5 ЛЕКЦИЯ
Тақырыбы: Тұрмыс-салт жырларының түрлері.
Жоспары:
Еңбек-кәсіппен байланысты туған өлең-жырлар және олардың жанрлық түрлері.
Наным-сенімге байланысты өлеңдер
Отбасылық ғұрыптық фольклор түрлері
Күнтізбелік өлеңдер.
Тұрмыс-салт жырларының үлкен бір тобы – еңбек-кәсіпке байланысты туған жырлар. Бұл жырлардың негізгі ерекшелігі – халықтың айналысқан негізгі шаруашылығымен, өнерімен, кәсібімен байланысты болып келетіндігінде. Ал халықтың негізгі кәсібі мен шаруашылығы тарихи даму бойында біркелкі болып отырмаған. Бүкіл адамзат баласының ең алғаш игерген кәсібі – аңшылық болып табылады. Одан кейін жабайы малды қолға үйретіп, мал шаруашылығымен айналыса бастаған. Ал егіншіліктің шығуы жоғарыда айтылған кәсіптерден кейін пайда болғанын тарих ғылымы дәлелдеп отыр. Осының ішінде қазақ халқының ең ұзақ әрі түбегейлі кәсіп еткен шаруашылығы - мал шаруашылығы болып табылады. Сондықтан қазақ фольклоры құрамында өзге кәсіппен байланысты өлең-жырлардан гөрі мал шаруашылығымен байланысты өлең-жырлардың үлесі көбірек.
Еңбек-кәсіппен байланысты жырлардың бірі – аңшылық жыры. Аңшылық – адамдардың ең ежелгі кәсібі. Сондықтан да бұларда адам санасының сәби шағындағы таным-түсініктері көп бейнеленуі тиіс. Алайда қазақ халқы аңшылық кәсіптен көп уақыттар бойы қол үзіп, кейінгі ғасырда ғана қайта шұғылдана бастаған. Онда да аңшылықты күн көріс есебінде емес, уақыт өткізудің, көңіл көтерудің құралы ретінде пайдаланған. Сол себепті қазақ фольклорындағы бұл шығармалардың мазмұн-пішінінің ерте замандардан аңшылықты кәсіп еткен кейбір халықтардың фольклорындағы аңшылық жырынан айырмашылығы өте көп. Қазақ аңшылық жырында сал-серілер өнерінің белгілері көбірек көзге түседі. Бұл жырларда жүйрік тазыны, алғыр қыранды мақтау, марапаттау сарыны басым болады. Мәселен, “Көкжендет” өлеңінде әйгілі құстың орасан көп аң аулауын айтып дәріптейді. Кейбір аққу, бөрі, киік, тазы т.б. жануарлар жөніндегі өлең-жырлардың қай кезде пайда болғандығы белгісіз.
Мал шаруашылығына байланысты өлең-жырлар. Қазақ халқының ұзақ уақыт айналысқан негізгі шаруашылығы – мал шаруашылығы. Төрт түлік туралы өлең-жырлар көне заманнан келе жатқан ерекшеліктерімен танылады. Мал шаруашылығы – бүкіл адам баласының аңшылықтан кейінгі үйренген кәсібі. Төрт түлік жөніндегі өлеңдерде көне заман белгілері олардағы көне түсініктің орын алғандығынан көзге түседі. Қазақ халқының әр түліктің өз иесі бар деп есептеп, олардан жәрдем сұрап, жалбарыну мазмұнындағы өлеңдерінде ғана емес, төрт түліктің атынан айтылатын немесе қасқырдың атынан айтылатын өлең-жырларда да көне наным белгілері көрінеді. Мәселен, жылқы:
Бетегелі белге бітем,
Найза ұстаған елге бітем,– десе, осы сияқты төрт түліктің өсуіне қолайлы жағдайы жөнінде өзге түлік түрлері де өз атынан айтып отырады. Мұның барлығы – аң-құстың бойында адамға тән қасиет бар деп есептеген антропоморфтық түсінік белгілері.
Кәсіпке байланысты өлең-жырлардың тағы бір тобы - егіншілік жырлары. Бірақ егіншілікпен байланысты өлең-жырлар қазақ даласының барлық өлкесінде кең тарамаған. Өйткені бұл кәсіппен Қазақстанның барлық жері айналысқан жоқ. Негізінен, өзенді, сулы аймақтарда дамыды. Егіншілікпен байланысты наным-түсініктер сөз түрінде көрініс берді. Егінді егетін кездегі “Ия, қолдай көр, менің қолым емес, Дихан бабамның қолы” деген сияқты сиыну сөздері әрекетпен бірге орындалған.
Жұмысшы өлеңдері – өте кейінгі дәуірдің жемісі. Қазақ даласында жұмысшы өлеңі пайда болған кезең - ХІХ ғасырдың ІІ жартысы.
Бәдік - наным-сенімге байланысты өлеңдердің бірі. Б.Әбілқасымов “бәдік” сөзінің шығу төркіні парсының “бадхох” деген сөзімен байланыстырады. Парсы тілінде бұл сөз “қас” деген мағынаны білдіреді. Көптеген ғалымдар бәдікті малды да, адамды да емдеуге қолданған деп есептейді. Бәдік өлеңінде ауру иесіне өлеңнің киесі қарсы қойылады. Ә.Қоңыратбаевтың айтуынша бәдікті адамның мерез, пес, рак, малдың қорасан, кебенек, торалаң ауруларын аластау үшін қолданған. “Көш, көш” немесе “қош, қош” деген сөздер өлең тармақтарында, шумақ соңында жиі қайталанады. Оны ұжым болып орындаған. Бәдікті айту кезінде сөздің магиялық күшіне деген сенім байқалады. Магия дегеніміз - материалды дүниеге табиғаттан тысқары жолмен әсер ету үшін жасалатын әрекеттер және ғұрыптар. Кейінгі замандарда бәдік әуелгі мағынасын біршама өзгертіп, ойын-сауық түріне айналған. Бәдікті көбіне жастар орындайды. Әзіл, қалжың элементтері мол ұшырасады. Б.Әбілқасымов бәдікті айтыс түрінде қарастыру дұрыс еместігін айтады. Себебі оның айтыстан айырмашылығы көп:
1. Бәдікте қарсыласты сөзден тоқтату ниеті жоқ;
2. Ұжым болып айтылады;
3. Басты мақсаты - ауруды емдеу, т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |