Тарих пен мораль сол бір мәтін инфрақұрылымында жазылып және оқылып қойылады. Газет бетіндегі мақала болсын, ғылыми монография болсын дискурс, яғни мағына өндірісі болып табылады. Р. Барт айтпақшы, “тарихтың өзі түгелдей жатқан бір хат” [177, 115 б.].
Ж. Дерриданың "Бабыл мұнаралары айналасында" деген аударма мәселесін қозғайтын арнайы мақаласы бар. Қарастырмақшы болып отырған шығармасында Ж. Деррида тілтанудан, хаттанудан алыс кете қоймаған, сонымен тікелей байланысты деуге болатын аударма философиясына үңіледі. Ж. Деррида аударманы “рәмізділік оқиғасы” деп атайды [19, 69-70 бб.]. Бәрімізге белгілі, Дерриданың метафизиканы әшкерелеудегі сыни-философиялық ұстанымы – деконструкция. Деконструкция тәсілі сын объектісін жоқ етуге тырыспайды. Керісінше, оны тас-талқан етіп шашып, бөлшектерінің бүге-шігесіне дейін жетіп барып, қайта басын қосып, жаңаша "тірілтуге", жаңаша кейіп беруге бейім болады. Әдетте, деконструкциялау объектісіне метафизикалық жүйелер, философиялық дискурстар тиесілі болып келген.
Ж. Дерриданың "Бабыл мұнаралары айналасында" шығармасынан алынған эпитомалардан (сөзбе-сөз берілмесе де автордың негізгі ұстанымдарын танытатын үзінділерден) біз оның аударма теориясына байланысты ойларының астарын, яғни оның тілге деген, хаттың түпнегізіне деген қатынасын анық байқаймыз. Қарастырылайын деп отырған шығарма Вальтер Беньяминнің "Аудармашының міндеттері. Бодлердің "Париж суреттемелерінің" аудармасына алғысөз" деген еңбегін [178] талдау негізінде жасалған. Вальтер Беньямин туралы кішкене анықтамалық материал бере кететін болсақ, ол – 1892-1940 жж. аралығында өмір сүрген неміс философы, әдебиет білгірі және мәдениеттанушысы. Ол "Жалпы тіл туралы және адамзат тілі туралы" (1916), “Неміс трагедиясының пайда болуы” (1925), “Техникалық репродукциялау заманындағы өнер туындылары” (1936) деген шығармалардың авторы.
Ж. Деррида "Бабыл мұнаралары айналасында" (бұл мифологиялық сюжет туралы алдыңғы тарауларда айтылған болатын) деген шығармасын "Бабыл" атауының өзін қарастырудан бастайды. Ол үшін Бабыл – мифтің мифі, аударманың аудармасы, метафораның метафорасы. Өйткені ол атау тікелей "Бабыл мұнарасы" туралы аңызға сілтері анық. Ол аңыз бойынша, Құдайға мойынсұнбаған адамдар өздерінің даңқын асыру үшін үлкен де әсем қала салып, оның ішінде "аспанға жететіндей" биік мұнараны тұрғыза бастаған. Бірақ бұндай өркөкіректікке салынған балаларына көңілі қалған Құдай бабылдықтар сөйлейтін ортақ тілді шатастырып, адамдарды жер бетіне бытыратып, шашып жібереді.
Пайғамбарлар жазбаларында және Інжіл Аянда Бабыл қаласы опасыз әйел деп те аталады. Қала өзін мәңгі қауіпсіз сезініп, пендешілікпен дандайсыған адамзаттың Жаратқан Иемен арасындағы байланысына жасаған опасыздығының өрескел бейнесі ретінде қабылданады. Бабыл – адамзаттың алуан тілділігін, соның нәтижесінде, адамдар арасында ешбір ортақ құрылыстың (жалпыадамзаттық "мұнара" деп ұғасыз ба, қазіргі жағдайдың шындық-реалийлеріне сай, жаһандасу деп ұғасыз ба – өз еркіңіз) түгелдей жүзеге асуының болмайтындығын астарлайтын метафора-бейне. Нәтижесінде Бабыл ойдан-қырдан жиналған жандардың бірін-бірі түсінбейтін құж-құж араласуын білдіретін жалпы атауға айналды.
Жоғарыда атап өткеніміздей, В. Беньямин Бабыл атауының жалпыға белгілі осы бір түсініктемесінен алшақтап, оған басқа қырынан қарайды. Ол Вольтердің "Философиялық сөздігіндегі" Бабыл атауының әке есімі, Құдай-әкенің өзінің есімі екендігі туралы айтқанына сүйене отырып, осы аңыздан аударма мәселесіне қатысты терең ой тұжырымдайды. "Атау есімдер ғана болған уақытта бір біріңді түсіне алмадың, олар жоқ болған кезде де – түсінбейсің." ("И уже не поймешь друг друга, когда имеются только имена собственные, и уже не поймешь друг друга, когда имен собственных больше нет") [19, 78]. Демек, Құдайдың өз атын берген қаласы адамзаттың бастапқы тілдік бірлігі, яғни түбегейлі ортақтығы туралы жорамалға негіз бола алады.
"Тілдік сый шашу" еткен Құдай артынша-ақ өзімсініп өзеуреп кеткен балаларының тілін араластырып кеп оларды өзара бірін-бірі түсінбейтіндей етіп шатастырып барып, жер бетіне таратып жіберген. Сол мезеттен бастап аударма әрі керек, әрі толық жүзеге асуы мүмкін емес әрекетке айналады. Бұл ерекше архетиптік және аллегориялық мысал – Бабыл мұнарасы туралы аңыз – аударманың барлық теориялық мәселелеріне кіріспе бола алады.
Сонымен, Ж. Деррида В. Беньяминнің аудармашы миссиясы туралы, міндеті, парызы, жауапкершілігі туралы айтқандарына тәптіштей тоқталады. В. Беньяминнің бейнелі сөз саптасы бойынша, аудармашы қарыз алған адам іспеттес, ол – аударылуға алынған мәтіннің қарыздары. Оның міндеті – қайтадан әкеліп берілуі тиіс аманатты (мәтінді) "жоғалтпау". Аудармашының күш-жігері немен бітерін алдын-ала біліп болмайтын қиын әрекетке, кейде қателікке, кейде, тіпті, қылмысқа да бастайтындай әрекетке жұмсалады дейді ол. В. Беньямин пайдаланған сөздер арасында басынан бастап "орнын толтыру", "мағынаның орнын толтыру" деген тіркес назар аударады. Осылайша орнын толтыруды немесе, тіпті, осылайша төлем төлеуді қалай түсінуге болады?
Оны түсіну үшін белгілі бір уақытқа дейін сый мен қарыз лексикасын ұстанамыз. Бұндағы қарыз өтелместей болуы да ықтимал. Ол – “ауыспалылықтың” бір түрі. Эссенің орта шенінде В. Беньямин мағынаның орнын толтырудың мүмкін еместігі туралы да айтып қалады. Беньяминнің осы алғысөзіндегі айтпақ маңызды ойларының бірі – бұл ХІХ ғасырдың тарихи лингвистикасына тәуелсіз, бірақ оған мүлде жат болып табылмайтын мағынада алынған тілдердің “туыстығы” туралы идея.
Өмір сүруші жан үшін еш мәнсіз өмірдің жалпы көріністері онымен өте жақын "интимді" өзара байланыста болатыны сияқты, аударма да тікелей түпнұсқадан өрбіп, дамитын өзіндік жеке шығармашылық үдеріс. Аударма түпнұсқадан кейін келеді және түпнұсқаның өз өмірінен кейінгі жағдайды білдіреді. Бірақ ол "өлімнен-кейінгі-өмір" ретінде емес, өмірдің мүлде басқалай, жаңаша жалғасуы ретінде қарастырылады.
Бұл контексте заттар тілі мен адамдар тілінің арасындағы, мақау мен сөйлейтіннің арасындағы, аноним мен аты бардың арасындағы сәйкестік туралы айтылады. Аударманың объективтілігі, керек десеңіздер, алғашқы есім иесі – Құдай алдындағы жауапкершіліктен пайда болған делінеді. Айта кететін нәрсе, әрбір аудармашы аударма туралы айтуға мәжбүр. Ол үшін аудармадан маңызды ештеме жоқ.
Бірнеше тілдер арасындағы тілдік келісім – абсолютті ерекше келісім. Ол – бір тілдің қалыптасуына жауап беретін, оның жүйесінің бірлігіне және ондағы қауымдастықты өзара байланыстыруға ықпал ететін қоғамдық келісім емес. Бұнда сөз, керісінше, екі бір-біріне жат шет тілдерінің арасындағы келісім туралы болмақ. Сол тіларалық келісім аударманы мүмкін етеді, ал аударма, өз кезегінде, соңыра, бізге үйреншікті мағынадағы неше түрлі келісімдердің туындауына алып келеді (халықаралық келісім, заңдық келісім…)
Осы тіларалық келісімнің топосы (мекені) – ерекше, дара топос. Ол басқадай келісімнің қарапайым категорияларында ойға сыйымсыздау көрінеді. Оны трансценденталды топос деп атауға болады. Өйткені, шын мәнінде, ол жалғыз үстеу шегіндегі тілдік келісім деп атайтындардан бастап барлық келісімдерді мүмкін етеді.
Осы трансценденталды мағынадағы аударма келісімі жалпы алғандағы келісім дегеннің өзі болуы мүмкін, яғни ол – абсолютті келісім, қандай да болмасын басқа келісімдердің болуына жағдай жасайтын келісімнің мәмілелік формасы болуы мүмкін.
Тілдер арасындағы туыстық байланыста. Олар осы келісімді алдын-ала есінде ұстайды немесе сол байланыстар әлгі келісімге бірінші орын береді деп айтуға болады ма? Осында бізді классикалық логикалық шеңбер күтіп тұр. Ол –үнемі тілдердің бастауы немесе қоғамның пайда болуы туралы сұрақ қойыла бастағанда-ақ айнала бастайтын шеңбер емес пе?! Тілдердің туыстығы туралы жиі пайымдайтын В. Беньямин оны компаративист (мысалы, О. Сүлейменовтың "Хат тілі", "1001 сөздігіндегідей") немесе тіл тарихшысы мәнерінде қарастырмайды. Оны тілдік топтар, олардың төркіндестігі аса қызықтыра қоймайды. В. Беньяминді одан да маңызды әрі мәнді болып табылатын тіл атаулылардың өзара ортақ негізінің барлығы әрі соның арқасында мүмкін болатын аудару келісімі көп ойландырады. Ақыр аяғы, қалай десек те, аударма барлық тілдер арасындағы туыстықты танытатын табиғи құрал емес пе?
Аударма бірдемені айтуға, белгілі бір мазмұнды басқа тілге ауыстыруға, мағынаның қандай да бір қорын хабарлауға талпынбайды, ол тілдер арасындағы туыстықты белгілеуге, өзінің соны белгілеу мүмкіндігінің барлығын көрсетуге талпынады.
Бірақ бұл сәйкестік – тілдер арасындағы өте интимді сәйкестік – бастапқы ұқсастық қатынасы болып табылады. Бұл жерде осы туыстықтың бар құпиясы жасырынып тұр. Эсседе әңгіме атау туралы, рәміз туралы, шындық туралы, әріп туралы болмақ, сөйтіп, оның терең негіздерінің бірі – атау теориясы. В. Беньямин концепциясында тіл атау беру артықшылығы тұрғысынан анықталған.
Шын мәнінде, аударма түпнұсқаның өзіндік толысып жетілуінің сәті болады, бастапқы шығарма аударма нәтижесінде үлкейе отырып, өседі. Жарылып қалған қыш құмыраның (амфораның) майда сынықтарының бір-біріне сәйкес келуі де мүмкін, бірақ олар әлгі құмыраның ғана фрагменттері ретінде бір-бірімен нәзік қиылыса алады. Сол сияқты, түпнұсқа мен аударма да қандай да бағзы бір үлкен тілдің фрагменттері ретінде таныла алады.
Аударма түрлі тілдер "денесін" меңгеріп алатындай "тартылыс күшіне" ие, ол – тілді кеңейтуге бастайтын құдіретті күш. Беньяминнің айтуынша, аудармада түпнұсқа ұлғая өніп, өзін бәз баяғы қалпында басқа тілде қайталағаннан гөрі жаңарып, жетіліп өседі.
Өзінің поэтикалық топосын заттар туралы және тіл туралы Гельдерлиннен Рильке мен Хайдеггерге дейінгі аралықта қаншама медитацияларға негіз еткен
Достарыңызбен бөлісу: |