«лингвомәдениеттану» курсы бойынша дәрістердің ҚЫСҚаша мазмұНЫ



бет19/27
Дата02.01.2022
өлшемі498 Kb.
#452238
түріБағдарламасы
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   27
«лингвом дениеттану» курсы бойынша д рістерді ЫС аша мазм НЫ

"Контекст" ұғымы квазилингвистикалық ұғым ретінде түрлі жақтарды: вербалды және бейвербалды, тарихи-мәдени, психологиялық, әлеуметтік және т.б. жақтарды қамтиды. Контекст ұғымы сөйлеу актілерінің тізбекті қатары болып саналатын дискурс түрінде жүзеге асады. Сол сияқты, контекст "әлем туралы фон" беретін "фреймдер", "сценарийлер" арқылы да айқындалады [143]. Жалпы, контекст ұғымын кең көлемде қарастырар болсақ, онда нақты тілді тасымалдаушы адамның жеке дара когнитивті күйін де ескерген жөн. Сонымен, ақыр аяғында, контекст – мәтін субъектісінің еншісі, ол қашанда субъективті дүние. Контекстінің төмендегідей типтері бар: экзистенциалдық, жағдайшарттық, психикалық, ұлттық мінездемелік, географиялық, климаттық және т.б. контекстілер. Контекстіні құрастырушы бөліктердің бәрі де негізгі компонентке – дүниетанымдық компонентке жол береді.

Тілдік құралды таңдау қарым-қатынастағы рөлдік ситуацияға да тәуелді болады, яғни коммуникацияға қатысушының рөліне тәуелді болады. Әртүрлі жағдайда адамдар түрліше сөйлейді. Ресми жиналыстағы жасалған баяндама сөздері көшедегі танымайтын адамға айтқан әлде жақын досыңа айтқан әңгімеге ұқсамайды. Бұндайды сөйлеудің әртүрі “регистрлары” деп атайды. Қарым-қатынас барысында түрлі жағдайлар болады және ондағы регистрлар әртүрлі топтастырылады және әрдайым алмастырылып отырады. Регистрлар көп түрлерге бөлінеді, бір-екеуін атап кетсек: ресми-арнайы, достық-сырластық... регистрлары. Бұны білудің де аударма үшін мәні зор, өйткені аударманың варианттарын таңдай отырып, аудармашы қарым-қатынастың қандай регистрда болып жатқанын білуі керек. Ал ол өз кезегінде аудармашының аудару барысында орынды сөз саптауы үшін қажет нәрсе.

Жоғарыда айтқанымыздай, контекстіні біз фрейм ұғымына жүгіне отырып та анықтай аламыз. Фрейм ұғымын түсіндіре кеткеннің артықтығы жоқ. "Фрейм" (ағылшын. "Frame" – картинаның жақтауы) – нақты шындықты объектілердің қарым-қатынастары мен қасиеттеріне қатысты үнемі кездесіп отыратын жағдай ықтималдылығына негіздеген адам санасының менталды құрылымы. Мысалы, роман дегенде оқырман ұзын-сонар оқиғалар бейнеленген, көптеген персонаждары бар әдеби шығарманы, ал детектив дегенде шым-шытырық байланысқан қызықты оқиғалар бейнеленген әдеби шығарманы көз алдына елестетеді.

Фрейм хронотопты, яғни белгілі бір кеңістіктегі орынның нақты бір уақыт мезетіне сай, нақты бір оқиға-жағдайға сайлығын білдіреді. Мысалы, некеқияр орын – ЗАГС, аурухана, перзентхана және т.б. аталғанда адам бірден белгілі бір күйге оранып, алдында болатын оқиғалар легіне алдын ала даяр тұрады. Ол адамды әлдебір көңіл-күйге бөлеп, оның ішкі дүниесінде тұрақты бір сезім ұялатады. Фрейм – сананың тани алатынындай жеке немесе коллективтік мінез-құлық, іс-әрекет микросценарийлері. Фрейм – нормативті болғанымен, аса информативті емес. Ол – тақырыптық сөз. Мысалы: армия, түрме, аурухана т.б. деген сияқты.

Әдебиетте көп суреттелетін фреймдерге келер болсақ, онда орыс әдебиетінің орталық фреймдерінің бірі – "чаепитие" – шәй ішу. Орыс мәдениетінде шәй ішу, әдетте, жазғытұрым саяжайда немесе суық күндері мәскеулік пәтердің шағын ас үйінде жақын туыстар ортасында өтетін интимді оқиға желісі. Ал француз әдебиетінде шәй ішу қаланың көптеген жазғы ашық кафелерінде орын алатын оқиға. Сондықтан фреймнің мезгіл-мекендік сипаттамаларына сай оның қатысушылары (актанттары) да өзгеріп отырады. Орыс нұсқасында ол отбасылық жиын болса, француз нұсқасында көпшілік орынға тән оқиға. Сол сияқты, қазақ мәдениетіндегі "той" фреймі де орыс мәдениетіндегі "той" фреймінің жағдаятынан мүлдем бөлек дүние. Өйткені орыс мәдениетінде ол ең жақын деген шағын ғана адам тобына арналған салтанат болса, қазақ мәдениетінде ол ұлан-асыр, аса маңызды, дүниешашар ысырапшылдығы тағы бар үлкен жиын. Онда тек жақын тумаларды ғана емес, туыстың туысын, көршінің көршісін, жекжаттың жекжатын кездестіруге де болады.

Джон Остиннің перформативті сөйлемдер теориясы да осы фреймдік тұрпатта [144-146]. Перформатив (ағылш. Perform – орындау және action – әрекет, демек, әрекет жасау) - айтылған сөздің жасалған әрекетпен тең түсуі немесе әрекет ретіндегі сөз, сөз кейпіндегі әрекет. Осы бір перформативті сөйлемдер теориясының фреймдік сипаты бар екендігі де белгілі. Мысалы, перформативті сөйлемдерге мыналар жатады: “Өтінемін!”, “Айтқан сөзіме, істеген ісіме басыммен жауап беремін!”, “Серт беремін!”, “Ант етемін!”, “Уәде беремін!”, “Куәлік етемін!”. Перформатив – таза күйіндегі оқиға-мағына. Ол белгілі бір оқиғаны көз алдына әкелген мәнділігімен адамды оқиға ішінде орналастырып тұр.

Келесі бір анықтайын деп отырған терминіміз – “дискурс” термині кеңестік ғылыми кеңістікте дәйекті түрде 80-жылдардың аяғына дейін өзінің үш бірдей негізгі мағынасының бір де біреуінде қолданылмай келген еді. Оның есесіне, посткеңестік дәстүр терминді бір мезетте оның барлық көпмағыналылығында өзекті еткені соншалық зерттеушілер мағынаны айқындау мен шектеу қажеттілігін қойып отыр. Терминнің алғашқы көпмағыналылығы семантиканың әрі қарай ұлғаюын анықтады.

Дискурс термині екі ұғымның оппозициясы арқылы анықталады: "La lange" және "parole". "La lange" дегеніміз Соссюрдан кейінгі структуралық лингвистика термині. Ол тілді индивидтен тысқары жатқан тілдік элементтер жүйесі ретінде анықтайтын термин, ал "parole" тілді оның әлеуметтік-коммуникативтік функциясы арқылы анықтайтын термин.

ХХ ғасырдың 50-жылдары Эмиль Бенвенист айтылған сөз теориясын (теория высказывания) жетілдіре отырып, француз лингвистикасы үшін дәстүрлі discours терминін жаңа мағынада – “айтушыларға тиесілі сөздің” сипаттамасы деген мағынада – қолданады. Э. Бенвенистің концепциясы бойынша, дискурс айтушыға, сөйлеушіге, айтылудың кеңістіктік-уақыттық сипаттамаларына қатысты талданады, интерпретацияланады. 1952 жылы Зелиг Харрис “Discours analysis” деген мақаласын жариялап, онда сөйлемнен (фразадан) тыс жатқан біртұтастыққа қатысты дистрибуция тәсілін қарастырады. Яғни, бұл екі беделді ғалымдар түрлі зерттеу нысаны болып табылатын ұғымды ұқсас мағынада қарастырады: Бенвенист айтылған сөздегі сөйлеушінің позициясының экспликациясын дискурс ретінде түсінеді; ал Харрис айтылған сөздердің бірінен кейін бірінің орналасу ретін дискурс деп қарастырады, демек, сөйлемнен көлемдірек мәтін бөлігі дискурс болып табылады.

М. Фуко және оның жолын қуушылардың ұстанымдары бойынша, сөздің көптеген басқа да субъектілеріне қарағанда, сөйлеушінің, айтушының өз позициясын анықтаған маңызды. Осылайша, француз мектебі үшін дискурс – белгілі бір әлеуметтік-саяси топ немесе дәуірдің өзіне тән нақ айтылған сөз түрі (мысалы: “коммунистік дискурс”, "гендерлік дискурс"). Соның нәтижесінде, соңғы жылдарда публицистикада дискурс ұғымын әлеуметтік құбылыспен теңдестіру де орын алды (“феминистік дискурс”, “зорлық дискурсы”). Сірә, бұл тұжырымдар бірін бірі жоққа шығармайды, керісінше, бірін-бірі толықтырады: мәтінжасау және де мәтінді түсіну коммуникативті жағдайсыз (“өмірге түбегейлі енусіз”) мүмкін емес. Ендеше, дискурсты сөйлеушілердің әлемді түсінуі, ұғынуы және презентациялауымен байланысты коммуниканттардың ойлау-сөйлеу әрекеттерінің жиынтығы деп анықтаймыз. Мұндай түсінік тілге деген динамикалық (on-line) көзқарас арнасында жатыр. Дискурс, бір жағынан, мәтінжасау тәжірибесі, мәтінді шығару, кеңістік пен уақытта жария ету процесі; екінші жағынан, дискурс – мәтінді ой-санадан өткізу процедурасы да (мысалы, оқу барысында, конспектілеу барысында, аудару барысында және т.б.).

Осында, орыс философиясында 20-жылдары М. Бахтин "айтылған сөз" ("высказывание"), "сөз" ("слово") деп осы кейіннен "дискурс" болып енген ұғымды сипаттағанын көреміз. Енді қазір, біздер үшін "дискурс" ұғымына балама табу оңайға түспей, оны түсіндіру қиыншылықтары туып жатса, сол сияқты Батыс үшін де Бахтиннің "айтылған сөз", "сөз" деген "социолектерін" тәржімалау, оқырманға жеткізу біраз тер төгуді қажет еткен. Осы тұста М. Бахтиннің "әлеуметтік-идеологиялық тіл" мәселесіне біраз тоқталып кетуді жөн деп таптық.

Ф. де Соссюрдeн бастап қазіргі француз функционалистеріне дейінгі классикалық лингвистика тілді қоғамның барлық мүшелеріне ортақ, түсінікті константты (өзгермейтін) құрылым деп қарастырады. Ол түсініктің пайда болуы, біріншіден, тілдегі нақты нәрсені білдіретін белгі мен сол нәрсенің өзі бірін-бірі анықтайды деген көзқарас болды; екіншіден, тілді қолданатын тілдік ұжым мүшелері үшін тілдік белгілердің бәрі бір мағынаға ие; үшіншіден, осы жоғарғы айтылғандардың нәтижесінде тіл қоғамның барлық әлеуметтік топтарына бірдей қызмет етеді деп есептелінді.

Шындығында, тіл – бәрімізге ортақ, бәріміз осы тілде сөйлейміз, бір-бірімізді түсінеміз. Бірақ, күнделікті өмірде кездесетін жағдайларға жіті назар аударатын болсақ, онда біз мынадай қызық нәрсені байқаймыз – әрбір сөз өзінің нақты заттық, бұйымдық мазмұнынан басқа көптеген уақытша, өзгермелі идеологиялық мағынаға да ие екен. Сол шексіз көптүрлі мағынаның болуы бір ұлтқа тиеселі ортақ тілді көптеген "социолектерге" бөліп-бөліп жібереді. Осы "социолектерді" М. Бахтин «әлеуметтік-идеологиялық тіл", "айтылған сөз" деп, Р. Барт "жазу типі" деп атайды. Қарапайым ғана мысал ретінде кәсіби жаргондарды алайық. Компьютердің құлағында ойнайтын мамандар "мама" деп компьютердің өзіндік платосын атайды. Оның жалпы осы сөздің беретін бастапқы көпшілікке ортақ мағынасымен үш қайнаса сорпасы қосылмайды.

М. Бахтин адамның бірде бір сөзі тиянақталып, аяқталмаған, өйткені ой принципиалды түрде тәмамдалуы мүмкін емес деп есептеген. Әрбір сөз әрбір адам рухани әлемінде өзіндік өзгеріске ұшырайды. «Тірі сана, тірі қарым-қатынас барысында тілді бұлжымас, қозғалмас жүйе деп қарастыру мүмкін емес. Адам үшін оны қоршаған тілдік орта да, ол адамның өзінің тілдік санасы да түгелдей дерлік көпдауыстылықтан, көпмағыналылықтан тұрады. Сөз, ендігі жерде, тек бір нәрсені білдіріп қана қоймайды, сөздің өзіндік "иісі", тіпті, өзіндік дәмі де бар" [147, 148 б.].

Кәдуілгі санадағы шығармашылық процесстегі рөлдер бөлінісі төмендегідей емес пе: жазушы бірдеңені жазады, оқырман оны оқиды?! Ал шын мәнінде, И. Анненский айтпақшы: "ақынның жазғанын оқып шығудың өзі жатқан бір шығармашылық" ("само чтение поэта есть уже творчество"). Оқырман, М. Бахтиннің ойы бойынша, жазушының шығармашылығын жалғастырады, өйткені көркем-әдеби мәтін мағынасын ашады. Өйткені, тек қана оқырман "өзіндік затты", яғни мәтінді "өзі үшін затқа", демек, шығармаға айналдырады. Ц. Тодоров айтпақшы, шығарманың эстетикалық құндылығын тек "шығарманың оқырманмен қатынасқа түскен шағында ғана ұғасың" [148, 107 б.].

Р. Бартша айтар болсақ, мәтіндік емес құрылымдар – «кімнің қайдан айтып тұрғаны» (орны) мен «кімнің қайда тұрып тыңдағаны, естігені» мәселесі [149, 82 б.]. Дискурс шеңберінде автор өз мәтінінің алғашқы оқырманы да болып шығады. Дискурс семиотикасы үшін автордың да, оқырманның да дискурстары бірдей маңызды. А.К. Жолковский, Ю.К. Щеглов белгі ретіндегі мәтіннің қосарлы референциалдығы туралы айтады. Бір жағынан, авторлық әлем бейнесі, екінші жағынан, оқырманның әлем бейнесі. Дискурс мәтіннің тіршілік етуі, қызмет жасауынын механизмін түсіндіру үшін қажет ұғым.

Дискурсты үрдіс ретінде түсіну мәтінді статикалық құбылыс ретінде талдауға мүмкіндік береді. Мәтінді мұндай түсіну отандық тіл білімі үшін дәстүрлі болып табылмайды, дегенмен З.Я. Тураева: “Мәтін – қандай да бір объективті шындық ретінде оны тудырушы және қабылдаушы субъект саналарынан тысқары тіршілік етеді. Бұл мағынада мәтін тыныштық қалпына сай, жабық жүйе" [150, 12 б.]. Мұндай анықтама тілге деген статикалық көзқараспен (off-line) үйлесімді. Ол статикалық көзқарас бойынша П. Серио айтпақшы, “Атам замандағы Адам ата тілі – жалғыздықта айтылатын, жадынан айырылған сөз” [151, 197 б.].

Біздің көзқарасымыз бойынша, мәтінді дискурстың аралық сатысы ретінде сипаттаған жөн. Өйткені дискурс ретінде екі бірдей коммуниканттың ойлау-сөйлеу әрекеттерінің жиынтығы деп түсінеміз. Сондай-ақ, мәтін шындықтың объективті факті ретінде дискурс нәтижесі, өнімі ретінде қарастырыла алады.

Көпшілік қолданыста дискурс әлдене туралы ой саптау дегенді білдіретін мағынада алынып жүр. Дискурс – ерекше әлеуметтік шындық ретінде көрінетін "тіл ішіндегі өзіндік тіл" [152, 676 б.] деген де анықтаманы кездестіріп қаламыз. Дискурс ең алдымен мәтіндерде кездеседі. Бірақ ол кез келген мәтін деген сөз емес. Ол мәтіннің ерен грамматикасы, айрықша лексикасы, сөз пайдаланудың өзіндік ерекше ережелері, бөлекше семантикасы болуы тиіс. Бір сөзбен қайырғанда, ол "ерен өзіндік әлем" тудыра алатын мәтін болуы тиіс.

Тұжырымдайтын болсақ, дискурс – мүмкіншіліктегі ментальды әлем. Оның құрылымдық негізінде "фреймдер" немесе "идеалды когнитивті моделдер", "сценарийлер" жатыр. Фрейм туралы алдында мағлұматтар беріп өткен болатынбыз. Осы жерде дискурстың ризомалық табиғатына, жалпы постмодернистік философиядағы ризома ұғымына, оның қазіргі мәдениетті сипаттаудағы әлеуетіне тоқталып өткен жөн болар. Ж. Делез бен Ф. Гваттаридің қосылып жазған "Ризома" деген кітабы 1976 жылы жарық көрген болатын. Сол кітапта олар мәдениетттің екі түрін ажырата қарастырады: "түбірлі ағаштық" мәдениет пен "тарамдалған тамырлы" мәдениет, немесе, ризомалық мәдениет. Ризома ненің неден өрбіп, таралып жатқандығын айыру қиын бір бірімен шатаса байланысқан тамырлы дүние. Ризоманың басты қасиеті оның жалпы өзінің тұтастығын сақтай тұра, гетерономды (әртекті) екендігі.

"Түбірлі ағаштық" мәдениет логикасы қатаң векторлы-бағытты құрылымның болуына тәуелді. Ал ризома болса тепе-теңдіксіз тұтастық ретінде жасалған модель. Сондықтан ол синергетиканың зерттейтін тепе-теңдіксіз орта дегеніне сай келеді. Синергетика деп табиғат пен қоғамның өздігінен ұйымдастырылу, реттелу процесі туралы ғылымды атайтындығын еске сала кетудің артықтығы жоқ деп білемін. Мәдениет, тіл сынды күрделі жүйелерді біржақты рационалды заңдылықтар аясында түсіндіріп беру қиын, өйткені онда көбінде парадокс логикасы басым. Парадокс – өзіне өзі тең келмейтін оқиға. Расында да, өзінің жасаушысы адам іспеттес, мәдениет те, тіл де өзіне-өзі тепе-тең дүниелер емес.

Мәдениет феномендеріне деген бейклассикалық тұғырнамалардың қарқынды дамып келе жатқан түрі – синергетикалық парадигма. Ол – күрделі жүйелер теориясы, ақпарат теориясы, басқару теориясы мен тепе-теңдіксіз термодинамика жетістіктерін өз бойына жинақтаған кешенді ғылыми бағыт. ХХ ғ. философия, семиология, семиотика, психология, ақпарат теориясы, синергетиканың біраз ықпалын сезінді. Синергетика реттілік пен бейреттілік, энтропия мен ақпарат арасындағы қатынастарды түбегейлі өзгертті. Бейреттілікті (хаосты) реттіліктің бір деңгейінен келесісіне өту күйі деп қарастыратын синергетикалық парадигма мәдениет әлеміне деген жаңа көзқарас қалыптасты.

Синергетиканың іргесінің қалануын неміс физигі Г. Хакен мен Нобель сыйлығының лауреаты бельгиялық физик И. Пригожиннің [153-155] аттарымен байланыстырады. 1977 жылы Г. Хакеннің “Синергетика” деген кітабы дүниеге келді. Ол – ашық жүйелердегі өзін-өзі ұйымдастыру және хаостан құрылымның жасалуы туралы теория еді. И. Пригожин тірі әлемдегі динамикалық процесстерді суреттеу үшін математикалық теорияларды пайдаланды.

Синергетика теориясын социогуманитарлық сала мен күрделі жүйелердегі іс-әрекетті талдауды табысты етуге мүмкіндік тудырар стратегия ретінде қарастыруға болады. Осы теориядағы орталық ұғымдардың бірі – жүйелердің күрделілігі туралы ұғым. Күрделі жүйелер ғылымның, экономиканың, халықаралық өмірдің және т.с.с., демек, жалпы алғанда, мәдениеттің өзінің түрлі бөліктерінде орын алған. Әсіресе оның екі қыры аса маңызды болып табылады: кеңістіктің ұлан-ғайырлығы мен көпдеңгейлі құрылым екендігі. Жүйелердің өзгеруі, көбіне, олардың күрделіліктің қандай да бір шекті күйіне жетуімен байланысты.

Өзінің дәл осы сипатына – күрделілігіне сай, жүйелер орнықсыздық, тұрақсыздық сынды қасиеттерге ие. Жүйенің орнықты күйі дегеніміз оның бастапқы нүктеден сәл ғана ауытқу барысында қайтадан сол нүктеге орала алатын күйі болып табылады. Ал жүйенің орнықсызыдығы әлгі күйден уақыт өткен сайын молырақ алшақтай беруді білдіреді. Кез келген жүйе орнықты тепе-теңдік күйіне ұмтылады. Бұл ұмтылыс ең аз әрекет ету принципіне (Гамильтон принципіне) бағынады. Бұл принцип бойынша, кез келген жүйе үнемі орнықтылығы аз күйден орнықтылығы көп күйге көшіп отырады делінген.

Мысалы, жүйедегі реттілікке деген талпыныс ондағы шиеленіс күшін әлсірететін көрінеді. Міне, дәл осыдан қоғам өмірінің іргелі принципі көрініс табады. Бірден осы принциптің дәл мәдениетте қордаланатындығын атап өтелік. Себебі мәдениет дегеніміздің өзі адамның қоршаған айналасындағы өмірді рәсімдер, әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер және т.б. арқылы реттеуінің нәтижесі емес пе! Әлгілер адам өмірін құрылым-құрылым етіп реттейді және олар белгілі бір ырғақ ретімен қайталанып отырады. Сондықтан да мәдениет – энтропияға қарсы ең тиімді фактор. Соңғы жылдары синергетиканың пәнаралық әлеуеті әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласында да жүзеге аса бастады. Психика, интеллект, мәдениет аса күрделі динамикалық жүйелер және олар энтропияға қарсы факторлар ретінде зерттелетіндіктен де синергетикалық парадигма аясында өз орнын таба білді.

Синергетикалық модельдерде мәдениет пен қоғам айрықша түрдегі тепе- теңдіксіз жүйелер ретінде көрінеді. Энтропияға қарсы механизм ретіндегі мәдениет дамыған сайын басқа жүйелердегі энтропияны ұлғайтады және де ара-тұра антропогенді дағдарыстарға да ұшырататын көрінеді. А. Назаретянның болжамы бойынша [156], өсіп бара жатқан технологиялық әлеует әлеуметтік жүйені сыртқы жағдайлардан тәуелсіздеу ететін көрінеді. Бірақ та ішкі ауытқулар, яғни ұжымдық және жеке сананың ауытқуларына сезімтал қылады.

Синергетика теориясында бифуркациялар (қосақтала тарамдалу нүктесі, ықтималды даму жолдары) – сыртқы жағдайлардың күрт өзгеруіне жауап ретіндегі жүйенің іс-әрекетіндегі жылдам өзгерістер туралы түсінік бар. Бифуркация нүктесі – тепе-теңдігі жоқ жүйенің күрделі өтпелі нүктесі, онда жүйе алдыңғы күйінен мүлдем бөлек сапалық деңгейге өтеді. Бифуркация нүктесінде жүйенің болашақ дамуын болжау мүмкін емес. Өйткені ол жүйенің ары қарай даму жолдарының сан алуан сценарийлерінің бар екендігін, өйткені ол жүйенің ары қарай даму жолдарының сан алуан сценарийлерінің бар екендігін ғана білдіреді. Умберто Эко “Имя розы” деген романында дұрыс ретроспективті көзқарас арқасында тек тарихтың өзін ғана емес, оның бифуркация нүктелері бар векторын көруге болатындығын танытты.

Сонымен, күрделі жүйелерде өзін-өзі ұйымдастыру процестері туындайды; даму орнықсыздық арқылы жүзеге асады; жаңа дүние – алдын ала айтып жорамалдауға келмейтін бірақ, дегенмен де мүмкіншіліктегі жағдайлар арасында бар болған нәрсе; бүгінгі шақ өткенмен ғана анықталмайды, болашақтан құралады; хаос – астан-кестен бұзылып-жарылушы дүние, бірақ ол жаңа күйлерге өту барысында жасампаз нәрсе.

Дамудың бифуркациялық механизмдері мен эволюциялық апаттар табиғи-қоғамдық және әлеуметішілік қарым-қатынастардың кереғарлығынан туындап жатыр. Синергетикалық ұстаным мәдениеттің көптеген феномендерін жүйелер ретінде ғана түсіндіруді мүмкін етіп қоймайды, сонымен бірге, оның терең мәнді қасиеттерінің біразын және даму бағыттарын болжамдап айтып бере алады. Адамға тән таңдау еркі, әсіресе, бифуркация нүктелерінде, мәдени-әлеуметтік жүйенің қозғалысының траекториясын аса қатты өзгертіп жібере алуы да мүмкін екен. Сонымен, жаратылыстанушылар арасында дүниеге келген синергетикалық парадигма мәдениетті зерттеу саласында да таң қаларлықтай тиімділік танытады екен.

Қатып қалған тепе-теңдігі жоқ жүйелерде (мәдениет, тіл, дискурс….) трансформация сырттан енген элементтер арқасында емес, сол жүйенің өзіне имманентті түрде тиесілі тұрақсыздықтың алуаннұсқалық болу әлеуетінен туындайды. Статикалық жүйеге, ондағы векторлы-бағытты құрылымға Космос түріндегі әлем бейнесі, яғни реттелген, түзелген әлем бейнесі сай келсе, ризомаға (тепе-теңдіксіз тарамдалған динамикалық әлемге) Хаосмос түріндегі әлем бейнесі сәйкес түседі. Ризома табиғатынан плюралды, алуантүрлі, оның үстіне, үдерісті плюралды дүние. Қазіргі мәдени жағдай ризомалық жағдай. Ол мәдени коммуникациялардың түрлі сценарийлерінің барлығымен сипатталады. Енді адам үнемі өзіне таңсық мәдени кодтармен, мән мағыналармен, архетиптермен жұмыс істеуі керек. Мәдени-әлеуметтік дағдарыс жағдайында адам мәдениеттілік, өркениеттіліктің жаңа нормативтерін қабылдау мен ғана емес, “бөгде” мәдениетті игерумен де айналысу қажеттілігін түсінеді.

Әрине, “бөгде” мәдениетпен кездесу үнемі жарастық, үйлесімділік жағдайында өтеді десек асық айтқан болар едік. Басқа мәдениетке ену жолында, өз құндылықтарыңды трансформациялап, “Басқаның” паттеріндерін трансляциялау жағдайында көп күрделі процестер орын алады. Кез келген интерпретация әрбір құбылыстың бірегейлігін артикуляциялайды. Көпқырлы, көпвекторлы әлем жаһандану белесіне көтерілсе де мәдени өзіндік айырмашылықтарды құрметтеу өздерінің өміршеңділігінің бұлжымас шарт-заңы екенділігін ұмытпағаны абзал.

Көлемді де көпұғымды анықтамалардан тұратын осы бір тараушаны тәмәмдамас алдында қысқа қорытындылар болсақ: ХХ ғасырдағы зерттеу методологияларының трансформациясы мен басымшылдықтарының өзгерісі, эпистемологиялық және семантикалық құндылықтардың өзгерістері философиялық ізденіс өрісіне бұрындары маргиналды болып есептелген қабаттарды (мәдениет, тіл) алып келді, сөйтіп, ғылыми дискурстың жаңа тақырыптары артикуляциялана бастады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   27




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет