Қарлығаштың қасиеті
Біздің қораға қарлығаш ұя салды. Мен оны сырттай бақылап жүрдім. Жерге нан қиқымын шашып едім, ол қиқымды балапандарының аузына апарып салды.
Бір күні мынадай оқиға болды. Әдеттегідей қарлығаш баласына тамақ тасып жүрді. Барлық балапан ауыздарын ашып, анасына қарап отырған. Кенет біреуі сап-сары нәжісін шығара беріп еді, анасы көз ілеспес шапшаңдықпен қағып алып, сыртқа ұшып кетті.
Мен аң-таң болдым. Бұл сонда ұя лас болмасын дегені ме? Әлде адамдардың басына түсіп, үстін бүлдірмесін дегені ме?
Тақтаға жазылатын сөздер мен сөз тіркестері: Нан қиқымы, көз ілеспес, аң-таң.
Сұрақтары:
1. Бала қарлығашқа қалай көмектеседі?
2. Бір күні қандай оқиға болды?
3. Бала неге аң-таң болды?
4. Қарлығаш не үшін бұлай істеді?
Жоспары:
Қарлығаштың ұясы
Баланың көмегі
Қарлығаштың тазалығы
Баланың таң қалуы
Ақылды құмырсқа
Құмырсқа бір тыным тауып отырмайды. Бірде құмырсқа балаларына тамақ іздеп шықты. Оның өткір көзі арықтың арғы бетіндегі тәтті үгіндіге түсті. Арықтың арғы бетіне қалай өтерін білмеді. Малтып өтсе, су ағызып кетуі мүмкін. Құмырсқа өсіп тұрған шиді көрді. Шиді арықтың үстіне құлатып еді, көпір болды да қалды. Ол қатты қуанып кетті. Шидің үстімен арықтың арғы бетіне өтіп, олжасын балаларына арқалап әкелді.
Міне, тапқыр, ақылды, еңбекқор деп құмырсқаны айт.
Тақтаға жазылатын сөздер мен сөз тіркестері: тыным, өткір көзі, үгінді, олжа, еңбекқор.
Сұрақтар:
құмырсқа нені көрді?
Құмырсқа судан неге өте алмады?
Қандай айла ойлап тапты?
құмырсқаға сипаттама бер.
Жоспар:
1. еңбекқор құмырсқа
2. Арықтың ар жағындағы үгінді
3. Құмырсқаның айласы
4. Құмырсқаның олжасы
Ат пен есек
Бір кісі аты мен есегіне жүк артып, қалаға келе жатты. Есек жолда шаршап, атқа:
-Жолдасым, менен азырақ жүк алшы. Мен көтере алмай өлейін деп келемін, - деді.
Бірақ ат жәрдем етпеді. Жолшыбай есектің халі бітіп, жығылып өлді. Сонан соң иесі есектің барлық жүгін және терісін сыпырып алып, атқа артты. Сонда ат: «өз обалым өзіме, егер есектен азырақ жүк алсам, бұл оқиға болмас еді. Енді, міне, сорлап есектің барлық жүгін және терісін арқалап келе жатырмын», - деп ойлады.
Ы. Алтынсарин
Сұрақтар:
Есек аттан не деп көмек сұрады?
Есектің неге жүк көтеруге шамасы жетпеді?
Ат неге өкінді?
Жоспары:
1. Ат пен есекке жүк арту
2. Есектің аттан көмек сұрауы
3. Аттың өкініші
Достарыңызбен бөлісу: |