«Ұлттық ДӘСТҮР – Қазіргі қазақ руханиятының Өзегі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағы



Pdf көрінісі
бет23/37
Дата29.02.2024
өлшемі1.26 Mb.
#493209
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   37
ғylymi-maqalalar-20.06.2022-3

ӘОЖ 82-1/-9 
 
ЖАСТАР ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ЖАРҚЫН НЫШАНДАР 
 
Базарбаева Ж., Дауылбаева А. 
Ғылыми жетекшісі: Қабылов Ә. 
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг 
университеті, Ақтау қ., Қазақстан 
Аңдатпа. Мақалада жас буын өкілдерінің заман, қоғам, адам туралы лирикалық 
өлеңдері тақырыптық, тілдік-көркемдік тұрғыда талданған. 
Қазіргі жас ақындар – тәуелсіздік кезеңінің перзенттері. Олардың көпшілігі кеңестік 
кезеңнің соңғы онжылдығында дүниеге келсе де, ес біліп, өлең жазуға араласа бастауы сол 
90-жылдардағы тәуелсіздік шұғыласынан басталады. Сондықтан, олардың өлеңдерінің 
тақырыптары да, көтерген идеялық нысаны да, бағыт-межесі де соған сай, уақытына лайық 
болуы заңды. Кеңестік цензурадан арылып, алыс-жақын елдердегі, жалпы өркениеттік 
жаңалықтардан хабардар, әдеби әдіс-тәсілдер мен ағымдарға жол ашылған тұста, 


73 
жастардың да сондай жаңа үрдістерден үйреніп, қаламдарын ұштай түсуі орынды. Алайда, 
жас ақындардың шығармаларын шолып шықсақ, олардың шығармашылығында ұлттық 
негіздің молырақ жатқанын айқын аңғарамыз. Әсіресе, ауыз әдебиетінен басталатын 
ұлттық сөз өнерімізде терең тамыр жайған бейнелеу тәсілдері, тақырыптың қамтылу 
аймағы, ақын-жыраулар үлгісі мен классикалық және заманәуи белгілі ақындардың 
шығармашылық мәнеріне еліктеу, солардан үлгі алудың үлесі басым болып келеді. 
Жалпы, бүкіл қазақ елінің шығармашылық әлеуетіндегі тақырыптық-идеялық, 
көркемдік-стильдік әлеует ортақ болғанымен, әр өңірдің ақындарында елеулі-елеусіз кейбір 
сипаттардың болатынын жоққа шығара алмаймыз. Ол сол жердің табиғаты мен тұрмыстық 
жағдайына, халықтық дәстүрлеріне, халықтың менталитеті мен рухани құндылықтарына 
т.б. жағдайларға байланысты болса керек. Поэзиядағы ақындық мінезді де 
қалыптастыратын сондай орта, өңірлік мектептердің ықпалы болмақ.
Қазіргі маңғыстаулық жас ақындар туралы: «Оларды ашып оқи бастағаннан-ақ кілең 
бір айтатынын бүкпей, аңғардан соққан желдей боп аңқылдап сөйлейтін, ешкімді де 
тосырқамай, айтатынын ағыл-тегіл ақтара салатын нағыз маңғыстаулық мінезден тұратын 
жырларға тап болдым. Табиғатпен астасып, тіршілікпен қабысып, жан-жүрегіңмен етене 
жақынындай боп қабысып кететін ол жырларды оқығанда таң жарығын көрген 
салбұрындай сілкініп кететінім рас», – деп жазған болатын көрнекті ақын Т.Медетбек 
маңғыстаулық жас ақындардың «Маңғыстау мақамдары» атты жыр жинағына жазған 
алғысөзінде [1,3]. 
Қазіргі маңғыстаулық ақындар поэзиясының тақырыптары әр алуан. Поэзияның 
мәңгілік тақырыптары бар да, әр кезеңде әдебиетте алға шығатын өзекті тақырыптар 
болады. Ол сол кезеңнің қоғамдық-әлеуметтік жағдайларына, азаматтық қоғамның даму 
бағдарына, қоғамдағы басым құндылықтар мен ықпалды тенденцияларға байланысты орын 
алады. Біздің өмір сүріп отырған кезеңіміздің де ортақ тақырыптары жетерлік десек, 
солардың қай-қайсысына да жастардың қалам сілтері айқын.
Ғасырлар бойы ұмтылып, күреспен жеткен тәуелсіздіктің жолы бөлек. Сол себепті 
тәуелсіздік тақырыбының поэзияның басында тұруы – заңды құбылыс. Бұл туралы көрнекті 
ақын, әдебиетші ғалым Ш.Сариев: «Қазіргі қазақ ақындары – тәуелсіз елдің ақындары. 
Ақын жүрегі – халқын, ел-жұртын, Ұлы Отанын жан-тәнімен сүйетін жүрек. Бізге 
тәуелсіздік алып берген бостандық – ұлтжандылық идеясы. Сондықтан қазір ұлтын сүйген 
ақын үшін Тәуелсіздік туымызды ардақтап, ұлтымызды ұлағатқа бастарлық, халқымызға 
қайрат-жігер берерлік поэзияның туын көкке көтеретін шақ. Әрбір жанды шуаққа бөлеп, 
тірліктің тауқыметінен арырарлықтай күш-қуат берерлік ұлттық рухтағы поэзияның 
заманы. Тәуелсіздікті нығайта беру жолында өжет ұрпақты жігерлендіретін поэзияның 
дәуірі», – деп жазған еді [2,326-327.]. 
Тәуелсіздік тақырыбы – жас ақындардың қай-қайсысының да өлең-жырларына ортақ 
болғанмен, оларды жырлау мәнері, мәселеге зер салу орайы, шымырқанған көңіл ауанын 
көркемдікпен алып шығуы әрқалай. Десек те, ортақ ой, ортақ тілек, ортақ мақсат бір арнаға 
құйылып, бір нүктеге түйісіп жатады. Ол – тәуелсіздіктің қуанышы, оны баянды қылу 
жолында елді бірлікке, ынтымаққа шақыру, тәуелсіздікті қадірлеу, оның мәңгілігі жолында 
аянбай еңбек етуге үндеу идеясы. 
Гүләйім Дәуітбаеваның «Тәуелсіздік жыры», «Бұғау. Желтоқсан. Азаттық», 
Аллаберген Қонарбаевтың «Отан», «Республикам менің», Шынар Түйешиеваның 
«Қазақстан – бейбітшілік отаны», Асылбек Сүлейменовтің «Мен – қазақпын», Алмас 
Алтайдың «Азаттықтың ақ таңы», Мұхамбедберді Сүйітовтің «Тәуелсіздік күні құтты 
болсын» секілді өлеңдерінде Қазақстан секілді Отанның ұлылығын, оның Тәуелсіздікке қол 
жеткізген қуанышын шабытпен жырлаған.
Мысалы, Алмас Алтай тәуелсіздікті: 
Тәуелсіздік! 
Тұрақ болған құтыма, 
Тайқы маңдай, шыда заман жұтына. 


74 
Қайың шанақ, қос ішектен күй саулап, 
Қайқылардай егіліпті Сыпыра. 
...Қазақ барда өшпек емес аттары, 
Бірлік барда белгілі ғой бақ бары. 
Барлық Қазақ біріккенде атқанын 
Ұмытпайық! 
Азаттықтың ақ таңы! [3,193] – 
деп, тәуелсіздікті қуанышын арғы аталарымыздың арман етуінен бастап, қол жеткен 
қуанышпен бөліссе, Мұхамедберді Сүйітов: 
Азат күн туды, қырандай еркін самғаған, 
Асыл арманды ақиқат күнмен жалғаған. 
Ұғынсаң, елім, бостандық атты бақ құсы 
Сан ғасыр бойы басымызға да қонбаған. 
Бұл күнді күтіп батырлар жанын қиысты, 
Бостандық алып күмбірлеп кетті күй ішкі. 
Ержүрек ұлы, қайсар қыздары бар қазақ, 
Мәңгілік азат халық болуға тиісті, [3,225] – 
деп азаттық алған Қазақ елінің қуанышына ортақтасып, оның мәңгілікке орнауын 
қуанышпен тілеп паш етеді. 
Тәуелсіздіктың ең бір шешуші оқиғасы – Желтоқсан оқиғасы да жас ақындардың 
назарынан тыс қалған жоқ. Нұргүл Маулина «Желтоқсан көтерілісіне қатысушылармен 
кездесуде», Еділ Бекмұратов «Желтоқсан», Аллаберген Қонарбаев «Сексен алты. 
Желтоқсан», Гүлсім Дүйсенбаева «Желтоқсан жыры», Мұхамбетберді Сүйітов 
«Желтоқсан» т.б. өлеңдерінде желтоқсанның халық тарихында қалдырған орны мен ұлт 
жанына салған таңбасын өзінше өрнекпен таңбалап, тарихи оқиғаға естен кетпес ескерткіш 
соғуға талпынады.
Мысалы, сол жылы өмірге келген Гүлсім Дүйсенбаева «Желтоқсан жыры» өлеңінде 
Алматыда болған осы оқиғаны «қасиетін қалқалап қанатына, қасіретін көтерген қасқалдақ 
ән» деген образбен суреттейді. Көкіректе сыздаған ізі қалған сол күндердің құнын кім 
қайтарар? Осыны жөргекте жатқан жас сәбидің жүрегімен сезінгені өлеңде ерекше 
тебіреніспен беріледі:
Пейіш-нұрдан жаралып... 
Мен сол уақыт... 
Періште оймен сезіндім жөргегімде. 
Ақын сол бір суық күндердің жүректерге салған мұңымен қатар, еліміздің 
болашағына не әкелерін пайымдаған уайымы мен шүкіршілігі сабақтаса келіп, жарқын 
үмітке жетелейді: 
...Салқындықтан санада сыз бар әлі, 
Сарқын бұлттар суытар күз-қаланы. 
Қайсар рухпен аңсаулы таң атырған, 
Қанды жылдың мен де арман мұзбалағы. 
Шүкір, шүкір, 
Таңы атты еркіндіктің, 
Азат ұлдың айнымас сертін күттім. 
Жан жарасы жазылар... 
Уақыт – өлшем, 
Ар жарасы... айықпас дертіңді ұқтым [3,116]. 
Жас ақын Талғат Қайбұллаұлының өлеңдерінің көпшілігі осындай саяси-патриоттық 
тақырыпта болып келеді. Оның «Көк байрақ», «Елтаңба», «Бірлік», «Тәуелсіздік, «Отаным» 


75 
деген өлеңдерінде Тәуелсіздік пен оның рәміз-нышандары туралы өзінің ыстық сезімін 
өлеңмен өрнектейді. Мысалы, «Тәуелсіздік» өлеңінде: 
...Бейбіт күн бе едің еліме, 
Бұлт шалмаған аспанын? 
Арманы ма едің елімнің 
Жетіп бір тұрған шаққа бұл? 
Талайлар тіккен бастарын, 
Біледі бүгін жастарым. 
Мәңгі орна елдің басына, 
Тәуелсіздік ақ таңым! [3,113] – 
деп балаң тәуелсіздіктің маңызын айшықтай отырып, оның мәңгі болуын, 
өміршеңдігін жырлайды. Талғаттың бұдан да басқа тәуелсіздік бастауында тұрған Ел 
Президенті – Елбасы мен сол тәуелсіздік жылдарындағы ерекше саяси оқиғалар мен оның 
атрибуттарын ұлықтайтын «Елбасыға арнау», «ЕҚЫҰ саммиті», «Астана – бас қала», 
«Азияда – ақ айдын», «Нұр-Отан» секілді де өлеңдері бар.
Туған жер – әрбір адам үшін қымбат ұғым әрі ерекше ыстық сезім тудыратын 
кеңістік. Қазақ оны «атакүлдік», «атамекен», «ата жұрт» деген секілді сөздермен атап, 
барлық жерден артық көреді, жоғары қояды. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деген 
мәтел де бар. Туған жер ұғымының ауқымы да кең. Өзіңнің дүниеге келген жеріңнен бастап, 
өткен ортаң, сен өмір сүретін ауыл, қала, аудан, облыстан асып, Ұлы Отанымыз – Қазақстан 
Республикасы – әрбір қазақ үшін, әрбір қазақстандық үшін туған жер болып табылады. Жас 
ақындардың туған жер туралы тебіреніспен жазған жырларының да орны бөлек. 
Ә.Бимағамбеттің 
«Қазақстан. 
Астана», 
Г.Дәулетбаеваның 
«Маңғыстау», 
«Шерқала», Б.Жайлаудың «Маңғыстауым бұл менің», «Оғыландыға барғанда» өлеңдері 
осындай туған мекенге деген алғаусыз махаббаттан туған. 
Г.Дәуітбаева «Каспий – достық теңізі», өлеңінде: 
Құрлық, теңіз, орман, тау шырайлана, 
Орын тепсе.., шебері Құдай ғана. 
Тайқазандай теңізді ортаға алып, 
Алқа-қотан жұрт отыр шыр айнала. 
...Жалғыз теңіз – ортақ дәу жүрек дейін, 
Шаттығыңды шырқайық дір етпей үн. 
Татулыққа қосармын соңғы демді 
Кетіп бара жатсам да жүдеп кейін [3,107-108], – 
деп бірнеше елге ортақ ырыс болған Каспий теңізін жырға қосып толғанады, оның 
халықтар достығының мекені болғанын мақтаныш тұтып, сол достыққа өзінің де қолдан 
келгенінше үлес қосқысы келетін перзенттік махаббатын өлеңімен паш етеді.
Б.Жайлау «Әке бейітіні басында» өлеңінде өмірден жас кеткен, алақанының жылуын 
сезініп үлгерсе де, азамат боп қалыптасуын көре алмай кеткен әкеге деген сағынышын: 
Сәттерім де көп сүрінген, 
Шарасыздығым білінген, 
Бойдағы міндет салмағы 
Ауырлап белім бүгілген. 
Сын шығар бәлкім бұл маған, 
Ол үшін артпан мұң саған. 
Көшімді жүре түзетіп, 
Күшімді жұмсап шыңдалам [4,29], – 
деп әкесіз өмірдің адам жанына салар жарасын ишаралап, өмірдегі әкенің орнын 
ешбір нәрсе алмастыра алмасын оған деген ыстық сағынышпен өрнектейді. Ол енді бірде 
әке портретіне қарап, аяулы асыл әкенің жансыз бейнесімен сырласады («Әке портретіне») 


76 
Ал «Мен солдаттың сарқытымын» деген өлеңінде: 
Мен соғыстың не екенін бесіктен 
Белім шығып, ес кіргеннен есіткем. 
Қаһарлана атам ылғи айтушы ед 
Неміс жайын біздің елге өшіккен.., – 
деп соғыс жайын майдангер атасынан естіген әңгімелер арқылы таныс екенін айта 
келіп: 
...Болашаққа жалғайтын ата үмітін, 
Орнында бар адамның арты бүтін. 
Майданда осы күнді армандаған 
Мен өзім сол солдаттың сарқытымын [4,40-41], – 
деп түйіндейді. Бұл – ақынның ата-бабалардың ерлік дәстүрін жалғастыруға 
бекінген перзенттік махаббатының көрінісі. 
Жас ақындар жырларында халқымыздың жадына мәңгі өшпес із қалдырған тарихи 
тұлғалар, ұлт мақтаныштары да асқақ көрініс тапқан. Олардың тарихи еңбектері, ерлік 
істері мен өнегелі аманаты сол еңбектері мен істерінің ауқымында реалистікпен 
бейнеленеді. Г.Дәуітбаеваның «Ер Махамбет арысым», «Сүйінғара сыбаға», Б.Жайлаудың 
«Сармыс батырдың сөзі», С.Құдайбергеннің «Махамбеттің түсі», Ә.Бимағамбеттің 
«Оғыланды жырлары», «Мұстафа Шоқай неге жылады?», А.Қонарбаевтың «Заңғар тұлға», 
«Бекет Ата» т.б. өлеңдерінде қазақ тарихында өлмес із қалдырған Махамбет, Сүйінқара, 
Сармыс батыр, Бекет Ата, Мұстафа Шоқай, Д.Қонаев секілді ұлттың ұлы тұлғаларына деген 
халықтың сүйіспеншілігі жырланған.
Г.Дәуітбаева «Сүйінғара сыбаға» өлеңінде Адай елінің атақты батыры Сүйінғараның 
намыскер болмысын, ол туралы аңызда айтылатын «сыбаға» дәстүрін жырға қосса, 
«Күйініш» балладасында Әбілқайыр ханның өлімі үшін кек қуған Бопайдың төркіндерін 
бастап келген Шотан батырдың Барақ сұлтаннан кек қайтаруын бейнелейді.
Б.Жайлау «Пір Бекет Ата немесе кедергісіз кеңістік һәм уақыт хақында» атты 
өлеңінде Пірдің соңы Бекет Атаның қасиеттерін «қажет жерінде әп-сәтте табылатұғын, 
Қимылы жүйрік жарықтың жылдамдығынан» деп образбен бейнелейді. Таңғы намазын 
Оғландыдан Мекке, Хиуаға барып оқитын Атаның қасиетіне бас иеді: 
Тарихаттың ол көрген астар түбін шын, 
Шариғаттың меңгерген асқар шыңын тым. 
Мағрифат пен Ақиқат әлемін кезген 
Өлшеп берген Рухтың шапшаңдығын кім? 
Ілім жолында арнаған сауғаға жанын, 
Әруағыңнан айналдым, уа, Пәруана Ғалым! 
Тылсымы терең танымың – мен білсем, Ата, 
Пірдің соңы Өзің мен Аллаға мәлім! [1,187]. 
Жастықтың жалынды жыры – ол, әрине, жастық шақ, махаббат сезімінің де жастар 
шығармашылығында елеулі орын алуы заңды. Бұл тақырыпта өлең жазбайтын ақын жоқ 
деуге болады. Әйтсе де, әр ақынның махаббат пен достықты түсінуі мен қабылдауы, 
бағалауы мен қадір-қасиетін жырлау мәнері өзіндік ерекшелігімен көрініп отырады. 
Мысалы, А.Жаңбырбай: 
...Сен кешігіп жанғансың жұлдызымдай
Тұрмайтынын білсең де түн бұзылмай. 
Сен кешігіп жазылдың мұңды жырдай, 
Ақын болып кеттік қой сырды жырлай [1,72], – 
деп кешіккен махаббаттың жайын, жүрекке жүк түсірген сезім ғаламатын 
ақындықтың құдіретімен ұштастырса, Ж.Демесін: 
... Қап-қара мөлдір қараған көздер-ай ғажап, 
Қаралық керек сияқты қолаң шашыңа. 


77 
Отырмын сұлу бейнеңді көзбен аймалап, 
Жете алмай, әттең, қасыңа [1,84], – 
деп ғашығының сұлу бейнесін суреттей отырып, жанына жақындай алмаған 
сағынышымен өрнектейді, ал Ф.Мұсаев: 
Тау жолықпай таумен ғана өтеді, 
Тағдыр жазса, бақыт іздеп жетеді. 
Жолығармыз, кім біледі, біз мүмкін, 
Рас болса жер дөңгелек екені [1,144], – 
деп армандаған қиялындағы ғашығымен кездесеріне сенім білдіреді. Бұл жыр 
жолдарының қай-қайсысы да жас жүректің ғашық жанға деген іңкәр сезімін алғаусыз 
адалдықпен, арманшыл албырттықпен бейнелеуде өлеңге өзінше өрім жасауға тырысуымен 
құнды. Жас көңілдің осынау кіршіксіз сезімдерін жырлауда ақындар өзіндік жол іздейді. 
Бір көңіл бөлетін жағдай – жас ақындардың қай-қайсысы да поэзия тақырыбын 
ескерусіз қалдырмай, қайта көбінесе өлең құдіретін, поэзияға құштарлығын қашан да 
жырлап отыратыны. Шынында да, шын ақын болу – поэзияға деген адалдықты сезінуден 
басталса керек. Өйткені, олар өлеңді өнер деп қана емес, жаратылыстан бітетін ерекше 
қабілет, сондықтан оны ерекше қадірлеп, тәңірдей табынып қана музаға жақын бола 
аласың, сондықтан поэзияға адал болу парыз деп біледі. 
Гүлсім Дүйсенбаеваның «Өлеңнен сұра» деген туындысында бұл маңызды жайды: 
Поэзия! 
Ақ патшам арымайтын, 
Күш бар сенде атасын танымайтын. 
Ақын деген – өлеңнің құлы ғана, 
Өмір бойы жетпейтін, жарымайтын. 
Мен – Өлеңмін! 
Өмірмін. Мәңгілікпін. 
Суына да батпадым сорқұдықтың. 
Менде зары, мұңы бар Бозінгеннің, 
Менде сазы, үні бар сал жігіттің [3,117], – 
деп өлеңнің құдіретін мойындап, оны тірліктегі барлық рухани құндылықтың басына 
қояды және поэзияның ақын жанымен егіз екенін, халықтың барлық мұң-зары мен тарих-
талайын бойына жинайтынын ерекше екпін, жоғары пафоспен жырлайды. 
Г.Дәулетбаева «Қоңыр өлең», «Жыр дәуір», «Жырым – менің жан айнам», «Қаламға 
табыну» өлеңдері де поэзия тақырыбына арналған. Оларда ақын мен өлең егіз ұғым ретінде 
сипатталып, ақынның өлеңмен ұдайы сырласып отыратыны, екеуінің сыры мен мұңының 
астасып жататыны әдемі бейнеленеді. Мысалы, «Қаламға табыну» өлеңінде: 
Көңілге кірлі жат салмақ толып, 
Күлуге мүлде жарамай барам. 
Жүректің шерін ақтармақ болып, 
Ұстадым сені, қарағай қалам [3,59], – 
деп көңілдің қандай мұңды-сырлы кезінде де, қуаныш пен қайғының жайын толғап, 
жүректің сырын ақтару үшін ақынға ең жақын нәрсе – осы өлең екенін, сондықтан оған адал 
болатынын айтып, қаламға серт бергендей болады. 
Ақындық шығармашалықта лирикалық кейіпкердің орны мен маңызы ерекше 
болады. Өлеңде өз атынан сөйлеуші кейіпкер – негізінен осы лирикалық кейіпкер ретінде 
оқырманымен сырласады, өзінің ішкі ғаламындағы жан сырын жайып салады. Г.В.Гегель 
айтқандай: «Бейнеленетін нысанаға (объектіге) суреткердің шынайы субъективтік 
қызығушылығының бір қыры – оның өзін танытқысы келуі. Оған дайын күйіндегі 
шығармадан гөрі жаңадан туатын субъект арқылы өзін-өзі танытатын шығарма жазу артық» 
[5,50]. 
Ақындар заман мен қоғам жайлы жыр толғағанда, осылайша өз атынан сөйлегенмен, 
В.Г.Белинский айтқандай, «ақын өзі туралы айтса да, ол жалпы халықтың атынан сөйлеуге 


78 
бейім» [6,234] екенін көреміз. Өйткені, ақынның толғайтыны – жеке өзінің ғана емес, жалпы 
қоғамның жайы, адамдардың тағдыры. Сондықтан маңғыстаулық жас ақындар да қоғамның 
бүгінгі жайын, түрлі проблемаларды жырлаудан жалығар емес.
Г.Дәулетбаева «Маңғыстауға мұң шағу» өлеңінде: 
Ей, Маңғыстау! 
Сенде тудым – бұл мәңгілік мәртебем, 
Меншігімдей көрінеді әр төбең. 
Жүрегімнің жыр-қауызын жарғызып, 
Дәл өзіңдей туса деп ем мәрт өлең! – 
деген туған өлкеге деген перзенттік махаббатын поэзияға іңкәрлік сезімімен 
сабақтастыра бастайды да, Маңғыстаудың қазіргі жайын – дархан даланың ен байлығының 
қызығын жергілікті тұрғындарына бұйырмай, келімсектердің қойны-қонышын толтыра 
қомағайлана ұрлауына ренішін жеткізіп, туған даласына мұң шағады: 
Сырбаз ойым ыңырсиды сетінеп, 
Сенен басқа болсын менде не тілек. 
Ақ төсіңнен майлады ұртын өзгелер, 
Мен дегенің – сенен туған жетімек. 
...Бауырыңа келімсектер таласар, 
Өле кетсем, – жоқ қимасым санасар. 
«Тірлігінде жылымады бойы» деп, 
Бір-ақ уыс топырағыңмен жаба сал [3,116], – 
деп элегиялық-мұңды әуенмен аяқтайды. 
Тәуелсіздік жылдарындағы жас ақындарымыздың ерекше ұлықтап, құрметпен 
жырлаған тақырыптарының бірі – халқымыздың ана тілі, салт-дәстүрі. Бұл тақырыптың аса 
жылылықпен аталып, жоғары көтере жырлануының өзіндік себептері бар. Өйткені, кешегі 
кеңестік кезеңде орыстан басқа аз халықтардың тарихы мансұқталып, олардың тілі мен діні, 
салт-дәстүрі құрметтелмей, қайта ұмыттыруға тырысқаны белгілі. Тәуелсіздік алғаннан 
кейін әр ұлт өзінің өткеніне көз жіберіп, ұлт болып қалу үшін өзінің тарихын біліп, ана тілі 
мен салт-дәстүрін сақтап, дамыту керектігін түсініп, сол мақсатта әрекет ете бастады. 
Рухани саладағы барлық бірінші кезектегі іс-шаралар осы мәселеге бағытталды. Мұны жас 
талапкерлер де жақсы ұғынып, балғын таланттарын осы мәселеге арнауы заңды. 
Әр халықтың тарихы мен шежіресі – ата-бабадан келе жатқан тарихи оқиғалар мен 
жөн-жоралардың жиынтығы, ал әдет-ғұрып пен салт-дәстүр – халықтың ғасырлар бойы 
жинақтаған озық тәжірибелері мен өнегелі істерінің қорытылған нәтижесі болса, ана тілі – 
солардың бәрін біздің ұрпаққа жеткізіп келген және өткеніміз бен келешегімізді 
жалғастыратын халқымыздың қарым-қатынас құралы. Ұлт боп ұйысу үшін осы негіздердің 
маңыздылығы әрбір саналы ұлт өкілі үшін түсінікті болуы керек. Мұның маңызын жас 
ақындарымыз өздерінше әр қырынан жырлап келеді.
Жастар шығармашылығынан табиғат лирикасының да жақсы үлгілерін 
кездестіреміз. Табиғат ананың сан түрленген көркі мен оның адам жанына түсірген әсерін 
А.Орынбасаров «Таңғы жыңбыр» өлеңінде:
Барлық асқар мәртебеден биік бұл, 
Құба таңмен Алла нұрын құйып тұр. 
Бүкіл дала дыбысына жаңбырдың, 
Қалған дерсің құлақ салып, тынып бір.., – 
деп суреттесе, А.Алтай «Қарсыз қыс» өлеңінде: 
...Қарсыз қыс көңілсіздеу, 
Көшені тұман бүркеп. 
Жүрек те сенімсіздеу, 
Жүдеткен мұнар күн кеп.., – 
деп психологиялық паралеллизммен өрнектейді. Ал А.Жаңбырбай да «Биылғы күз» 
өлеңінде: 


79 
Биылғы күз түскендей ақырғы рет, 
Жек көрмей жүр біреулер ақылды боп. 
Өткен-кеткен бейуақыт еске түсіп, 
Неге қинай береді-ай ақынды кеп, – 
деп, суық күздің сұрықсыз кейпін ақынның алабұртқан жабырқау күйімен 
байланыстырады. Бұл авторлардың бәрі де негізінен табиғат көрінісін жалаң суреттеуден 
гөрі, оны лирикалық кейіпкердің көңіл-күйімен сабақтастыра қарастырып, адам мен 
табиғат қосарынан ойға мұң мен сыр жүктейтін параллель іздейтінін аңғарамыз. Бұл да 
ақындарымыздың барлық көріністер мен құбылыстарға жіті назар аударып, жаратылыстан 
сыр іздейтін елгезек көңілін аңғартса керек. 
Дәстүрлі дамып келе жатқан қазақ лирикасын түрлік, мазмұндық және көркемдік 
тұрғыдан ілгерілетіп жүрген қазіргі ақындардың тәжірибесіндегі оң өзгерістер мен тың 
жаңалықтар жастарымыздың көңілін аударып, солардан үйреніп келе жатқанын айтуымыз 
керек. Қазіргі поэзиямыздағы Е.Раушанов, Ж.Бөдешов, С.Адай, С.Нұржан, Т.Әбдікәкімов, 
Ғ.Жайлыбай, Г.Салықбай, Ж.Әскербекқызы секілді ақындар мен олардың өкшесін басып, 
сақа болып қалған Р.Қосбармақ, А.Елгезек, Қ.Сарин, М.Райымбекұлы, Б.Беделхан, 
С.Әбенов т.б. шығармашылығы маңғыстаулық жас ақындарға оң ықпалын тигізіп келе 
жатқаны қуантады. Жинақтап айтқанда, қазіргі поэзиямыздағы жас ақындардың көтерген 
тақырыптары сан қилы: олар адам баласына тән ең жақын жандары мен құбылыстарға мән 
береді, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды ұлықтайды, сұлулық пен поэзияның 
алдында адалдық танытады, заманы мен қоғамына назар аударады, мәңгілік мәселелердің 
қай-қайсысы да оларға жат емес. Солардың бәріне өзінше үн қосып, поэзияның сырлы да 
тылсым құдіретімен баршасын құшағына сыйғызып, құлашын кең жайып, сөз құдіретімен 
жырлауға ұмтылады. 
ӘДЕБИЕТТЕР 
1. Маңғыстау мақамдары. Маңғыстау облысы жас ақындарының жыр жинағы. – 
Алматы. Дәстүр, 2013. 
2. Абай дәстүрі және тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ лирикасы // Абай дәстүрі және 
қазіргі қазақ әдебиеті. – Алматы. Арда, 2009. 
3. Жастар жырлайды. Маңғыстау ақын-жазушыларының кітапханасы. – Алматы. 
ҚАЗақпарат, 2013. 
4. Жайлау Б. Кедергісіз кеңістік. – Алматы. Нұрлы әлем, 2010. 
5. Жармұхамедов М. Сарбаз поэзия. – Алматы. Қазақстан, 1981. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   37




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет