Лекция 6. Тарихи деректерді талдау методикасы
Деректанулық сын. В.Н.Татищев деректанулық сын туралы. А.Л.Шлецердің тарихи деректанулық сынды негізгі топтарға бөлуі. В.О.Ключевский "филологиялық сын" және "фактілік сын" туралы. А.С.Лаппо-Данилевскийдің деректерді, ғылыми сынның негізгі кезеңдерін және 14 Ережесі.
Бүгінгі күні дамыған дәстүрлі мектебі бар Ресейде де деректанудың ғылым ретінде ХІІІ ғ. орын алған қоғамдық өзгерістер нәтижесінде пайда болғандығы туралы белгілі орыс тарихшысы В.О. Ключевский: “Потребность в полной русской истории, составленный по первым научно обработанным источникам, родилась под влиянием преобразовательной деятельности Петра Великого из практических нужд, из умственных и нравственных стремлений, ею внушенных” деп [1], ғылыми өңдеуден өткен түпнұсқалық деректер арқылы жазылған толық орыс тарихына деген қажеттіліктің, Петр патшаның Ресейді қайта құру қызметінің салдарында пайда болған практикалық сұраныстан туындағанын айтады.
1803-1826 жж. аралығында Н.М Карамзин “История государства Российского” атты 12 томдық іргелі еңбегін жазып, жариялады. Орыс халқының тарихында ерекше құбылыс ретінде орын алған бұл еңбектің, Ресейде әлі деректану ғылымының қалыптасып, деректердің басым бөлігінің ғылыми “сыннан” өте қоймаған кезінде, қалай жазғандығы туралы. Н.М. Карамзиннің өзі: “Менің жасаған ескертпелерім мен көшірмелерімнің көптігі менің өзімді шошытады. Бұрынғылар бақытты: олар уақыттың жартысынан артығын алатын мұндай майда жұмысты білген жоқ, ойды азыдырып, қиялы тоздырады: шынайылық үшін төленетін ауыр құрбандық. Дегенмен қажетті құрбандық! Егер бізде барлық материалдар жиналған, жарияланған, сыннан өтіп тазартылған болса, онда маған тек сілтеме ғана жасау қалар еді, бірақ олардың көбі әлі қолжазбаларды, қараңғылықта тұрғанда, өңделген, келісілген, түсіндірілген нәрсе жоққа тән кезде шыдамдылықпен қаруланудан басқа жол жоқ” – деп жазған [2].
Демек орыс тарихының деректерінің “көбі әлі қолжазбаларда, қараңғылықта тұрғанда, өңделген, тазартылған нәрселердің жоққа тән кезінде” Н.М. Карамзин өзінің уақытының жартысынан көбін “ойды аздырып, қиялы тоздыратын” “майда жұмысқа”, яғни өзі пайдаланған деректерді деректанулық талдаудан өткізуге жұмсауға мәжбүр болған. Осылай ол: “шынайылық үшін төленетін ауыр құрбандыққа” саналы түрде барған.
Н. Карамзин еңбегінің көлемінің жартысынан көбін “таза тарихқа” арналған беттер емес, “Ескертпелер мен көшірмелерге”, демек деректерді талдауға арналған беттердің алатындығы, оның өз еңбегін өзі жасаған деректанулық, яғни ғылыми негізде жазғандығын көрсетеді. Мысалы, 1989 жылы қайта басылып шыққан І томның жалпы оқырмандарға арналған “таза тарихы” 144 беттен тұрса, зерттеушілерге арналған деректанулық талдаулары 154 беттен тұрады. Егер еңбектің екінші, яғни ғылыми бөлігінің майда шрифтермен басылғандығын ескерсек, онда Карамзиннің деректанулық талдауларының, оның негізгі еңбегінен әлде қайда көлемді болып шығатыны анық.
Карамзин еңбегінің деректерді талдау арқылы жазылған ғылыми еңбек екендігі туралы тарихшы О.С. Шмидт: “Карамзин деректанулық талдаулары оның ескертпелерінде айтылған. Ал олардың жалпы саны 6548. Дәл солар: түпнұсқадан келтірілген үзінділер, жарияланған еңбектердің беттерінің, жарияланбаған қолжазбаларының парақтарының көрсетілуі, әр түрлі тарихи мәліметтердің шынайылық деңгейі туралы жасалынған қорытындылары, автордың байқаулары мен тұжырымдары еңбектің ғылыми (ең алдымен деректанулық) құндылығын көрсетеді”-деп, Карамзин еңбегінің деректанулық негізде жазыл-ғандығын дәлелдейді [3].
Ресейде тарих ғылымының онан әрі дамуына 1861 жылғы реформа әсер еткен. ХІХ ғ. 60-80 жылдарындағы, яғни реформадан кейінгі кезеңдегі орыс тарихнамасының ерекшелігі туралы В.О. Ключевский: “Бұрын жарияланбаған және зерттелмеген тарихи деректерге ерекше көңіл бөлінуде. Астаналық және провинциялық мекемелер, ғылыми комиссиялар мен қоғамдар заттай және жазба ескерткіштерді жинап, тәртіпке келтіріп жариялауда… Сонымен қатар біраз зерттеушілер, көпшілігі жастар, орталық мұрағаттардағы құжаттарды өңдеу ісімен айналысуда және бірінен кейін бірі монографиялар жариялап Ресей тарихының әр түрлі қырының ашылуына үлес қосуда” – дейді [5].
Демек, патшалық Ресейде тарих ғылымының қалыптасуы да, оның одан әрі дамуының екінші кезеңі де реформалармен, яғни қоғамдық өзгерістермен тікелей байланысты жүрген жәнеде, ол ең алдымен, тарихи деректерді жинаудан, өңдеуден, жариялаудан, яғни деректанулық істер атқарудан басталған. Ал ол істердің, яғни тарихи деректерді тани білу ісінің ұзақ уақытты, ауыр еңбекті талап ететін аса қиын, бірақ қажетті, міндетті түрде атқарылуға тиісті іс екендігі туралы, Ресейде деректанудың пайда болып дами бастағанына 100 жылдан аса уақыт өткеннен соң, ХІХ ғ. аяғында В.О. Ключевский: “ш-төрт ұрпақ ғылым үшін, тіптен оның бір тармағы Россия тарихы үшін де тым қысқа мерзім… біздің тарихымыздың деректері әлі ғылыми сыннан өткен жоқ және бәрі бірдей белгілі болып, каталогтарға түскен жоқ. Сондықтан біздің тарихымызды оқып-үйрену жолындағы ең таяудағы атқарылатын жұмыстар-деректерді жинау және сыни талдау. Біздің тарихымыз әлі көп уақыт негізінен тарихи сын болып қалуға тиіс. Тарихи сын дегеніміз, тарихи деректерді ғылыми мақсатта пайдалануға жарамды ету үшін оны бүлдіріп тұрған әр түрлі қоспалардан тазарту” –деп жазды [6].
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында деректану ғылымының дамуына орыс тарихшылары В.О.Ключевский, К.Н. Бестужев - Рюмин, А.А. Лаппо-Данилевский, А.А. Шахматов т.б. өз үлестерін қосты. Мысалы В.О. Ключевский орыс деректерін тану мәселелері туралы арнайы еңбектер жариялаумен қатар, 1890-1902 жылдары Москва университетінде алғаш рет “Деректану бойынша лекциялар курысынан” дәріс оқыса, К.Н. Бестужев – Рюмин (1829-1898) белгілі ағылшын тарихшысы Э. Фирменнің (1823-1892) 1886 жылы жарық көрген “Тарихи зерттеу тәсілдері” атты кітабына жазған “Тарихты оқып-үйрену тәсілдері” атты мақала – рецензиясында өзінің деректанулық ойларын блдірді.Бестужев – Рюмин ғылымның жәй білімінен айырмашылығын ескерудің маңызыдылығына ерекше көңіл бөледі. Білім эмпирикалық жолмен жинақталады, бірақ оларда жүйелі байланыс орнаған кезде, тек сол кезде ғана ғылымға айналады. Демек, әр түрлі мәліметтерді жинау әлі ғылым емес. Бестужев-Рюминнің негізгі идеяларының бірі-деректердің барлық типтерін жүйелі белгілеудің, тархи сынның негіздерін тұтас ашудың қажеттілігі туралы идея. Оған деректанулық эвристика (деректерді іздеу, табу және олардың негізгі түрлеріне шолу жасау) және сыни талдау тәсілдерін жүйелі баяндау кіреді.
Деректер туралы тұтас және жүйелі ғылымның қалыптасуында А.С. Лаппо-Данилевскийдің (1863-1918) 1911-1913 жылдары жарық көрген “Методология истории” атты еңбегінің орыны ерекше. Лаппо-Данилевскийдің деректану методологиясының концепциясы – деректер туралы ілімді негіздеген жаңа парадигма, яғни қатал ғылыми теория. Өзіне дейінгі философиялық, құқықтық, филологиялық, тарихи әдебиеттерді зерттей келе ғалым: “Деректану методологиясы әлі күнге дейін біртұтас және жүйелі дамыған ғылыми емес: біреулер, мысалы, ондай ілімнің орнына тарихи деректер жеткізген нақты мәліметтерге шолу жасау, “эвристикаға” байланысты оларды жинау және жариялауды, сыни талдауды ұсынады; басқалары деректану методологиясын “сынмен” (оның кең көлемдегі мағынасында) ауыстыруға дайын; үшіншілері тарихи деректерді олардың пайда болуының тарихи жағдайларымен байланысты зерттеумен шектеледі, және т.с.с” – деп жазды [8].
Деректану методологиясы туралы мәселені біртұтас және жүйелі ілім ретінде қарастыру ғылымда үлкен жаңалық болды. Сол арқылы А.С. Лаппо-Данилевский деректанудың деректер туралы біртұтас ғылым ретінде қалыптасып дамуының жаңа кезеңін ашты. Ғалым өзінің алдына негізгі деректанулық ұғымдар мен тәсілдер жүйесін ретімен баяндау мақсатын қойды. Еңбекте тарихи деректер туралы ұғымдар мен терминдер, тарихи деректердің басты түрлері, оларды сыныптау принциптері, түсіндіру (интерпретациялау) және сыныи тәсілдерінің мәні сипатталған, жәнеде, ақырында, тарихи деректердің маңызы негізделген.
Лаппо-Данилевский ілімінің өзегі – дерек көздері туралы түсінік. Ол үшін деректер-сөздің кең көлемдегі мағынасында адамдардың шығармашылығының жемісі. Ғалым өзінің ғылыми мектебін құрды. Оның идеясы Ресейдің және Батыстың көптеген ғалымдарын қанаттандырады. Ұзақ жылдардан соң қазіргі орыс деректанушылары Лаппо-Данилевский идеяларына қайта оралуды.
Деректану пәні туралы мұндай түсінік жоғары оқу орындарына арналған 1950, 1954, 1958, 1963 жылдары шыққан деректану курсының бағдарламаларында бекітілді. Бұл мәселені одан әрі терең зерттеуге 1953 жылы МГУ-да арнаулы деректану кафедрасының ашылуы өз әсерін тигізді. Бүгінгі күні кезінде академик И.Д. Ковальченко басқарған бұл кафедра бұрынғы КСРО-дағы ең үлкен деректану орталығына айналды.
Ресеймен қатар деректану ғылымы Украйнада да өз дәрежесінде дамуда. Оған дәлел - қазіргі кезеңде бұл мемлекетте төрт бірдей тарихи деректану орталығының жұмыс істеуі. Солардың бірі Киев университетіндегі деректану орталығы, Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан, 1944 жылы ашылды. Тек, 1985-1990 жылдар аралығында ғана Украйнада тарихи деректану мәселелері бойынша үш докторлық, онан аса кандидаттық диссертациялар қорғалды.
Тарихшылар барлық уақытта деректерде бейнеленген тарихи өткенді қандай тәсілдермен қалпына келтіруге болатындығын ойлады және оның тәсілдерін жетілдірді. Сол тәсілдердің ең бастыларының бірі- деректанулық “сын”.
Орыс тарихнамасында тарихи деректерді бірінші болып сынаған В.Н. Татищев. Ол ең алғашқылардың бірі болып тарихи сынның ережелерін жасады. Ол “айтылғанның” бәрін шындық деп қабылдай бермей, қажетті дүниені қажетсіз дүниеден айыра білу керек екендігін және де ең жақсы деген ежелгі жазушының өзіне де сын көзбен қарау қажет екендігін айтты. “… чтоб басен за истину и неудобных за бытия не принять” – деп жазды В.Н. Татищев [1].
Шынайылықты айқандау үшін ол мына нәрселерді анықтауды ұсынды:
- автор өзі жазып отырған уақиғаларға қатысқан ба;
- егер автор уақиғаға қатыспаса, онда сол уақиға болған кезде өмір сүрді ме;
- автор өзінің шығармасын мұрағат жазбаларына, келісім-шарттарға, ережелерге не білетін адамдардың айтқанына сүйеніп жазды ма;
- не көп жылдар өткен соң сол іске қатысқан әр түрлі өз елінің адамдарынан не шетелдіктерден жазып алды ма;
- деректердің авторы кім еді, өз отанының өкілі ме, әлде шетелдік пе [2].
Жазба деректерді ғылыми сынның негізгі ережелері белгілі деректанушы А.С. Лаппо-Данилевскийдің еңбектерінде жан-жақты көрсетілген. Ол екі кезеңнен тұрады:
І кезең - “сыртқы сын”
Дерек жазылған материалды зерттеу негізінде, қолтаңба және басқа да полиграфиялық белгілердің (мөр, елтаңба т.б.), сонымен қатар мәтіндегі тікелей сілтемелердің негізінде деректің пайда болуын (уақыты, жері, авторы, түпнұсқалығы) анықтау.
ІІ кезең - “ішкі сын” деректердегі айтылған фактілердің шынайылығын анықтау.
ІІ кезең - шынайылықты анықтау – “тарихи сынның” өзекті мәселесі. Лаппо-Данилевскийдің ойынша, бұл мәселені автордың көңіл-күйін анықтау арқылы шешуге болады: “Дерек-адам психикасының іске асқан жемісі” [7].
Лаппо-Данилевскийдің пікірінше, “ішкі сын” әр түрлі біріккен операциялардың қорытындысында ашылады. Ол оны “шындыққа жетудің 14 шарты” деп атады.
1.Фактіні тікелей қабылдау.
2.Фактінің іске асуына қатысу дәрежесі.
3.Фактіге мүдделілігі (теориялық немес практикалық).
4.“Куәгердің” фактіге қатысты орыны.
5.“Куәгердің” фактіден алған әсері.
6.“Куәгердің” аңғарымпаздығы, өзін-өзі ұстай білуі.
7.Білім дәрежесі және фактіні қабылдауға техникалық дайындылығы.
8.Факті туралы айтқан уақыты.
9.“Куәгердің” фактіні еске түсіру кезіндегі көңіл-күйі.
10. “Куәгер” басынан кешкенін қаншалықты дәл біледі.
11. “Куәгер” өзінің “нені білетінін нені білмейтінін, есінде не сақтағанын” айқын сезіне ме.
12.“Куәгер” шындықты айтқысы келе ме.
13.Басқа факторлардың әсері, олардың факті туралы айтылған әңгімеге ықпалы.
14.Басынан кешкен факті туралы айтқанда “куәгер”
танымдық мақсат көздеді ме [8].
Бұл жерде “ішкі сын” тек бір зерттеу объектісіне-жеке адамдарға байланысты деректерге (куәгерлер мәліметіне) арналған. Тек 13-ші ереже (“басқа факторлардың әсері”) ғана сол субъективтіліктен шығу үшін жасалған әрекет.
Достарыңызбен бөлісу: |