3.Тұлғаға бағытталған жаңа көзқарас түсінігін айқындау үшін негізгі үш мәселеге тоқтала кеткеніміз жөн:
Тұлғаға бағытталған көзқарас ұғымын ашатын негізгі түсініктер:
Адамның ешкімге ұқсамайтын өзіндік даралық ерекшелігі;
Жеке тұлғаның үнемі өзгеріп отыратын әлеуметтік болмысы;
Тұлғаның өзіне тән қабілеттері мен мүмкіндіктерін таныту үрдісі;
Өзін және қоршаған ортаны тануда саналы, шығармашылық белсенділік көрсететін тұлға әрекеті;
«мендік» тұжырымдаманың болуы;
Оқушылардың білім алуына жағдай жасау. Өмірлік, кәсиби өсуіне педагогикалық қолдау, психикалық қарым-қатынас бойынша алдын-ала көмек беру іс-әрекеті.
Оқушыларға білім беру әрекетіндегі негізгі принциптер (ұстанымдар):
өзін-өзі белсендіретін тұлға ұстанымы;
даралық ұстанымы;
субъектілік ұстанымы;
таңдау ұстанымы;
шығармашылық табыс ұстанымы.
3. Технологиялық бөлімі:
шығармашылық іс-әрекетке шақыру;
баланың жеке басының дамуын қолдау;
оқушылардың өз бетінше шешім қабылдауына, білім алудың мазмұны мен жолдарын таңдауға еркіндік беру.
Жоғарыда аталған түсініктемелер тұлғаға бағыттап оқытудың сипаттамасын айқындауға мүмкіндік береді. Жеке тұлғаға бағыттап оқыту дегеніміз оқушының қажеттіліктерін, ерекшеліктерін, іс-әрекетін ескеретін жан-жақты, интеллектуалды ойлау қабілетін, өз бетінше шешім қабылдай алатын, шығармашылық қабілеттерін дамытатын тұлғаның «мәденитаралық қарым-қатынас субъектісін» қалыптастыру.
4.Білім жүйесін дамыту стратегиясының басты мақсаты – ұлттық білім моделін жасау.
Ұлттық білім үлгісінің негізгі бағыты — адамды қоғамның ең негізгі құндылығы ретінде тану, оның қоғамдағы орны мен рөліне, әлеуметтік жағдайына, психикалық даму ерекшелігіне мән беру, сол арқылы оның рухани жан-дүниесінің баюына, саяси көзқарасының, шығармашылық еркіндігі мен белсенділігінің, кәсіби іскерлігінің қалыптасуына жағдай жасау, мүмкіндік беру. Яғни, XXI ғасырдың маманы – жаратылыстану мен гуманитарлық ғылымдар бойынша ой-өрісі кең, жан-дүниесі бай, ұлттық менталитеті жоғары, кәсіби білікті маман, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай алатын, басқаның пікірімен санасатын, кез келген ситуациядан шығудың жолын таба алатын, жауапкершілік сезімі жоғары, қоғамда белгілі бір рөл атқаратын, қайталанбайтын дара тұлға болуы тиіс. Ал мұндай мүмкіндіктің негізі - жоғары білімде. Өйткені жоғары білім – үздіксіз білім беру жүйесінің шешуші тетігі. Сондықтан білімгерді тек маман ретінде ғана қарамай, оны өз қоғамының азаматы, жеке тұлға, келешектің иесі, тірегі ретінде тану, соған мүмкіндік жасау қажет. Ұлттық үлгідегі жаңа парадигманың негізгі бір мәселесі – білімгерге іргелі де терең, тиянақты да жүйелі білім беру. Іргелі білім берудің міндеті – адамды ғылыми ойлауға, болмысты тану, оны қабылдаудың әдіс-тәсілдерін білуге, өзін-өзі дамытуға, өз бетімен білім алуға, ізденуге іштей қажеттілігін туғызу.
Еліміздің егемендік алып, қоғамдық өмірдің барлық, соның ішінде білім беру саласында жүріп жатқан демократияландыру мен ізгілендіру мектепті осы кезге дейінгі дағдарыстан шығаратын қуатты талпыныстарға жол ашты.
Білім мазмұны жаңа үрдістік біліктермен, ақпаратты қабылдау қабілеттерінің дамуымен, ғылымдағы шығармашылық және нарық жағдайындағы білім беру бағдарламаларының нақтылануымен байи түсуде. Атап айтқанда:
• Есте сақтауға негізделген оқып білім алудан, бұрынғы меңгергендерді пайдалана отырып, ақыл-ойды дамытатын оқуға көшу;
• Білімнің статистикалық үлгісінен ақыл-ой әрекетінің динамикалық құрылым жүйесіне көшу;
• Оқушыға орташа деңгейде білім беретін бағдарламадан жекелеп, саралап оқыту бағдарламасына көшу.
Кез-келген елдің экономикалық қуаты, халқының өмір сүру деңгейінің жоғарлығы, дүние жүзілік қауымдастықтағы орны мен салмағы сол елдің технологиялық даму деңгейімен анықталмақ. Жалпы қоғам дамуы мен жаңа технологияны енгізу сапалығы осы елдегі білім беру ісінің жолға қойылғандығы мен осы саланы ақпараттандыру деңгейіне келіп тіреледі. Экономикалық күшті дамыған елдердің тәжірибесі экономика, ғылым және мәдениеттің қарқынды дамуының негізгі кілті екендігін көрсетіп отыр. Ендеше қазіргі заманның ақпараттық технологиясын игеру міндетіміз.
Білім беру – аса күрделі әлеуметтік-экономикалық механизм. Оны реформалаудың мәселелері де сан қырлы. Қазіргі кездегі Республикамызда қолға алынған білім беру жүйесін реформалау ісі осы саланың экономикалық-ұйымдық, құқықтық, құрылымдық жақтарын түбегейлі өзгертуге бағытталған біртұтас кешенді шаралармен тығыз байланысты. Білім беру ісіндегі жаңа үрдістің мән-мағынасы, сипаты мен бағыт-бағдарын айқындаушы дәйекті факторлар:
• Қазақстан Республикасының тәуелсіз егеменді мемлекет болып қалыптасуы;
• экономиканың нарықтық моделін ұстанып, меншіктің түрлі пішімдерін дамыту;
• ұлттық білім беру ісінің әлемдік білім жүйесіне кіруі болып отыр.
Кез келген диалектикалық даму үрдісі секілді нарықтық экономика жағдайына байланысты білім беру жүйесін реформалау ісі де қарама-қайшылықтарсыз емес. Мұның өзі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті талап етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |