3.3 Қазақ-түрік мақал-мәтелдеріндегі «әйел» образының
эстетикалық сипаты
Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы. Тіл болмаса сөз болмайды. Ал сөз болмаса адамзаттың тірлігінде мән-маңыз болмайтыны белгілі. Демек, тілдің, сөздің адам өміріндегі орны ерекше. Тіл әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы - әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Сонымен қатар тіл адам өміріндегі басты қарым-қатынас құралы болып саналады. Тілдің құдіреті арқылы адам баласы өзінің ойын, сезімін, белгілі бір жайға байланысты көзқарасын білдіре алады. Сонымен қоса білім алып, өмірдің жаңа белестеріне шығады.
"...Тіл фактілері мен деректері – тұла бойына тұнып тұрған тарих. Сондықтан этностың өткендегі тарихы мен этнографиялық байлығын біз ең алдымен содан іздеуіміз керек" [1,5-6].
Тiл - халықтың қоғамдық, әлеуметтiк өмiрiмен, саяси-экономикалық жағдайымен тығыз байланыста дамиды, кемелденедi. Сондықтан да қоғам өмiрiнiң даму қарқыны түрлi тарихи дәуiрде әр қилы деңгейіде көрiнетiнi сияқты, әдеби тiлдiң де даму шеңберi бiрде кеңейiп, бiрде тарылып отырады. Бұл заңды өзгерiстер тiлдiң барлық категорияларын өз iшiне алады. Бiрақ қандай өзгерiс болмасын, тiл қалай дамымасын, ол өзiнiң адамдар арасындағы қатынас құралы ретiндегi қызметiн өз дәрежесiнде атқара береді. Әсiресе, егемендiк алған көптеген халықтардың әдеби тiлдерiнiң бүгiнгi кемелденген кезiнде тiлдiң атқаратын қызметi орасан зор, себебi тiл неғұрлым кемелденген болса, тiл мәдениетi, сол тiлдi дүниеге келтiрген халық менталитетi де соғұрлым жоғары болады. Ал бұл әдеби тiлдiң мәдениетiн, байлығын, көркемдiлiгiн, бейнелiлiгiн арттыратын лексикалық категория – мақал-мәтелдер деп аталады. Басқаша айтқанда, тiлдiң лексикалық құрамының бөлiнбес бiр сыңары болып саналатын мақал-мәтелдер ұлт тiлiнiң ғана емес, ұлт мәдениетiнiң де көрсеткiшi болып табылады.
Тұз астың дәмін келтірсе
Мақал сөздің мәнін келтіреді [2,180].
-деп халқымыз айтпақшы, мақал – сөздің көркі. Ата-бабаларымыздан қалған баға жетпес мұра.
«Мақал-мәтелдер – халық даналығының қазына байлығы. Олар ғасырлар бойы қалыптасып, сол халықпен мәңгі бақи бірге жасап, біте қайнасып кеткен дүние. Сондықтан да оны жұртшылық жадына сақтап, өзінің күнделікті өмірінде, өзара қарым-қатынасында пайдаланады. Мақал мен мәтелге бай халықтың бірі – қазақ халқы. Қазақ халқының мақал-мәтелдерінің шығу тегі жөнінде айтар болсақ, А.Байтұрсынұлы: «Мақал да тақпаққа жақын салт-санасына сәйкес айтылған пікірлер. Тақпақтан гөрі мақал маңызы шын келеді. Мәтел дегеніміз кесегімен айтылатын белгілі-белгілі сөздер. Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ мақал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады. Мәтел ақиқат жағын қарамай, әдетті сөз есебінде айтылады»,─ деп көрсеткен болатын. Демек, мақалда тұрмыста қолданылып жүрген сөздеріміз шындықпен астасып келіп, мақалдап, шешен тілмен айтылатын сөздер болса, мәтелді тұрмыста қолданылатын сөздердің шындыққа жанаса қоймай, кесегімен айтылатын сөздердің қатарына жатқызуға болады.
Қазақ мақал-мәтелдерінің бастау көзі сонау Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен бастау алады. XII-XIII ғасырлардан бізге жеткен жазба ескерткіштердің тілінде мақал мен мәтелдер баршылық. Мысалы: Орхон жазбаларында: «Бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген» («Күлтегін» жырынан), «Өлімнен ұят күшті» («Тоныкөк» жырынан) деген мақал-мәтелдерді кездестіреміз. Ал Махмұт Қашқаридің «Дивани лұғат-ат түрік» сөздігінен: «Ұлы болсаң, кішік бол, халық үшін бәлік бол», ал «Құдатғу біліктен»: «Біліп сөйлеген білекке саналар, білімсіз сөз өз басын жояр» дейтін мақал-мәтелдерді байқауға болады. Бұл деректерге сүйене отырсақ, мақал-мәтелдердің бастауы сонау көне ескерткіштерден бастау алып, шығармалардың тілінде қолданыста болғанына көз жеткіземіз.
Мақал-мәтелдер негізінен халық аузында ауызша сақталған. Ал, оларды нақты жинап, қағаз бетіне түсіру, баспасөз беттерінде жариялау – XVIII ғасырдың II жартысынан басталады.
Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш қағаз бетіне түсірген ғалым – Шоқан Уәлиханов. Шоқан Уәлихановтың «Таңдамалы шығармалар» еңбегіндегі біршама мақал-мәтелдер әлі күнге дейін өз құндылығын жойған жоқ. Сол уақыттан бері қазақ мақал-мәтелдері түрлі жинақтарда, хрестоматияларда жазылып, жарияланып келді. Ш.Ахметовтың құрастыруымен шыққан «Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясында» бірнеше тақырыптағы мақал-мәтелдер берілген. Сонымен қоса, қазақ мақал-мәтелдерін жинап, жариялауда: Ш.Ибрагимов, М.Терентьев, Ы.Алтынсарин, Я.Лютшь, Ф.Плотников, И.Гродеков, А.Васильев, П.М.Мелиоранский, Ә.Ә.Диваев, Н.Ф.Катанов, Н.Н.Пантусов, В.В.Катаринский, Ө.Тұрманжанов, М.Әлімбаев, Ә.Нұршайықов, Н.Төреқұловтарды атап көрсетуге болады.
Қазақ халық ауыз әдебиетінің нұсқалары, соның ішінде Қазан төңкерісіне дейінгі әдебиетте 1879 жылы Орынборда шыққан, 1906 жылы толықтырылып қайта басылған Ы.Алтынсариннің хрестоматиясының алатын орны ерекше. Бұл хрестоматияда берілген мақал-мәтелдер бірнеше тақырыптарға бөлініп, жүйелі түзілген.
Жоғарыда аталған жинақтарда берілген түсінік дәрежесіндегі бірен-саран шағын алғы сөздерде, жалпы халық ауыз әдебиеті жайында жазылған шолу мақалаларда айтылғаны болмаса, қазақ мақал-мәтелдері қырқыншы жылдарға дейін арнайы сөз болып зерттелген емес. Бұл кезеңдерде М.Әуезовтің 1927 жылғы «Әдебиет тарихында», С.Сейфуллиннің «Таңдамалы шығармалар» жинағында мақал-мәтелдер қазақ халық ауыз әдебиетінің бір саласы ретіне аталып, топтап мысалдар келтірілген. Мұнда Сәкен Сейфуллин мақал-мәтелдерді шешендік сөздердің бір саласы ретінде қарастырған.
М.Әуезов 1940 жылдардың басында «Қазақ халқының эпосы және фольклоры» атты зерттеуінде қазақтың мақалдары мен мәтелдерінің тұлғасы өлең түрінде жасалатын, мазмұны халықтың негізгі кәсібі малшылықпен байланысты болатын екі ерекшелігіне көңіл бөлген. Қазақ мақал-мәтелдерінің зерттелуі шын мағынасында «Қазақ әдебиетінің тарихында» басылған Б.Шалабаевтың «Мақал-мәтел» атты ғылыми очеркінен басталады (Алматы, 1948). Кеңес дәуіріндегі мақал-мәтелдерді жинау, жариялау жұмысы, әсіресе 50-жылдары әбден қанат жая бастады. Мақал-мәтел осыған дейін, көбінесе республикалық газеттер бетінде ғана жарияланып келсе, енді «Қызыл ту», «Оңтүстік Қазақстан», «Ленин жолы», «Есіл правдасы», «Коммунизм жолы» сияқты облыстық газеттерде де жиі жарияланып, жарық көре бастаған.
Мақал-мәтелдерді жан-жақты зерттеп талдағандардың бірі – Мәлік Ғабдуллин. Ол «Қазақ халық ауыз әдебиеті» атты еңбегінде қазақ мақал-мәтелдерін жинап, бастырушыларды атай кетіп, оның жанрлық табиғатын, әдеби-әлеуметтік мәнін анықтайды. Н.Төреқұловтың 1957 жылы шыққан «Қанатты сөздер» атты жинағына бірнеше мақал-мәтелдер енген. Соңғы кезеңдерде балаларға арналып шығарылған жинақтарда мақал-мәтелдер көптеп кездеседі деп айтуға боларлықтай. Оларға М.Жаманбалиновтың, Қ.Баянбайдың, Е.Елубаевтың, С.Қалиевтің Е.Ерботинның , Б.Кірісбаевтың , т.б. жинақтарын атап көрсетуге болады. Осындай мол меңгерілген рухани мұра Абайдың болашақ туындылары мен шығармашылығында көрініс тапқан. Мысалы: «Сап-сап, көңілім, сап, көңілім» өлеңінде «не күн туды басына», «сабыр түбі – сары алтын», «ауру да емес, сау да емес», «ағын судай екпіндеп» деп кездеседі. Сонымен қоса, Абайдың Абайдың қара сөздерінде, оның ішінде «отыз тоғызыншы» қара сөзінде: «Ағайынның азары блоса да, безері болмайды», «Аз араздықты қуған көп пайдасын кетірер» сияқты мақал-мәтелдерді кездестіруге болады. Ал, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққан туралы» атты еңбегінде 10 мақал талданған». [18].
Мақал-мәтелдер жанры кез келген халықтың сөздік қорында болғанымен, бұл бітіру жұмысында қазақ және түрік халықтарының мақал-мәтелдері салыстырмалы түрде қарастырылады. Сондықтан түрік мақал-мәтелдерінің шығу тарихымен де танысқанымыз жөн.
«Түрік халқында мақал-мәтелдер аноним халық әдебиетінің ішіне кіреді. Алғашқы мақалдар бүкіл түрік тілдеріне ортақ Махмұт Қашқаридің «Дивани лұғат-ат түрік» еңбегінде кездеседі. Ал алғашқы қағаз бетіне түсірілген мақал-мәтел Месопотамияда табылған. Бірінші баспа бетінде жарық көрген мақал-мәтелдер кітабы – Şinasi /Durub-i Emsal-ı Osmaniye деп аталған. [19].
«Түрік халқында мақал-мәтелдердің шығуы ғибратты аңыз-әңгімелерден бастау алады деседі. Яғни кейбір түрік мақалдары ауыздан-аузға тараған әңгімелердің нәтижесінде пайда болған. Мысалы:
А) «Mürekkep Yalamak»
B) «Ateş Pahası»
C) «Adam ol baban gibi, eşek olma»
D) «Atı alan üsküdarı geçti»
E) «Lafla peynir gemisi yürümez». т.б». [20].
Мақал-мәтелдер сонау ерте заманнан, сан ғасырлар бойы халықтың өзімен бірге жасасып, екшеленіп, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалып жатқан ауыз әдебиетінің бай саласының бірі. Мақал-мәтелдердің басқа мәдениет қорынан ерекшелігі көлемі жағынан қысқа, мазмұны жағынан тереңдігінде ғана емес, оның кез келген ойды ұтымды әрі қонымды жеткізуінде.
Мақал-мәтелдер – ұзақ жылдар бойы халықтың іс-тәжірибесінен түйінделген даналық жемісі. Мақал-мәтелдер - әр кезеңде ата-бабадан қалған ұлағатты сөз, парасатты ой ретінде ұрпақтың еншілеген мол қазынасы. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінінде халықтың өмір сүру барысындағы тәжірибесі, көңілге түйген ақылының кені жатыр. Дастан, хиссаларға қарағанда мақал-мәтелдердiң ерекше қасиетi көлемiнiң шағындығы, мазмұнының кеңдiгi, тiлiнiң өткiрлiгi, мағынасының тереңдiгi. Әрi ол барлық халыққа әсерлi, жалпы адамзатқа ортақ, көңiлге бөлекше қонымды, ұтымды келедi. Мақал-мәтелдерді халық не үшін қадірлейді? Саф алтындай асылдығы, мірдің атқан оғындай өткірлігі, ықшамдылығы, дау тудырмас даналығы, өнеге үйреткіш тәлімділігі, қиып түсер қылыштай өткірлігі мен тапқырлығы үшін.
Мақал-мәтелдер қай халықтың болмасын жан-дүниесiнiң, мiнез-бiтiмiнiң, тыныс-тiршiлiгiнiң айнасы; ол сол халықтың сөздiк қорының байлығын танытып қана қоймайды, оның уақыт озған сайын құны артпаса арзымас қазына екенiн де көрсетеді. Кез-келген халықтың даналығы мен рухы сол халықтың мақал-мәтелдерiнде анық көрiнiс беретiнi ертеден мәлiм. Ал басқа тiлдегi мақал-мәтелдердi бiлiп, түсiну – бұл тiлдi жақсы меңгеруге көмектесiп қана қоймай, сонымен қатар басқа халықтың ой-бейнесiн және мiнез-құлқын түсiнуге көп үлес қосады, дәнекер болады. Тек тілді үйренуге емес, сонымен қоса мәдениетін, дәстүрін танып білуге көмекші болады. Мақал-мәтел, нақыл сөздер тілімізді байыта түсетін халықтың асыл қоры. Оның халық үшін пайдасы мен рөлі зор.
«Мақал – бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі. Ғасырлардан екшеліп, жеткен терең мазмұнды, тақырып аясы кең сөз мәйегі. Мақалдың үш түрі бар:
Ұйқас - «Қайраны жоқ көлден без, қайырымы жоқ ерден без»
Аллитерация – «Етігін шешпей ер шыңаймас»
Ассонанс – «Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар»
Мәтел – сыңар тармақ болып келеді. Мысалы: «Қаңбақтан қашсаң, дөңбекке» – мәтел. «Қаңбақтан қалсаң, дөңбекке жолығасың» - мақал. Мәтел – тура, ауыспалы, астарлы мағынада қолданылады. Адамның айтқан пікіріне ой қосады, сезімін әсерлі де айшықты жеткізеді». [3, 326].
Мақал-мәтелдердің басты ерекшелігі – адамға белгілі бір әсер қалдырып, ақыл-кеңес беріп, жол көрсетіп, жақсылықтан үйреніп, жамандықтан жиренуге шақырады. Сонымен қатар кез келген мәселеге байланысты кеңес береді.Адам баласын сабырлыққа, дұрыс жолға, жетелейді. Жамандық пен жақсылықты айруға көмектеседі. Қай мақалды алсақ та, түбінде терең бір ой жатады. Сөздері бір-бірімен ұйқасып, үндестік табады. Бұның өзі асқан шеберлікті қажет етеді.
Жалпы түркі халықтарының қайсысын алсақ та, рухани дүниеге, қазынаға бай. Тәлім-тәрбиесі мол, ұрпақтан-ұрпаққа қалдырған өcиеті ерекше. Сонау ықылым заманнан, сан ғасырлар бойы халықтың өзімен бірге жасасып, екшеленіп, ұрпақтан-ұрпаққа мұра боп қалып жатқан ауыз әдебиетінің бай саласының бірі –мақал-мәтелдері. Мақал-мәтелдер туралы сөз болғанда, не оларды зерделеп оқығанда, алдымен сол мақал кімге, қай қырын тануға арналғандығын аңғарамыз. Яғни әйел адамға ма, әлде ер адамға ма? Міне, осыдан келіп мақал-мәтелдің гендер мәселесі туындайды.
Ерте заманнан бері қоғамда әйел мен ер адамға деген көзқарас әр түрлі болатын. Әйелдердің теңсіздігі туралы көптеген даулар да болып жатты. Ер адам – отбасының қамқоршысы, тірегі. Әйел адам болса, нәзік жан. Шаңырақтың ұйытқысы, балаға тәлім-тәрбие беруші үйдің шырағы.
«Гендер ұғымы жыныстың әлеуметтік құрылымы деген мағынаны береді. Гендер қоғамның әйел және еркекке бөлінуінің өзі әлеуметтік өмірдің, жемісі екенін көрсетеді. Сонымен қатар, гендер дегеніміз – жеке адамның белгілі бір шектердегі мінез-құлқын белгілейтін және шектейтін әлеуметтік ұстындардың жиынтығы» [27].
«Гендер қоғамда дүниеге келіп, ұлттық тілдік тұлғаға әсер ететін әлеуметтік, психологиялық және мәдени процесстердің жиынтығы. Мұндай процессер келіп тіл білімінде гендерлік лингвистиканы тудырды. Бұл фактор ауыз әдебиеті, соның ішінде мақал-мәтелдер бойынан жақсы көрініс тапқан. Қай мақалды алсақ та ол ер не әйел адамның жас ерекшеліктеріне, мінез-құлқына және іс-әрекеттеріне байланысты келеді». [27]..
Мысалы:
Kızım sana diyorum, gelinim sen anla [4, 370].
Достарыңызбен бөлісу: |