«Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары



Pdf көрінісі
бет24/134
Дата30.05.2023
өлшемі2.89 Mb.
#474470
түріБағдарламасы
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   134
АДЕБИ ЖАДИГЕРЛЕР 1 том

ДУАН УЫНЖЫН
Дуан Уынжын Бейхəй аймағының Жиюан ауданынан. Ұлы əкесі – 
Дуан Шоу Уей əулеті тұсында Цаңжоуға дуанбасы болған, əкесі Дуан 
Уей (Солтүстік) Жоу əулеті тұсында Таужоу, Хыжоу, Гəнжоу жəне 
Уейжоу – осы төрт дуанға дуанбасы болған [...]
(Кəйхуаңның) 19 жылы (599) түріктер шекара бекінісіне шапқын-
шылық жасағанда (Дуан) Уынжын жорық төбенайы санатында олар-
ға қарсы аттанды. Сонан Уо-йеда Тарду қағанға кездесіп, оларды 
талқандады. Уынжын бұрын Уаң Шыжимен əмпей үлпет болған. 
Алғашқыда Уынжын солтүстікке жорыққа аттанғанда Уаң Шыжи 
оған түйе жəне ат сыйлады. Кейінірек ол қайтып оралғанда Уаң Шыжи 
істі болып, өлім жазасына бұйырылды да, оның досы деп қаралған 
Уынжынның ерлігіне марапат рəсімі жасалмады. Соның келесі жылы 
ол хулардың шабуылынан алдын ала сақтану үшін Лиңжоу бағытынан 
қол бастап шығып, жау кезіктіре алмай кері қайтты. Юешидағы 
бұратаналар бүлік шығарғанда Уынжын соларды жаныштады, ерлігі 
үшін оған сыйлықа 200 құл-күң берілді. Рыншоудың алғашқы жылы 
(601) Жяжоудағы лулар бүлік шығарғанда Уынжын жорық төбенайы 
болып оларға қарсы аттанды. Қосын таудың тар қысаңына кіргенде 
қарақшылардың тосқауылына кезігіп, екіге бөлініп қалды да, біріне бірі 


 102
103
көмек бере алмай ойсырай жеңілді. Сонан Уынжын торғайдай тозған 
əскерін қайта жинап, бейғам жатқан жерінде қайта тап беріп, оларды 
ақырында талқандады. Уынжын тумысынан ешкімнен төменмін де-
мейтін өр кеуде адам еді. Бір кезде қосын Ижоуда ерулеп жатқанда 
Уынжын Шу ханы (Яң) Шюға амандаса барған, бірақ тым елпілдеп 
кетпеген еді. Осыдан Яң Шюдың көңілінде дық қалып еді. Мына 
орайда ол Уынжын қосынды ажал аузына айдап апарып бекер қырды 
деген шағым түсірді. Оң қол атарман Су Уейдың да Уынжынмен арада 
қайшылығы бар еді. Ол да бұған жала жапты. Осылайша Уынжын 
міндетінен алынды. Тек Яң Шюдың хандық мəртебесі күшін жойғаннан 
кейін патшаға ақтауын сұранып датнама жазды. Гаузу көңілін аулап 
оған тайсеңүн деген лауазым берді. Көп ұзамай ол Лиңжоуға төбенай 
болып тағайындалды.
Яңди таққа отырғаннан кейін ол Жасақ бөлім санаты болып 
ауысты да, шахналық үлкен қамқорлыққа кенелді. Тұйғұндарға қар-
сы аттанғанда Уынжын əскери қосынның қатарында Қарлы тауға 
бекінген бөлімді басқарып, 300 лидей жерге созылған шеп құрды да, 
шығыс тарапында Яң Ичын, батыс тарапында Жаң Шоу тізе қосып
тұйғұндардың билеушісін Фуюанчуанда қамады. Осы ерлігіне байла-
нысты санаткер абыз болып тағайындалып, лауазымы көтерілді. 
Яңди патша Жяңдуды тексере барғанда Жяңду аймағының əкімшілік 
істерін басқаруды да Уынжынға тапсырды. Уынжын Гаузудың өз 
заманында Түріктің Қымын қағанына Ұлы Қорғанның іш жағынан 
қоныс сайлап, ханшаны əйелдікке ұзатқанын, сыйлықты үзбей беріп 
тұрғанын көзбен көрді, да-йе жылдарының басынан бері сыйлықтың 
бұрынғыдан да көбейтілгеніне куə болды. Сонан ол Түрік қағанының 
дүниеқор тойымсыздығы патшалығымызға түбінде пəле болар деп 
ойлап, патшаға былай деп датнама жазды: «Естуімше, ертеде қиыр-
лықтар жақындағыларға, рейлер хуашялықтарға соқтықпайды екен. 
Жоу шюан (Уаң) нұмдар мен тиектерді сыртқа қағыпты, Чин патшасы 
түмен лиге созылған қорған тұрғызыпты. Осындай алыс болашақпен 
санасатын орайлы жоспарды естен шығаруға əсте болмас. Қазір 
патшалығымыз Қымынды қанатының астына алып, жасағын азық-
түлікпен қамдап, жер игілігіне дейін беріп отырғанына куəміз. Өзімнің 
шолақ толғамыма бақсам, бұлай істеу тым лайықты емес сияқты. 
Қалайша десеңіз, Рей-тиектер – тумысынан безбүйрек обырлар. 
Олар əлсіз кезінде бізді паналағанымен, азырақ күшейсе көз алартып 
шыға келеді. Бұл – олардың табиғаты. Пақырыңыз білімді кемеңгер 
емес, сұңғыла көреген де емес. Тек Жин əулеті тұсындағы Лю Яу 
мен Ляң дəуіріндегі Ху Жиңның істерін естігенім бар. Таяу заманғы 
оқиғалардың осыны айғақтағаны да əмбеге аян. Менің байқауымша, ол 
патшалығымызға келешекте залал болмақ. Пақырыңыздың ақылына 
салсаңыз, оны дер кезінде Ұлы Қорғанның сыртына шығарып тастау 
керек. Сосын тұрларды тұтастырып, шекара қорғанысын мейлінше 
мықтау қажет. Бұл сан ықылымдарға жауап бере алатын ұтымды 
тəсіл болып есептеледі». Сол кезде əскер билігі жасақ басқауылы Ху 
Сыжыңның қолында еді. Оның зымияндығын жақсы білетін Уынжын 
елеулі құпияға саятын əйдік билікті оған ұстатуға болмайды деп санап, 
патшаға талай мəрте ескертті. Бірақ патша оның сөзіне құлақ аспады.
Ляудұң соғысы дүмпігенде сол жанақ тоқсауыл тайсеңүн деген 
шен беріліп, ол Нəнсу бағытынан жорыққа аттанды. Жол-жөнекей 
қатты науқастанып, патшаға былай деп датнама жазды: «Төмендегі 
қораш басымды жоғары шығардыңыз, замандастарыма бұйырмаған 
марапатқа жəне мəртебеге кенелттіңіз. Ештеңе тындыра алмасам да, 
мəнпағадан кенде болмадым. Сондықтан өзіме жасалған шахналық 
шексіз шапағатыңызға түменнен бірі болса да, қарымжы қайтарсам 
деп мал мен құл орнында жарғақ құлағым жастыққа тимей қызмет 
етуге пейілді болып келемін. Бірақ дұрыс күтіне алмай, науқасымды 
асқындырып алдым. Өзімді мазалап жүрген кейбір жайттарды 
жер астына өзіммен бірге мəңгі ала кетсем, қапылдығымда шек 
болмас деп, жетесіз көзқарасымды аз да болса шиырып қалмақпын. 
Пақырыңыздың бағамдауынша, ляудұңдық жексұрындар қатаң жазаға 
қайыл емес. Қиырдан алты алайды төгіп, жорыққа өзіңіз аттанарсыз. 
Бірақ Рей-тиектер қоян бұлтаққа кəнігі, олардан айрықша сақ болыңыз. 
Олар ауыз жүзінде бағынамыз дегенмен, ділінде бір сұмдығын ойлап 
тұрады. Айла-шарғысы өте көп. Бағындым дегендерін бет алды 
қабылдай бермеңіз. Қазір су деңгейі төмендеді. Қосынымыз енді 
кідірместен əр бағыттағы бөлімдерге түн қатып, су айдыны жəне 
құрлықпен тоқтау сыз ілгерілеп, жауға бейғам жатқанында тосыннан 
тап беруге қатаң жарлық шығарыңыз. Сонда оқшау қала Пхеньянды 
басып ала аламыз. Егер Пхеньянды алып, олардың түп-тамырына 
балта шаба алсақ, басқа қалалары өзінен-өзі жөнге келеді. Ал дер 
кезінде тыныштандыра алмай, күзгі ақ жауынға қалсақ мықтап кесірге 
тап боламыз, əскерлеріміздің азық-түлігі таусылады. Алдымыздан 
тегеурінді жау шығып, ту сыртымыздан мүркеттер келіп қыспаққа 
алады. Əрі-сəрілік жақсы ақыл емес». Сөйтіп ол бірнеше күннен кейін 
жорық жолында қайтыс болды. Оның датнамасын оқыған патша бек 
қайғырды. Осылайша оған санаткер абыз, санаттың оң қол атарманы, 
Бейпиң бегі деген лауазымдар берілді. Марқұм болғаннан кейінгі аты 
«Шяң» (демеуші) болып бекітілді. Сарай тарапынан азасына 1000 топ 
түрлі кездеме, 2000 дан астық салынды. Салтанат шерушілері оның 
сүйегін қабір басына дейін ұзатып апарды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   134




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет