XX ғ. басындағы қазақ педагогикалық-психологиялық ой-пікірлердің қалыптасу жағдайлары
Жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі қазақ қоғамындағы экономикалық-әлеуметтік жағдайлар үнемі көшіп-қонып жүрген қыр халқының қоғамдық санасына, оның рухани өміріне де елеулі әсер еткені жайлы аз жазылып жүрген жоқ. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында қазақ даласына келген осындай жаңалықтар жаңа тұрпаттағы мектеп құру ісіне, халық ағарту ісін жаңа бетбұрысқа түсіруге тәлім-тәрбие, педагогикалық, психологиялық ой-пікірлердің дамуына айтарлықтай ықпал етті.
Сөз болып отырған кезеңде қазақтың ұлттық тәлім-тәрбиесінің сан қырлы мәселелері бойынша қалам тартып, ой бөлушілердің қатары молайып еді. Бұлардың арасында Ш. Құдайбердіұлы, С. Торайғырұлы және т.б бар. Мәселен, С. Көпеевтің күні бүгінге дейін жарияланбаған қолжазбаларының бірінде педагогика мен психологияның ғылыми мәселелеріне байланысты құнды пікірлер кездеседі. Ол сезім мүшесінің қызметі, жүрек пен жанның, жан мен мидың байланысы, ойлау, қиял қуаттары, түс көру себептері, бала мен ата-ананың өзара қарым-қатынасы, қыз баланы оқуға тарту жайында қызығылықты да салиқалы пікірлер айтады.
С. Көпеев адамның ерік-жігер, қажыр-қайраты туралы айта келіп, «еркі күшті адам алдына қойған мақсатты жолында ештеңеден қайтпай, талабынан бас тартпай, келешектен ешбір үміт үзбей, ұсақ-түйекпен айналыспай әрекет етеді» дейді. «Жігері мен қадір-қайраты мол адам еш уақытта үйде отырып, тыныш өмір сүре алмайды. Оның бүкіл тыныс-тіршілігі ылғи да талас-тартыс пен күреске толы. Өйткені, оның бар арманы мақсатқа жету жолына бағышталады». С.Көпеевтің адамның мінезі мен психологиясы туралы бұдан басқа да айтқан ғылыми түйіндері баршылық.
Қазақ Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы педагогикалық-психологиялық ой-пікірлерінің қалыптасып, дамуы жайлы сөз қозғағанда «Әліппе» (1924-жыл) авторы А. Байтұрсынұлын ерекше ілтипатпен қазақтың ғылыми тәлім-тәрбиелік жүйесінің көш басшысы ретінде еске аламыз. Ғалымның қазақ «Әліппесін» жасауы, араб жазуының реформасы, қазақ тіл білімі мен сөз өнерінің негізгі терминдерін түзеп, халқымыздың ойлау мүмкіндігімен сабақтастыра, олардың әрқайсысына таңба беріп, грамматикалық категорияларының жүйесін жасағаны, әсіресе, дыбыс жүйесін, сөз жүйесін, сөйлем жүйесін жасағандығы, ұлттық тәлім-тәрбие ғылымына қосылған баға жетпес үлес екендігі даусыз.
Қазақтың аса көрнекті жазушысы, публицист, журналист, ақын, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының (1885 – 1935) күрескерлік жолы оның 1906-жылы Санкт-Петербургте «Серке» атты газеттің шығуына ат салысуынан басталады.
1922 – 1926-жылдары Орынборда мұғалім болып жүріп, мектеп оқушыларына арнап «Қирағат», кейіннен Қызылорда да «Есеп құралы» дейтін кітаптарды баспадан шығарады. Осы еңбектерінде тәлім-тәрбиелік, дидактикалық әңгімелер, яғни, балаларды ізгілікке, қайырымдылыққа, имандылыққа баулитын ертегілер мен аңыздарды көптеп жариялайды. Оның көшпелі қазақ елінің әдеп-ғұрпы, салт-дәстүрі, жол-жоралғысы, тәлім-тәрбиесі мен үлгі-өнегесі жайлы айтқандары: «балқыған жас баланың ойына, қанына, сүйегіне ұлт рухы сіңісіп, оның үйреніп, керекті мағлұмат алып шығады» дегендері қазір де аса зор маңызға ие /1/.
1923 жылы сол кездегі Қазақ республикасының астанасы Орынборда Халық ағарту институтының ректоры В.Я.Струминский (1880 – 1967) жаңа талабына орай тұңғыш рет «Психология» кітабын шығарады. Бұл кітап сол кездегі Санкт-Петербург пен Мәскеудегі ғылыми зиялыларды дүр сілкіндірген оқиға болды. Өйткені, Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында «Психология» ендігі жерде қандай болуы керек, және оны марксизмге негіздеп қалай жаңғырту керек деген мәселе сол кездегі ғалымдардың алдында тұрған нөмірі бірінші мәселе еді.
В.Я.Струминский сол кезде жаңа құрыла бастаған мектептер үшін «Мұғалімнің қолына түспейтін кітап» (1923) атты еңбек жазды. Соңғысы қазақ мектебінің жаңа бағытта қаз-қаз басуына методикалық жағынан едәуір себебін тигізді.
Туған халқы мен алпыс жылдан кейін қайта көрісіп, табысқан біртуар қазақ зиялыларының ішінде тәлім-тәрбие, оқу-ағарту мәселелері саласында сындарлы, терең мағыналы ғылыми еңбектерді өндіре жазған адамның бірі – Жүсіпбек Аймауытұлы. Бас аяғы бес- алты жылдың ішінде оның осы салада алты кітап жазуы – бұл айтқанымыздың жақсы айғағы. 1924 жылы мектеп мұғалімдері мен педагогикалық оқу орындарында оқитындарға арнап «Тәрбиеге жетекші» (Орынбор, Госиздат, 186-бет), 1926-жылы екі кітап, бірі – «Психология» (Қызылорда –Ташкент), екіншісі «Жан жүйесі және өнер тандау» (М.Центриздат, 81-бет), 1929-жылы «Комплекспен оқыту жолдары» (Қызылорда, Қазгосиздат, 129-бет), мектеп оқушыларына арналған «Жаңа ауыл» (бастауыш класқа арналған оқу кітабы, Алматы, 1929-1930ж.ж) «Сауатсыздықты қалай жою керек?» т.б жариялады /2/.
Мәселен, оның «Тәрбиеге жетекшісінде» дидактика мен педагогиканың психологиялық ғылыми астарлары, ұлт тіліндегі тәлім-тәрбиелік терминдер жүйесі сөз болды. Еңбек төрт бөлімнен, 29 параграфтан тұрады. Осы кітаптың «Дидактика» бөлімінде оның психологиялық негіздері (ынталы оқыту, үйрету әдістері, машықтану жолдары, оқытудағы көрнекілік, оқыту түрлері, т.б).
Жиырмасыншы жылдардағы қазақ мектептерінің өмірінен алынған нақтылы мысалдар терең талданбады. Еңбектің төртінші бөлімінде де педагогикалық психологияның кейбір мәселелері сөз болды. Олар: ұстаз бен шәкірт ынтымақтарының басты белгілері, қазақ мектебінің өзіндік ерекшеліктері мұндағы еңбек тәрбиесі, т.б.
Әрине, кітаптың құрылымы жағынан жекелеген олқылықтары да жоқ емес.
Ж.Аймауытұлының психологиялық мұрасы туралы айтқанда, оның «Психология» атты төл оқу құралы толық жалпы психологияның мәселелерін қарастырылған.
Психология, - деп жазды автор осы кітаптың «Беташарында»: «терең ой, терең білім, терең пәлсапаға соғатын пән, өзге білімдер затшылдыққа табанын тіресе де, психология әлі тіреп, яғни нық басқан жоқ. Қарапайым адамға жұмбақ сияқты көрінетін талай нәрселер психологияда қаралады. Себептері, сырлары айқындалады, бұлардан хабары болу, ақыл-ойына ерік беру кімге де болса керек-ті. Бұл кітапты алдымен бала оқушыларға ұсынамыз. Қала берсе, кімде-кім әлеуметпен, қоғаммен қатынасып, қызмет ететін болса, оның бәріне де психология пайдалы кітап деп ойлаймыз, хат танитын жәй қазақ, арындамай оқи алса, едәуір білім алар деп сенеміз». Оқырманына осылай ой сала келіп, Ж.Аймауытұлы: «Психология нені сөйлейді?» дейтін бірінші тарауда осы ғылымның екі жарым мың жылдық тарихынан біраз мағлұмат береді /3/.
Жүсiпбек Аймауытұлының еңбектерiндегi барлық тұлғалар өзiнiң әлеуметтiк ортасымен және уақытымен тiкелей байланысты. Бейнеленген адамдарды сол дәуiрдiң қоғамдық саяси өмiрiнен, әдет-ғұрпы мен табиғатынан бөлiп қарауға болмайтыны автор еңбектерiнiң негiзгi қағидасы болып табылады. Автордың көркемдiк қлемiнде әлеуметтiк-сославиелiк ортаның ықпалы абсолюттiк дәрежеде болғанмен кейбiр оқиғаларда кейiпкерлердiң iс-әрекетiне тiкелей үстемдiк ететiнiн байқауға болады. тағдырлары мен iс-әрекеттерi қлеуметтiк жағдай мен қоғамдық ортаға тiкелей байланысты екiншi қатардағы кейiпкерлердi айтпағанның өзiнде басты кейiпкерлердiң жүрiс- тұрысы көп ретте сыртқы ортаның, жағдайдың қысымынан туындап жатады.
Кейiпкердiң тек жүрiс-тұрысы мен iс-әрекетi ғана емес, олардың көзқарастары, ұғымдары, ойлау үлгiлерi де сыртқы ортаның әсерiнен бола алады. Бұл арада сыртқы орта белгiлi бiр жағдайлардың тоғысуы ғана емес, негiзiнде материалдық, сославиелiк мүдделер жатқан қатынастардың күрделi жүйесiнiңде қызметiн атқарады.
Алайда, Жүсiпбек Аймауытұлының еңбектерiндегi тұлға концепциясын көтерiп тұрған негiзгi кейiпкерлер-әлеуметтiк сценарийден шықпайтын, сыртқы ортаның “өкiлi” ғана емес, олар қоғамның, жағдайдың үкiмiне, қысымына қарсылық бiлдiредi. Өзiнiң әлеуметтiк жағдайына қарамастан, өз бақытына ұмтылу, бостандық және тұлға мәселелерiмен тiкелей байланысты.
Жүсiпбек Аймауытұлының кейiпкерлерiнiң әлеуметтiк тәуелдiлiгi жеке адам бойындағы ортаның әсерiнсiз бола беретiн шабыт, құштарлық секiлдi табиғи психологиялық қасиеттермен үйлесiп отырады.
Тұлға концепциясымен оның автор еңбектерiндегi көркемдiк кейпiнiң ерекшелiктерiн кейiпкер проблемасымен араластырмай отырып (себебi тұлға концепциясы кейiпкер проблемасынан әлдеқайда кең ұғым) Қартқожа, Ақбiлек бейнелерi арқылы адам бойындағы әлеуметтiк сипаттан (социальная детерминированность) асып түсе алатын күштi көрсеткенiн атап өткенiмiз жөн.
Мұндағы кейiпкерлер тек әлеуметтiк ортаның заңдарымен ғана өмiр сүретiн адамдар емес, олар өз бойларынан жағдайдың, ортаның ықпалына қарсы тұра алатын қайрат тапқан, сол арқылы адам мүмкiншiлiгiнiң шексiздiгiне сенiмдi бiлдiрiп қана қоймайды. Адамның абырой, намыс, жан ашу, жауапкершiлiк т.б. психологиялық қасиеттердi сақтай отырып, кез-келген жағдайда жол таба алатынына сенiмдi бiлдiредi.
Автордың кейiпкер таңдау принциптерiнен де гуманизм белгiлерiн байқау қиын емес. Қоғам мен әлеуметтiк ортаның, жағдай үстемдiгiнiң бiрiншi екенiн мойындай отырып, автор көркем сөз арқылы мәселенiң екiншi жағы адамның өз тағдырын өзгерте алатын мүмкiндiгiн дәлелдейдi. Жүсiпбек Аймауытұлы қоршаған ортаны бiр деңгейден өзгермейтiн әлде бiр оқшау жағдай деп қабылдайтын ұғымдарға қарсы шыққан алғашқы қазақ қаламгерлерiнiң бiрi болып саналады.
Біздегі ұлттық психологияның терминдерінің алғаш жүйеге түсуі де Ж.Аймауытұлы есімімен байланысты. Қай кезде де термин сөздерге ауыр жүк жүктелген, олардың жекелеген ғылымның өзіндік ерекшелігін бажайлап көрсете алуы абзал. Ғылыми ұғымдардың ана тілімізде дұрыс түйінделуі аса мұқтияттылықты қажет етеді, сондықтан да біз әрбір терминнің тұрақты орын алуына, біртіндеп ширай түсуіне қамқор болғанымыз жөн. Осы айтылғандарға 20-шы жылдардың өзінде-ақ Ж.Аймауытовтың ерекше назар аударғаны құптарлық жәйт.
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында өзінің тәлім-тәрбиелік ойларымен қазақ әйелдерінің арасынан тұңғыш әлеумет өмірінде көрінген кісілердің бірі – Нәзипа Құлжанова болды.
Н. Құлжанованың ұстаздық, тәлімгерлік тұлғасын таныта түсетін екі еңбегі бар. Оның бірі 1923-жылы Орынборда шыққан «Мектептен бұрынғы тәрбие», екіншісі «Ана мен бала тәрбиесі».
Қазақ қоғамы жағдайында жас ұрпақты тәрбиелеудің ғылыми астарлары әлі де болса айқындала қоймаған кезде Н. Құлжанованың осынау тың жатқан істі өзіне зор міндет етіп көтеруі – оның бала тәрбиесінің сан-саналы шараларын көрсете алатын біліктілігінде еді. Айтылған еңбегінде автор мектепке дейінгі балалар мекемелерінің тарихын, олардың отандық және шетелдік үлгілерін сөз етуімен бірге қоғамдық ортадан тәрбие алатын жас ерекшеліктеріне қарай, оның қоршаған ортасының ықпал-әсерінен туындайтын психология-лық өзгерістерді кеңінен баяндайды.
Н.Құлжанованың еңбектерінде қазан төңкерісінің қарсаңындағы көшпелі қазақ елінің тұрмысы, сол уақыттағы ауыл мен қала өмірінің шындығынан алынған нақты көріністер айқын байқалады /4/.
М. Жұмабаевтың 1917–1920-жылдар аралығында өмірі мен шығармашылығы әлі де қосымша зерттеуді талап етеді. «Бостандық туы» газеті Омбыда шығып тұрғанда, ал 1921-жылы осы облыстық газет Петропавлға көшкенде оның жауапты редакторы болып істеген. 1920–1927-жылдары М. Жұмабаевтың шығармашылығы ең шырқау биігіне жетеді. 1922-жылы Қазанда, 1923-жылы Тәшкенде ақынның өлеңдер жинағы жарық көрді. Ақын үсті-үстіне өлең, поэмалар, әңгіме, очерк, мектеп балалары үшін арнайы шығарма жазуға қатысты. Мағжанның алып тұлғасын танытқан ең шоқтығы биік шығармасы – «Батыр Баян». Бұнда көркем психологизмнің, алуан түрлері түзілген. Адам мінезі, әрекеттері, ішкі жан дүниесі, сөзі, адамдардың өз әрекеттерінің жүректе, жан әлемінде әлдебір өзгеріс, сілкініс туғызуы – осы формалардың бәрі-бәрі ұласып, жалғасып отырады. Психологиялық талдау, ішкі монолог, жан әлеміндегі арпалыс, тебіреніс, кейіпкер ойының қырлары, бір ойдың екінші бір ойды теріске шығаруы, ішкі адамның бір мәмлеге келе алмай жанталасуы, соның нәтижесінде адамдардың соңғы шешімге, әрекетке бой ұруы яғни диалектикасы дейтініміз міне бұл кең өріс алады.
Эпикалық поэма оқиға қызығына құрылатын жанр. Ол адамдардың ішкі әлеміндегі құбылыстарды тікелей бейнелеуді мақсат етпейді. Кейіпкер психологиясын, мінезін, біз оның ісіне, әрекетіне қарай бағалаймыз. Бар іші сыртқа теуіп тұрады. Оқиға жетегінде жүріп әсерленеді. Жалпы көркем әдебиет – роман, әңгіме, өлеңдердің барлығы адам сезімі, өмірі, ой-санасы, мінез-құлқын т.б қамтиды.
Мағжан шығармалары көркемдігі жан-дүние, сезім, жігер, қайрат, ерік, күш-қуат тағы сол сияқты құбылыстарды зерттеудің нәтижесінде биікке қол жеткізген. Осының ішінде адамгершілік, ар-намыс, көркемдік сөздері оның өлеңдерінде асқан шеберлікпен берілгендіктен адамдардың жүрек қылдарын дөп басып, дәл әсер береді.
Қазақстандағы ұлттық психология ғылымының негізін салушылардың еңбектері бүгінгі таңда терең зерттеуді қажет етеді. М. Жұмабаевтың мұраларын зерттеу жұмыстарының көбейіп келе жатқанын байқауға болады. Ғалым-зерттеуші А.Т.Ақажанованың М.Жұмабаевтың еңбектеріндегі сәби тәрбиесі, психикалық даму және жалпы психология мәселелері туралы көзқарастарын қарастырып, ғылыми мақалалар жазған. Автор өз мақаласында жалпы психология ғылымындағы дағдарыстың Қазақстан психологиясына тигізген әсері және репрессия құрбандарының осы саладағы еңбектерін зерттеуге жаңаша ғылыми тұрғыдан келу өзектілігін көрсетеді /5/.
Достарыңызбен бөлісу: |