Тырналар
Көктем жаршысы – тырналар. Көктемде тыраулап тырналар келді. Көк аспаннан олардың әсем үні құлағыңа шалынады. Аспанға қарасаң, тізбектеле ұшқан тырналарды көрісің. Олар күзде тастап кеткен мекеніне қайта ұшып келеді. Күн ұясына қона, олар аялдама жасайды. Олар түні бойы қонақтап демалады.
Ертеңгі сапарға күш жинайды. Тырна - өте сақ құс. Күзетте кәрі тырна тұрады. Таңның атқанын бірінші болып сезеді. Ол жақындап келе жатқан адамды сезсе, тыраулап қатер белгісін береді. Сондықтан оны бар даусымен орманның басқа тұрғындарына хабарлайды.
К. Адамбаева
Сұрақтар:
Көктем жаршысы деп қандай құстарды айтады? Неліктен?
Тырналар қалай ұшады?
Олар күзде тастап кеткен мекеніне қайтып орала ма?
тырна қандай құс?
Күзетте тұрған тырна қатерді қалай хабарлайды?
Мейірім
Көктем. Мамыр айы. Төңірек тегіс түрленіп, көк шөп қаулап өсуде. Тау бөктері түкті кілемдей құлпыра түскен. Ақ, сары, қызыл гүлдер көздің жауын алады.
Ауыл маңындағы терең көлдің маңайы жыл құстарының қиқулаған шуылына толы. Осындай бір күні Жасұландардың қорасына бір ана үйрек ұшып кірді. Мұны Жасұлан байқап, дереу әжесіне хабарлады.
Әжесі екеуі күні бойы аңдыды. Ана үйрек қораға ұя салыпты. Демек, балапан басып алмақшы.
Міне, жайлауға көшетін мезгіл жетті.
Ана үйрек қозғалмастан әлі жатыр. Әжесі немересінің меселін қайтармай, құстың амандығын сақтап қалу үшін қыстауда қалып қойды.
Көп ұзамай үйрек қауырсын қанат балапандарын ертіп шықты. Олар аспанға дүр етіп көтерілді. Қария мен кішкентай Жасұлан жоғарылап ұшып бара жатқан құстарға қарап, көздеріне жас алды.
Т. Әбдірайым
Жоспар:
Көктемнің келуі
Күтпеген қонақ
Үйректің балапан басуы
құстардың жылы жаққа қайтуы
Асыл әдет
Ернұр – анасының ең жақсы қолғанаты. Ол алдымен үй сыпыруды үйренді. Алғашында сыпырғыш Ернұрдың еркіне көнбей, қолынан сусып кете берді. Сондықтан ол сыпырғышты екі қолымен мықтап ұстап алатын болды. Сыпырғыш біразға дейін еркіне көнбей жүрді. Ал анасы еңкейсе болғаны, үй ішіндегі қоқыстың бәрі есіктен шыға жөнелетін. Ернұр сыпыра бастаса, олар есіктен төрге қарай қашатын. Бұрыш-бұрышқа тығылып қалатын. Бірақ ынталы бала ықылас қойған ісін тындырмай қоюшы ма еді. Ақыры Ернұр үйді тап-тұйнақтай етіп сыпырып қоятын болды. Сөйтіп, бұл жұмыстан апасының қолын босатты.
Әр сенбі сайын Ернұрдың анасы үй ішін тазартатын. Сол кезде Ернұр тымпаң-тымпаң етіп, кішірек бөлмені өзі жуып шығады. Бұл да оның бұлжымас әдеті болып алды.
Анасына болысқан бала оқуда да үздік болады. Өйткені ол ерінбейді. Жасында ерінбейтін бала өскенде ең бақытты азамат болады.
Ә. Нұршайықов
Сұрақтар:
Ернұр анасына кім болады?
Ол үй сыпыруды қалай үйренді?
Апта сайын Ернұрдың анасы не істейді?
Ернұр үлкейгенде қандай бала болады?
Жинақтаған: Рустембекова Бибігүл Асетовна
Жамбыл облысы Жуалы ауданы
Бауыржан Момышұлы ауылы
№29 орта мектептің
бастауыш сынып мұғалімі
Достарыңызбен бөлісу: |