2. Оқу пәнінің базалық білім мазмұны
1) Кіріспе: «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны. «Алаш» ұғымының жаңғыруы мен жандануы. Алаш қозғалысы – ұлт-азаттық күрестің айрықша белесі. Н.Ә.Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты еңбегі. Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу (1 сағат).
11. «Алаш қозғалысы және ұлттық мүдде» (6 сағат):
1) Алаш қозғалысының қалыптасуы мен дамуы. ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайы: Столыпин реформасынан кейін Ресей империясының ұлттық аймақтарындағы жер мәселесі. Патшалық үкіметтің қоныстандыру саясатынан туындаған күрделі ахуал. Шет аймақтардағы теңсіздік. Алаш қозғалысының шығуы мен өріс алуы. Ұлт зиялылары – Алаш қозғалысының тірегі. 1905 жылғы Қарқаралы құзырхаты (петициясы). Алаш қозғалысы және Ресей Мемлекеттік Думасы. Қазақ зиялылары және ресейлік саяси қозғалыстар мен ағымдар (2 сағат);
2) Қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғырту бастамалары және Алаш қайраткерлігі: Отаршылдыққа қарсы күрестің жаңа бағыттары. Ұлттық басылымдар. Ана тіліндегі газет-журнал, кітап, мектеп үшін күрес. «Оян, қазақ!» тұжырымдамасы. «Айқап» басылымы және қазақ мәселесі. Баспасөз бетінде саяси жүйе мен отаршылдыққа қарсы сынның күшеюі. Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның аграрлық экономика саласындағы бастамашыл істері. «Қазақ» газеті. Автономия туралы ой-пікірлер. 1916 жылғы көтеріліске қатысты Алаш қозғалысы жетекшілерінің ұстанымдары мен қайраткерлік қызметтері (2 сағат);
3) ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ ұлттық элитасы және идеялық-саяси ағымдар: Ресей отаршылдығы және дүниежүзілік антиимпериалистік күрес аясындағы қазақ оппозициясы. Ресей мұсылмандары қозғалысы. Саяси партиялардың жұмысына қатысу. Коммунистік идеология: интернационализм және пролетарлық тапшылдық. Дербестік және тәуелсіздік идеялары. Қазақ оқығандары арасындағы пікір алуандығы (отырықшылық және көшпелі тұрмыс, мүфтият, әліпби, т.б. туралы). Ұлттық мұраттар. Діни-ағартушылық тұғырнамалар (2 сағат).
12. «Алаш партиясы, Алаш автономиясы және Алашорда» (10 сағат):
1) 1917 жылғы Ресейдегі Ақпан төңкерісі және Қазақ өлкесіндегі ұлттық-демокртиялық қозғалыс. 1917 жылғы ақпан төңкерісі және қазақтар. Монархияның құлауы. Уақытша үкімет тарапынан қазақ зиялыларының әртүрлі санаттағы қызметтерге тартылуы. Ұлт қайраткерлерінің көпвекторлы саясаты. Қазақстандағы земство қозғалысы және оның сайлау науқаны. Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы сайлауы және қазақ қоғамы. 1917 жылғы Қазан төңкерісі және Алаштың көзқарасы. Саяси күштердің тоғысуы. Ресейлік азаматтық қарсы тұру үдерісі (2 сағат);
2) қазақ қоғамы және Алаш партиясы. Қазақ комитеттерінің құрылуы. Алғашқы қазақ облыстық съездері. Өлкедегі жастар ұйымдары және олардың саяси-қоғамдық іс-әрекеттері. Бірінші жалпықазақ съезінің қаулылары және халық мүддесінің тұжырымдалуы. Қозғалыстан Алаш партиясына өту жолы. Қазақ ұлттық-либералдық партиясының бағдарламалық жобасы. Жергілікті баспасөз ісінің жандануы (2 сағат);
3) Алаш автономиясы және Алашорданың құрылуы. Екінші жалпықазақ съезінің қаулылары (5-13 желтоқсан 1917 ж.). Алаш автономиясы. Елдік құрылым негіздері. Алашорда үкіметінің құрылымы. Алашорда рәміздері. Бүкілресейлік Құрылтайға даярлық және федерация туралы. Ұлттың құқықтық-демократиялық даму бағытындағы іс-шаралар. Съезд шешімдеріне сәйкес Алашорданың негізгі мақсат-міндеттері. Ойыл уәлаяты. Түркістан Мұхтарияты. Алаш автономиясының Уақытша Сібір Облыстық Кеңесі (Г.Н.Потанин басқарған) тарапынан қолдау табуы (2с);
4) Алашорда және Кеңес өкіметі. 1918 жылдың 28 қаңтарында Алашорда үкіметі қызметінің басталуы (Семей-Алаш қаласы). «Сарыарқа» газеті беттеріндегі Алаш автономиясы мен үкіметі – Алашорда туралы ресми жарияланымдар. Қазақстан аймақтарында Кеңес өкіметінің орнатылуы (1918 ж. ақпан-маусым). Алашорда және Кеңес өкіметі арасындағы келіссөздер нәтижесі. Семейдегі Орталық және Облыстық Алашорда комитетінің Кеңес өкіметімен саяси қақтығысы. 1918 жылғы маусым оқиғалары. Қазақстан аймақтарында Кеңес өкіметінің құлатылуы. Алашорда және Уақытша Сібір үкіметі қарым-қатынастары (2 сағат);
5) Алашорда үкіметі және оның қызметі. Алашорда билігінің тұрақты сипатқа көшуі (маусым-қараша 1918 жыл). Алашорда үкіметінің қабылдаған қаулылары мен шешімдері. Ішкі саясаттағы ұстанымдары. Земство және Қазақ комитеттеріндегі алашордашылардың қызмет өрістері. Алашорда және Қазақ соты. Алашорда және Алаш атты әскерін жасақтау. Алашорда бөлімдері: Батыс Алашорда (Жымпиты), Бөкей ордасы, Маңғыстау, Ақтөбе, Торғай, Қостанай өңірлері, Ақмола мен Жетісу облыстарындағы Алашорда басқармалары және Түркістандағы оңтүстік қанаты (2 сағат).
Достарыңызбен бөлісу: |