Зерттеудің нысаны. М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы есімді жай және құрмалас сөйлемдердің жасалу жолдары мен жұмсалымдық қызметін айқындау.Қазақ тіліндегі сөйлем синтаксисі.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы есімді жай және құрмалас сөйлемдердің жасалу жолдары мен жұмсалымдық қызметін, мағыналық ерекшелігін айқындау зерттеудің басты мақсаты болып табылады. Осы мақсаттың негізінде төмендегідей міндеттер туындайды:
-қазақ, түркі, орыс тіл біліміндегі жай және құрмалас сөйлем баяндауыштары туралы айтылған пікірлерге шолу жасау;
-есім баяндауышты жай және құрмалас сөйлемнің М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы қолдану аясын анықтау;
-есімді сөйлемдердің өзіндік ерекшеліктерін нақтылау;
-есім баяндауыш болатын негізгі сөз таптарының тұлғалық ерекшеліктерін саралау;
-жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің баяндауыштарына функционалды-семантикалық талдау жасау;
-есімді құрама баяндауыштардағы көмекші сөздердің дәнекерлік қызметін көрсету.
Зерттеу жұмысының материалдары. Тілдік материал негізінде М. Әуезовтің 1942 жылы шыққан «Абай» тарихи романының бірінші кітабы, 1947 жылы шыққан екінші кітабы, түзетіліп 1952 жылы шыққан бірінші кітабы, «Абай жолы» роман-эпопеясының 1956 жылы түзетіліп басылып шыққан екінші кітабы, «Абай жолы» роман-эпопеясының 1961, 1989 жылдары жарық көрген 1,2 кітабы, Қ.Б. Бектаевтың «М. Әуезовтің «Абай жолы» романының жиілік сөздігі алынды.
Зерттеудің әдіс-тәсілдері. Жұмыс барысында жинақтау, сараптау, компоненттік және сөйлемдерді талдау, сипаттау, жүйелеу әдістері де негізге алынды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
-М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы есімді сөйлемдердің қазақ тіл білімінде алғаш арнайы зерттеу нысанына айналды;
-М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының екінші басылымында есімді сөйлемдердің мол ұшырасуы дәлелденді;
-«Абай жолы» роман-эпопеясындағы есімді сөйлемдердің парадигматикасы мен мәтін түзушілігі, олардың құрылымдық толықтығы, коммуникативті дербестігі мен мәнмәтінге мазмұн жағынан (шартты түрде) тәуелсіз бола алатындығы дәлелденді;
-есімді жай сөйлемдердің жасалуындағы баяндауыш, оның түрлері, тұлғасы, сөз таптары, көмекші сөздер, олардың дәнекерлігі арнайы қаралды;
-роман-эпопеядағы жай сөйлемнің хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті, болымды, болымсыз, жақты, жақсыз, жалаң, жайылма, толымды, толымсыз, атаулы түрлері анықталды; есім баяндауыштар құрмалас сөйлемнің салалас, сабақтас, көп бағыныңқылы сабақтас, аралас сөйлем түрлерінде кездесетіні анықталды;
-есімді құрмалас сөйлемдердің есімді, күрделі есімді, және құрама баяндауышты түрлерінің жасалуында есімдердің (зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, «бар», «жоқ» сөздерінің) өзіндік және тұлғалық ерекшеліктері айқындалды;
-есімді сөйлемдер (баяндауышы зат есім, сын есім, сан есім, есімдік сөз таптарынан және «бар», «жоқ» сөздері арқылы жасалған) мен құрама баяндауышты есімді сөйлемдердің пайыздық мөлшері анықталды.
Достарыңызбен бөлісу: |