Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Онан да шықты жаңғырық.
Естіп үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып.
Баяғы жартас – бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас.
Оны поэзия тәржімашысы Л. Озеров былай деп аударған:
Я с утеса кричал
Мне простор отвечал –
Отвечали горы и дол.
Но, услышав звук,
Я искал вокруг:
Как, откуда тот звук пришел?
Был все тот же утес надо мной, -
Отклик есть, но отклик пустой.
Осы бір үзіндіден-ақ аударма барысында өлеңнің тек идеялық мазмұны ғана емес, музыкалық интонациясы да сақталғандығы терең эстетикалық әсер қалдыратындығын байқаймыз.
Мәдени концептер – халықтың әлем картинасын түзейтін түсінік-ұғым бірліктері. Олар тілдік тұлға үшін болсын, жалпы, тілдік ұжым үшін болсын экзистенциалды мағынаға ие. Олар көбіне абстракты, дерексіз есім-атаулардан тұрады. Мысалы: ұят, нәпсі, ар-ождан, тағдыр, құт, күнә, заң, ырық, жігер, отан, атамекен және т.б. Осы орайда ұлттық философия тілі, негізінен, концептсфераны түзетін ұғымдардан тұратындығын айта кеткен жөн. Егер ұлттық философия рухын қалыптастырғымыз келсе әрі оны өзіміздің жерлестерімізге түсінікті еткіміз келсе, олар бетін бұра қашып, философемаларды жатсынбасын десек, онда қазақ философтары концептсфераны құрайтын ұғымдарға басты назар аударғаны жөн. Осы тұрғыдан Ғарифолла Есім, Тұрсын Ғабитов, Серік Нұрмұратов, Дәулет Раев, Досмұқан Кішібеков, Жақан Молдабеков, Сәдуақас Темірбеков, Қанат Нұрланова, Бейбіт Сапаралы, Ақселеу Сейдімбектің және т.б. әріптестеріміздің жасап жатқан орасан еңбегі еске түседі.
Қазақ ұлттық философиясының концептсферасын түзуде Ғарифолла Есімнің шығармашылығын бір төбе деп қарауға болады. Жасыратыны жоқ, кеңестік білім беру жүйесінен нәрленген, көбінде, сол ресейлік білім берудің озық орталықтарында жоғары білім алған философтардың кейбіреулері қазақ тілінде жатық сөйлеп, жаза алғанымен, олардың шығармашылығынан аударма "иісі" аңқып тұрады. Яғни, философиялық термин-категориялар батыстық философиядан калька ретінде алынады да, өзіндік ұлттық рухқа ие болмайды. Ал, шүкіршілік, қазекең абстракты да астарлы ойдың шебері болған, оның лексиконында небір керемет те күрделі дерексіз ұғымдар толып жатыр. Күнделікті тіл қолданысының ішінен соларды алып шығып, көрсете білу, оған ұғымдық мәртебе лайықтылығын ойтолғанысымен дәлелдей білу – үлкен патриоттық, адамгершілік іс.
Ғылым қисынына сыя қоймайтын, рационалды категориялар торына жапа-тармағай түсе бермейтін адам өмірінің шындығын ғұмыр философиясы (міне, нағыз экзистенциализмнің баламасы қайда жатыр!) етіп, оны нағыз қазақи концептермен толтырған философиялық адамтану (философиялық антропология) үлгісін академик Ғарифолла Есімнің "Адам-затынан" табамыз. Қазақ әдебиетімен уызданып, әлем классикасымен нәрленген ғалым азаматтың қазақы санаға үйреншікті ұғымдармен ұлттық философия концептсферасын толықтыруы баға жетпес үлкен еңбек. Ғарифолла Есім тілімізде жиі қолданылатын, бірақ арқалаған философиялық жүгі зерделей білген жанға тереңнен табылатын "көңіл", "рух", "нәпсі", "ниет", "пиғыл", "тілек", "бата" және т.б. ұғымдарды философиялық деңгейге көтерді.
"Нәпсі – тіршілік нышаны, тіптен тіршіліктің өзі" [46, 23 б.], "көңіл – адам болмысының халі, үнемі өзгерістегі адам болмысы" [46, 37 б.], "ниет табиғатында ізгі тілек жатыр" [46, 69 б.] және т.с.с. көптеген концептер мен оның жан-жақты тезаурусты (яғни сөздің орамына қарай қолданылу тәжірибесін ескере отырған) талдамасы берілген. Ұлттық мағынаның кілтін беретін концепт-ұғымдарды аудару оңай емес, ол – аудармашының жігерін құм ететін қиыншылықтар көзі.
Қарапайым ғана мысал келтірелік, о бастан әлемдегі тілдердің барлықтарында кездесетін жалпы “үй” ұғымына әртүрлі халықтар тілінде түрліше елестейтін үй бейнесі сәйкес келетіндігі рас. Орыс үшін “изба”, “очаг” болса, қазақ үшін “киіз үй”, “от басы, ошақ қасы” және т.б. Г.Д. Гачевтің түсінуінше, артефакт ретіндегі үй – космостың, ғарыштың көрінісі. “Үй адамның айналасында көргендерінің схемасы ретінде соғылады. Сондықтан үйлері арқылы халықтардың әлемге деген көзқарасын, әлемді қалай түсінетіндігін білуге болады” [160, 38 б.].
Көптеген артефактілер белгілі бір адамдардың мәдени еншісі бола тұра, басқа халықтың мәдениетінің айғақтарына жатпайды. Сондықтан аудармашылардың күнделікті жұмысы болып табылатын тілдерді салыстыру барысында лакуналар – тілдегі “ақтаңдақтар” кезігеді. Олар – эквивалентсіз тілдік бірліктер. Мысалы, белгілі бір реалийлердің (өмір шындығының) атын өзге тілде жеткізе алмау – лакунарлық көрініс. Киіз үйді орыс тіліне дәл беру мүмкін емес, тек тәптіштеп түсіндіріп, ерекшелігін суреттеп тұрып жеткізесің. Немесе “водка” сөзін ағылшын-неміс-француз, жалпы, басқа тілге дәл сол қалпында берудің (транслитерациялаудың) де өз жөні бар. Өйткені ол бұрындары тек орыстарда ғана болған ішімдік түрі. Лакуна тілдегі “қуыс тесікті”, “ойықты” еске түсіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |