14 дәріс Азия халықтарының этномәдениетті: Азия халықтардын генезисі. Олардын дәстурлері. Этномәдениеттін ерекшелігі.
Еуропа пен Азия ежелден талай халықтарға мекен болған жігі ажырамайтын үлкен құрлық. Олардың жікке бөлінуінің өзі өркениеттік тұрғыдан алғанда салыстырмалы түрде көрініс беретін іспетті. Өйткені, адамзат ұрпағы бір-бірімен өзара әрекеттеспей, әр түрлі сипаттағы қарым-қатынасқа түспей, белгілі бір түсіністікті өрбітетін сұхбат орнатпай өмір сүре алмайды. Сондықтан “Еуразия” деген ұғымды зерттеу барысында мәдениеттер мен өркениеттердің өзара сұхбаты мен ықпалдастығы, келісімі мен қайшылығы көзге елестейді.
1994 жылғы 29 наурыз күні Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің студенттерімен және профессор-оқытушыларымен кездесуінде тұңғыш рет Еуразиялық одақ құру туралы идеясын ұсынды. Еуразиялық идея, еуразияшылдық, еуразиялық интеграция – қазіргідей дағдарыстың қауіп-қатерінен құтылудың, жаһандану үдерісіне әзірлікпен кірігудің бірден-бір ұтымды жолы, оның сұранысына жауап болып табылады.
Мәселенің мәні мынада: сонау ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының басында дербес мемлекет бола сала бүкіл әлемдегі қаржы мен ақпарат ағыстарының иіріміне тартылып, әлемдік саясат айдынына күмп берген Қазақ елінің ертеңгі тағдырына байланысты еді. Онсыз да отаршылдық пен тоталитаризм бұғауынан қиналып шыққан ұлттық санамыз қазіргі ақпараттар ағынының адуынды иірімінде жұтылып кетпей ме? Бүгінгі заманда, оқ бойы озып кеткен әлемдік өркениет көшін қуып жету үшін шетелдерден жаңа технологиялар мен қаржылай көмек алуға мәжбүр болып отырған біздің Отанымыз түптің түбінде жаңа кіріптарлыққа душар болмай ма? Ауыртпалық пен қиыншылықтарға толы бүгінгідей әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстан қалай халқымызды аман-есен алып шығамыз? Ұлттық келбетіміз бен егемендігімізді қалай сақтаймыз? Одан кейін ашық демократиялық қоғам жағдайында, бір жағынан, болашақта біліктілік пен ілкімділік бойынша шетелдік замандастарымен иық тірестіре бәсекеге түсе алатын, екінші жағынан, өзінің ұлттық ділі мен тілін таза сақтаған жаңа ұрпақ тәрбиелей аламыз ба? Этностық құрамы да, өмірге көзқарастары мен ұстанымдары да ала-құла бүгінгі отандастарымызды бейбіт бәсекеге төтеп беретіндей іштей топтасқан бірегей ұлт пен құрылымға қалай айналдыра аламыз?
Еуразияшылдық – халықтардың бірлігі, ол – басты мұрат ретінде адам мәдениетінің екі жағының тұтастығы, Шығыс пен Батыс қуаттарының бірігуі. Егер бүгінгі күні Батыс пен Шығыстың өзара түсіністігі, өркениетті сұхбаты мен бірлесе қимылдауы туралы сөз болса, бұл мағынасында еуразияшылдық бізге не береді? Бұл үдерістерде еуразиялық идея қандай рөл атқара алмақ?
Еуразияшылдық дегеніміз – іштей топтастыру, бірлік. Қазақ даналығына сүйенсек, бірлік бар жерде тірлік те болады. Өз мағынасы, өзінің табиғаты мен мәні жөнінде де ол солай болуы тиіс. Егер Батыстың ұраны: “Сыртқы дүниені танып, соның негізінде оны қайта өзгерт” десе, Шығыстың ұраны: “Өзіңді өзің танып, соның негізінде оны қайта өзгерт”. Ал Еуразияның ұраны: “Ізгілік жасау немесе жақсылыққа, жарастыққа, парасаттылыққа ұмтылу”. Ұлы Абайдың сөзімен айтсақ: “Адам бол!”, рухани-адамгершілік жағынан жетілген, Шығыстың руханияты мен Батыстың озық технологиясын, білімін, ақыл-ойын бойына сіңіріп, екеуін ұштастырған толық адам бол!
Еуразиялық идея Шығыс пен Батыс идеяларымен салыстырғанда өзіндік ерекшелігі бола тұра, оларға кереғарлық жасамайды, олармен бір қатарда айрықша тұрмайды. Керісінше, екі идеяны да жандандырып, мәдени-рухани жағынан біріктіреді, синтездейді. Ол дүниені жаңғырту мен адамды рухани жетілдіруді бір-бірінен алшақтатпайды, керісінше, жақындатады, толықтырады. Басқаша айтқанда, адамның материалдық-практикалық іс-әрекеті рухани-адамгершілік бастамасымен молығады; өз кезегінде адамның рухани-адамгершілік тұрғыдан дамуы дүниеден сырт қалуды емес, қайта ол нақтылы іс-әрекетті талап етеді. Сондықтан елімізде 2004-2006 және 2007-2009 жылдарға арналған “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы іске асуда. Бай мәдени мұраны игеру бүкіл қоғамның рухани жаңаруының негізі болып табылады.
Көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі Еуразия құрлығында ең шешуші суперэтностар – славян және тұран халықтарының кейінгі ұрпаққа қалдырған бай философиялық және рухани мұралары бар, олардың жиынтығын “еуразия философиясы” деуге әбден болады. Сондықтан еуразия философиясында тұрандықтар мен славяндардың философиялық дәстүрлері арасындағы сұхбат үдерісін зерттеу өте қажет. Осының нәтижесінде Еуразия құрлығында мемлекетаралық, ұлтаралық, дінаралық және конфессияаралық сұхбат арқылы тұрақтылық пен қауіпсіздік, ендеше, еуразиялық рухани келісім қалыптасуда. Оған Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері кепіл болады.
Еуразиялық кеңістіктегі мемлекетаралық қатынастар мен интеграциялық үдерістерді алсақ, олар еуразияшылдықтың табиғи терең мәнін көрсетеді. Егер Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Еуразиялық одақ құру жөніндегі идеясы туралы айтар болсақ, ол саяси немесе жалаң сыртқары ойларға емес, Еуразия халықтарының мәдениеті мен болмысының іштей жақындығына, славяндар мен тұрандықтардың іс жүзіндегі ішкі менталдік бірлігіне негізделген. Еуразияшылдық аймақтағы геосаяси және әлеуметтік-мәдени кеңістік шеңберінде терең интеграциялық үдерістер басталған болашағы мол тарихтың жаңа философиясы рөліне ұмтылып отыр.
Қазіргі әлемдік дағдарыс планетамыздың барлық аймақтарында дерлік технологиялық интеграциялық үдерістерді жаңа кезеңге алып шықты. Сондықтан да еуразиялық кеңістіктің ірі құрамдас бөліктері саналатын Ресей мен Орталық Азия (жалпы саны 280 млн. адамнан тұратын 12 елдің жер шарындағы барланған табиғи ресурстардың 25%-ын, әлемдік өнеркәсіп қуатының 10%-ын беретінін ескеру керек) әлемдік дамудың осы жалпы бағытынан тыс қала алмады. Сол себепті де әлемдік қауымдастықпен өзара тиімді байланысқа түсе отырып, өз дербестігі мен мемлекеттік тұтастығын, өздерінің өткен тарихи ортақтастығын сақтап қалу үшін кейінгі мемлекетаралық бірлік – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) құрылды. Алайда, ТМД мен оның органдары сол кездері қалыптасқан ахуалдың мәселелерін шеше алмады, қолда бар интеграциялық әлеуетті толық көлемде жүзеге асыра алмады. Осындай жағдайда “Еуразиялық Одақ құру” идеясы өмір қажеттілігінен туындаған, барлық жаққа тиімді, рухани өзегі ұмытылмаған идея болды. Сонымен қатар ол идеяның жалпы бағыты әрбір тәуелсіз мемлекеттің ұлттық идеясымен қайшы келмейтіні баса көрсетілді.
Бұл ойға қалай келгені туралы Елбасының өзі былай дейді: “...экономикалық интеграцияның жоғары деңгейі, әлеуметтік-саяси құрылымдар мен халықтар менталдігінің ұқсастығы, сондай-ақ көп елдердің көпұлтты құрамы, тарихи дәстүрлердің ортақтығы, осының бәрі ұлттық-мемлекеттік құрылысты осы мемлекетаралық интеграциялық үдерістерді сақтау мен дамытудың қажеттілігін меңзеп тұрды. Тарихтың қисыны бүкіл ХХ ғасыр бойы қалыптасқан қуатты интеграциялық базаны пайдаланатын Достастық елдерінің біріккен күш-жігері арқылы ғана әлемдік қауымдастыққа оңтайлы кіруге болатынын көрсетіп тұрғандай. Халықаралық бірлестіктердің тәжірибесін мұқият зерттеу, ТМД елдеріндегі ахуалды талдау барысында, мамандармен кеңесу арқылы мен интеграциялық үдерістерді жеделдету туралы тоқтамға келдім”.
Саяси-экономикалық қажеттіліктерден туындаған бұл идея бүгінгі күні экономикада, саясатта, мәдениетте, ғылымда, білімде Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) деп аталатын бірлестікті дүниеге әкелді. ЕурАзЭҚ-ты құрудағы мақсат ортақ сыртқы кедендік шекараны, біртұтас сыртқы экономикалық саясатты, ортақ тарифтерді, бағаны қалыптастыру болды. Кеңестік жоспарлы экономика аясында тығыз шаруашылық байланыста болған бұл елдер одақ ыдырағаннан кейін саяси тәуелсіздік алып, нарықтық экономиканы қалыптастыруға көшті.
Достарыңызбен бөлісу: |