Математиканы оқытудың мақсаттары


V-XI сыныптарға арналған математика бағдарламалары (шолу)



бет5/9
Дата25.03.2022
өлшемі37.04 Kb.
#456470
1   2   3   4   5   6   7   8   9
2 лекция

1. V-XI сыныптарға арналған математика бағдарламалары (шолу)
Оқу бағдарламасы – әрбір пән бойынша меңгеруге тиісті білімнің, іскерліктер мен дағдылардың мазмұны мен көлемі, сондай-ақ оларды оқыту жолдары бойынша тараулар мен тақырыптардың мазмұнын үйлестіретін мемлекеттік документ.
Жалпы білім беретін мектептерге арналған математика бағдарламасы мына принциптер бойынша жасалады:
1) мазмұнының ғылымилығы (қазіргі ғылым дамуына қайшылықсыздығы) және оның методологиялық бағыттылығы;
2) ғылыми логикамен оқушылардың даму дәрежесіне сәйкес баяндалу жүйелілігі;
3) өмірмен қазіргі заман талабына сәйкестілігі, ғылым мен практиканың бірлігі;
4) математиканы оқытудың басқа пәндермен байланысын қамтамасыз ету.
Орта мектеп математикасының оқу бағдарламасы “оқушылардың математикалық даярлығына қойылатын талаптар”, “оқыту мазмұны”, “оқу материалын тақырыптық жоспарлау” атты тарауларды қамтиды.
Оқушылардың математикалық даярлығы олар игеруге міндетті іскерлік пен дағдылардың көлемімен анықталады. Осыған сәйкес, математиканың жеке тарауларын оқытудың арнайы әдістемесі белгіленеді.
Оқыту мазмұнында мектепте оқытылуға міндетті материалдың көлемі мен тізімі беріледі.
Оқу материалын тақырыптық жоспарлау курстағы материалды оқып үйрену ретін, тақырыптардың кластарға бөлінуі және оларға бөлінетін сағаттардың мөлшерін көрсетеді.
Онда мектепте пәндердің ғылыми негіздері V сыныптан бастап оқытылатыны мәлім. Осыған сәйкес математиканың ғылыми негіздерін оқыту V сыныптан басталып, әр түрлі кезеңдерге бөлінеді. Олар V-VI сыныптарда математика пәні, VII-IX сыныптарда алгебра және геометрия, ал X-XI сыныптарда алгебра және анализ бастамалары мен геометрия.
V-VI сыныптардағы математика курсының мақсаты – сан ұғымын жүйелі дамыту, сандарға арифметикалық амалдарды ауызша және жазбаша орындау іскерліктерін шыңдау, практикалық есептерді математика тіліне аудару және оқушыларды алгебра мен геометрияның жүйелі курсын оқып-үйренуге даярлау.
Осы сыныптарға арналған математика курсы индуктивтік негізде құрылады, сонымен қатар талдаудың дедуктивтік элементтері де пайдаланылады. Теориялық материал көрнекі-интуициялық деңгейде баяндалады, математикалық әдістер мен заңдар ереже түрінде тұжырымдалады.
VII-IX сыныптардағы алгебра курсында оқытудың теориялық деңгейі жоғарылап, теориялық жалпылаулар мен дедуктивтік қорытындылаудың ролі күшейе түседі.
Ал геометрияда логикалық дәйектілік пен көрнекілік одан әрі үйлесе түседі. Оқытылатын теориялық материалдың практикалық мәні ұлғаяды. Курстың ішкі логикалық байланысы кеңейіп, дедукцияның ролі жоғарылайды. Мұның өзі оқушылардың теоремалардыоқып үйренгенде және есеп шығарғанда аналитикалық-синтетикалық тәсілдерді игеруіне жол ашады.
Бұл сыныптардағы алгебра және геометрия курстарының көрнекілік бағыты математиканың барлық сатыларында практикалық есептерге қолданумен, суреттер мен сызбалар пайдаланумен, осының нәтижесінде геометриялық интуицияларды дамытумен ерекшеленеді.
“X-XI сыныптардағы алгебра және анализ бастамалары” курсы негізінен анализ бастамаларына қатысты ұғымдардың, тұжырымдардың және әдістердің мазмұнын анықтайды, олардың практикалық мәнін атап көрсетеді.
Математиканы оқыту әдістерінің қарапайым бастамалары өте ерте заманда алғашқы мектептердің пайда болу кезінен басталғанмен, математика педагогикасы дербес ғылым ретінде тек ХХ ғасыр қарсаңында қалыптасады.
Халықаралық мектептік білім берудің ХІХ-ХХ ғасырлардағы дамуын үш кезеңге бөлуге болады:
1. Еуропада, АҚШ-та және Жапонияда ХІХ ғасырда қалыптасқан дәстүрлі мектептік білім беру жүйесі.
2. ХІХ және ХХ ғасырлардың шекарасында пайда болған математиканы оқыту жайлы халықаралық реформалық қозғалыс.
3. Математиканы оқытуды қайта құру қозғалысының қазіргі кезеңі білім беру жөнінде халықаралық реформа қазір де жүріп жатыр. 1968 жылы бұрынғы КСРО-да математикадан жаңа мектеп бағдарламасы қабылданды. Бұл реформаның басты ерекшеліктері:
а) мектепте өтілетін математикалық барлық курсты (бастауыш сыныптарды қоса) түбегейлі түрде өзгерту;
ә) төменгі сыныптарға алгебра элементтерін енгізу;
б) төменгі сыныптарда оқу мерзімін төрт жылдан үш жылға қысқарту;
в) IV-V сыныптарда арифметика мен алгебра бастамаларымен қатар қысқа геометриялық алдын ала дайындық курсын өту;
г) геометрияның жүйелі курсының аксиоматикалық негізін күшейту;
д) геометриялық түрлендірулерді көбірек пайдалану;
е) геометрия курсына векторларды енгізу (7-сыныптан бастап) және бұл аппаратты геометрияның жүйелі курстарында кеңінен қолдану;
ж) жазықтықтағы және кеңістіктегі аналитикалық геометрия элементтерін енгізу;
з) жиын ұғымы және жиындарға амалдар қолдану элементтерін енгізу;
и) дифференциалдық есептеу элементтерін енгізу.
1. Бұлардан басқа VII-IX сыныптарда оқушылардың қалауы бойынша математикадан факультативтік курс өткізу көзделеді.
Жаңа бағдарламаны іске асыру оқыту әдістерін де өзгертуді қажет етеді, әсіресе оқушылардың оқу, үйрену барысында өзіндік белсенділігін барынша арттыру, оларды ғылыми зерттеу дағдыларын тәрбиелеу мәселелеріне көп көңіл бөлуге тура келеді.
Математика бойынша жаңа бағдарламаға көшу 1974-1975 оқу жылында толық аяқталды. Қазір егеменді Республикамызда бағдарламалар мен оқулықтар қайта қаралып кемелдендіру үстінде. Бұл өзгерістер үздіксіз жүре беретін табиғи үрдіс болып табылады.
Математикалық білім стандарты оқушылардың міндетті математикалық даярлығын қамтамасыз ететін міндетті білім мазмұнын анықтап және оқушылардың математикалық дайындықтарына қойылатын қажетті минималдық деңгейді көрсететін нақты құжат.
Математикалық білім стандарты тек қана міндетті минималдық деңгейді ғана қамтамасыз етеді.
Математикалық білім стандартының құрылымы оқытудың үш сатысын қамтиды: бастауыш мектеп (1-4 сыныптар), негізгі мектеп (5-9 сыныптар), орта мектеп (10-11 сыныптар).
Математикалық білім стандартының мазмұны үш бөлімнен тұрады:
І бөлім – “Жалпы сипаттама” математикалық білім берудің жалпы жағдайы ретінде математиканы оқытудың мақсаты мен міндеттерін, математикадан білім берудің жалпы ерекшеліктері мен оның мазмұндық желілерін анықтайды;
ІІ бөлім – “Міндетті білім мазмұны” математикалық білім беру мазмұнының міндетті мәселелерін оқытудың сатыларына сәйкес анықталады;
ІІІ бөлім – “Оқушылардың математикалық даярлығына қойылатын талаптар және оның өлшеуіштері” оқушылардың математикалық даярлығына қойылатын талаптарды анықтайды. Оқушылардың математикалық даярлығына қойылатын талаптар тек міндетті білім деңгейі көлемінде анықталған. Міндетті математикалық білім деңгейінің көлемі оқушыларға ең қажетті оқу материалдарын белгілейді, яғни білім, білік және дағдылардың шектеулі нұсқауларын игеруді көздейді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет