Лекция жинағын дайындаған: Д. Мұстапаева



бет24/38
Дата25.02.2022
өлшемі231.63 Kb.
#455758
түріЛекция
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   38
лекция тезис 2022Документ Microsoft Office Word

10-лекция. Тақырыбы: Ясауи мәдениетінің сәулет ескерткіші: Әмір Темір және кесене
Лекция жоспары:
1.Ясауи мәдениетінің сәулет ескерткіші
2.Әмір Темір және кесене
Лекция оқыту нәтижелері:
1.Жеке, мәдени, кәсіби қатынастарда ғылым, діни төзімділік, адамдар қатынасы, құқығы туралы ясауилік ұстанымдарды қалыптастырады;
2.Түркі халықтарының діни және діни емес дүниетанымының, Ясауи ілімінің теориялық негіздерін түсіндіреді;
3. Қожа Ахмет Ясауи ілімі мен дүниетанымы қазақ мәдениеті мен адам әлемінің ділдік түлеу құбылысы тұрғысынан маңызды орынға ие екендігін түсіндіреді;
Лекция мазмұны:
Қожа Ахмет Ясауи қайтыс болған соң жерленген жер XII ғасырмен мерзімделеді. Күмбезді бөлмеде Әмір Темір бұйрығымен арнайы алдырылған нефрит тастан жасалған қабыртас қойылған. Қабырхана төрт бұрышты (7,5х7,5 м), қабырғаларында сталактиттермен әшекейленген таяздау ойықтары бар кең бөлме. Қабырхананың күмбезі қос қабатты күмбезбен көмкерілген. Қабырхананың сыртқы күмбезі қатпарлы болып келген. Күмбез өсімдік сипатты өрнектермен, мозаикамен қапталған. Қатпарлы күмбездің сыртқы диаметрі 10 метр, 52 қатпар бар, жалпы биіктігі 21 метр. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі XIV ғасырда салынған орта ғасырлық мүсылман сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Ол XII ғасырда өмір сүрген Ахмет Ясауидің мазарының басына орнатылған.Халық аңыздарында Түркістандағы әулиенің аруағын атақты қолбасшы Ақсақ Темірдің айрықша сыйлап өткені айтылады. Оның әмірімен Ахмет Яссауи қайтыс болғаннан екі жүз жыл кейін Қожа Ахмет Ясауи мазары мен кіші мешіт бөлмесінің үстіне үлкен кесене тұрғызылды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін салғанда, ондағы заттарды жасау процесінде шығыстың ғылым, құрылыс өнер салаларындағы алдыңғы қатарлы жетістіктері пайдаланылды. Орта ғасырлық шеберлер үшін сәулет өнері т.б. салаларда әл-Фарабидің математикалық еңбектері, “Геометриялық салудың қолөнершілерге қажет жайттары туралы кітап” (Абдул-Уафа әл-Бозжани), “Арифметика кілті” (Гияс ад-дин ал-Каши) т.б. еңбектер басшылыққа алып жұмыс жасар материалдар еді. Отыз бестен аса бөлмелері бар кесененің ең үлкен бөлмелерінің саны сегіз бөлме. Ескерткіш он төртінші ғасырдың екінші жартысында салынды.
1405 жылы Әмір Темір қайтыс болған соң кесене құрылысы тоқтап қалады. Қожа Ахмет Иассауи кесенесі – түркі әлемінің рухани орталығы.
Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде үлкен сегіз бөлмесі әр түрлі қызмет атқаратын бөлмелер жинақталған. Кесененің негізгі үш күмбезді бөлмелері қабырхана, Қазандық, Мешіт бөлмелері деп аталады.
Мешіт бөлмесі төрт бұрышты (6,4х9,4 м), жарық түсетін он алты терезесі бар, күмбезді құрылыс. Мешіт бөлмесінің ішкі құрылымындағы михраб, мінбердің, сырты күмбезді болуы - ислам дінінің мешіт эстетикасының талабына сай келеді.
Мешіттің михрабы (Мекеге бағышталған мешіт ойығы) құбылаға қараған көгілдір реңде оюланған. Мозаикалар, өсімдік сипатындағы өрнектер түсіріліп, майоликалық тақтайшалармен әрленген. Мұнда Құран сүрелерінен көркемделе түсірілген жазулар сан алуан реңді өсімдік өрнектермен сабақтасып жатыр. Михрабтан сулс қолтаңбасымен, ақ боялармен түсірілген әріптердің, жалатылған алтынның сілемдерін көруге болады.
Үлкен және Кіші Ақсарай, кітапхана, құдықхана, асхана, қазандық бөлмелерінің әрқайсысының өзіндік атқаратын қызметі бар.
XVI-XVIII ғасырларда, Түркістан қаласы қазақ хандарының орталығына айналған шақта, осы Ақсарай хан сарайы ретінде пайдаланылған. Кітапхана кесененің батыс бөлігінен орын алған.
Асхана батыс бөлікте, құдыққана шығыс тұсында орналасқан. Кесененің қас беті оңтүстік-шығысқа, ал бүйір беттері оңтүстік-батыс пен солтүстік-шығысқа қаратып салынған. Келген адам орталық Қазандық бөлмесіне көркем есік арқылы кіреді. Қазандық - кесенедегі ең үлкен бөлме. Қазандық бөлмесінен ағаш есік арқылы Қожа Ахмет Ясауидің жатқан жері қабырхана бөлмесіне кіреді. Кесененің оңтүстік-батыс тұсында кіші мешіт бөлмесі орналасқан.
Оңтүстік- шығыс тұсында асхана бар. Мұнда бұрынғы замандарда дүйсенбі мен жұма күндері кедей-кепшік пен дәруіштерге тегін үлестірілетін тағам — халім асы әзірленді. Кесененің қас бетінде бұрынғы құрылыстан қалған ағаштар қазіргі кезге дейін сақталған.
1405 жылы Әмір Темір қайтыс болған соң барлық құрылысшыларды Самарқандқа Бибі ханым кесенесін салуға алып кеткен.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі жазу және өсімдік тектес сипатта түсірілген өрнектер мәні ғылыми зерттеулерде қарастырылған.
Ислам тірі табиғатты бейнелеуді тиым салған кезеңде, көркем сипаттағы жазу ислам сәулет өнерінің, көркем-қолданбалы қолданбалы өнердің ерекше дамып, қолданыста болған бір түріне айналды.
Ғимаратты өрнектеуде қара, көк, аспан көк, ақ түсті өсімдік сағақтары, хадистер, мұсылмандық баламалар сульс, куфи қолтаңбалары қолданылған. Ирек өрнек ислам мәдениетінде ислими секілді Жаратушыны тану, Жаратушығы деген ұмтылыстың, жолдың үлгісі сипатында қабылданды.
Көркемдеуде қолданылған өсімдік сағақтары, иірімдер сипатындағы құрылымдар өте ежелден Таяу Шығыс, Орта Шығыс елдерінде кең тарады. Кесененің ішкі және сыртқы бөліктерінде ислам өнерінің талаптарына сай көркем әшекейлі жазулар түсіріліп өрнектелген. Қазандық бөлмесінің әрленуіне назар салғанда қабырхана бөлмесіне кіретін есіктің жоғарғы тұсына, керамикалық тақтайшаға Әмір Темірдің жеті атасының есімі жазылған.
Кесенеге арнап жасалған Тайқазан, шырағдандар, лауха сияқты заттардың сыртына сулс, насх, куфи қолтаңбаларымен әшекейленіп жазулар түсірілген. Кесененің сыртқы бөлігінің жоғарғы және орта бөліктеріне ислам өнерінің даму сипатына сай сульс және геометрияланған, гүлденген куфи қолтаңбаларымен жазулар түсірілген. Жоғарғы жағындағы жазулар Құранның алынған сөздер.
Кесененің солтүстік беті үш бөліктен тұрады. Оң қанат, сол қанат және қас бет деп бөлуге болады. Көркем жазулармен қабырғалар, бұрыштағы ұстындар, қас бет ойықтардың ішкі бөліктері әрленген. Бұл қабырғадағы жазулар мәтіні келесі сипатта: «Ойластыратын Алланың құлы, айқындаушы Алла». Солтүстік қас бетті әрлеуде көптеген эпиграфикалық құрылымдар қамтылған. Ойықтардың ішкі қабырғалары кірпішті мозайкалармен қапталған. Қожа Ахмет кесенесіндей үлкен туынды, Темір мен оның әулетінің билеген елдердің ешбірінде кездескен емес. Осы ескерткіш комплексіне кіретіндер: мешіт, көрхана, үлкен және кіші ақсарай, кітапхана, құдықхана, халимхана (ас үй), қоймалар және орталығы – Қазандық. Қазандық деп аталатын бөлме - ежелгі тайпалар өміріндегі қазанды қасиет тұту дәстүрі бейнелесе, мешіт – ислам идеологиясының негізгі символы, ал үлкен ақсарай мен кіші ақсарай – мемлекеттік мәселелерді шешетін ақсақалдар алқасы мен қазылық, билік айтатын орын, кітапхана исламды уағыздау және діни ағарту ортылығы. Ахмет Ясауидің сүйегі жатқан бөлме көрхана деп аталады, жоғарыда баяндағанымыздай ол Қарахан дәуірінде тұрғызылған, кейін Темір Ахмет Ясауиге рухани байланғандығына байланысты ескі бейітке жалғастырып, үлкен зәулім сағана салдыртты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   38




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет