Клиникалық көріністері.Қазіргі кезде күйдіргінің клиникалық түрлері жайында бірлескен тұжырым жоқ.Соңғы шығып жатқан талқылауларда негізгі екі түрі айқындалып көрсетіледі: сыртқы зақымдану түрі және ішкі түрі.Сыртқы(терілік)түрі адамдар арасында ең жиі кездесетін түрі (95-98%), карбункулез, эдематоз, буллездік, рожа тәріздес және көздің зақымдалуы түрінде көрініс береді. Бұлардың арасында жиі кездесетін карбункулезді түрі шеттері қарайған, некроздалған ортасы жансызданған, жан жағы және оған жақын орналасқан лимфа түйіндері ісінген ойық жара түрінде көрініс береді.
Карбункулдың даму кезеңдері: дақ – папула – везикула – пустула – ойық жара. Көбіне терінің ашық жерлері зақымдалады – қол, бет, мойын терілері. Ішкі(септикалық) түрі өкпелік, ішектің және септикалық түрлерге бөлінеді. Күйдіргінің өкпелік түрінде спора аспирациялық жолмен жұққан жағдайда ауру ағымы өте ауыр өтеді. Қоздырғыш енгеннен 2-3 күннен кейін, кейбір жағдайда бірнеше сағаттан кейін тұмауға тән симптомдар пайда болады: жалпы әлсіздік, бас пен бұлшықеттердің ауруы, мұрыннан су ағу, көз жасаурау, дауысы қарғылып жөтелу. Интоксикация жоғарылаған сайын науқастың жағдайы күрт нашарлай бастайды, әлсіздік, дененің ауырсынуы, кеуде қысылып ауа жетіспеуі, ентігу, қалтырау, дене температурасының 39-41 0С көтерілуі мазалайды.Қақырық алдымен көпіршіктеніп, кейіннен біртіндеп шырыш, қан аралас болады, қан көп мөлшерде шыға бастаған кезде таңқурай тобасы сияқтанып кетеді. Өкпенің ісіну симптомдары қарқындай бастайды. Тез арада жүрек – қан тамырларының жетіспеушілігі дамып, тахикардия болады. Науқас есін жоғалтпайды, оларда үрейлену, алаңдау сезімдері дамиды, жүректік – өкпелік жетіспеушілік салдарынан қайтыс болады. Күйдіргінің бұл түрі 2-5 тәулікке созылады. Ішектің түрі адамдар арасында сирек кездеседі. Аурудың бастапқы кезеңінде жалпы әлсіздік, бас ауыру, бас айналу, көмей ашып, жұтынғанда ауру сезімі болады, дене қалтырап қызуы 38-390 С-қа көтеріледі. Біраз уақыт өткенен соң іштің тоқтамай немесе толғақ тәріздес ауыруы, жүректің айнуы, қан құсу, қан аралас іш өтуі сияқты симптомдар қосылады. Үрдіс таралған кезде көкірек қуысы ағзаларының зақымдалғандығын көрсететін белгілер пайда бола бастайды. Науқаста үрейлену, алаңдау, қорқу сезімдері дамиды. Жүрек қызметінің декомпенсациясы қарқандайды: артериалдық қысымның төменеуі, жіп тәріздес пульс. Дерт 3-4 күнге созылады. Науқас жүректің жетіспеушілік салдарынан қайтыс болады.Септикалық түрінде интоксикация өте қарқынды түрде дамиды, тері және ішкі ағзаларда көптеген қанталаулар болады, әсіресе мидың қабықтарында қанталау жиі байқалады. Клиникалық көрінісінде ауырланған түрдегі инфекциялық – токсикалық шок симптомдары басым болады. Күйдіргінің септикалық түрі өз алдына өтуімен қатар басқа түрлерінің асқынуы ретінде болуы да мүмкін. Біріншілік сепсис кезінде жұққан кезден бастап 2-3 тәулікте науқас қайтыс болуы мүмкін, ал басқа түрлерінің асқынуы кезінде сепсистің белгілері пайда болғаннан 1-2 күннен кейін қайтыс болады.
Иммунитеті.Аурудан кейін тұрақты, жасушалық – гуморальды, бөлінген антиденелердің басым көпшілігі антитоксикалық болып табылатын иммунитет қалыптасады, дегенмен рецидивтер болуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |