, нар, қой,қошқар, ешкi дегендер өз алдына бiр топ құрайды. Сөздердiң көп мағыналылық қасиетiн ескерсек, бұл сөздердiң кейбiреулерiнiң тура мағынасынан тыс қосымша мағынасын айқындауға болады. Салыстырыңыз: Артынан оған бойы үйренiп алады да, ол ит болсын, шошқа болсын, соның құзырында қалып, екiншi қатеге және ұрынады деген сөйлем құрамындағы ит, шошқа атауларына да жоғарыда айтылған мағыналар тән. Ит сөзiне “1. Сүтқоректi жыртқыштар семьясына жататын асыранды үй хайуаны. 2. Жыл аты. 3. Ауысп. Оңбаған, жауыз” деген анықтама берiлген. Ал шошқа сөзiне “1. Мегежiнi жылына бiрнеше рет торайлайтын өсiмтал, айыр тұяқты хайуан, доңыз. 2. Надан, топас, оңбаған” деген түсiнiк берiлген. Мұның алғашқысы тура номинативтiк мағына. Соңғылары сезiмдiк мағынаны бiлдiредi. Екеуi де адамға қатысты қолданылып, адам мiнезiнiң жағымсыз жақтарын көрсетiп тұр. Ит сөзiнде “жауыз”, “оңбаған”, “кекшiл” секiлдi эмоционалдық мағына, ал шошқа сөзiнде “топас”, “ақымақ”, “надан” секiлдi жағымсыз эмоционалдық мағына бар. Анықтама негiзiнде жасалатын негiзгi семалар бұл сөйлемде көрiнбестен, тек қосалқы семалар негiзгi семаның орнын басып, сөздер жаңа мағынаға ие болып тұр.
Сөз мағыналарының ауысуы әр түрлi тәсiлдер арқылы iске асады. Олар мыналар: а) метафора; б) метонимия; в) синекдоха.
Сөзде бiр, кейде бiрнеше лексикалық мағына болады және олар пайда болу тәсiлi жағынан алуан түрлi болып келедi. В.В.Виноградов сөздердiң лексикалық мағыналарын үш түрге бөлiп қарастырады. Олар: 1. лексикалық атауыш мағына. 2.фразеологиялық байлаулы мағына. 3. синтаксистiк шартты мағына.
Бұлардың iшiндегi ең маңыздысы – заттар мен құбылыс-тардың белгiлерiн, iс-әрекетiн атап көрсететiн атауыштық немесе номинативтiк мағына. Кейде мұны дербес, еркiн мағына деп те атайды. Үлкен сөзi үлкен үй, үлкен адам, үлкен көл тiркесiнде еркiн қолданылып тұр. Мұның барлығының мағынасы дәу, iрi, зор көлемдi деген мағынаға тiрелiп тұр. Ал үлкен күнә тiркесiнде бұл шектен тыс, ауыр деген мағынада қолданылады. Демек атауыштық мағына деп – сөздiң жеке тұрғандағы бiлдiретiн негiзгi мағынасын айтамыз.
Сөз мағыналарының екiншi түрi – фразеологиялық байлаулы мағына. Бұл – сөздiң тұрақты тiркес құрамында пайда болған мағынасы. Бұған қасқа жол, су жаңа сияқты тұрақты тiркестер мысал бола алады. Қасқа сөзi қасқа бие, қасқа сиыр, қасқа ат тiркестерiнiң құрамында келiп, ''малдың маңдайында болатын, ұзын келген ақ түстi жолақ'' деген тура мағынаны бiлдiредi. Бұл - оның атауыштық мағынасы. Ал қасқа жол тiркесiнде фразеологиялық байлаулы мағынаға ие болып, ''анық'', ''айқын'', ''түзу'' деген мағынада қолданылады.
Синтаксистiк шартты мағына сөйлем iшiнде белгiлi бiр синтаксистiк құрылымда қолданылу арқылы ғана жасалады. Мүндайда сөз өзiне тән мағынадан басқа, ерекше мағына үстеп алады. Мәселен, бiз адамның қулығын, айлакерлiгiн айтқымыз келсе – ит, надандығын, бассыздығын айтқымыз келсе – айуан сөзiн қолданамыз. Мұны кейде ауыспалы мағына деп те атайды. Ол рас. Өйткенi бұл – бiр заттың қасиетiн басқа бiр затқа таңудан туған ауыс мағына. Дегенмен, барлық синтаксистiк шартты мағына осылай жасала бермейдi. Олар кейде сөйлемде белгiлi бiр синтаксистiк құрылымда қолданылу арқылы да пайда бола алады. Мәселен, Мен өмiрiмде талай шыжықты көрген адаммын. Мынау құдық, қанша сыра берсең де iше бередi. Бұл сөйлемдердегi шыжық сөзi – ''азап'', ''бейнет'' деген мағынада, құдық сөзi – ''мешкей'', ''тойымсыз'' деген мағынада қолданылып тұр. Кейде олар сөз тiркесi арқылы да жасалады. Мысалы, Бiз жасарымызды жасап, ендi таудан түсiп келе жатқан адамбыз. Мұндағы таудан түсiп келе жатқан– қартайған, күшi қайтқан деген мағынаны бередi. Кейбiр ғалымдар синтаксистiк шартты мағынаны мәтiндiк мағына деп те атап жүр.
Лексика–грамматикалық сипатына қарай сөздер омоним-дер, синонимдер, антонимдер секiлдi шектес сөздер тобына ажыратылады. Бұлардың әрқайсысының өзiндiк белгiлерi бар.
Достарыңызбен бөлісу: |