Қазақстан сыртқы саясатында басты үш мәселеге ерекше назар аударады:
1. ТМД, Азия, Европа елдері, АҚШ, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы елдерімен халықаралық байланысты өркендету.
2. Мәдени-экономикалық байланысты күшейте отырып, алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосылу.
3. Қазақстанның сыртқы саясатында ерекше назар аударатын мәселе – ең жақын және ірі көрші мемлекеттермен, солтүстікте – Ресеймен, шығыста – Қытай Халық Республикасымен ойдағыдай қарым-қатынас орнату.
Қазақстан-Ресей байланыстары.
Қазақстан мен Ресейдің екі онжылдықтағы жемісті қарым-қатынастары үшін берік негіз қаланды:
Біріншіден, өз тарихында алғаш рет Қазақстан мен Ресей тек өткен тарихының ортақтығымен ғана емес, сонымен бірге бүкіл еуразиялық өңір мен әлемнің қазіргі және болашақ дамуын бірдей болжауымен де көршілес тәуелсіз мемлекеттер, БҰҰ-ның толыққанды мүшелері ретінде өзара қарым-қатынастар қалыптастырды.
Екіншіден, КСРО ыдырағаннан кейін мемлекетаралық бөлінудің іс жүзінде барлық мәселелері бір-бірінің ұлттық мүдделерін ескере отырып, сындарлы негізде шешім тапты.
Үшіншіден, түрлі салалардағы 480-нен астам келісім-шарттар мен келісімдерден тұратын екіжақты қарым-қатынастардың көлемді құқықтық базасы құрылды.
1992 жылғы 25 мамырда Қазақстан мен Ресей арасында достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарт жасалды. 1995 жылғы 20 қаңтарда – Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығын кеңейту туралы Декларация жариялады, ал 1996 жылғы 27 сәуірде Алматыда екі елдік бірлескен Декларациясына қол қойылды. Декларацияның маңызы:
1. Екі ел арсындағы егемендікті, тәуелсіздікті құрметтеу.
2. Аумақтық тұтастық пен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау ұстанымдарын сақтау.
1998 жылғы 6 шілдеде Мәскеуде ХХІ ғасырға бағдарланған «Мәңгі достық пен ынтымақтастық туралы» Декларация жарияланды. Нәтижелері:
1. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі проблемасын шешуді алға жылжытты.
2. Қаржылық өзара келіспеушіліктерді реттеуді шешті.
3. Байқоңыр ғарыш орталығын бірлесіп пайдалану мәселесі қарастырылды.
Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы келісім-шарт бекітіліп, оны демаркациялау жөніндегі жұмыстар оң сипатта жүргізілді.
Төртіншіден, Қазақстан мен Ресейдің екіжақты өзара іс-қимылдары мен ықпалдастығы екіжылдық Бірлескен іс-қимылдар жоспары негізінде дамуда.
2007 жылдан бастап осындай екі жоспар жүзеге асты, ал биылғы жылы 2011-2012 жылдарға арналған Жоспарды орындау аяқталып келеді. Қазір екі ел сарапшылары алдағы жылдарға арналған жоспардың жобасын әзірлеуде.
Бесіншіден, Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары бағыттардың кең ауқымды кешені бойынша табысты әртараптандырылған және іс жүзінде ықпалдастықтың барлық маңызды салалары – сауда-экономикалық, инвестициялық, өңіраралық, саяси, әскери-техникалық, т.б. салаларды қамтиды.
2011 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы шамамен 24 миллиард долларды құрады.
Достарыңызбен бөлісу: |