«Миға шабуыл» әдісі – студенттердің ғылыми және практикалық проблемаларды шешудегі дәстүрлі емес жолдарын іздестіретін ақыл-ой іс-әрекетін ұйымдастыруға бағытталған оқыту тәсілі. Ол бірнеше кезеңдерден тұрады:
Проблеманы анықтай алу немесе проблемалық жағдаят туғызу.
Талдаусыз және дәлелсіз әр түрлі ойларды алға шығару.
Ойларды, ұсыныстарды теориялық, эмпирикалық жағынан тексеру, талдау.
Үздік ойларды таңдау және бағалау.
Әдістің құрылымы екі бөліктен тұрады: біріншісі – ойларды шығару, екіншісі – ойларды дамыту және қорғау. Бұл әдісті көбінесе семинар сабақтарында кейде дидактикалық мақсатты ескере отырып дәріс сабақтарында да қолдануға болады.
«Миға шабуыл» әдісін қолдануға даярлық келесі кезеңдерден тұрады:
І кезең – Сабақтың мақсат пен міндеттерін анықтау.
ІІ кезең – Сабақтың жалпы өту барысын жоспарлау, сабақтың әр кезеңінің уақыт көлемін анықтау.
ІІІ кезең – Жаттығу үшін 3-4 сұрақ құрастыру, психологиялық қысымды азайту мақсатында қызықты жағдаяттарды таңдап алу.
ІV кезең – Ортаға түскен ойларды бағалау үшін бағалау нормаларын әзірлеу (өзектілігі, теориялық негіздеме, практикалық мәні және т.б.).
«Миға шабуыл» әдісінің «мықты» және «әлсіз» тұстары бар:
«Мықты» тұстары
|
«Әлсіз» тұстары
|
-танымдық белсенділікті арттыруы;
-оқу материалын білім алушылардың шығармашылық жолмен меңгеруі;
-теорияның практикамен байланысы;
- көңілдің ортақ іске жұмылуы;
-проблеманы шешу кезеңінде ойлау қызметінің күшеюі;
-топта жұмыс істеу іскерліктерін қалыптастыру
|
-дайындық үшін қосымша уақыт қажет;
-барлық студенттер «миға шабуыл» әдісімен таныс болмауы мүмкін;
-барлық тақырып осы әдіспен оқытылуы мүмкін емес
|
«Іскерлік ойындар» әдісі – оқу-кәсіби міндеттердің ережелер бойынша ойын формасында шешілетін оқыту тәсілі. Білім алушылар кәсіби іс-әрекеттің үзінділерінен көрініс қоя отырып, түрлі рөлдер мен кәсіби іс-әрекет түрлерін орындайды.
Іскерлік ойынның міндетті бөліктері бар, олар:
-дидактикалық мақсаттың болуы: білімді жүйелеу мен нақтылау, іскерлік жүйесін қалыптастыруға ұмтылу, тұлғаның кәсіби деңгейдегі қасиеттерін қалыптастыру;
-оқу-кәсіптік ойын міндеттерінің болуы: ойынға қатысушы өзінің қандай міндетті шешу керектігін нақтылы білген дұрыс;
-ойын жағдаятының болуы: ойында қарама-қайшылық, тараптар «шекісуі», әр түрлі көзқарастар мен ойлар элементі болуы керек;
-ойынның бірлескен сипаты: ойынға қатысушылардың барлығы өздеріне бөлініп берілген рөлдері бойынша өзара қарым-қатынасқа түсулері керек;
-іскерлік ойынның бағытталушы жоспарының болуы: ойын барысын, қатысушылардың негізгі сөздері мен әрекеттерін оқытушы құрастыруы керек, алайда ойын барысында оған қатысушылардың суырып салма өнерлеріне шек қойылмайды;
-бірыңғай нәтижеге қол жеткізу: білім берушілік, дамытушылық, тәрбиелік жетістіктерге жету.
Ойынның негізгі шарттарына тоқталайық:
-ойынға қатысушылардың өзіне тиесілі рөлдерін өз еріктерімен таңдауы;
-ойынға қатысушылардың ортақ шешім қабылдаулары үшін диалогтік қарым-қатынасқа түсулері;
-ойынға мүмкін болар жағдайларға байланысты суырып салмалық өнер, модельдеу түрлерін енгізу;
-ойын ережесінің бар болуы («жазалау жолдары», шектеулер);
-ойынға сайыс, ынталандыру (мақтау, құп алу және т.б.) элементтерін енгізу;
-ойын іс-әрекетінің нәтижелерін бағалау жүйесін қолдану;
-іскерлік ойынның жоғары серпінділігі, сабақтастығы, зор мәнге ие болуы маңызды.
«Іскерлік ойындар» әдісінің «мықты» және «әлсіз» тұстары бар:
«Мықты» жақтары
|
«Әлсіз» тұстары
|
-болашақ кәсіби педагогикалық іс-әрекеттің бір кезенді модельдеуге мүмкіндік береді;
-теориялық білімдерінің нығая түсуіне және оны практика жүзінде қолдануға мүмкіндіктері артады;
-педагогиканы оқуға қызығушылықтары арта түседі
|
-дайындық үшін қосымша уақыт қажет;
-ойынды өткізу, ұйымдастыру аудиториялық уақыт аясына сай келе бермейді
|
«Дөңгелек үстел» әдісі – педагогика бойынша бұрын өтілген білімдерін бекітуге, оқу материалының жеткіліксіз тұстарын толықтыруға мүмкіндік беретін, педагогика бойынша проблемаларды өздігінен шешіп, талдау жасай алу қабілеттерін дамыта түсетін әрі пікірталас жүргізе білу мәдениетін қалыптастыратын оқыту тәсілі.
Бұл әдісті өзекті деп саналатын және әр түрлі көзқарас тудыратын тақырыптар бойынша семинар сабақтарында қолдануға болады. Әдістің ерекшелігі тақырыптық пікірталас пен топтық кеңес арасындағы үйлесімділік туғызып, «дөңгелек үстел» ұйымдастыру, яғни, «көзбе-көз» пікір алмасу. Қатысушылар бір-біріне қарама-қарсы қарап отырады, ал оқытушы да осы топтың тең дәрежелі мүшесіндей үстелден орын алады.
Әдіс өзінің «мықты» және «әлсіз» тұстарымен сипатталады:
«Мықты» тұстары
|
«Әлсіз» жақтары
|
-студенттердің танымдық іс-әрекетін арттырады;
-студенттерге негізгі проблеманы көруге және туындаған жағдаяттағы қарама-қайшылықты табуға үйретеді;
-студенттің өзіне тікелей талдауға қатысуына мүмкіндік береді
|
-дайындық үшін қосымша уақыт қажет;
-оқу сабағының уақыт көлемі шектеулі (50 минут)
|
«Кейс-стади» әдісі отандық жоғары оқу орындарында АҚШ, Канада бизнес-мектептерінің тәжірибесінен алынып, қолданысқа еніп отыр. Бұл әдіс аналитикалық іскерліктерді, проблемалық міндеттерді шешудегі практикалық іс-әрекеттерді, ауызша және жазбаша дағдыларды қалыптастырады.
Оқыту кезінде «кейс-стади» әдісін қолдану Дж. Мартиннің «Таным пирамидасында» жақсы көрсетілген. Ғалым әр түрлі формада сабақ кезінде меңгерілетін оқу материалын пайыздық көлемде берген:
дәріс – 5%;
оқу – 10%;
аудио әдістер – 20%;
демонстрация – 30%;
пікірталас әдістері – 50%;
практикалық іс-әрекет – 70%;
басқаларды оқыту– 90%.
Аталған пирамидаға сәйкес, ең тиімді деп пікірталас әдістері, практикалық іс-әрекет және «кейс-стади» табылған.
«Кейс» сөзі (ағылш. саsе – жағдаят) білім беруде екі мағынада қолданылады: оқу-әдістемелік материалдар жиынтығы және кейбір жағдаяттарды сипаттау. Жағдаят – белгілі бір проблемамен біріккен жағдайлар үйлесімділігі [4, 7-бет].
«Кейс-стади» әдісі оқытудың нақтылы жағдаяттарды қолдану және зерттеу тәсілі. Әдіс студенттердің өздігінен жұмыс істеуіне, белсенділігі мен бастамашылығын арттыруға және ақпаратты үйрену мен талдап қорытуға, аудитория алдында өз көзқарасын дәлелдеуге бағытталған.
Кейстерді көлеміне қарай классикалық «үлкен» (20 беттен артық), орташа (5-15 бет) және мини-кейстер (1-5 бет) деп ажыратамыз. Осылардың ішінде ең тиімді қолданылатыны мини-кейстер, өйткені оларда тек қажет деп табылатын ақпараттар ғана жинақталады, шешім қабылдауға тиіс сұрақтар саны да көп болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |