Бихевиоризм бағыты да жеке тұлғаның дамуының биологиялық бастауларын жақтайды. Осы бағыттың негізін салушы американдық психолог және педагог Э.Торндайктің ( 1874-1949 ж.ж.) пікірінше, жеке тұлғаның барлық қасиеттерін (соның ішінде сана-сезімін, қабілеттілігін) тек тектілік, тұқым қуалаушылық қана анықтайды. Оның ойынша, ақыл-ой қабілеті балаға "көздері, тістері және саусақтары" сияқты дүниеге келгенінен-ақ беріледі. Ол адамды ұрпақтан ұрпаққа сол қалпында берілетін және жеке тұлғаның барлық қасиеттері мен келешегін толығымен анықтайтын "гендердің жинағы немесе батареясы" ғана деп санаған. Жеке тұлғаның дамуын биологизаторлық жағынан түсіндіру прагматизм бағытына да тән. Прагматизм (грекше-прагма) дегеніміз-іс-әрекет, тәжірибе. Бұл бағыттың негізін салушы-Джон Дьюи (1859-1952 ж.ж.).
Ендігі бір көзқарастың негізін классикалық түрде ағылшын философы Джон Локк (1632-1704 ж.ж.) салып, француз материалистері оны ары қарай дамытқан. Бұл бағыт бойынша адам өмірінің жағдайлары мен тәрбие жеке тұлғаның қалыптасуының ең басты факторы болып есептелінген. Д. Локктің белгілі бір пайымдауы бойынша баланың жаны дүниеге келген сәтінде таза тақтаға ұқсас (tabula rаsа) болып келеді және тек оның өмір жағдайлары мен тәрбие ғана жеке тұлғаның белгілі бір қасиеттерінің пайда болуына себепші болады. Осыдан кейін бұл көзқарас социологизаторлық бағыт болып қалыптасты, ал оның өкілдері жеке тұлғаның қалыптасуына әлеуметтік ортаның әсерін бірінші орынға қойып, оның дамуының ішкі заңдылықтарын жоққа шығарады. Олар адамның маңыздылығын кемсітеді.
Жеке тұлғаның дамуындағы тұқым қуалаушылық пен ортаның ықпалын бірінші орынға қойып, тәрбиенің күшін жоққа шығаратын бұл теориялар XIX ғасырдың аяғында психологиялық-педагогикалық зерттеулердегі ерекше бір бағыттың пайда болуына себепші болды, бұл бағыт "педология", яғни тура аударғанда "балалар туралы ғылым", "балатану" деген атқа ие болды.
Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуына сыртқы, қоршаған орта ықпалының мәні зор екендігіне сене отырып, философ-материалистер адамның биологиялық табиғатын жоққа шығармады. Олардың ойынша, адам тікелей табиғи тіршілік иесі, сондықтан ол бойына біткен бейімділіктер ретінде көрініс тапқан табиғи күштерге ие деп сенді. Алайда ол бейімділіктер оның бойында тек лайықты орта мен мақсатты тәрбие бар кезде ғана дами алады.
Достарыңызбен бөлісу: |