Тұрақты даму жолында. 1997-1998 жылдардағы әлемдегі, әсіресе Оңтүстік Азия елдеріндегі, Ресей Федерациясындағы қаржы саласындағы күйзелістер Қазақстанға да теріс әсерін тигізді. Дегенмен, 1999 жылы кейбір көріністері белгі беріп, 2000 жылдан бастап Қазақстан экономикасы үзбей тұрақты даму жолына шықты. Содан бері әр жылда республиканың ішкі жалпы өнімі 10% шамасында өсіп, даму қарқыны жағынан ТМД елдерінің алдына шықты. Нәтижесінде, ішкі жалпы өнімнің екі есе өсуіне жоспарлағанымыздай 10 жылда емес, 8 жылда қол жеткізуімізге мүмкіндігіміз толық бар.
Тұрақты даму жолы экономика саласында бұрынғыдан да ауқымды шаралар белгілеп, оларды іске асыруға жол ашты. Қазақстанның табиғи байлығын, өндіргіш күштерін, шетелдіктермен қатынастардан туған мүмкіндіктерді пайдалана отырып, жаңа экономиканы түбегейлі және жан-жақты жасақтау осы тұрақты даму жолына шығудан басталды.
1997 жылы Президент Назарбаев Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын ел назарына ұсынды. Терең ойластырылған осы стратегия біздің бүгінгі іс-қимылдың және болашақта асатын асулардың жол нұсқаушысы болып отыр. Ел экономикасының әр саласының дамуына арналған мемлекеттік бағдарламалардың негізгі арқауы да осы Стратегия.
Аталмыш Стратегия негізінде 2003-2005 жылдарға арналған ауыл шаруашылығын дамыту, 2004-2010 жылдарға арналған ауылдағы елді мекендерді қалпына келтіру бағдарламалары қабылданды. Қазақстан үшін олардың маңызы өте зор, өйткені халқымыздың 43%-ына жуығы ауылда тұрады, ал реформалардың алғашқы жылдары ең үлкен күйзелісті басынан кешірген де осы ауыл экономикасы. Ауыл шаруашылығы да нарық экономикасының талабына сәйкес қайта құрылды. Қазір ауылда 157,0 мың шаруа қожалықтары, 1,0 мың өндіріс кооперативтері және 2,5 мың серіктестіктер мен акционерлік қоғамдар жұмыс істейді. Мемлекеттік емес меншік 99,9%. Осы жылдары ауыл экономикасын мемлекет тарапынан реттеу және агробизнес жүйелері қалыптасты. Ауылға үш жылдың ішінде 150,0 млрд. теңгеден аса республикалық бюджеттен көмек жасалды. Нәтижесінде ауылшаруашылық өнімдер көлемі жылдан жылға көбеюде. Осы саладағы ең үлкен өзгеріс – ауыл тұрғындарының жалпы экономика жөнінде, әсіресе өздері істейтін шаруасы туралы көзқарастарының түбегейлі жаңаруы. Нарық халыққа, халықтың нарыққа деген бетбұрысы бүгін ешқандай дау туғызбайды.
Дегенмен, ауыл экономикасы әлі де нарық талабына, жалпы заман талабына сай емес. Оның техника және технологиялық деңгейі төмен, сондықтан да осы саладағы еңбек өнімділігі басқа елдермен салыстырғанда бірнеше есе аз, шығарған өнімнің өзіндік құны жоғары. Осыларға байланысты біздегі ауыл экономикасының бәсекеге қабілеттілігі өте төмен дәрежеде, оның үстіне ауыл өнімдерін өңдейтін салалар да дұрыс дамымай отыр. Сондықтан ауылға деген мемлекеттік саладан көмек, демеу әлі де керек және оларды өсіруге бізде қазір мүмкіндіктер мол. Қазақ елін, егер дұрыс бой көтерсе, алға, өркениетке тартатын да осы сала, егер қазіргі төменгі күйінде қалса, артқа тартып, аяққа тұсау болатын да осы сала.
Тұрақты даму жолының ең басты құжаттарының бірі 2003-2005 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы. Аталмыш бағдарламаның көздеген екі мақсаты бар. Біріншіден, ел экономикасында қазір орын алып отырған сыңаржақтықтан шығарып, тек қана табиғи ресурстарды игере беру емес, өңдеуші салаларды, жаңа технология, техникамен жарақталған, өнімді өте терең өңдейтін өндіріс салаларын дамыту. Стратегия бойынша өндірістің өңдеуші саласының әр жылғы өсуі 8,4%-дан кем болмауы керек, нәтижесінде еңбек өнімділігі 2015 жылы 3 есе өсіп, ІЖӨ алудағы энергетикалық шығындар 2 есе төмендеу керек. Екіншісі – тек қана нарық экономикасы емес, оның әлемнің озық елдеріндегі ең тиімді үлгілерін енгізу, қазіргіден де жаңа, білім мен ғылым, инновациялық технологиялар негізінде жұмыс істейтін экономиканы жасақтау.
Қазақстанның өте мол кен байлығы, оны игерудегі жақсы жетістіктер (трансұлттық компаниялардың көмегімен болса да) біздің экономиканың тығырықтан тез шығуының, әлеуметтік салаға деген қаржының жылдан жылға еселеп өсуінің, жалпы халық тұрмысы жақсаруының, көптеген өзекті проблемаларды шешу үшін алынған мемлекеттік бағдарламалардың, оларды орындаудың негізі болды. Біздегі табиғи ресурстарға әлем елдеріндегі өскелең сұраныс және де олардың бағасының жылдан жылға қатты өсуі бізді мұнай-газ өндірісін, тау-кен орындарын жедел дамытуға итермеледі. Нәтижесінде көптеген, тіпті қордаланған десек те болады, әлеуметтік-экономикалық проблемалар осы саладан түскен табыстар арқылы шешіліп жатыр.
Дегенмен, бұл жағдай экономика саласында сыңаржақтыққа, дәлірек айтсақ, Қазақстан өндірісінде кеңес дәуірінде орын алған сыңаржақтықты одан әрі тереңдетуге әкелді. Нәтижесінде өңдеуші салалар дұрыс дамымай қалды. Ал даму үрдісі, әлем тәжірибесіне сүйенсек, тек экономиканың барлық салалары, әсіресе өңдеуші сала, жан-жақты дамымай тұрақты бола алмайды. Осы сыңаржақтықтан арылу үшін Индустриялық-инновациялық стратегия негізінде елде көптеген даму институттары жұмыс істей бастады, жаңа кәсіпорындар салынып, өндірісті ұйымдастырудың кластерлік (ұялық) үлгісі енгізілуде. Егер бағдарлама толық орындалса, біздер дамудың индустриялық сатысынан, постиндустриялық, инновациялық сатысына шығу қарсаңында тұрмыз. Аталмыш стратегияның екінші көздеген мақсатын жоғарыда атадық. Ол – жаңа экономика құру. Жаңа экономика дегеніміз білім мен ғылым негізінде дамыған экономика, яғни тек өнім, тауар шығаратын экономика емес, білімге білім қосып, ол ғылыми жаңалыққа айналып, ғылым жаңалығы жаңа технология туғызып, соның негізінде дамитын экономика. Сондықтан да ол бұрынғымен салыстырғанда дамудың ең тиімді жолы. Әлем тәжірибесіне сүйенсек, қазіргі таңда дамыған елдерде жаңа технология, жаңа білім негізінде ұлттық ішкі өнімнің 75-80%-ы жасалынады. АҚШ-та, Жапонияда, Германияда, Канадада, Швеция, Финляндия, Норвегия елдерінде осы сипаттағы жаңа экономика жан-жақты дамып келеді. Осы жолға Азия елдері де түсу қамында.
Бізде жаңа экономика мәселелері тек тұрақты даму жолына түскенде көтеріле бастады. Адам капиталын дамыту мақсатымен білім саласының 5 жылдық бағдарламасы жасалып, ол орындалып жатыр. Президент атап көрсеткеніндей, таяу жылдарда ғылым саласына мемлекет тарапынан бөлінген қаржы 25 есе өсуі керек. Қазіргі таңда барша әлемді шарлап жаңа технологиялар іздеу қамындамыз. Мұнай химиясы өндірісі саласында, құрылыс материалдары, тағы да кейбір өндіріс салаларына жаңа, өте тиімді технологиялар әкелу ісі басталды. Корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру, кластерлік даму үлгілері де осы жаңа экономиканың тәсілдерін игеру мақсатымен жасалып отыр. Қорыта айтсақ, бұрынғыдан да тиімді, жаңа экономика жасау бізден көп алға кеткен елдерге жақындау жолындағы ең маңызды қадамымыздың бірі болып отыр. Болашақта да осы нысана біздің жолымыздың түпкі мақсаты болады [18].
Тұрақты даму жолына шығып, елдің тағы бір өзекті мәселесін шешу қамына кірістік. Ол – әлеуметтік мемлекет құру. Қазақстанның әлеуметтік ел, мемлекет сипаты жылдан жылға айқын көріне бастады. 1995-2005 жылдары қазақстандықтардың ақшалай кірісі 5,5 есе, орташа айлық жалақысы 7,0 еседан артық, зейнетақының орта мөлшері 4,8 есе өсті. 15 жылда банктердегі жекелеген адамдардың салған депозиттері 35 есе өсті. Өте ауқымды үш жылдық мемлекеттік тұрғын-үй бағдарламасы орындалып жатыр. 2005-2007 жылдары тек осы бағдарлама бойынша 12,0 млн. шаршы метр тұрғын-үй іске қосылып, 1 миллионнан астам азаматтар пәтермен қамтамасыз етіледі, бұл жекеменшіктердің өз қаржысына салып жатқан үйлерін есептемегенде. Міне, осы көрсеткіштер ел тұрғындарының тұрмыс жағдайы үзбей жақсарып келе жатқанын көрсетеді. Осымен қатар өте мазмұнды денсаулық сақтау жүйесін дамыту, халықты, әсіресе ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламалары орындалып жатыр. Бүгінгі таңда ішкі жалпы өнімнің 3,6%-ы білім жүйесіне, 2,9%-ы денсаулық сақтау жүйесіне жұмсалады. Келешекте бұл көрсеткіштер тиесінше 5,0 және 4,0%-дарға дейін көтеріліп, дамыған елдердің аталмыш салаларға бөлінген қаржылар деңгейіне жақындайды.
Дегенмен, өмір сапасы елде әлі көңіл толтырарлықтай емес. Жалақы, зейнетақы деңгейлері біздің межелеген тұсымызға жеткен жоқ, ауыл тұрмысы әлі де төмен, елде жұмыссыздық та бар. БҰҰ-ның ғылыми орталығының мәліметі бойынша, Қазақстан өмір сапасы жөнінен 1,05 коэффициентімен 78-ші орында, бірінші орындағы Норвегияда өмір сапасы коэффициенті 3,83. Бізден ілгері Украина — 1,15 (76-шы орын), Ресей – 1,57 (61-ші орын), біздің артымызда Түркіменстан, Әзірбайжан, Грузия – 0,7-0,5 (96-98-ші орындар), Қытай – 0,34. Тұрақты дамитын, жаңа экономика, әлеуметтік мемлекет боламыз десек бізге әлі де осы салада жігерлі іс, мемлекет тарапынан қомақты көмек, демеу керек. Келешектің ең үлкен байлығы жер астында емес, жер үстінде, ол – адам, оның білімі мен біліктілігі, оның бойына сіңірген рухани қуаты, жігері, іскерлік белсенділігі. Осы қағидаларды мықтап басшылыққа алып, көптеген елдер жан-жақты дамып отыр, осы қағиданы қолға алуға даму жылдары біздердің де мүмкіндігіміз пайда болды. Бұл – ұзақ та игілігі мол жол.
Тәуелсіздік жылдары Елбасының халыққа Жолдауы дәстүрге айналды. Президент жолдаулары елдің болашағын анықтайтын стратегиялық құжаттар немесе манифестер. Оларда көтерілген соны мәселелер, асқақ міндеттер, ел өркениетінің келесі жоғары сатылары, оларға жету жолдары өзінің жаңашылдығымен ел назарын бірден өзіне аударады және болашақ іс-қимылдың негізгі арқауы болады. Осы жолдауларды мен әлем өркениетінің жоғары деңгейіне сатылап жетудің қазақстандық бағдарламалары дер едім. Осы жылдары дамуымызға кедергі келтіріп отырған сыбайлас жемқорлықтың толастамауы туралы айтпай кетуге болмайды. Бұл залалдан ажыраймыз деп арнайы заң алдық, талай рет Президент Жарлығы да шықты, үлкенді-кішілі қолданылып жатқан шаралар да жетерлік. Дегенмен жағдай өзгеретін емес. Олай болса сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес үздіксіз жүргізіліп, оның пәрменді әдістері керек.
Жекешелендіру науқанында өз қалтамызда көп қаржы болмауынан және тәжірибе мен мамандардың аздығынан мемлекеттік меншіктің қомақты үлесі шетелдіктерге тиді. Мысалы, елдегі мұнай-газ қорларының 90%-ға жуығы трансұлттық, яғни, шетелдік компаниялардың қолында. Бұл экономика саласында қауіпсіздік туғызбай қоймайды. Қазір ел қалтасы қалыңдады, жат жұрттағы Қазақстан мүлігін біртіндеп сатып алып, өз меншігімізге айналдыратын кез келді. Осы туралы бір ұтымды мемлекеттік бағдарлама жасау күн тәртібіне сұранып-ақ тұр. Әлем тарихында бұл тұрғыдан үлгі-тәжірибе де аз емес [19].
Үстіміздегі жылдың басында “Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс қарсаңында. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы” атты Президенттің халыққа кезекті Жолдауы жарияланды. Осыдан екі жыл бұрынғы Жолдауында экономиканың, халықтың, жалпы мемлекеттің бәсекеге қабілетті болу мәселелерін көтеріп еді. Жаңа Жолдауында тек бәсекеге қабілеттілік емес, осы көрсеткіш бойынша әлемдегі ең алдыңғы 50 елдің санатына қосылу біздің дамуымыздың басты мақсаты деп көрсетіп отыр.
Өте маңызды және дәл уақытында ел назарына ұсынылып отырған асқақ мақсат. Өйткені, әлемдегі барынша өрбіп, қанатын жайған жаһандану үрдісінен тыс ешбір мемлекет болмайды. Соның ішінде ашық әрі демократиялық қоғам құрып жатқан Қазақстан одан шеткері қалмайды. Демек, дүние жүзі мемлекетттерінің ішінде алатын орнымыз осы бәсекеге қабілеттілікке байланысты. Экономиканың даму қарқынын үдетіп, оны ұзақ уақыт ұстап тұру мүмкіндігі де осы бәсекеге қабілеттілікке байланысты. Халықтың тұрмысын үзбей жақсарта отырып, әлемдегі ең жақсы әлеуметтік стандарттарға жеткізу мүмкіндігі де осыған байланысты. Қорыта келгенде, ұлттық дамудың келешектегі басты мақсаты да, міндеті де осы бәсекеге қабілеттілік. Бұл біздер, қазақстандықтар үшін баршамыз іске асыруға жұмылатын шынайы ұлттық идея.
Бәсекеге қабілеттілік тек қана адам басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемімен, немесе еңбек өнімділігімен (олар, әрине, өте маңызды көрсеткіштер) өлшенбейді, іздеген мақсатқа жету үшін ұлт болып, мемлекет басқару жүйесі болып және елде қалыптасқан кәсіпкерлік қоғам, кәсіпкерлік орта болып аталмыш бәсекеге қабілетті болу керек.
Қазір Қазақстан адам дамуы индексі жөнінде әлемде 80-ші орында, еңбек өнімділігі дамыған елдермен салыстырғанда 5-6 есе төмен, ғылыми-техникалық жаңалықтары аздау мемлекет. Осыны ескере отырып, адамның өмірі мен сапасына байланысты салаларға, әсірее білім-ғылым, денсаулық сақтау салаларына мемлекет миллиардтаған қаржы бөліп жатыр. Бұл — ұзақ қолданылатын шара. Бір ғана мысал. Көп уақыт, шамамен 20-25 жыл Финляндия, Норвегия, Швеция елдері білім саласына ерекше назар аударып, оған қаржыны еселеп бөліп отырды. Нәтижесінде бәсекеге қабілеттілігі жағынан олар алға шығып, ал барына тоқмейілсіген Германия, Италия, Франция елдері кейінгі орындарға ығысып жатыр. Адам сапасын дамыту бірінші басымдығымыз деген қағида біздерді, қазақстандықтарды да, уақыт өте келе іздеген мақсатымызға жеткізеді [20].
Қазақстанда уақыт талабына сәйкес һәм демократиялық елдердің үлгісіне сәйкес мемлекетті басқару жүйесі қалыптасты. Тез арада күйзелісті жеңіп, жедел дамып, небәрі 25 жыл ішінде ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсаты да осы басқару жүйесінің тиімділігінен туып отыр. 170-тен аса мемлекетпен экономикалық байланыс қалыптасты. Алдымызда БСҰ-ға кіру мәселесі тұр, сөйтіп, өркениетті елдердің сауда кеңістігіне толық мүше боламыз. Алдымызда әкімшілік реформасы кезек күтіп тұр. Жаңадан құрылған мемлекеттік холдинг “Самұрық” пен “Қазына” акционерлік қоғамдары аталмыш реформалармен бірге әкімшілік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге арналған.
Әлем елдерімен бәсекеге қабілеттіліктің тағы бір басты көрсеткіші іскерлік, бизнес ортаның, кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігі. Бүгінгі таңда әр ұлт, әр мемлекет өз кәсіпкерлерінің, өз кәсіби ортасының іскерлігімен, кәсіпкерлік белсенділігімен басқа елдермен бәсеке сайысында. Бұл да жаһанданумен келген заманның өктем талабы.
Өткен 25 жыл ішінде Қазақстанда қуатты банк жүйесі құрылды. Олар қызметін тек өз елінде ғана емес, басқа елдерде де жасай бастады. Мұны Қазақстан капиталының шет елдерге экспансиясы деуімізге толық болады. Осы жылдары бизнес ортаның белсенді де тиянақты жұмысын қамтамасыз ете алатын қаржы, салық, бюджет, кеден жүйелері жасалды. Әлем экономикасындағы күйзелістер, келеңсіз жағдайлардан сақтандыратын Ұлттық қор бар. Қаржы саласының іскерлігі мен мүмкіндігінің тағы бір көрінісі – Алматыда құрылып жатқан өңірлік қаржы орталығы.
Тәуелсіздік жылдары көптеген жаңа кәсіпорындар, компаниялар, фирмалар, технопарктер, орта және шағын бизнес ошақтары бой көтерді. Олардан түскен салық келесі жылғы республикалық бюджеттің негізі болып отыр. Нарық экономикасының толыққанды дамуын қамтамасыз ететін заңдар қабылданды. Осы жылдары кәсіпкерлердің саны өсіп, бұлар қазір орта тап болып қалыптасты. Әсіресе жастар кәсіпкерлік салаға көптеп топтасты, Қазақстан бизнесінің бүгінгі көшбасшылары солар [21].
Қазақстан Республикасының экономикалық құрылымы мүнай мен газға тәуелділігімен сипаталады. Металлургия, тамақ өнеркәсібі, көлік және сауда секторлары өзбетінше дамымай жанама түрде мұнай мен газ секторына тәуелді болып отыр.
Бұл жоспарды жүзеге асыруда Қазақстанда энергия жетіспейді. Қазақстан Республикасы дүниежүзінде энергияны жоғары тұтынушы елдердің бірі. Республикада жалпы ішкі өнім бірлігін өндіру үшін Чехия мен Эстониядан екі есе, Германиядан үш есе артық энергия жұмсалады. Осымен байланысты Қазақстан үкіметі елдің электр энергиясын ұтымды пайдалануы бойынша кешенді шараларды қабылдауы қажет.
Қазақстан Республикасы экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін энергетикалық ресурстарға бағытталмай, көмірсутек шикізатын терең өңдеу бойынша өндірісті дамыту қажет.
Алғашқы кезеңде экономиканы жолға қоюдың шешуші тұтқаларының бірі ретінде қуат көздерінің анағұрлым қомақты қорларын, сондай ақ халықаралық рынокта сұранысқа ие өзге де пайдалы қазбаларды игеру өз міндетін атқарды. Бұл орайдағы Қазақстанның әлеуеті расында да таңқаларлық. Мысалы, анықталған мұнай қоры жөнінен еліміз әлемде он бірінші орынды иеленеді және нақ мұнай қорымен 50 жылға, көгілдір отынмен 75 жылға жуық мерзімдерге қамтамасыз етілген. Хромит қорынан еліміз әлемде көшбасшысы болса, уран қорынан 2-ші, жез, марганец және мырыштан 4-ші, қорғасын мен темірден 4-8-шi, кобальттан 7-ші, көмір мен алтыннан 8-ші, алюминииден 10-шы, никельден 12-ші орынды алып тұрған жайы бар. Дегенмен, мемлекет дамыған сайын шикізаттың өркендеу мен өсуіне түпкілікті кепіл бола алмайтындығы айқындала бастады. Осындай жағдайда басекеге қабілетті өнімдер шығаратын отандық өндірісті қайта жандандыру мен дамыту аса маңызды міндетке айналды және бұл шикізаттық емес секторды жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар қабылдауға міндеттейді.
Бүгінде Қазақстан әлемнің анағұрлым бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіріп, өзінің нарық экономикасын өте қарқынды дамытып жатқандығын дәлелдеуде. Болашақта осындай бәсеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу міндетін қойып отыр. Әлбетте, мұндай міндеттерді шешуде кадрлар дайындауды әлемдік стандарттар деңгейіне жеткізу аса маңызды. Осы мақсатта инновациялық салада жұмыс істейтін эзірлеудің қолда бар жүйелері жетілдіріліп, жаңа механизмдер енгізілуде. Жыл сайын еліміздің мыңдаған жас өрендері әлемнің беделді жоғарғы оқу орындарында «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алу мүмкіндігін иеленуде.
Әлемдік тәжірибе сыртқы нарықтарды жаулаудың қазіргі уақыттағы ең тиімді тәсілдерінің бірі трансұлттық корпорациялар құру және оларды осы жолдағы жұмысына қолдау білдіру екендігін көрсетіп отыр. Форбос журналының мәліметтеріне сүйенсек, әлемдегі 100-ден аса корпорацияның 35-i мұнай және осыған ұқсас секторларда жұмыс істейді екен.
Қорыта келгенде, Қазақстандағы жедел реформалар негізінде нарық экономикасы бой көтерді, олардың тиісті тетіктері жасалды, институттық орындары мен байланыстары құрылды. Даму үрдісінде тұрақтылық орнай бастады. Әлем экономикасында қалыптасқан өркениетті үлгі негізінде шетелдермен сауда-саттық қатынастары орнап, олар жылдан-жылға кеңейе бастады. Нәтижесінде Еуропа Одағы, басқа елдер Қазақстан нарық экономикасының елі деп танып, мойындады.
Достарыңызбен бөлісу: |