Мазмұны жалпы бөлім 1-бөлiм. Негiзгi ережелер


-бап. Сот талқылауына қатысатын адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету



бет10/42
Дата14.06.2016
өлшемі2.57 Mb.
#135967
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   42

98-бап. Сот талқылауына қатысатын адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету

1. Сот талқылауына қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн төрағалық етушi соттың жабық отырысын өткiзедi, сондай-ақ осы Кодекстiң 97-бабының бiрiншi, екiншi, үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көзделген шараларды қолданады.

2. Сот қорғалатын адамның, айыптау тарапының өтiнiшi бойынша, сондай-ақ адамның және оның жақындарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында өз бастамашылығы бойынша куәдан:

1) қорғалатын адамның жеке басы туралы деректердi жарияламастан, бүркеншiк атты пайдалана отырып;

2) қалған қатысушылардың оны дауысы және сыртқы белгілері: акценті, жынысы, ұлты, жасы, бойы, дене бітімі, мүсіні, жүрісі бойынша тануы мүмкін болмайтын жағдайларда;

3) оны сот талқылауына басқа қатысушылардың көзiне көрсетпей, оның ішінде бейне байланыс арқылы да, жауап алу туралы қаулы шығаруға құқылы.

Судья негізгі іс жүргізуден бөлектелген қорғалатын адамның анкеталық деректерімен және жеке басын куәландыратын құжаттармен оларды жария етпестен, сот отырысының өзге қатысушыларына, оның ішінде сот отырысының хатшысына ұсынбастан және сот отырысының хаттамасында және/немесе сот актілерінде көрсетпестен танысу арқылы жауап алынатын адамның жеке басын жеке өзі куәландырады.

3. Төрағалық етуші:

1) бейне, дыбыс жазуды жүргізуге және жауап алуды түсіріп алудың өзге де әдістерін жүргізуге тыйым салуға;

2) адвокатты қоспағанда, сот отырысы залынан сотталушыны, қорғау тарапының өкілдерін шығарып жіберуге құқылы.

4. Сот процесіне қатысушылардың бiреуi болмағанда немесе олардың көзбен көрiп отыруынан тыс жауап алынған куәнiң көрсетуiн сотта төрағалық етушi ол куә туралы мәлiметтi көрсетпестен, оған барлық қатысушылар қатысып отырғанда хабарлайды.

5. Қажет болған жағдайларда сот процеске қатысушылардың және заңда көзделген өзге де адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде басқа да шаралар қолданады.

6. Сот талқылауына қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету туралы соттың қаулысын орындау қылмыстық қудалау органдарына, жазаны оырндаушы мекемелер мен органдарға, сондай-ақ сот приставына жүктеледi.
13-тарау. Өтінішхаттар. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану
99-бап. Қылмыстық процеске қатысушылардың өтiнiшхаттарын қараудың мiндеттiлiгi

1. Қылмыстық процеске қатысушылар сотқа дейін тергеу жүргізуді жүзеге асыратын адамға, прокурорға, сотқа қылмыстық процесс барысында маңызы бар мән-жайларды анықтау; өтiнiшхат берген адамның немесе оларды ұсынған адамның құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету үшiн iс жүргiзу әрекеттерiн жүргiзу немесе iс жүргiзу шешiмдерiн қабылдау туралы өтiнiшхатпен жүгіне алады.

2. Өтiнiшхат процестiң кез келген сатысында мәлiмделуi мүмкiн. Өтiнiшхат берген адам қандай мән-жайды анықтау үшiн iс-әрекет жүргiзудi немесе шешiм қабылдауды сұрайтындығын көрсетуге тиiс. Жазбаша өтiнiшхат iске тiгiледi, ауызша өтiнiшхат тергеу iс-әрекетiнiң немесе сот отырысының хаттамасына кiргiзiледi.

3. Өтiнiшхаттың қабылданбағандығы оны қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң келесi кезеңдерiнде қайталап беруге немесе қылмыстық процестi жүргiзушi басқа органға беруге кедергi келтiрмейдi.

4. Өтiнiшхат ол мәлiмделгеннен кейiн тікелей қарауға және шешуге жатады. Өтiнiшхат бойынша шешiмдi дереу қабылдау мүмкiн болмаған жағдайларда ол мәлiмделген күннен бастап үш тәулiктен кешiктiрiлмей шешiлуге тиiс.

5. Егер ол iстiң мән-жайларын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге, процеске қатысушылардың немесе басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге жәрдемдесетiн болса, өтiнiшхат қанағаттандырылуы тиiс. Өзге жағдайларда өтiнiшхатты қанағаттандырудан бас тартылуы мүмкiн.

6. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган өтiнiшхатты қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан толық немесе iшiнара бас тарту туралы дәлелдi қаулы шығарып, ол өтiнiшхат жасаған адамға жеткiзiледi. Өтiнiшхат жөнiндегi шешiмге осы Кодексте белгiленген шағым берудiң және оны қараудың жалпы қағидалары бойынша шағым жасалуы мүмкiн.
100-бап. Органдар мен лауазымды адамдардың шешiмдерi мен іс әрекеттерiне шағымдану

1. Егер жүргiзiлген iс жүргiзу әрекетi олардың мүдделерiн қозғайтын болса, процеске қатысушылар, сондай-ақ азаматтар мен ұйымдар осы Кодексте белгiленген тәртiпте сотқа дейін тергеуді жүзеге асыратын адамның, прокурордың, соттың немесе судьяның шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне шағымдануы мүмкiн.

2. Шағымдар қылмыстық iс бойынша заңмен уәкiлдiк берiлген, шағымдарды қарауға және олар бойынша шешiм қабылдауға сол мемлекеттiк органға немесе сол лауазымды адамға берiледi.

3. Шағымдар ауызша және жазбаша болуы мүмкiн. Ауызша шағымдар оны жасаушы мен шағымды қабылдап алушы лауазымды адам қол қоятын хаттамаға кiргiзiледi. Тиiстi лауазымды адамдардың қабылдауында азаматтар ауызша айтқан шағымдар жазбаша түрде ұсынылған шағымдармен ортақ негiзде шешiледi. Шағымға қосымша материалдар қоса тiркелуi мүмкiн.

4. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзiлетiн тiлдi бiлмейтiн адамға шағымды ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде беру құқығы қамтамасыз етiледi.

5. Шағым берген адам оны қайтарып алуға құқылы. Күдікті айыпталушы қорғаушының шағымын қайтарып алуға құқылы; азаматтық қуынушы, жәбiрленушi (жеке айыптаушы), азаматтық жауапкер, заңды өкiлден өзгесі, өзiнiң өкiлiнiң шағымын қайтарып алуға құқылы. Күдіктінің немесе айыпталушының мүдделерiн көздеп берiлген шағым тек олардың келiсiмiмен ғана қайтарылып алынуы мүмкiн. Шағымды қайтарып алу, осы Кодексте тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстiң 102-бабында көрсетiлген мерзiмдер аяқталғанға дейiн оны қайтадан беруге кедергi келтiрмейдi.


101-бап. Ұсталған немесе күзетпен ұсталған адамдардың шағым жолдау тәртiбi

1. Алдын ала қамауға алу орындарының әкiмшiлiгi қылмыстық процестi жүргiзушi органға қылмыс жасады деген күдік бойынша ұсталған немесе бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұсталған адамдардың оған жолданған шағымдарын дереу беруге мiндеттi.

2. Ұсталған немесе күзетпен ұсталған адамдардың тергеушiнiң, анықтаушының, анықтау органы бастығының iс-әрекетiне немесе шешiмдерiне шағымдарын қамауда ұстау орындарының әкiмшiлiгi дереу прокурорға, ал прокурордың iс-әрекетi мен шешiмдеріне шағымдарды – жоғары тұрған прокурорға беруге мiндеттi. Өзге шағымдарды қамауда ұстау орындарының әкiмшiлiгi ол келiп түскен кезден бастап бiр тәулiктен кешiктiрмей iсті жүргiзуші адамға немесе органға бередi.
102-бап. Шағымдарды берудiң мерзiмдерi

Анықтаушының, анықтау органының, тергеушiнiң, прокурордың, судьяның немесе соттың iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдарды бүкіл сотқа дейінгі тергеу және сот талқылауы барысында беруге болады. Қылмыстық істі сотқа дейінгі кезеңде қысқарту туралы шешімге шағымдар қылмыстық қудалау органының тиісті қаулысы шығарылған не оны прокурор бекіткен кезден бастап бір жыл ішінде берілуі мүмкін. Бiрiншi, апелляциялық немесе кассациялық сатыдағы соттар шығарған сот актілеріне шағымдар осы Кодексте белгiленген мерзiмдерде берiледi.


103-бап. Шағым берiлуiне байланысты шешiмнiң орындалуын тоқтата тұру

Осы Кодексте көзделген жағдайларда шағым беру шағым жасалған шешiмнiң орындалуын тоқтата тұрады. Өзге жағдайларда шағым түсiру, егер шағымды қараушы адам қажет деп тапса, шағым жасалған шешiмнiң орындалуын тоқтата тұруға әкеп соғуы мүмкiн.


104-бап. Шағымдарды қараудың жалпы тәртiбi

1. Шағымдарды қарауды iс-әрекетiне шағым жасалған анықтаушыға, тергеушiге, прокурорға немесе судьяға, сондай-ақ шағым жасалған шешiмдi бекiткен лауазымды адамға тапсыруға тыйым салынады.

2. Шағымды қарағанда прокурор немесе судья онда жазылған дәлелдердi тексеруге, қажет болған жағдайда қосымша материалдарды талап етуге, тиiстi лауазымды адамдардан, ұйымдардан және азаматтардан шағым жасалған iс-әрекеттер мен шешiмдерге қатысты түсiнiктеме алуға мiндеттi.

3. Шағымды қараушы прокурор немесе судья өз өкiлеттiгi шегiнде қылмыстық процеске қатысушылардың, сондай-ақ өзге де азаматтардың немесе ұйымдардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерiн қалпына келтiруге дереу шара қолдануға мiндеттi.

4. Егер шағым жасалған заңсыз iс-әрекеттермен немесе шешiмдермен азаматқа моральдық, дене немесе мүлiктiк зиян келтiрiлсе, оған осы Кодекстiң 4-тарауында көзделген зиянның өтелуіне немесе жойылуына құқығы және сол құқықты жүзеге асырудың тәртiбi түсiндiрiлуге тиiс.
105-бап. Сотқа дейін тергеуді жүзеге асыратын адамдардың, прокурордың iс-әрекетi мен шешiмiне шағымдарды қарау тәртiбi

1. Сотқа дейін тергеуді жүзеге асыратын адамдардың iс-әрекетi мен шешiмiне шағымдар прокурорға берiледi. Прокурордың iс-әрекетi мен шешiмiне шағымдар жоғары тұрған прокурорға берiледi. Өзiнiң жеке iс-әрекетi мен шешiмiне шағым түскен лауазымды адам шағымды өзiнiң түсiнiктемесiмен бiрге дереу тиiстi прокурорға жіберуге мiндеттi. Егер лауазымды адам шағымды негiздi деп есептесе, онда ол шағым жасалған iс-әрекетiн тоқтатады немесе шағым жасалған шешiмнің күшін жояды, ол туралы прокурорға хабарлайды.

2. Прокурор шағымды алған кезден бастап оны жеті тәулiктiң iшiнде қарауға мiндеттi. Ұстау, тiнту, алу, мүлікке тыйым салу, күдікті деп тану, күдіктінің әрекеттерін саралау, лауазымынан шеттету кезiнде заңды бұзу, сондай-ақ қинау, зорлық-зомбылық жасау, қорқыту, не қорғану құқығын бұзу туралы шағымдар оларды алған кезден бастап үш тәулiктiң iшiнде қарауға жатады. Шағымды тексеру үшiн қосымша материалдар талап ету не өзге де шаралар қолдану қажет болатын ерекше жағдайларда, шағымды он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмде, шағым берген адамға ол туралы хабарлай отырып, қарауға жол берiледi.

3. Шағымды қарау нәтижесiнде шағым жасалған шешiмнің күшін жойып немесе шешімді өзгертіп, шағымды толық немесе iшiнара қанағаттандыру туралы не шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм қабылдануы мүмкiн. Бұл ретте, егер бұрын шығарылған шешiм шағым берген адамның немесе мүддесіне орай шағым берiлген адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соғатын болса, оны өзгертуге болмайды.

4. Шағым берген адам шағым бойынша қабылданған шешiм және одан әрi шағымданудың тәртiбi туралы хабардар етілуге тиіс. Шағымды қанағаттандырудан бас тарту дәлелденуге тиiс.
106-бап. Прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдеріне жасалған шағымдарды сотта қарау тәртібі

1. Жеке басының құқықтары мен бостандықтарын прокурордың, тергеу және анықтау органдарының іс-әрекеті (әрекетсіздігі) және шешімі тікелей қозғайтын адам, қылмыстық құқық бұзушылық туралы өтінішті қабылдаудан бас тартуға сондай-ақ сотқа дейінгі тергеудің басталуында, тергеу мерзімдерін үзу, қылмыстық істі тоқтату, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру, тінтуді және (немесе) алуды жүргізу, өзге де іс-әрекеттерді (әрекетсіздіктерді) жасау және шешімдерді қабылдау кезінде, егер мұндай іс-әрекеттердің (әрекетсіздіктердің) және шешімдердің заңдылығын тексеруді сот талқылауы кезеңіне дейін кейінге қалдыру салдарынан адамның және азаматтың нұқсан келтірілген құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру қиындайтын болса немесе оларды қалпына келтіру мүмкін болмайтын болса, заңның бұзылуы туралы шағыммен сотқа жүгіне алады. Шағымды осы баптың тәртібімен қарау кезінде осы Кодекске сәйкес қылмыстық істі мәні бойынша шешкен кезде сот қарауының нысанасы болып табылуы мүмкін мәселелерді алдын ала шешпеуге тиіс.

2. Сот шағымды қараған кезде істегі бар дәлелдемелерге баға бермей, арызданушы шағымында көрсеткен барлық мән-жайларды анықтаушының, тергеушінің, прокурордың тексерген-тексермегендігін анықтауға тиіс. Бұл ретте сот кінәнің дәлелденгені немесе дәлелденбегені, жиналған дәлелдемелердің жол беруге болатындығы немесе жол беруге болмайтындығы туралы қорытынды жасамай, іс бойынша шешім қабылдау үшін материалдық-құқықтық және іс жүргізетінлік негіздердің бар екендігін не жоқ екендігін тексеруге тиіс.

3. Сот тексеруінің шектері осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген іс-әрекеттерді (әрекетсіздіктерді) жасау және шешімдерді қабылдау кезінде заң нормаларының сақталуын анықтаумен шектелген.

4. Шағым түсірілуі шағым жасалып отырған іс-әрекеттің жүргізілуін және шағым жасалып отырған шешімнің орындалуын тоқтата тұрмайды.

5. Шағым қылмыстық процесті жүргізетін орган тұрған жердегі аудандық сотқа, адамның келіспеген шешіммен танысқан күнінен бастап он бес тәулік ішінде не прокурордың өз атына берілген шағымды қанағаттандырудан бас тартатыны туралы хабарламасы алынғаннан кейін дәл сол мерзімде немесе, егер прокурорға берілген шағымға жауап алынбаған болса, шағым берілгеннен кейін он бес тәулік өткен күннен бастап берілуі мүмкін.

6. Шағымды тергеу судьясы ол келіп түскен кезден бастап он тәулік ішінде жабық отырыста жеке-дара қарайды. Сот отырысының уақыты мен орны туралы прокурор, арыз беруші және шағым жасалатын әрекет (әрекетсіздік) және шешім тікелей мүдделерін қозғайтын өзге де адамдар хабардар етіледі. Тиісінше хабардар етілген адамдардың сот отырысына келмеуі шағымды қарауға кедергі болмайды. Іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) және шешіміне шағым жасалған лауазымды адамдар соттың сауал салуы бойынша мұндай іс-әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасауға және шешімдерге негіз болған материалдарды сотқа үш тәулік ішінде табыс етуге міндетті.

7. Сот отырысы басталғанда тергеу судьясы қандай шағымның қаралуға жататынын хабарлайды, осыдан кейін, егер арыз беруші сот отырысына қатысып отырған болса, шағымды негіздейді, содан кейін басқа да келген адамдар тыңдалады, олар сотқа дәлелдемелер ұсынуға құқылы.

8. Шағымды қарау нәтижелері бойынша тергеу судьясы:

1) заңсыз деп танылған іс жүргізу шешімінің күшін жою туралы;

2) тиісті лауазымды адамның іс-әрекетін (әрекетсіздігін) заңсыз немесе негізсіз деп тану туралы және оның жол берілген бұзушылықты жоюға міндетті екені туралы;

3) прокурорға азаматтың немесе ұйымның құқықтары мен заңды мүдделерінің жол берілген бұзылуын жою міндетін жүктеу туралы;

4) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы қаулылардың бірін шығарады.
107-бап. Тергеу судьясының қаулыларына шағымдану, наразылық білдіру

1. Сотқа дейін тергеу барысында күдікті, оның қорғаушысы, заңды өкілі, жәбірленуші, оның заңды өкілі, өкілі тергеу судьясының мынадай қаулысына:

1) күдіктіні күзетпен, экстрадициялық күзетпен ұстау, үй қамағына алуға, кепіл немесе күзетпен, үй қамағына алуғамерзімін ұзарту түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы;

2) күдіктіні күзетпен, экстрадициялық күзетпен ұстау,үй қамағына алуға санкция беруден бас тарту немесе күзетпен, экстрадициялық күзетпен ұстау, үй қамағына алуға мерзімін ұзартудан бас тарту туралы;

3) санкция берілген бұлтартпау шарасының күшін жою немесе күшін жоюдан бас тарту туралы;

4) мүлікке тыйым салу не одан бас тарту туралы;

5) эксгумациялау не одан бас тарту туралы;

6) халықаралық іздестіру жариялау не одан бас тарту туралы;

7) сот-медициналық және/немесе сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін адамды медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру не сот-медициналық сараптама және/немесе сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін адамды медициналық ұйымға орналастырудан бас тарту туралы;

8) кепіл затты мемлекет кірісіне өндіріп алу немесе одан бас тарту туралы;

9) прокурордың, қылмыстық қудалау органының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдарды қарау жөніндегі қаулыларына шағымдануға, ал прокурор наразылық білдіруге құқылы.

2. Тергеу судьясының қаулысына сол тергеу судьясы қаулы шығарған сот арқылы облыстық немесе оған теңестірілген сотқа апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін. Шағымды, наразылықты қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешім түпкілікті болып табылады.

Дәлелді себептермен өткізіліп жіберген мерзім мүдделі тұлғаның өтініші бойынша осы Кодекстың 50-бабына сәйкес қалпына келтірілуі мүмкін.

3. Шағым беру немесе наразылық келтіру осы баптың бірінші бөлігінің 1), 2), 7) тармақтарында көзделген мәселелер бойынша қаулыда көрсетілген шешімдердің орындалуын тоқтата тұрмайды.

4. Тергеу судьясының осы баптың қағидаларына сәйкес шығарылған қаулысына ол жария етілген кезден бастап үш тәулік ішінде осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдар шағымдануы, сондай-ақ прокурор осы қаулыны шығарған судьяның соты арқылы облыстық және оған теңестірілген сотқа наразылық беруі мүмкін. Шағымдану мерзімі өткеннен кейін шағым, наразылық материалдары облыстық немесе оған теңестірілген сотқа жіберіліп, бұл туралы арыз берушіге, іс-әрекеті мен шешіміне шағым жасалған адамға және прокурорға хабар беріледі.

5. Облыстық немесе оған теңестірілген соттың судьясы осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде көзделген қағидалар мен мерзімдерді сақтай отырып, шағым, наразылық сотқа келіп түскен кезден бастап үш тәуліктен кешіктірмей тергеу судьясы қаулысының заңдылығын және негізділігін тексеруді жүзеге асырады.

Шағымды, наразылықты қарау нәтижелері бойынша шығарылған облыстық немесе оған теңестірілген сот судьясының қаулысы жария етілген кезден бастап күшіне енеді.

6. Сот отырысына прокурор және күдіктінің қорғаушысы қатысады. Отырысқа күдікті, күдіктінің заңды өкілі, жәбірленуші, оның заңды өкілі және өкілі және шағым жасалған шешімде құқықтары мен мүдделері қозғалатын басқа да адамдар қатыса алады, шағымның, наразылықтың қаралатын уақыты туралы уақтылы хабарланған кезде олардың келмей қалуы соттың шағымды, наразылықты қарауына кедергі болмайды.

7. Сот тараптардың дәлелдерін тыңдап, ұсынылған материалдарды қара:

1) аудандық немесе оған теңестірілген соттың тергеу судьясының қаулысын өзгеріссіз қалдыру туралы;

2) тергеу судьясының қаулысын өзгерту туралы;

3) тергеу судьясының қаулысының күшін жою және жаңа қаулы шығару туралы дәлелді қаулылардың бірін шығарады.

8. Сот қаулысының көшірмесі сотқа дейінгі тергеу органына, сондай-ақ прокурорға, күдіктіге, қорғаушыға және адамды күзетпен ұстау орыны әкімшілігінің өкіліне жіберіледі және дереу орындалуға жатады.

9. Шет мемлекеттің аумағында қылмыс жасады деп айыпталған немесе сотталған адамды беру туралы шешімге шағым жасау және оның заңдылығы мен негізділігін соттың тексеруі осы Кодекстің 594-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.


108-бап. Соттың үкіміне, қаулыларына шағым, наразылық

Бірінші сатыдағы соттардың үкіміне, қаулысына шағымдар, наразылықтар осы Кодекстің 48-тарауының қағидаларына сәйкес беріледі. Заңды күшіне енген сот шешімдерін қайта қарау туралы шағымдар, наразылықтар, өтініштер осы Кодекстің 50 және 52-тарауларының қағидаларына сәйкес беріледі.


14-тарау. Қылмыстық процеске қатысатын адамдар туралы қорытынды ережелер
109-бап. Процеске қатысушы деп тануды талап ету құқығы

1. Қылмыстық процестiң қатысушысы болып табылмайтын адамдар осы Кодексте көзделген негiздер болған кезде, оларды жәбiрленушiлер, жеке айыптаушылар, олардың заңды өкiлдерi және өкiлдерi деп тануды талап етуге құқығы бар. Аталған адамдардың арыздарын (өтiнiштерiн) қылмыстық процестi жүргiзушi орган оларды алған кезден бастап үш тәулiктен кешiктiрмей қарауға тиiс. Қабылданған шешiм туралы арыз берушідереу хабардар етіледі,оған тиiстi қаулының көшiрмесi жiберiледі.

2. Арыз беруші өз өтiнiшiн қанағаттандырудан бас тартылуына немесе оны шешудiң кейiнге қалдырылуына тиiстi қаулының көшiрмесiн алғаннан кейiн бес тәулiктiң iшiнде прокурорға, сотқа шағымдануға құқылы. Егер қаулының көшiрмесi шағым берiлген кезден бастап он тәулiктiң iшiнде алынбаса, арыз берушi оны процеске қатысушы деп тану туралы өтiнiшпен прокурорға, сотқа жүгiнуге құқылы.

Егер қайтыс болған немесе қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесiнде өзiнiң еркiн саналы түрде бiлдiру қабiлетiн жоғалтқан адамның құқықтық мирасқоры болғысы келетін жақын туысы, жұбайы (зайыбы) өзiн жәбiрленушi деп тануды талап ете алады. Аталған өтiнiштi қылмыстық процестi жүргiзушi орган осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен қарайды.


110-бап. Сотқа дейінгі тергеуге қатысатын адамдарға құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру және оларды жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз ету мiндетi

1. Қылмыстық процеске қатысушы әрбiр адамның өз құқықтары мен мiндеттерiн, өзі таңдаған позицияның құқықтық салдарын бiлуге, сондай-ақ оның қатысуымен өтiп жатқан iс жүргiзу әрекеттерiнiң мәнін және оған танысу үшiн ұсынылған қылмыстық iс материалдарының мазмұны бойынша түсінік алуға құқығы бар.

2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган процеске қатысушы әрбiр адамға оған тиесiлi құқықтар мен оған жүктелген мiндеттердi түсiндiруге, осы Кодексте көзделген тәртiппен оларды жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге тиiс. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган адамның өтiнiшi бойынша оның құқықтары мен мiндеттерiн қайталап түсiндiруге мiндеттi.

3. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган процеске қатысушыларға бас тартылу мәлiмделуi мүмкiн адамдардың тегiн және олар туралы басқа да қажеттi деректердi хабарлауға мiндеттi.

4. Қылмыстық процеске қатысушы жағдайына ие болған адамға оның қатысуымен iс жүргiзу әрекетi басталғанға дейiн және ол процеске қатысушы ретiнде қандай да бір позициясын бiлдiргенге дейiн оның құқықтары мен мiндеттерi мiндеттi түрде түсiндiрiледi. Сот отырысына келген процеске қатысушыға қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгi тергеу барысында оған тиесiлi құқықтары мен оған жүктелген мiндеттердiң түсiндiрiлген-түсiндiрiлмегенiне қарамастан оларға түсiндiруге мiндеттi.

5. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган куәгердiң, аудармашының, маманның, сарапшының қатысуымен болатын әрбір iс жүргiзу әрекетi басталар алдында олардың мiндеттерi мен құқықтарын түсiндiруге мiндеттi. Куәнiң құқықтары мен мiндеттерiн қылмыстық тергеу органы одан бiрiншi рет жауап алар алдында түсіндіруге және сот отырысында қайталап түсiндiруге тиіс.


3-бөлім. Дәлелдемелер және дәлелдеу

15-тарау. Дәлелдемелер
111-бап. Дәлелдемелер ұғымы

1. Осы Кодексте айқындалған тәртiппен анықтау органы, анықтаушы, тергеушi, прокурор, сот Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген әрекеттердiң бар-жоғын, күдіктінің, айыпталушының бұл әрекеттi жасаған-жасамағанын, оның кiнәлiлiгiн не кiнәлi еместiгiн, сондай-ақ iстi дұрыс шешу үшiн маңызы бар өзге де мән-жайларды анықтайтын,заңды түрде алынған iс жүзiндегi деректер қылмыстық iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.

2. Қылмыстық iстi дұрыс шешу үшiн маңызы бар iс жүзiндегi деректер: күдіктінің, айыпталушының, жәбiрленушiнiң, куәнiң, сарапшының, маманның айғақтарымен; сарапшының, маманның қорытындыларымен; заттай дәлелдемелер мен іс жүргiзу әрекеттерiнiң хаттамаларымен және өзге де құжаттармен белгіленеді.
112-бап. Дәлелдемелер ретiнде рұқсат етілмейтін нақты деректер

1. Iс жүзiндегi деректер, егер олар осы Кодекстiң талаптары бұзыла отырып алынса, олар процеске қатысушылардың заңмен кепiлдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе оларға қысым жасау жолымен немесе қылмыстық процестiң өзге де ережелерiн бұзу арқылы, сотқа дейінгі тергеу немесе сотта қарау кезiнде алынған iс жүзiндегi деректердiң дәйектілігіне ықпал етсе немесе ықпал етуі мүмкiн болса,оның iшiнде:

1) азаптау, зорлық-зомбылық, қорқыту, алдау, сол сияқты бiрге өзге де заңсыз iс-әрекеттер мен қатыгездікпен қарау арқылы;

2) қылмыстық процеске қатысушы адамдарға түсiндiрмеу, толық немесе дұрыс түсiндiрмеу салдарынан туындаған құқықтары мен міндеттеріне қатысты олардың жаңылысын пайдалану арқылы;

3) осы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыруға құқығы жоқ адамның iс жүргiзу әрекетiн жүргiзуiне байланысты;

4) бас тартылуға жататын адамның iс жүргiзу әрекетiне қатысуына байланысты;

5) iс жүргiзу әрекетiн жүргiзу тәртiбiн айтарлықтай бұзу арқылы;

6) белгiсiз көзден не сот отырысында анықтала алмайтын көзден;

7) дәлелдеу барысында осы заманғы ғылыми бiлiмге қайшы келетiн әдiстердi қолдану арқылы алынған дәлелдемелер ретiнде пайдалануға жол берiлмейдi деп танылуға тиiс.

2. қылмыстық процесте іс жүзiндегi деректердi дәлелдер ретiнде пайдалануға жол бермеуді, сондай-ақ оларды шектеп пайдалану мүмкiндiгiн анықтау органы, анықтаушы, тергеуші, прокурор немесе сот өз бастамасы бойынша немесе тараптардың өтiнiшi бойынша белгiлейдi. Анықтау органы, анықтаушы, тергеуші, прокурор немесе судья дәлелдемелерге жол бермеу туралы мәселені шеше отырып, әрбір жағдайда жол берілген бұзушылықтың нақты қалай көрініс тапқанын анықтауға және дәлелді шешім қабылдауға міндетті.

3. Егер күдіктінің, жәбiрленушiнiң және куәнiң айғақтарын, сарапшының, маманның қорытындысын, заттай дәлелдемелерді, тергеу және сот iс-әрекетiнiң хаттамаларын және өзге де құжаттарды, егер олар қылмыстық iс материалдарының тізіміне енгізілмесе, айыптау негiзiне жатқызуға болмайды. Куә ретiнде алдын ала жауап алу барысында күдіктінің берген айғақтарын дәлелдемелер ретiнде тануға және жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қарсы қолдануға, сондай-ақ қорғалу құқығына ие куә ретінде жауап алуды қоспағанда, күдіктіні айыптау негiзiне жатқызуға болмайды.

4. Қылмыстық іс жүргізу заңын бұзу арқылы алынған дәлелдемелердің заңдық күшi жоқ деп танылады және айыптау негiзiне жатқызыла алмайды, сондай-ақ осы Кодекстiң 113-бабында көрсетілген кез келген мән-жайларды дәлелдеу кезiнде пайдаланыла алмайды.

5. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген бұзушылықтар арқылы алынған дәлелдемелер тиiстi бұзушылықтар және қылмыстық істі тергеу барысында оларға жол берген адамдардың кінәлілігі фактісінің дәлелдемесі ретінде пайдаланылуы мүмкiн.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет