ӘОЖ 82-1/-9
ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ҰЛТ
ТАҒДЫРЫНЫҢ КӨРІНІСТЕРІ
Абдрахманова Ж.
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Атырау қ., Қазақстан
Аңдатпа. Мақалада жазушы Ж.Нәжімеденов балладаларындағы соғыстан кейінгі
ауыл өмірі, қарапайым еңбек адамдары, олардың күрделі тағдыры туралы ұл тағдырын
сипаттайтын сюжеттерге талдау жасалған. Автор ақын тіліндегі ұлттық концептілерге
сипаттама береді.
Түйін сөздер: Мәдени феномен, ұлт тағдыры, балладалар, трагедиялық күй.
Жұмекен Нәжімеденов – дүниетанымы, көзқарас жүйесі кең, өзіндік сыни танымы
мен пікірі терең ақын. «Әрбір шығармашылық тұлға – өз дәуірінің жемісі, тіршілік кешкен
және мәдени ортасы тудыратын құбылыс. Сондықтан автор дүниеге әкелген мәтін – мәдени
феномен. Мәтіннің феномендік сипаты тұлғаның тіліндегі лингвомәдени ремаларды
анықтау мен ашу, прецеденттік мәтіндерді, мәтінішілік ерекшеліктерді саралау арқылы
ашыла түседі»- дейді лингвист ғалым Б.Момынова өзінің Шәкәрім өлеңдерін зерттеуге
арналған еңбегінде[1, 126]. Бұл пікірді кез келген шығармашылық тұлғаға қатысты
қолдануға болады десек, қате айтпаймыз. Себебі, ақын немесе жазушы дәуірді, әсіресе өз
заманын суреттейді, өзі өмір сүрген кездің күнделікті тіршілігін, мазалаған сұрақтарын
53
өлең арқылы бейнелеуге ұмтылады. Көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің
шығармашылығы туралы да осылай айтуға болады.
Қазақ халқына мемлекеттік әнұранға айналған өлең сыйлаған ақынның өлеңдеріне
арқау еткен тақырып аясы кең, тілі, қолданған тілдік танымдық ұғымдары бай болып келеді.
Ақын – өзі кезіндегі ауыл мен қаланың тұрмысын бірдей білетін, замандастарының тұрмыс-
тіршілігін, соғыстан көрген елдің бейнетін көріп өскен соғыстан кейінгі ұрпақтың өкілі.
Сондықтан оның шығармашылығының өзегін сол уақыттың тіршілігі құрайды. Ауыл
баласы ретінде ақынның көп өлеңі туған жерімен, даламен байланысты жазылған. Соның
ішінде
ақын
«топырақ»
концептісін
қолданған
бірнеше
өлең
жазады.
А.Шәріп:«Сахалардың нанымына сәйкес, адам» жанының (байырғы түркілерді болмаған
бұл сөзді шартты түрде алып отырмыз) үш құты болған»- деп, оның біріншісін – буор
(топырақ мағынасында) құт, екіншісін – ие құт, үшіншісін – салқын құт деп атайды [2, 25].
Сол сияқты ақынның «Менің топырағым» өлеңінде топырақтың адам, бүкіл тіршілік өсіп-
өнетін, тамырын жаятын нәр алатын «киелі топырақ» екендігі сөз болады. Ақынның терең
ойға құрылған «Топырақ» атты өлеңі қазақтың сәби дүниеге келгенде болашақта
жерленетін «бұрқ ететін» топырағы болатыны жайлы ырым-сенімінен туған бір сюжетке
құрылған. Ырымға сенбейтін қырсық бай баласы туғанда ат-қазықтың басындағы «бұрқ
еткен» топырақтан баласын алып қашады. Жұрттың басу айтқанына қарамай, бай:
«топыраққа көмдірмеймін дәл осы ұлымды мен, қасарғанда тағдырға»- деп, көшіп кетеді.
Бай көшіп жүріп азаппен өледі. Ақын оның әрекетін: «сөйтіп қатал «жазмышпен» кектесті,
өңмендеді өткізем деп өтпесті»-деп береді. Жұмекен тағдырға қасарысу, «жазмышпен»
кектесу» сияқты тосын тіркесті қолданады. Ақын «Көшті-көшті баласының өлігін туған
жердің топырағынан қызғанып!» деген байдың әрекетіне қатысты қатал шешім жасайды...
Өлер кезінде сол шал баласына былай дейді:
«бөтен жерге жайғаспа,
қайырымсыздық етпес еді тап мұнша:
біздің топырақ ата-жауша, сатқынша,
қандай кедей болсаң-дағы ақ-табан
хақ бұйыртқан топырағыңды тап балам!» [3,50].
Ақыры баласы байдың: «балам осы жерге жерленбесін»-, деп қазан көміп кеткен
жеріне жерленеді. Өлеңнің өзі осы бір «кедей-кесір» шалды жерлеуге қабір қазған кезде
төртқұлақты қара қазанның шығуынан басталады. Шалдың баласы ақыры тағдырынан
қашып құтыла алмай, баяғы өзі туғанда топырағы «бұрқ» еткен жерге жерленеді. Өлеңнің
өзін автор күтпеген оймен бітіреді:
«Кім біледі, майдан да емес,
әкем сонау шалғайдан
бір бұрқ еткен топырағын кетті іздеп?!» [3,52]
Сюжеті «жазмыштан озмыш жоқ» дейтін діни наным-сенімге құрылған өлеңде автор
оқиғаның мәні мен мазмұнын ашу үшін лексикалық бірліктерді концеп ретінде қолданады.
Байдың өзінің образын беру үшін «қымызға-мас, қырсыққа-бас, қыңыр бай», «байлығынан
ауырған» «іргесі жоқ кісі» сияқты фразеологиялық тұтас тіркестерді қолданған. Осы
теңеулердің ішінде «іргесі жоқ» деген тіркеске назар аударсақ, әдетте «ірге» – қазақта киіз
үйдің төменгі бөлігі екені белгілі, бірақ қазақтың метафоралық сөз қолданысында бұл –
мықтылықты, беріктікті, ірілікті, елдікті, табандылықты білдіреді. Мысалы, «іргелі ел –
белді ауыл, қабырғалы, береке-бірлікті жұрт». Осы тіркестер арқылы ақын байдың табаны
жоқтығын, әлдебір қасиетсіз, парықсыздығын көрсетеді. Ж.Нәжімеденовтің бұл шағын
өлеңінде адам тағдырынан қашып құтыла алмайды деген ежелгі түсінікті бір ғана
«топырақ» сөзі арқылы жеткізеді.
Ақын шығармасына арқау болған тақырыптың бірі - ауыл мен қала жайлы өлеңдер.
Бұл тақырыптың авторды неге толғандырғаны да түсінікті. Себебі, ақын өмір сүрген
жылдар ауылдағы қазақ баласының қалада білім алып, сонда жұмысқа тұрып, ауылдағы ата-
анасын қасына алдырып, қалалық бола бастаған кезі болды. Бұл әрине, жалғыз Жұмекен
54
емес сол тұстағы қазақ жазушыларының көбі шығарма арнаған өзекті, тың тақырып болды.
Оның «Қақпа алдындағы қарт», «Мұздыбай қарт», «Қала-ана, дала-әже» сияқты
туындылары осы тақырыпты қозғайды. «Қақпа алдындағы қарт» өлеңінде үнемі қақпа
алдында отырып, жұрттан амандасу күтетін қарт сөз болады. Ауылдан кемпірі өлген соң
қаладағы жалғыз ұлға келген қарт бетіне қараған адамды «сәлемші» санайды, олардан елдің
салтымен амандасу күтеді. Шұбырған халықтан амандасушылар аз болғандықтан қарт
«адамы аз ел-ау» деп күрсінді. «Адамы аз ел?» - айып қой бұл сұрапыл, астана үшін
миллион адам тұратын.
Жалғызсырап отыр
Көңілі құр алаң
Біреу келер деп амандық сұраған.
«Адамы аз ел»?-рас шығар, [3,29]
Жаныңнан іздегенде табылмаса бір адам?!-деген сауал тастайды ақын. Ауылдың
қарты адамды, адамдық қасиетті олардың сәлемдесумен өлшейді. Сондықтан жосылып
жүрген қала адамының көпшілігін ол адам қатарына да қоспайды. Өлеңнің соңын автор
қарттың баласына қаратып айтады:
Сен-қалаға кірген жансың,
Кәрі әкең
Отыр, әне, әлі ете алмай тәуекел,
Ауылын ойлап қалалардың алдында,
Қақпалардың алдында... [3,31]
Ж.Нәжімеденовтың «Мұздыбай қарт» атты өлеңі де осы тақырыпқа арналған.
Өлеңде қалаға баласы көшіріп әкелген Мұздыбай шалдың тірлігі сөз болады. Ақын
жылқышы болған қарттың бұрынғы қайраты мен бейнесін бірнеше теңеулермен, соның
ішінде қара еменмен салыстыра береді. Ақын оны «Қара емен», қара-бурыл емен тұр қар-
қабақта қасқайып»-деп суреттейді. Ал кейіпкер Мұздыбай болса, «қаза көріп жақында
ортайғаны болмаса, қырау басқан емендей бурылдығы болмаса, кемпірінің барында
қайратты еді ол да аса». Бірақ «бітті бір айла, амал:
Емен қалды ауылда,
Құрық қалды пайдадан». Автор елдің ауызына: «ақ бауыр бұлты ауылдың жел
алдында далақтап
Шөкті кеп бір жыраға,-
Алатауда жыра көп,
Бір құласа бұлты да қайтып шықпас бір әдет,-
Тұз тағысы – қарт қыран тауық болды қонақтап – деген сөз салады[3,33]. Одан әрі
Мұздыбайдың қала тіршілігіне үйренгені сөз болады. «Мал айдау, ат жетектеу ескі мода,
ескі ұғым, жаңа мода мұндағы ит жетектеу кешқұрым». Қаладағы өмірі жайлы, тыныш
болғанымен қарттың «көңілі пәс». «Мұздыбайдың тірлігі-төрт қабырға, бір есік, бір есіктен
шығады қара итіне ілесіп». Осы жерде автор: «қыдыртады кімді кім:
Ит пе,
қарт па,
тұрмыс па
айта алмайсың ол жағын – ақыл сараң, тіл қысқа» - деген сұрағы бар, жауабы жоқ
жолдармен бітіреді. Ақын ауылда қурап жатқан кәрі емен мен қарттың арасын салыстыра
қарастырады. Тіпті осындағы ит пен оның иесі мәселесі де бір ерекше мұң, кереғар сезімдер
туғызатыны сөзсіз. Бұл да әлі де болса қала тіршілігінде үнемі сөз болатын тақырыптың бірі
сияқты. Ауылдан келген қазаққа, тіпті қазаққа қаланың тар үйінде ит асырау, итпен жүру
ерсі көрінсе, қазақ оны бір иесінің жалғыздығымен байланыстырса, қазір қазаққа да бұл
таңсық болмай тұр.
«Қала-ана, дала-әже» деп аталатын өлеңінде қала мен даланың екі түрлі тіршілігі
бейнесін береді. Далаға- «аңқау әрі самарқау» деген баға беріп, арғымақ, аспан, құс, ит, пеш,
шалап, шұлғау, кедей сияқты сөздерді қолдана баға береді. Тіпті далада-«қарғыс айтарда
55
ғана есіне түсетұғын құдай да»-деп дала адамының әсіре діншілдіктен еркіндігін де
білдіреді. Сосын «Бір қызыл күн, бір тамағың, бір құдай-Жалқаулыққа жайлы еді ғой,
шіркін-ай!» - деп дала елі адамының бір сипатын беріп кетеді. Қала тіршілігіне қатысты-
«машина, тормоз, күні-түні аттаныс, лек-лек адам, қорап-қорап автобус» сияқты сөздермен
анықтайды. Қала адамының мінезін сипаттау үшін: «күкірт-басты, ұшқын күткен жан бәрі,
дайын тұрған тұтанғалы, жанғалы
пешке қойған шырпы сынды бір қорап» [3,183] - деген психологиялық мінездеме
беріп кетеді. Сонда-ақ «көңіл жетпей, уақыт жетпей», «кіржің-кіржің, ыстық деммен
ысталған, бір-бір ғұмыр бір-бір күнге қысқарған қақтығысып подъездерге кіреді». Автор
қаланы «тәртібі қатал, ауық-ауық жонып қойып жағыңа, ...қала біздің қатал-ана» деп анаға
ұқсатып теңеу береді. Ал өлеңінің соңын «әдетіміз, аңсағанда кеңшілік жаутаңдайтын
Дала-Әжеге шағына»-деп бітіреді. Бұл ақынның қала мен дала адамының тіршілігін,
олардың әрбіреуінің ерекшелігі мен мән-мағынасын ашқан өлеңі еліміздегі халықтың сол
кездегі ауылдан қалаға көшу үдерісін, далалықтардың урбанизациялық өмір салтын, қала
психологиясын қабылдау, соған үйрену кезеңін жақсы суреттеген дей аламыз. Жалпы
Ж.Нәжімеденов ұлттық мінезді, қазақтың бітім-болмысын өте жақсы білетін ақын, оны біз
ақынның барлық өлеңінен байқаймыз. Ж.Нәжімеденовтің тағы бір өлеңі «алты қаз» деп
аталып, қазіргіше айтқанда экологиялық мәселеге арналады. Өлеңде әуелі бейжай жатқан
табиғат, ондағы құстар тірлігі көрсетіліп, артынан темір жол тартылғаннан кейінгі өзгеріске
ұшыраған тірлік баяндалады. Әуелі сол кездегі табиғат аясындағы ауылда қалыптасқан
тыныш өмір, адам мен құстың етене жақын, қауіпсіз тірлігі суреттеледі.
«Қаздары да аңқау еді бір түрлі.
Түсінбейтін сескенуді, үркуді» [3,29]. Құстарға қатысты «адал құс» деген ұғымның
өзін «Адал» деген сөзді біздер - еті емес, көңілі адал, деп түсіндік, жаны адал»-дейді ақын.
Темір жол салынып, оның бойында үйшік пайда болғаннан соң бұрынғы табиғат үндестігі,
табиғи тіршілік гармониясы өзгереді: « .. ойпаңда сулар сасып іркіліп, су бетінде көгілдір
май кілкіді»- деген жолдарда экологиялық жағдайдың алғашқы нышаны беріледі. Одан әрі
ақын табиғат гармониясының бұзылуының мынандай белгілерін тізеді: «ақ бұлақты ылай
жапты», «дарынды ел баспен емес, ойлап кетті қарынмен», «жас ботасын поезд басып
өлтіріп», «тұңғыш рет мылтық даусы естілді». Осындай мысалдармен келіп жатқан поездың
жақсылықпен қатар мызғыған бейбіт ауыл тіршілігіне әкелген зияны да тізіліп беріледі.
Одан әрі автор «Төлегені өлгенмен ұлы жырдың алты қазы қалғанды»-дей келе төртеуі атып
алынған алты қаздың екеуінің елден кеткенін айтады. Ауылға өркениет, поездар, телеграф,
газ, су келеді, бірақ адамдардың ниеті тарылды. Осы жағдайды ақын былайша өлең
жолдарымен береді: «Тиын деген – мүлік түсті бір түрлі, ....Ауыл еді жайрап жатар
жарықтық, есігіне құлып түсті бір күні», «сиыр сауған қырдың әйелдеріне цистерналап
сыра, квас саудырдық», «әжелер де мәз боп қалды, шілдеде ірімейді консервінің сүті деп».
Осымен малды ауылдың сол кездегі алыстағы қала тіршілігінің дәмін тата бастағаны
айтылып өтеді. Ауылға өркениет келуімен көп үйреншікті нәрсе, тұрмыс өзгерді. Ескіліктің
көзі жоғала бастады:
«Ескіліктен арба қалды бұ маңда,
қойдың өзі зорға қалды бұ маңда,
қашып кетті құстың дағы «адалы»,
байғыздар мен қарға қалды бұ маңда». Өлеңінің ақырын автор:
«Кел, кел, жүйрік самолеттер, поездар,
Кел, жылдамдық!
Тек...құсымды үркітпе[3,153] – деп бітіреді. Осы және тағы кейбір өлеңдерінен сонау
«зар заман» ақындары шығармаларына ұқсас сарындарды, өркениеттің әкелген
жетістіктеріне күмәнмен қарауды, жоғала бастаған тұрмысқа мұңмен қарауды, болашаққа
деген әлдебір сенімсіздікті байқаймыз.
Ж.Нәжімеденовтың шығармашылығындағы ерекше орны бар жанр-ол балладалар.
Ақынның балладалары белгілі бір кішкентай оқиғаға негізделіп, бірақ сол оқиғадан үлкен
56
ой немесе терең сезім, сондай-ақ эмоциялық көңіл туғызып отырады. Біз осы мақалада ақын
шығармаларының эмоциялық мазмұнына, оқушысы бойында туғызатын психологиялық
әсеріне тоқталсақ деймін. Себебі, «
Поэзиялық шығармаларға тән айрықша қасиет — өмір
құбылыстарын терең эмоциялық сезімталдықпен қабылдап, соған сәйкес әсерлі, тартымды
көркем бейнелеу. Алайда поэзияда адамның ой-сезімі әдейі сырттай көркемделмейді,
әдебиет пен өнердің басқа салаларындағы көркемдік, бейнелілік ойлау жүйесіне, сезім
дүниесіне тән. Ой-сезімнің бейнелілігі шығарманың көркем пішініндегі әр алуан
өзгешеліктердің тууына негіз болады»
[4]. Оның баллада шығармалары сондықтан
эстетиканың талабымен сезім тудырып, оқушының ерекше бір күйге енуімен ерекшеленеді
деп толық айта аламыз. Мысалы ақынның «Домбыра» деген балладалық шығармасы өте бір
өкініші, қайғы-мұңды сезім туғызатын шығарма екені даусыз. Қысқа сюжетте бұрышта
ілулі тұрған домбыраны алмақшы болған кейіпкерге қарт ана домбыраны алғызбай қояды.
Кейіпкер домбыраның мынандай ерекше белгісіне назар аударады:
«Бауына қара шашақ тағып біреу,
қойыпты құлағына қара байлап».
Одан әрі қарт ананың сөзін автор былай жеткізеді:
Шырағым, тимегенің оңды болар,
Жесір ғой, көрмеймісің,
көңлі қалар.
Отырса күйің тасып, –
деді кемпір, –
[5].
бұл үйде басқа да бір домбыра бар. Аңғалдық танытып, кейіпкер үй иесіне дөрекі
көрінген сұрақ қояды: «иесі қайда, – дедім, – бұл ағаштың».
– Иесі қайда деме, жоқ деме сен,
Маңдай ма ед табақтайың бет пе десем.
Иесіз домбыраны қашан көрдің,
басқаша айт, шырағым, өкпелесең.
[5].
Осылай ол бұл домбыраның соғыста өлген ұлының «аманат» домбырасы екенін
жылап отырып айтады. Домбыраның иесі жоқ дегенге шамданып қалғанын көреміз. Сол
ұлына «қара қағаз» келгенде, кейін келіні қайтқанда қара таққанын жеткізеді. Сонымен
бірге қайғылы кейіпкерге және немересіне меңзеп, жастарға, жас ұрпаққа сында айтып
өтеді. «– Жастарда бар ма қазір оңған қылық». Сосын немересінің әке домбырасымен ісі
жоқтығына реніш білдіріп: « Ісі жоқ немеремнің домбырамен, Ол, әне, трәктірін жатыр
майлап» - дейді. Өлеңнен соғыстан кейінгі ұрпақтың жаңа, өз тіршілігіне мойын бұрып,
соғыс қасіретін анасындай сезінбейтінін байқаймыз. Балладан түйгеніміз ана, соғыс
құрбаны жесірі өзінің қайғысымен, өзегін өртеген өкінішімен өмір сүруде, тіпті ерекше
психологиялық күй кешу үстінде екенін көреміз. Осы бір трагедиялық күйін өзі былай
суреттеп жеткізеді:
– Қу ағаш... соны қорғап күн өтеді,
ішегіне шанды ғана түнетемін.
Ұлымның үрейі ғой мына келген,
Әнеки, естисің бе, дың етеді?!
[5].
Осы бір үрейлі сәтті бейнелеу мақсатында ақын
«қу ағаш», оны «қорғау», «ұлымның үрейі» «дың ету» сияқты теңеулерді қолданады,
кейіпкерге қорқыныштылау бір күй туғызады. Оны кейіпкер өзі былай деп жеткізеді:
Әнші едім айтып қалған әр үйде өлең,
Үй болды мынау бірақ зар илеген.
Қарады домбыраға кемпір қатып,
еш дыбыс естімедім, әрине, мен.
[5].
Ақынның соғыс кезі жайлы жазылған тағы бір оқуға ауыр тиетін балладасы «Қара
кісі» деп аталады. Балладаның сюжеті қып-қысқа және қарапайым көрінеді. Соғыстың
кезіндегі қысқы ауылдың малына «қасқыры мен қарақшысы» бірдей түсіп жүрген кез.
Былай қарағанда қашанда болатын оқиға. Әрине, бұл сұрапыл соғыс кезінде соншама ауыр
57
тиетін жағдай, себебі әр үйдің өмірі сол малға қарап отырған заман еді. Сондай бір үйге ұры
түсіп әйел адамның жалғыз сиырын ұрлап кетеді. Осы бір оқиғаны автор оқушыны
тебірентіп, жанын қиналатын қылып жеткізеді. Оқиғаны баяндаудағы әсіре сезім туғызатын
сөз, теңеу «қара кісі», «қара» деген сөз болып табылады. Ақын оқиғаға байланысты бәрін
қара түсте суреттеп, «қара» концептісінің түрлерін тізеді: «қара пиғыл», «қара боран», «қара
кісі», «қара сиыр», «қара шүйке», «қара әйел», «қара ой», «қара түн», «қара адам», «қара
дауыл». Ақынның өзі осы қара түспен көмкерген жылдар жайлы былай деп ой түйеді:
Өтті жылдар қасіретті жеп оймен,
байғұстарды бейшаралар жебеумен.
Ақ жандарды жаралаған өтті жыл,
Өтті жылдар «қара кісі» көбейген.
Ал осындай өмір тауқыметін тартқан әйел жайлы, оның көзқарасын, түсінігін ақын
былайшы пайымдайды:
Қара адамды қара бұлттай түйдек бір
Қара дауыл ұмар-жұмар сүйретті…
Әйелді өмір: қарау пиғыл кісіні
«Қара кісі» деп тануға үйретті.
[5].
Ақын осы балладасында қазақ дүниетанымына кең тараған «ақ» пен «қара»
концептілерін тек қараны қолдану арқылы сол ауыр кездің бүкіл түр сипатын,
қорқынышын, үрейін, азапты тіршілігін беріп кетеді. Баллада қолданған «қара кісі»
бейнесіне келетін болсақ, ол әлі де халық менталитетінің бір түкпірінде архетиптік
жағымсыз бейне ретінде сақталғаны сөзсіз. Себебі, әлі күнге қорқыныш шақыру үшін
балалар фольклорында «қара кісі» теңеуі қолданылады. «Қара» концептісі қазақ тілінде әр
түрлі контексте жақсы және жаман мағынасында қолданылатын сөз екені белгілі. Бірақ бұл
өлеңде ол тек қана жамандық, азап, қорқыныш символында қолданыс тапқан дей аламыз.
Сондай-ақ, «ашты есікті бір жезтырнақ қол тырнап» деген жолдар да өлеңдегі қорқыныш
атмосферасын қоюлата түседі. Ал әлемдік әдебиеттегі көркемдік параллель ретінде атақты
орыс ақыны Сергей Есениннің «черный человек» поэмасы еске түседі.
Ақынның ерекше бір сезім туғызатын, қазақ қоғамына тән болып жүрген күрделі
әлеуметтік мәселені көтеріп тұрған балладасы
«Кішкене баллада » деп аталады. Балладаның
сюжеті қайтыс болған ақынның жаназасы үсінде болған оқиға. Өлеңде қаралы жағдай,
жылап, жоқтап отырған жары мен жиналған халық бейнесі берілдеді. Қаралы митингте
қоштасу сөз сөйлеу басталады. Шешенде шығып сөйлеп өлген кісіні ерекше мақтай
бастайды. Ондай мақтау, мадақтауға шыдай алмаған өлген кісі тіріліп кетіп, оларға сөз
айтады.
Неге айтпадың, ағайын-ау, сөзді бұл,
Кетпей тұрған кездерімде көз нұрым.
Тірлігімде сөйлегенде осылай
Мұнша асығыс өлмес ем ғой, досым-ай.
Өздеріңе қиғаныммен өлеңді,
табытыңа қия алмаймын денемді –
Қалғым келед енді мәңгі тік тұрып,
ақындардың өлмейтінін ұқтырып», –
Деді де, ол тас мүсінге айналды,
[5].
Ақын осылайша қазақ қоғамында әлдебір жағымсыз қылыққа айналған
құбылыстарды сынайды. Ол біріншіден, қазақ қоғамында бұрын болмаған және мұсылман
қауымына жат әдет-өлген кісінің жаназасын митингке айналдырып, сөз сөйлеу болса,
екінші одан өткен қылық- сол сөйлеушілердің марқұмды шектен тыс мақтауы, тірі кезінде
оған айтпаған мадақтауларды арнауы. Ж. Нәжімеденов «осы қылық дұрыс емес, адамды тірі
жүргенде сыйлайық» - деген сияқты ақыл, мораль тұжырым жасамайды. Оның орнына
58
күтпеген әдеби тәсіл қолданып, өлген ақынды тірілтеді, оған күйінішті сөз айтқызады, әрі
тас мүсінге айналдырады. Ақын тірлігінде осы сөздерді естігенде өлмес едім деген-
қынжылыс білдіреді.
Жанарында жібімеген ой қалды;
Ортасында қасірет пен бақыттың
Ол – өзіне ескерткіш боп қатып тұр. Оқырман қауым бұл өлеңнен өзінше тұжырым
жасаған жөн сияқты. Сондағы бірінші туатын ой-пікіріміз, тірі кезінде адамды (бұл жерде
ақынды) мақтауға, бетіне жақсы сөздер айтуға кедергі нәрсе адамның көре алмаушылығы
мен қызғанышы шығар деген ой болады. Балладаның соңында Ж.Нәжімеденов тірілердің
тас мүсінді табытқа сала алмай жатқандарын айтады.
Ал біреулер тас-мүсінді сол тұрған
бүріп алып жағасынан, алқымнан,
Әр түн сайын қараң-құраң – дүрбелең
Сол өлікті, қайтадан
табытына түсіре алмай жүр білем...
[5].
Шамасы қызғаныш сезімі тас мүсіннің –ақын өзіне жасаған ескерткіштің тұрғанын
да көре алмай жатқан шығар деген ой келеді. Өлең сонау 1962 жылы жазылса да өзінің
мәнін, өзектілігін әлі күнге жойған жоқ деуге болады. Себебі, қазірде, ХХ ғасырда осы бір
жағымсыз қасиетіміз, орынсыз мақтау, тіріде емес, кісі о дүниелік болғанда оны мадақтап
жарыса сөз сөйлеу әлдебір қоғамдық дертке, әлеуметтік-мәдени, сосын моральдық мәселеге
айналғандай. Сонау өткен ғасырда жазылса да ақынның шағын балладасының мәні, өшпес
құндылығы осында деп ойлаймын. Жалпы ақын өлеңдерінен көрініс тапқан ұлт
тағдырының келеңсіз көріністері, трагедиясы әлі де өзінің көкейтестілігін жойған жоқ, ақын
шығармашылығының азаматтық, ойшылдық әсері, тереңдігі де осында болса керек.
Жұмекен Нәжімеденов сонау өткен ғасырда-ақ сол кездегі өз ойын ашық айтуға,
қоғамдағы өзгерістерді сынауға тиым салынғанына қарамастан, тозып бара жатқан елдің
жағдайын, табиғатқа жасалып жатқан қиянатты, дәстүрлі тұрмыстың, сал-дәстүрдің ұмтыла
бастағанын өлеңдерінде сынап жазады. Жоғарыдағы өлеңдерінде көрсетілгендей ата-
бабадан келе жатқан жанұялық құндылықтардың бұзылып, ұлт болмысының өзгере
бастағанын, адамның ниеті бұзылып, тарылғанын ашық айтпаса да ұлт болашағына қауіп
екенін көрсетіп тұр дей аламыз. Осылайша ақын өз өлеңдерінде ұлт әлемінің тілдік бейнесін
өзінше ұғып, жүрегінен өткізіп, поэзия тілімен сипаттап берді.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.Момынова Б.Шәкәрім поэзиясының тілі (лексика-функционалды ракурс). –
Алматы: «Арыс» баспасы, 2008. – 256 б.
2. Шәріп А. Құт, сүр, және немесе ұлттық жантанудың қамтылмаған қырлары //
Айқын, 2007. 26.07. – 25 б.
3.Жұмекен Нәжімеденов. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2002. – 232 4.Электрондық
ресурс. https://kk.wikipedia.org/wik/Поэзия.2016 ж. 21.01.5.Нәжімеденов Ж. Үш томдық
шығармалар жинағы. А., «Жазушы», 1996–1997ж.ж
|