Бақылау сұрақтары:
-
Каспий теңізінің жалпы көлемі
-
Каспийдің табиғаты туралы жан-жақты зерттеу нешінші ғасырда болды?
-
Каспий теңізінде жауын-шашын қандай жауады
-
Каспийде өсетін кәсіптік маңызы зор балық.
5. Каспий теңізінің экологиялық проблемалары Қазақстанға басқа қандай мемлекеттерге тән
Лекция № 15
Тақырыбы: Арал теңізінің экологиясы
Жоспары:
1.Арал теңізі,климаты,табиғи байлықтары
2.Аралдың экологиясы
Лекцияның мақсаты:
Арал теңізі көне заманнан бері әлемнің көптеген саяхатшылары мен ғалымдарының назарын өзіне аударуда, Арал туралы алғашқы деректер ежелгі грек ғалымдарының еңбектерінде ұшырасадығы, оның климаты, теңіз байлықтары, сонымен қатар эколгиялық апат аймағы болып саналатындығы жайлы түсіндіріледі. Арал проблемасына арналған бірнеше халықаралық кон-ференциялар өтіп, Аралға көмектесу жолдары іздестірілуде екндігі қамтылған.
Лекция мәтіні:
Қазақстанның оңтүстік аймағындағы Арал теңізі көлемі жағынан екінші орынды иеленеді. Арал теңізі Тұран ойпатының тектоникалық қазаншұңқырында жатыр. Ол дүниежүзілік мұхит деңгейінен 53 м биікте орналасқан. Жалпы ауданы 64,5 мың км2, ұзындығы 428 км, жағалаулары көбінесе ойпатты, жазық, құмды болып келеді. Арал теңізінің түбі тегіс, тұнба шөгінділі.
Арал теңізі көне заманнан бері әлемнің көптеген саяхатшылары мен ғалымдарының назарын өзіне аударуда, Арал туралы алғашқы деректер ежелгі грек ғалымдарының еңбектерінде ұшырасады. Грек ғалымы Птолемей теңіздің географиялық орнын дұрыс анықтап жазған. Арал теңізінің суын, табиғатын жан-жақты зерттеуде орыс ғалымдарының сіңірген еңбегі зор. Академик Л. С. Бергтің 1908 жылы «Арал теңізі» деген үлкен еңбегі жарық көрді.
Арал теңізі аймағының климаты қатаң континентті, құрғақ. Жылдық жауын-шашынның орташа мөлшері 100 мм. Жылдық булану мөлшері түскен жауын-шашыннан бірнеше есе көп.
Теңіз бетіндегі ауаның жаз айындағы орташа температурасы: +24°С, +26°С, қыста —7°С, —13°С-ге дейін төмендейді. Қыста теңіз бетіне мұз қатады. Суының тұздылығы 14%о, соңғы жылдары теңіз суының қатты тартылып тайыздануына байланысты тұздылығы қалыпты мөлшерден артқан.
Арал теңізінің табиғи байлықтары. Теңізде балықтың 30-дан аса түрі бар. Кәсіптік маңызы бар бекіре, сазан, қаяз, шабақ, ақмарқа сияқты балықтар ауланады. Соңғы уақытқа дейін Аралдан балықшылар жылына 200 мың тонна балық аулап келді. Аралға құятын Әмудария мен Сырдария шаң көтеріліп, қоршаған ортаға таралады екен. Шаңмен көтеріліп, шөккен тұз топырақтың құнарын азайтып, егіс өнімін төмендетеді, ауыз судың сапасына әсер етіп, жергілікті халықтың денсаулығына зиянын тигізіп отыр.
Атмосфераға зиянды заттардың шамадан тыс таралуы климатқа да өз әсерін тигізуде. Арал маңында атмосфера ғана емес, су мен топырақ та ластанған. Теңіз маңында жас балалар өлімі көп, ересектер арасында сырқаттану басым. Әсіресе тыныс алу органдары мен жүйке, қан айналысы жүйесі, асқазан, т. б. аурулары жиі кездеседі. Жұқпалы аурулар (ішек аурулары және сары ауру), катерлі ісік, кеміс боп туу соңғы кезде көбейіп кеткен. Байырғы тұрғындар ата-баба жерінен амалсыз қоныс аударуда. Қазір Арал теңізінің экологиялық жағдайы шетел ғалымдарын да алаңдатып отыр. Арал проблемасына арналған бірнеше халықаралық кон-ференциялар өтіп, Аралға көмектесу жолдары іздестірілуде. 1988 жылы «XX ғасыр: бейбітшілік және экология» атты ақындардың халықаралық Арал қозғалысы өткізілді. Соңғы жылдары Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттері басшылары Аралды аман сақтап қалу жолдарын қарастыруда. Бұл шараларға шет мемлекеттер де атсалысуда. Өйткені бұл ғаламдық проблема.
Бақылау сұрақтары:
1.Арал теңізі қай ойпаттың тектоникалық қазаншұңқырында жатыр? жатыр
2. Арал туралы алғашқы деректерді кемдер жазған?
3. Аралдағы жылдық жауын-шашынның орташа мөлшері қандай?
4. Теңізде балықтың қаншадан аса түрі бар?
5. Аралға құятын өзендер?
Лекция № 16
Тақырыбы: Балқаш көлінің физика-географиялық сипаты
(1сағат)
Жоспары:
1. Балқаш көлі, климаты,табиғат байлықтары
2.Балқаш көлінің экологиясы
Лекцияның мақсаты:
Балқаш көлі теңіз деңгейінен 342 метр биіктікте жатырғандығы,көлдің ауданын, ұзындығын,қандай саяхатшылардың зерттегендігі,қандай өзендердің келіп құятындығын айта келіп,табиғи байлықтарын, шаруашылықтағы маңызын, экологиялық проблемаларын түсіндірген.
Лекция мәтіні:
Балқаш — Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан көл. Көлдің ауданы 18,2 мың км2, көл ендік бағыт бойында созылып жатыр. Ұзындығы 605 км, ең тар жерінің ені 8 км. Суының деңгейі жыл мезгіліне байланысты өзгеріп отырады. Ең терең жері 27 м. Балқаш көліне Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз өзендері келіп құяды.
Бұл көлді көптеген саяхатшылар мен ғалымдар зерттеген. Солардың ішінде неміс ғалымы А. Гумбольдт, орыс ғалым-саяхатшылары И. В. Мушкетов, Л. С. Берг, т. б. есімдерін атауға болады. Балқаш, Алакөлдерің табиғатын және қазаншұңкырларының ұқсастығын алғаш рет Шоқан Уәлиханов зерттеген. Шоқан Балқаш алабына Іле және Жоңғар Алатауы табиғатын ғылыми сипаттама берді.
Балқаш көлі теңіз деңгейінен 342 метр биіктікте жатыр. Көлдің солтүстік жағалауы тік, сай-жыралармен көп тілімделген, ал оңтүстік жағалауы жайпақ. Балқаш көлінің батыс және шығыс жағалаулары палеозой эрасы жыныстарынан түзілген.
Іле өзені Балқашқа оңтүстік жағалауынан тарамдалып, кең атырау жасап құяды. Балқаш көлінің көптеген ірі шығанақтары, мүйістері, түбектері бар. Ірі шығанақтары — Алакөл, Қарақамыс, Кеңтүбек, аралдары — Басарал, Тасарал. Балқаш көліне Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз, Бақанас, Тоқырау, Мойынты өзендері қүяды.
Климаты. Балқаш көлінің климаты континентті. Шілде айындағы ауаның орташа температурасы +24°С, қаңтар айындағы ауаның орташа температурасы — 8°С-ге жуық. Жылдық жауын-шашын мөлшері 120 мм. Көлдің бетін желтоқсаннан сәуірге дейін мұз басып жатады. Жазда көл суының температурасы +27°С-ге дейін жетеді.
Балқаш көлінің табиғат байлықтары. Көл әр түрлі моллюска, гпаян тәрізді ұсақ жәндіктер мен планктонға бай. Балықтың 20-дан аса түрі бар. Оның 5 түрі тек Балқашта өсетін балықтар. Олар Іле және балқаш көкбасы, балқаш алабұғасы, т. б. Кәсіптік маңызы бар сазан, көксерке, балқаш алабұғасы, шармай, аққайран балықтары ауланады. Су тышқаны (ондатра) жерсіндірілген. Іленің атырауында өскен қамыстардан малға жылына 1 млн. тоннаға дейін шөп дайындауға болады. Жабайы аңдарға бай. Көлдің суын жағалауында орналасқан кәсіпорындар пайдаланады. Көлде кеме қатынасы үзілмейді.
Балқаш көлінің экологиясы. Балқашқа құятын Іле өзенін Қапшағай су қоймасына бұрғаннан бері көл суының деңгейі 2 метрге төмендеген. Қазір Балқаш көлі түрлі өндірістік қалдықтармен ластануда, әсіресе оған Балқаш мыс комбинатының өндірістік қалдықтары көп зиян келтіруде. Мыс комбинаты Балқаш көлінің жылына 59 млн м3 суын өндірістік мақсатқа пайдаланады екен. Ал пайдаланылған су дұрыс тазартылмай көлге қайта ағызылады. Соның салдарынан көл суы құрамында мыс 14-54 есе артып,молибден, мырыш, қалдықтары көлдегі тіршілік көзін жоюда.Көлден ауланатын көксерке балығы ауруға шалдығып, жеуге жарамсыз болып отыр.Балқаштың эколкогиялық жағдайы барша жұртты алаңдатып отырған өзекті мәселе. Қазір Арал-Балқаш қоры ашылды.
Алакөл – Балқаштың шығыс жағында жатқан көлдер тобының ең ірісі. Суы тұзды, Алакөлге 15-тен астам шағын өзендер келіп құяды. Жағалаауының ұзындығы 384 км. Көл балыққа бай, онда балықтардың 58 түрі кездеседі. Жағалауында өсетін қамыс пен шалғындық арасын жабайы аңдар мен құстар мекендейді.
Бақылау сұрақтары:
1. Балхаш көлінің ең терең жері қанша?.
2. Балқаш көлінің көптеген ірі шығанақтары, мүйістері, түбектерін ата
3. Балқаш көлінің климаты
4. Балқаш көлінің табиғат байлықтары.
5. Балқаштың шығыс жағында жатқан көлдер тобының ең ірісі
Лекция №17
Тақырыбы: Қазақстанның тау мұздықтары және жер асты сулары
Жоспары:
1.Тау мұздықтарының орналасу аймақтары
2. Жер асты суларының таралуы
Лекцияның мақсаты:
Қазақстан тауларындағы мұздықтар негізінен республикамыздың оңтүстік және шығыс бөлігінде созылып жатқан Тянь-Шань тау жүйесінде, биіктікте орналасқандығы,мұздықтардың жалпы түрлерін, олардың ең ұзын мұздықтарын, шаруашылықтағы маңызын түсіндіре келе, жер асты суларының таралуы, су қорының жиналуы да әсер етедігін, Қазақстан жері тұщы сумен қатар, құрамында минералды тұздар мен газдар, басқа да активті еріген заттары бар емдік суға бай екндігін түсіндіріліп айтылады.
Лекция мәтіні:
Мұздықтар табиғаттағы су айналымының маңызды түйіні болып табылады. Мұздық дегеніміз — көп жылдар бойы биік таулар басына жиналған қарлар мен көк сеңгір мұздар. Ауа ағынымен келген орасан зор мөлшердегі ылғал таулардың басына қар, бұршақ түрінде жауады. Еріген мұздықтардан тау өзендері бастау алады. Сондықтан мұздықтарды үлкен су қоймасы деуге болады.
Талас Алатауы, Қырғыз Алатауы, Іле Алатауы, Күнгей Алатау, Теріскей Алатау жоталары мен Жоңғар Алатауы, Сауыр және Алтай тауларының биік шо-қылары мен шыңдарында кездеседі. Қазақстанда жалпы көлемі 1850 км2 1190 мұздық бар. Қазақстанның таулы бөлігінде мұздықтардың үш түрі бар:
аңғарлық мұздықтар (аңғарлық, қарлыаңғарлық, аспалы аңғарлық, қазан шұңқырлық). Бұл мұздықтардың жалпы мөлшерінің 19,2 пайызын құрайды.
may беткейлік (шлейфтік, қарлық, қар аспалы, беткейлік) мұздықтар. Бұл мұздықтардың жалпы мөлшерінің 79,1 пайызын құрайды.
денудациялық беткейдегі мұздықтар (жұмыр, төбесі тегіс шыңдарда). Бұл мұздықтардың жалпы мөлшерінің 1,7 пайызына тең.
Қазақстандағы ең ірі мұздық Іле Алатауындағы аңғарлық Корженевский мұздығы. Мұздықтың ұзындығы 12 км-дей, ауданы 38 км2, ал қалыңдығы шамамен 300 метрдей, 3560 метр биіктікте орналасқан. Мұздықтардың ішінде аңғарлық мұздықтар беткейлік мұздықтарға қарағанда қалыңырақ бо-лады. Алматы қаласының оңтүстігінде Кіші Алматы өзені бастау алатын Тұйықсу мұздығы бар.
Республика тауларындағы биіктік белдеуліктерінің өзгеруіне қарай мұздықтардың етегі солтүстіктен оңтүстікке, батыстан шығысқа қарай биіктей береді. Мысалы, Алтай тауындағы мұздықтардың етегі орташа есеппен 2600 метр биіктікте болса, ал Тянь-Шань тауындағы мұздықтардың етегі 3600 метр биіктікте жатыр.
Қазақстан тауларындағы мұздықтың жалпы биіктігі 4000 метрді қамтиды. Еліміздің тауларындағы мұздықтарға төменгі температуралық режим тән. Қыста мұздықтардың 12-15 м тереңдікке дейінгі аралығы қатты суынады. Мұздықты белдеу-де температура — 10°С-к.а дейін төмендейді. Аңғарлық мұздықтардың қалың қабаттарында жыл бойы температура 0°С шамасында болады.
Көп жылдық бақылау нәтижесі мұздықтардың еруі ауа температурасына байланысты өзгеріп отыратынын көрсетті. Ауа температурасы +1°С болған кезде мұздықтар бетінің 7,5 мм-ге дейінгі қабаты ериді. Қазақстан тауларындағы мұздықтардың еруінен өзендерге жылына шамамен 2109 м3 су қосылатындығын ғалымдар есептеп шығарған. Республиканың мұздықтардан қорланатын өзендері суармалы егін мен ауыз суға пайдаланылады. Олар бірден-бір тұщы су көзі болып саналады.
2. Жер асты суы
Кең-байтақ қазақ жерінің табиғат жағдайларының (өзен жүйесі, климаты, геологиясы) әр түрлі болып қалыптасуына жер асты суларының таралуы, су қорының жиналуы да әсер етеді. Жалпы жерінің жартысына жуығын шөл мен шөлейт алып жатқан Қазақстан үшін жер асты суының маңызы өте зор. Жергілікті халық жер асты суын ерте заманнан бері пайдаланып келеді. Шөл және шөлейт жерлерде құдық бірден-бір тұщы су көзі болып табылады. Жаз жайлауға көшкенде қазақтар әдетте құдықтарды бағытқа алған. Қазақ халқы құдықты өте шеберлікпен қазып, атадан балаға мирас етіп қалдырып отырған. Жапан далада қазылғанына 100 жылдай болған құдықтарды Қызылқұм шөлінен, Бетпақдаладан, Ақмола, Көкше, Атырау жерлерінен кездестіруге болады. Шөлде қазылған тереңдігі 40-50 құлаш келетін, түбіне топырақ, құм түспесін деп сексеуілмен өріп шегендеп тастаған құдық суы мұздай әрі тап-таза болады. Шөл далада су баға жетпес қымбат байлық, өйткені сусыз тіршілік ете алмайсың.
Жер асты сулары таралуына, су ұстаушы жыныстардың сипатына қарай жарықшақты, жарықшақты-қат-қабатты, қат-қабатты болып үш топқа бөлінеді.
Жарықшақты тобына жататын жер асты су лары Қазақстанның оңтүстігі мен шығысындағы таулы және ұсақ шоқылы аудандарда,Сарыарқа,Орал, Мұғалжар таулары аймағында таралған.Мұндай су кембрийге дейінгі және палеозой эраларында пайда болған метаморфтық тау жыныстары қабатында кездеседі.Жарықшақты тобына жататын жер асты суы онша терең емес жерлерден бұлақ болып шығады.Жекелеген су кездерінен су 1-2 л/сек жылдамдықпен ағып шығып,биіктаулы өңірде көптеген жылғалар мен тау өзендерін қорландырады.
Жарықшақты қат-қабатты топқа жататын жер асты сулары негізінен Маңғыстаудың таулы аймағында, Сарыарқаның кейбір аудандарында, Қазақстанның оңтүстігі мен шығысында әр түрлі жарылыстармен тілініп әбден тығыздалған палеозой, мезозой эраларында пайда болған тау жыныстары қабатында кездеседі. Тұщы және ашқылтым болып келетін бұл топтағы сулар ондаған метрден жүздеген метрге дейінгі тереңдікте қалыптасқан. Судың ағып шығу жылдамдығы 10-35 л/сек. Оңтүстік Қазақстандағы Мырғалымсай, Келтемашат кен орындары мен Сазтөбе, Бадамның өзен-бұлақтарынан шығатын судың мөлшері секундына 1000-3000 метрге дейін жетеді. Жарықшақты қат-қабатты судың ең аз жері — таулы Маңғыстау. Таулы жөне ұсақ шоқылы аудандарда негізінен жарықшақты, жарықшақты қат-қабатты су қалыптасады.
Қат-қабатты топқа жататын жер асты сулары жазық аудандарда, тау іші ойыстарында, өзен аңғарларында палеозой, антропогендік эраларында пайда болған жыныстар қабатында кездеседі. Бүл жыныстардың қалыңдығы әр жерде әр түрлі. Мысалы, өзен аңғарларында жыныстардың қалыңдығы бірнеше метр болса, Үстіртте 3-6 км-ге, Каспий маңы ойпатында 10-19 км-ге жетеді. Бұл жыныстар қабатынан бұрғыланып алынатын судың мөлшері секундына 50-70 литр. Қазір республикамызда жер асты суын 15 облыс орталығы, 3500 ауыл шаруашылығы кәсіпорыны пайдаланып, 80 млн. га мал жайылымы, 15 млн. га егістік жері суландырады.
Минералды сулары. Қазақстан жері тұщы сумен қатар, құрамында минералды тұздар мен газдар, басқа да активті еріген заттары бар емдік суға бай. Кейбір судың табиғи температурасы жоғары болады.
Сарыағаш, Алмаарасан, Барлықарасан, т. б. курорттарда әр түрлі ауруларды емдеуге жер асты минералды суы тиімді пайдаланылады. Соңғы жылдары әсері күшті радиоактивті, көмірсутекті, темірлі, азотты, сілтілі, т. б. түрлі жер асты минералды суы табылды. Жер астынан шыққан ыстық бұлақтар суы жылыжай, шаруашылығында, өнеркәсіпте, тұрғын үйлерді жылытуға, су айдынын жасауға, балық өсіретін су тоғандарында кеңінен пайдаланылады.
Бақылау сұрақтары:
1.Қазақстанның таулы бөлігінде мұздықтардың қанша түрі бар?
2. Қазақстандағы ең ірі мұздық
3.Қазақстан тауларындағы мұздықтың жалпы биіктігі Қазақстан тауларындағы мұздықтың жалпы биіктігі қанша?
Жер асты сулары таралуына, су ұстаушы жыныстардың сипатына қарай қаншаға бөлінеді?
5. Қазақстандағы минералды суларды ата
Лекция № 18
Тақырыбы: Қазақстанның топырақ жамылғысы
Жоспары:
1.Қазақстанның топырағы және оның негізгі түрлері
2.Топырақты мелиорациялау және қорғау
Лекцияның мақсаты:
Топырақтың түзілуіне, оның қасиетіне түрлі факторлар әсер етеді.
Топырақтың түзілуіне жер бедерінің де әсері көп. Күн сәулесінің географиялық бір ендікте жатқан қыраттар мен ойпаттарға біркелкі түспеуінен топырақ та бірдей болып түзілмейдігін,топырақтың түзілу процесі өте баяу жүреді әрі әр түрлі табиғат аймақтарында әр түрлі өтедігін,топырақты механикалық құрамына қарай айырылатындығын айта келіп топырақтың климта бойынша ауысатындығын, түрлерін түсіндірген.
Лекция мәтіні:
Топырақ түзуші факторлар. Топырақ — өте күрделі табиғи түзіліс. Топырақтың пайда болуы тау жыныстарынын бөлшектеніп, қопсуынан басталады. Тау жыныстары (қорым тас, құм) әлі топырақ емес. Топырақтың түзілуіне, оның қасиетіне түрлі факторлар әсер етеді.
Табиғатта жылу мен суықтың, ылғал мен тірі жәндіктердің өрекетінен үгілген тау жыныстарының үстіне өсімдіктер өсе бастайды. Күзге қарай қураған шөп, өсімдік, ағаш жапырақтары, шіріген бұтақтардан топыраққа органикалық зат беріледі. Органикалық қалдық заттарды саңырауқұлақтар мен бактериялар шірітіп, жаңа затқа — шіріндіге немесе қарашірікке (г у м у с)айналдырады.
Топырақтың түзілуіне жануарлар, топырақта тіршілік ететін әр түрлі құрт-құмырсқалар мен олардың личинкалары да қатысады. Әсіресе жауын құрты органикалық заттарды қопсытып, тау жыныстарының минерал бөлшектерімен араласуына себепші болады. Микроорганизмдердін. әрекеті мен судың еріту әсері нәтижесінде топырақтағы химиялық элементтер (азот, фосфор, калий, темір, кальций және басқалар) өсімдіктердің қоректенуіне жарамды әр түрлі химиялық қосылыстар түзеді.
Топырақтың түзілуіне және оның қасиетіне түрлі факторлар әсер етеді. Солардың ішінде климаттың маңызы зор. Айталық жауын-шашын аз жауып, климаты құрғақ әрі ыстық жерлерде сирек өсетін шөптесін өсімдіктерден шірінді аз түзіледі. Ал еріп топыраққа сіңбеген тұз жер бетіне жина-лып жерді сортаңдандырады. Климаты салқын, ылғалды аймақтарда (орман зонасы) тұз ерітінділері топырақтың жоғарғы қабатынан төменгі қабатына қарай сіңеді. Топырақтың беткі қабатына шірінді көктем мен қоңыр күзде көбірек жиналады. Мұндағы топырақ кальцийге бай қарашіріктің төменгі қабаттарға қарай шайылып кетуіне тосқауыл жасайды.
Топырақтың түзілуіне жер бедерінің де әсері көп. Күн сәулесінің географиялық бір ендікте жатқан қыраттар мен ойпаттарға біркелкі түспеуінен топырақ та бірдей болып түзілмейді.
Топырақтың түзілу процесі өте баяу жүреді әрі әр түрлі табиғат аймақтарында әр түрлі өтеді.
2.Топырақты механикалық құрамына қарай айыру. Топырақтың механикалық құрамы әр түрлі болып келеді. Онда өте ұсақ бөлшектерден бастап, біршама ірі түйіршіктер (тау жыныстары) мен минерал үгінділері кездеседі. Топырақ механикалық құрамына қарай сазды, саздақты, құмдауытты және құмды болып бөлінеді.
Топырақ бөлшектері әдетте қарашірік пен ұсақ саз бөлшектері арқылы өзара байланысады. Олардың түзілуіне топырақ құрамындағы кальций әсер етеді. Кальций микроэлементі топырақтағы өте ұсақ бөлшектердің желімденуіне себеп болып, топырақ түйіршіктерінің беріктігін арттырады. Қарашірік пен кальцийге бай түйіршікті қара топырақ құрылымы ең жақсы топырақ болып саналады. То-пырақтың қызғылт, күлгін түрлерінің құрылымы кесекті немесе жаңғақ сияқты болып келеді. Құрылымды топырақтың құнары жақсы. Мұндай топырақта өсімдіктердің өсіп-өнуі үшін ылғал жеткілікті болады әрі ауа режимі де қолайлы. Құрылымсыз топырақ құнарсыз келеді.
Құрылымды топырақтың түйіршіктері үлкенді-кішілі кеуек, қуыс болады. Осы кеуектерден су топырақтың төменгі қабатына өтеді. Судың біраз бөлігі ұсақ кеуектердің ішіне толып, төменгі қабатқа ақпай, іркіліп қалады.
Өсімдіктер тамырымен топырақ құрамында еріген минералды заттарды бойына сіңіреді. Топырақ түйіршіктері мен кеуектері, қуыстары арасындағы ауа өсімдік тамырларының тыныс алуына жене бактериялардың көбеюіне қажет. Сондықтан да мәдени өсімдіктер мен жеміс ағаштары түбін қопсытып отырған жағдайда жақсы өседі.
Қазақстан аумағындағы топырақ түрлері. Қазақстан аумағындағы топырақ жамылғысы күрделі және алуан түрлі. Республика жерінің топырақ түрлері топырақ түзуші факторларға тығыз байланысты келеді, сондықтан да топырақ түрлері географиялық ендік бағыты бойымен созыла орна-ласқан әрі әр түрлі аймақ түрінде еліміздің солтүстік бөлігінен оңтүстікке қарай алмасып отырады.
Қазақстан аумағындағы 4 табиғат зонасына (орманды дала, дала, шөлейт, шөл) сәйкес жазық жерлерде қара топырақ, қызыл қоңыр топырақ және қоңыр топырақ, сур топырақ түрлері таралған. Құнарлы қара топырақ (қара шірікті қабаты 1—2 м) зонасы республикамыздың солтүстік және солтүстік-шығыс бөлігін алып жатыр. Қара топырақ аймағының жалпы көлемі республика аумағының 9,5 пайызын қамтиды. Зонааралық орманңың сұр топырағы кездеседі. Қызыл қоңыр топырақ аймағы 53° солтүстік ендіктен оңтүстікке қарай созы-лып жатыр, оның жалпы көлемі еліміздің жер көлемінің 34%-ін қамтиды. Қызыл қоңыр топырақ түрлері (орташа қызыл қоңыр, бозғылт қызыл қоңыр) дала зонасында таралған.
48° солтүстік ендіктен оңтүстікке таман шөл зонаның қоңыр және қоңыр сұр топырағы таралған. Қоңыр және қоңыр сұр топырақ республика жерінің көп бөлігін алып жатыр (43,6%).
Шөлді аудандарда ойпаңда жиналған саздан түзілген тақыр жерлер топырағы кездеседі. Топырақтың мұндай түрлері Шу, Сырдария, Іле, т.б. өзендердің төменгі ағыстарында, қоңыр және сұр топырақты аймақта кездеседі.
Қазақстанның шөл және шөлейт зонасында құм және құмды топырақ таралған. Қазақстанның көпшілік бөлігінің топырағы сортаң топырақты. Егістік жерлерді суару режимінің дұрыс сақтала бермеуінен және жер асты суының шамадан тыс минералдануынан қазір сортаң топырақты жер көлемі ұлғайып келеді (шамамен 30%). Биік тау беткейлерінің топырағы биіктікке байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, Тянь-Шань таулы аймағы топырағының қалыптасуына тау тарамдарының оңтүстікте шөл аймағында жатуы әсер етеді. Осыған байланысты таулы өңірдің биіктік аймағы шөлдік топырақ жамылғысынан басталып, көпжылдык. қарлы аймаққа дейінгі аралықты қамтиды. Бұл аймақта топырақтың сұр, қызыл қоңыр, шалғынды далалық, қоңыр, қара күңгірт, орман-ды, т. б. түрлері тараған.
Қазақстаннын биік таулы белдеулерінің мал шаруашылығы үшін маңызы зор. Биік таулы шалғындар негізгі мал жайлауы болып табылады. Құнарлылығы жоғары қара топырақты аймақта егін шаруашылығы жақсы дамыған.
Жер ресурсы. Жер — табиғи ресурстардың бір түрі. Жер адамзат баласының аса маңызды байлығы, ауыл шаруашылығының басты көзі және халық шаруашылығының барлық салаларын өркендетудің, орналастырудың негізі болып табылады.
Жер көлемін жан басына шаққанда Қазақстан дүние жүзінде бірінші орын алады. Тың және тыңайған жерлерді игергеннен кейін егістік алқаптың көлемі 7 есе ұлғайды. 1993 жылдың есебі бойынша жалпы егістік жердің көлемі 35,6 млн. га, оның 24,6 млн. гектарына дәнді дақыл егіледі.
2. Топырақты мелиорациялау және қорғау жұмыстары
Республикамызда табиғи ресурстардың аса мол қоры шоғырланған. Қазақстан Республикасының Табиғат қорғау туралы заңында «Айналадағы ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қалпына келтіру жөніндегі шаралар белгіленіп, жүзеге асырылсын» деп жазылған.
Адам тіршілігінде топырақтың атқаратын қызметі мен рөлі өте зор. Топырақтың құнарлы қабаты ұлттық байлық болып саналады. Жалпы топырақтың қызметін ешнәрсемен де алмастыра алмайсың. Ол біздің тіршілігіміздің қайнар көзі. Сондықтан да топырақты тозып кетпес үшін үнемі баптап, оның құнарлығын арттырып отыру ертеңгі ұрпағымыз үшін де қажет.
Топырақты табиғи күйінде сақтау ең алдымен адамның шаруашылық әрекетіне байланысты. Қазір жерді дұрыс пайдаланбау салдарынан дүние жүзінде құнарлы топырақтың көлемі кеміп барады. Ал топырақтың түзілуі өте баяу жүретін процесс. Топырақ эрозияға ұшырап, оның құнарлы қабатын су ағызып, жел ұшырып әкетуде. Топырақты эрозияға үшыраудан сақтау үшін ағаш отырғызып, ауыспалы егіс егіп, мелиорациялау жұмыстарын тиімді жүргізу керек.
Республиканың қазба байлықтары жер бетіне жақын жатқандықтан, кен ашық әдіспен өндіріледі. Екібастүз көмір бассейні, Қоңырат, Қашар, Соколов-Сарыбай, т.б. кен орындарында кен 200-600 тереңдік аралығында ашық әдіспен қазып алынады.
Ашық кен орындарынан кенді қазып алу арзанға түседі, бірақ қоршаған орта қатты ластанады. Тау-кен жұмыстары ашық әдіспен жүргізілген жерлерде жер бедері бұзылып, топырақ қыртысы мен өсімдіктер толық дерлік жойылады. Ауыл шаруашылығына қажетті құнарлы жерлердің едәуір бөлігі істен шығып, пайдалануға жарамай қалады. Қоршаған орта ластанады. Соңғы жылдары республикамызда қоршаған ортаны қорғау саласында біршама игі істер атқарылуда. Қарағанды кемір бассейнінің бос жыныстар үйіндісі (террикон) тазаланып, оның орнына жеміс ағаштарын өсіретін саяжайлар салынуда. Бұрын құмтас және қиыршық тас өндірілген жерлерге су толтырылып, адамдардың демалыс орнына айналдырылды (Алматыдағы Сайран көлі).
Достарыңызбен бөлісу: |