ОРДУ-БАЛЫҚ (ҚАРАБАЛҒАСҰН) І БІТІКТАСЫ
Шамамен 808–832 жылдары тұрғызылған.
Көне түркі заманында Ай Тəңіріде Құт болған Алып Білге Тəңірі Ұйғыр қағанға
арналып орнатылған бітіктас.
«Хара балгасун ескерткіші», «Орду балық 1-ескерткіші» деп аталатын бітіктас
Моңғолияның Арханғай аймағы Хотонт сұмыны ежелгi Түркі Елі мен Ұйғыр қаған-
дығының астанасы Орду-балық ( жергiлiктi халық: Харбалгас «Қара қалашық» деп
атайды) қаласының оңтүстiгiнде орналасқан.
В.В. Радловтың пікірінше, бітіктас əуелi арыстан бейнелi тұғырдың үстiнде
орнатылған жəне бітіктастың төбесінде алты айдаһар алысқан бейне бедерленген, оның
өлшемi 2х1,8х0,9 м болуы керек. Қазір одан бірнеше сынықтары ғана сақталынған.
Үш тілді: көне түрiк, соғды жəне қытай жазулы мəтіні бар бітіктас ақшыл
сұр мəрмəрден жасалған. Қазір 30 шақты сөзi бар тоғыз дана iрiлi-ұсақты сынық
бөлшектері ғана сақталған.
Бітіктастың айдаһар бейнеленген көне түркі мəтінді үш бөлшегі, соғды, қытай
жазулы үш бөлшегі жəне төбесі іспетті домалақ тас бір дана, екі дана тұғыры іспетті
тас сол табылған орнында. Ал айдаһар төбесінің бір сынығы Хотон сұмыны мəдени
орталығында сақтаулы. Қытай соғды жазулы екі тас бөлшегі Санкт-Петерборда. Басқа
құрамдас бөлшектерінің қайда екендігі белгісіз.
1889 жылы Н.М.Ядринцев зерттеген. В.В. Радлов көне түркі мəтіннің алғашқы
аудармасын жасап, фотосуреттері мен эстампаждық көшірмелерін жариялады. Бұл
бітіктас ескерткіш жайында Фин-угор ғылыми кеңесiнiң атласында мағлұмат берілген.
Бітіктастағы қытай жазуының бөлшектерін 1897 жылы В.П. Васильев тəржiмелеген.
Бітіктастың қапталдарындағы белгісіз жазу көне соғды жазуы екенiн 1909 жылы
Ф.Мюллер анықтайды, ал көне соғды мəтінін В.В. Радловтың атласы бойынша 1930
жылы О. Хансен, 1988 жылы Г. Хамилтон, 1990 жылы Йошида Ютака аударды.
1996–1997 жылдары Моңғолия – Жапония бірлескен экспедициясы бітіктасты
зерттеген. 2001 жəне 2004 жылдары қазақстандық экспедициялар зерттеу жүргізген.
Н.Базылхан
Достарыңызбен бөлісу: |