Жаман жолдас
Екі дос ағаштың арасымен келе жатып, бір аюға кездесті. Олардың біреуі әлсіз, ауру екен. Аюды көрген кезде сауы ауру жолдасын тастап, жүгіріп барып, бір ағаштың басына шығып кетеді. Ауру, әлсіз досының ағашқа шығуға дәрмені болмайды. Ол жерде етпетінен түсіп, өлген кісідей демалмастан жата қалады. Өйткені аю өлген кісіге тимейді екен. Аю жатқан адамның қасына келіп, иіскелеп, дыбысы білінбеген соң жөніне кетеді.
Аю кеткен соң ағаштың басындағы жолдасы жерге түсіп, ауру досынан:
Аю сенің құлағыңа не деп сыбырлап кетті? – депті.
«Басыңа қиыншылық түскенде, сені жалғыз тастап кеткен жолдасың жаман екен деді»,- деп досы жауап беріпті.
Ы. Алтынсарин
Жоспары:
Екі достың аюмен кездесуі
Сау баланың әрекеті
Ауру баланың айласы
Досына берген жауабы
Гауһар
Гауһар шанасын сүйретіп, сыртқа шықты. Аспан ап-ашық. Ауада шым-шым аяз бар. Батуға айналған күн қызарып көрінді. Гауһардың екі беті қып-қызыл. Жағасы қырау-қырау. Қас қарайды. Аспаннан жұлдыздар көріне бастады. Гауһар үйге кірді. Әжесі немересін бауырына басып, басынан сипады. Гауһар әжесіне риза болып жатып, әп-сәтте ұйықтап кетті.
С. Сарғасқаев
Сұрақтар:
Гауһар қайда шықты?
Қысқы дала қалай суреттеліп жазылған?
Гауһар үйге қай уақытта кірді?
Әжесі немересін қалай қарсы алды?
Бірлік
Данияр мектептен келсе, үйдің алды омбы қар боп қалыпты. Ол тамағын ішіп, аздап демалды. Киініп аулаға шықты. Қорадан қол шанасын алып, оған талдан тоқыған қорапты тоқып бекітті. Қолына күрек алды. Ауланың қарын тазартуға кірісті. Қорапқа қар толтырып, оны шанамен алысқа апарып төкті. Бірақ қар таусылар емес.
Осы кезде Даниярға көмекке көрші үйдегі досы Нариман келді. Нариман да қол шанасын сүйреп шығыпты. Екеуі екі шанамен қарды тез тасып бітірді. Осыдан кейін Нариманның үйінің алдына барды. Бұлардың жанына көмекке Берік пен Серік келді. Төртеуі ойнап күліп жүріп, қызу еңбекке кірісті. Олардың бұл еңбектеріне үлкендер сүйсіне, қызыға қарады.
Осылайша төрт дос күш қосып, төрт үйдің алдын лезде-ақ қардан тазартып шықты. Мұның аты – бірлік еді.
Е. Өтетілеуұлы
Сұрақтар:
Данияр мектептен келсе, үйдің алды не боп қалыпты?
ол ауланы тазалау үшін не істеді?
Оған көмекке кімдер келді?
Әңгіме неге «Бірлік» деп аталған?
Достарыңызбен бөлісу: |